Accessibility links

Ресей постсоветтік кеңістіктегі өзінің әскери маневрлер монополиясын сақтап отыр


Владимир Путин әскери жаттығулардың барысын бақылап тұр. Архангельск, 17 ақпан 2004 жыл.

Владимир Путин әскери жаттығулардың барысын бақылап тұр. Архангельск, 17 ақпан 2004 жыл.

Шұғыл әрекет ету ұжымдық күштерінің бірінші оқу-жаттығуы жүріп жатыр, оның құрылымы мен доктринасынан Ресейдің үстемдігі сезіледі. Беларусь пен Өзбекстан өз мүддесін қорғап бағуда. Оқу-жаттығу Қазақстанда аяқталмақ.


«СҮТ СОҒЫСЫ» ОҚУ-ЖАТТЫҒУДЫҢ БАСТАЛУЫНА КЕДЕРГІ БОЛУДА

26 тамыз күні Ресейде Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы (ҰҚШҰ) шеңберіндегі Шұғыл әрекет ету ұжымдық күштерінің (ШӘЕҰК) бірінші әскери оқу-жаттығуы басталды.

Жекелеген үш кезеңде өтетін маневрлерге Ресейдің атынан қорғаныс, Ішкі істер және Төтенше жағдай министрліктерінің бөлімшелері қатыспақ.

Оқу-жаттығудың алғашқы сатысы Мәскеуде ҰҚШҰ құрамына кіретін мемлекеттердің өзара әрекеттесуінің әскери-саяси аспектілеріне байланысты штабтық жоспарлау деңгейінде өту үстінде. Нағыз әскери бөлімшелер екінші және үшінші кезеңдерде, қыркүйектің соңында Беларусьта, ал, қазан айында Қазақстанда іске қосылмақ.

Шұғыл әрекет ету ұжымдық күштерінің оқу-жаттығуы өтіп жатса да Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы шеңберіндегі бұл жаңа әскери құрылымды құру, пайдалану және дамыту төңірегіндегі пікір алалығы асқынып тұр.

Ресейдің әскери делегациясы 19 тамызда басталуға тиіс болған маневрлерді дайындау мақсатында 29 шілде күні Қазақстанға келген болатын. Беларусьтің қатысуы күмәнді болғандықтан және Өзбекстанның маневрлерге қатысудан бас тартуынан туындаған қиындықтарға байланысты оқу-жаттығуды бір аптаға кейінге ысыруға тура келген.

Шұғыл әрекет ету ұжымдық күштері Ресейдің бастамасымен құрылған еді. Ол өзінің алдындағы шұғыл әрекет ету құрылымының орынына күшейтілген, тұрақты негіздегі, ҰҚШҰ-на мүше елдердің аумақтарында дағдарысты жағдай орын алған сәтте басып кіру мүмкіндігіне ие құрылым ретінде құрылды.

Беларусь пен Өзбекстанның келіспеушіліктері мен наразылықтары бұл екеуінің саяси-экономикалық саладағы Мәскеумен егесінің заңды жалғасы болды. Сәтсіз аяқталған консультациялар ахуалды ушықтырғаннан басқа пайда бермеді, тараптар ұйымдастырушылық мәселелері бойынша пәтуаға келе алмады.

Ресей мен Беларусь арасындағы «сүт соғысына» байланысты Александр Лукашенко 14 маусымда Мәскеу саммитіне қатысудан бас тартты. Ол ШӘЕҰК құру жөніндегі келісім-шартқа қол қоймауды және ҰҚШҰ-ында президенттік ету бойынша ротацияны қабылдамауды жөн көрді.

Беларустің жаңа әскери құрылымды қолдамауының түкпірінде соңғы жылдарда Мәскеумен қарым-қатынастың нашарлауы ғана жатқан жоқ. Даудың басында таза конституциялық мәселе де бар. Беларустің Ата заңы армияны елден тысқары жерлерде пайдалануға тыйым салады.

ӨЗБЕКСТАН ҰҚШҰ ДОКТРИНАСЫНА ҚАРСЫ

Осы тәрізді қиындықтар Өзбекстан тарапынан да туындады. Өзбекстан Ресей сыртқы саяси доктринасының ҰҚШҰ бойынша серіктестерімен орнатқан қарым-қатынасының агрессиялық қырларын ашықтан-ашық әшкерелеуге көшті.

Саммитке қатысудан бас тартуы арқылы Өзбекстан өткен жылдың желтоқсанында-ақ өз ұстанымын ашық көрсете бастады. Ресей өзбектерді сенімсіз деп айыптады. Шын мәнінде Өзбекстан бар-жоғы өз наразылығынан танбаған еді, ал, саммитке қатыспау Ташкенттің Еуразиялық экономикалық қауымдастықтан шыққаннан кейінгі келесі қадамы болатын.

Бұл ұйымды Өзбекстан жай ғана Беларусь, Қазақстан және Ресей Кедендік одағын жарнамалауға арналған техникалық механизм деп санады. Ресейдің әскери мәселелерде серіктестердің келісімінсіз шешім қабылдауға құқығы жоқ деп мәлімдеген Өзбекстан өзінің бітіспес ұстанымынан танар емес. Қырғызстанның оңтүстігінде, Ош қаласында әскери база құру туралы Ресейдің мәлімдемесіне Ташкент тағы да өткір де ашық қарсылық танытты.

Жаңадан құрылған Шұғыл әрекет ету ұжымдық күштеріне қатысты өзбек жағы өзін алаңдататын басты сұрақтарға жауап алуға тырысуда, бірақ, ол сұрақтар әлі күнге жауапсыз қалып отыр.

Ташкент үшін осы әскери құрамалар не үшін құрылып жатқанын білу маңызды. Өзбекстанның Сыртқы істер және Қорғаныс министрліктері ШӘЕҰК жасақтарының қандай жағдайларда пайдаланылатыны жөнінде анық түсініктемелер беруге шақырады.

ЖАЛҒАН ТЕҢДІК

Жаңа құрылым құрудың бастапқы сатысында іс теңдік қағидасына сәйкес басталып, ҰҚШҰ-ның барлық мүшесі бірдей мөлшерде әскер қосатын болған.

Ал, іс жүзінде бәрі басқаша болып шықты. Ресей 98-інші парашюттік-десанттық дивизиясы мен 31-інші әскери-әуе шабуылы бригадасын ұсынды. Сөйтіп, Шұғыл әрекет ету ұжымдық күштерінде Ресей жағының басым болатыны көп ұзамай-ақ бәріне түсінікті болды.

Қазақстан аэромобилді күштер бригадасын ұсынды, және де ҰҚШҰ-ның өзге мүшелері ШӘЕҰК-іне өте аз мөлшерде қатысатыны белгілі болып отыр.

Жаңа құрылған әскери құрылымның ресми өкілдері қалай болғанда да Александр Лукашенко Шұғыл әрекет ету ұжымдық күштерін құру туралы шартқа қыркүйек айында оқу-жаттығудың беларустік мерзімі басталған кезде қол қоятын болар деп үміттеніп отыр.

Ал, Өзбекстанның өз ұстанымын өзгертіп, Ислам Каримовтың шартқа қол қоятынына мүлдем үміт жоқ.

Мәскеудің бастамасындағы бұл әскери жобаның заңды күшке ие болуы әлі де екіұшты, өйткені оны Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына қатысушы елдердің парламенттері бірі қалмастан, бәрі де мақұлдау керек.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG