Accessibility links

Шәует Қайсаұлы: Моңғолияда шетелдік инвесторлармен арадағы келісім-шарттар ашық жүзеге асырылады


Шәует Қайсаұлы, ALGT қазақ-қытай-моңғол біріккен компаниясының директоры. Сурет оның жеке мұрағатынан алынды.
Шәует Қайсаұлы, ALGT қазақ-қытай-моңғол біріккен компаниясының директоры. Сурет оның жеке мұрағатынан алынды.

Елі кедей болса да, жері бай Моңғолияда игерілмей жатқан қазба байлықтар шаш етектен. Моңғолия шетелдік инвесторларды тарту мақсатында барынша жайлы инвестициялық климат жасап отыр. Дегенмен, әлемде күміс қоры жағынан алдыңғы орынды иеленетін Баян-Өлгий аймағындағы Асхатын кен орнына әлі ешқандай инвестордың тісі батпай отыр екен. Бұған, біріншіден, бұл елдің қатал табиғаты себеп болса, екіншіден, инфрақұрылымдардың жоқтығы да себеп болып отырған көрінеді.

Моңғолияда қазір ірілі-уақты 50-ден астам шетелдік компаниялар жұмыс істейді. Соның ең көбі – канадалық компаниялар. Содан кейінгі орында Қытай, Австралия және Ресей тұр. Соңғы кезде қазақстандық бизнесмендер Моңғолияның экономикасына, соның ішінде тау-кен барлау орындарына көптеп инвестиция салуда.

Соның бірі – Қазақстан, Қытай және Моңғолияның біріккен компаниясы – ALGT. Бір қызығы, бұл компанияны аталған үш елдің қазақтары құрған екен. Осы компанияның директоры, Моңғолия қазағы Шәует Қайсаұлымен тілдесудің сәті түскен еді.

– Мен Моңғолияның астанасы Ұланбатыр қаласында тұрамын. Тау-кен барлау өндірісінде жұмыс істеймін. Темір, көмір кендерін барлаймыз. Совет одағы кезінде Ташкент университетінің геология факультетін «инженер-геохимик» мамандығы бойынша бітіріп шыққан соң Моңғолияның тау-кен барлау саласында қызмет атқардым. Моңғолияның барлық аймағындағы кен орындарында зерттеу жүргіздім.

Барлау барысында мыс, алтын, полиметалл, сирек металдардың кен орындарында геохимиялық жұмыстар атқардым. Нарық экономикасы басталғаннан бері Моңғолияда тау-кен барлау мамандары өте жоғары сұранысқа ие болды, соның ішінде, білікті мамандар өте қажет болды. Сол себепті де болар, тау-кен барлау саласында істеген адамдар нарық қиыншылығын сезінген жоқ. Моңғол елінің кен байлығының зерттелуіне барынша үлес қостым, - дейді ол.

Шәует Қайсаұлы Моңғолиядағы инвестициялық климат туралы өз ойын былайша сабақтады:

– Моңғолия үкіметі шетелдің капиталын тарту, инвестиция тарту мәселесінде өте жайлы климат жасап қойған. 1995 жылы «Пайдалы қазбалар туралы» заң қабылдаған. Бұл заң бойынша шетелдіктер мұнда еш кедергісіз жұмыс істей алады. Бюрократия аз. 2006 жылы бұл заңның кейбір баптарына өзгерістер енгізілді. Заң бойынша, шетелдіктерге салықтан жеңілдік көрсету қарастырылған. Бірақ, онда жергілікті жердің құқын жоғары қояды. Барлау жасау үшін, кен орнын пайдалану үшін шетелдіктер жергілікті үкіметтің шешімімен санасатын болды. Жергілікті жұмысшыларды жұмысқа алу секілді талаптар да қойылады. Сондай-ақ, біздегі бір ерекшелік – шетелдік инвесторлармен арадағы келісім-шарттың барлығы ашық жүргізіледі. Сондықтан да, бейресми ұйымдардың өкілдері, қоғамның пікірі тыңдалады. Олардың талаптарына назар аударылып, инвестициялық келісім-шарттағы халық наразылығын тудырған мәселелер мемлекеттік деңгейде қайта қаралады, - дейді сұхбаттасымыз.

Бірақ, соған қарамастан шетелдік инвесторлардың тісі батпай отырған аса ірі кен орындары да бар екен.

– Зерттелген кен орындары көп. Соның ішінде Баян-Өлгийде Асхатын деп аталатын үлкен кен орны бар. Ондағы пайдалы қазбалардың дерегі алақандағыдай анық. Бұл кен орнында күмістің аса мол қоры бар. Сондай-ақ, мыс, мырыш, сурьма және күмістің айналасындағы тау жыныстары темір кендерінен тұрады. Алайда, осы кен орнын пайдалану технологиясы аса күрделі. Бірақ, Батыс инвесторлары оны алудың технологиясын да тапты. Дегенмен, инфрақұрылымдардың дұрыс жолға қойылмағандығы себепті, бұған аса ірі көлемде инвестиция керек. Қазіргі әлемдік дағдарыстың салдарынан оған инвестиция енгізу мәселесі тоқтап тұр. Моңғол үкіметі бұл жөнінде Ресей инвесторларымен келіссөз жүргізіп жатыр.

Шәует Қайсаұлы Ұланбатыр маңайында 6 мыңдай қазақ тұратындығын айта отырып, соның жартысына жуығы Налайх деген қаладағы көмір шахтасының маңайына шоғырланғандығын жеткізді. Мұндағы қазақтар қағажу көріп отырмаса да, ол балаларының ертеңі үшін алаңдайтынын тілге тиек етті:

– Тек ұрпағымыздың ертеңі бізді алаңдатады. Зиялы отбасылар балаларының шетелде, әсіресе, Батыс елдерінде білім алуын көбірек қалайды. Менің екі балам бар. Бірі Ресейде өнертану мамандығы бойынша магистратурада оқыған, қазір Санкт-Петербургте докторант. Ұлым Түркияда медицина мамандығы бойынша білім алып жатыр. Балаларым өз білім-қажырын атамекеніне арнаса деп ойлаймын, - дейді ол.

Сондай-ақ, Шәует Қайсаұлының зайыбы Өзила Мұсахан Қазақстанда консерваторияны бітірген, кейін М.Әуезов атындағы Өнер және әдебиет институтында «Моңғолия қазақтарының дәстүрлі ән мәдениеті» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. Қазір Моңғолияда мемлекеттік музыка жоғары оқу орнында бөлім меңгерушісі болып қызмет атқарады. Былтыр Моңғолияның «Алтын жұлдыз» орденімен марапатталған. Шәует Қайсаұлы Моңғолияда өнер саласынан диссертация қорғаған адамдар саусақпен санарлық дейді.
XS
SM
MD
LG