Accessibility links

Үштен бірі кедейшілікте өмір сүріп жатқан Монғолия халқы демократиядан бас тартпайды


Ұланбатырдың шетіндегі қой саудасы.

Ұланбатырдың шетіндегі қой саудасы.

Жиырма жыл бұрын Монғолия авторитарлық жүйеден демократияға өтті. Алайда, халықтың үштен бірі әлі кедейшілікте өмір сүруде. Әйткенмен, монғолдардың көпшілігі елдің демократиялық реформаларға өтуі дұрыс шешім болды деп есептейді.

ЕЛЕС – ҚАЛА

Монғолияның авторитарлық жүйеден демократияға өткен 20 жылдан бергі уақытта қандай табысқа жеткендігін байқаудың түрлі тәсілдері бар. Солардың бірі – Зуунхараа қаласында болу. Бір кездері Зуунхараа – Ресей шекарасы маңындағы Дархан қаласы мен ел астанасы Ұланбатыр арасында орналасқан теміржол орталығы болатын.

Бірақ қазір бұл қаладан пойыздар сирек өтеді. Зуунхараа жұмыс күндерінің өзінде құлаққа ұрғандай тыныштық орнаған елес-қалаға
Мектептен қайтып келе жатқан балалар. Бұрын елдің өнеркәсіп орталығы болған Зуунхараа қаласы.
айналды. Зуунхарааға келгендер күн сайын қаланың лас, қиқы-жиқы көшелерімен арлы-берлі жүрген аздаған жаяу жүргіншілерді ғана көреді.

Мұнда Зуунхараа тұрғындарының өздері ағаштан салған кішкене үйлерінің маңындағы қисық-қыңыр шарбақтан сиырдың мөңірегені ғана естіледі. Тіпті, жолдарына қарап-ақ, бұл қаланың қаншалықты иесіз қалғандығын байқауға болады. Зуунхараа ел астанасынан 160 шақырым ғана жерде болса да астанаға апарар ешқандай жол жоқ.

Зуунхарааға бару үшін бірнеше сағат уақыт кетеді. Өйткені, жүргізушілер ойлы-қырлы жерлерде машинасын ұрып алмас үшін ақырын жүреді. Зуунхарааға барар жолдың өзі иесіздіктен белгі беріп тұрғандай. Шамасы, бұл қаланың тұрғындары ешқайда асықпайтын болса керек.

ЭКОНОМИКАНЫҢ ҚҰЛДЫРАУЫ

Дамдинжамтс Туя «Дууш Мандал Кайирхан» үкіметтік емес ұйымының негізін салушы. Бұл ұйымның қызметі жұмыссыз қалып, күн көру үшін заңсыз әрекетке де барып қалатын жергілікті тұрғындардың тұрмысын жақсартуға бағытталған.

«Бізде қызмет көрсетудің үлкен секторы, фабрика, үлкен орман шаруашылығы болатын. Кейінірек осы кәсіпорындардың барлығы
Зуунхараа қаласының сыртындағы алтын өндіретін Бороо шахтасының аумағына кіретін жер.
жабылып, шағын жеке кәсіпорындарға айналып кетті. Көптеген жұмысшылар жұмыстан шығарылды, ал жаңа қожайындар жұмысқа өздерінің туған-туыстары мен достарын алды», – дейді Туя.

Бірнеше өндірістік кәсіпорындарды жекешелендірген соң Зуунхараа қаласының тұрғындары жұмыссыз қалды. 1990 жылы қыс қатты болып ондаған мың бас мал қырылып, малшылар күн көру үшін қалаға қарай жылжуға мәжбүр болды.

Зуунхараа сияқты қалаларда тұрған монғолдар 1990 жылы өткен жекешелендірудің салдарынан болған экономикалық соққыны барынша сезінді. Қазір, Монғолияның демократияға бейбіт жолмен көшкеніне жиырма жыл өткен кезде, елдегі 2,6 миллион халықтың үштен бір бөлігі кедейшілікте өмір сүруде.

Оларда күнкөрістің ең төменгі деңгейі күніне екі доллардан аз. Ал Монғолияда мұғалімдер мен дәрігерлердің айлық табысы үш жүз долларға жетпейді. Алайда жаһандық экономикалық дағдарысқа дейін Монғолияның экономикасы тұрақты болды. Жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім үш есеге өсіп, 1500 долларға дейін жеткен. Бюджет кірісі де өсті.

ЖЕР БАЙЛЫҒЫН ТАЛАПАЙЛАУ

Алайда қазір елдің табиғи байлықтарын талапайлап жатқан шетелдік компаниялардың әрекетіне қарап монғолдардың көпшілігі түңілген. Зуунхараа қаласының маңындағы канадалық Centerra компаниясы басқаратын Бороо алтын өндіру шахтасын жұмысшылар динамитпен жарды. Ол 2004 жылдан бері жұмыс істей бастады. Қазір онда жылына орта есеппен 180 мың унций алтын өндіріледі.

Үкіметті сынға алушылардың айтуынша, монғол үкіметі кен өндіретін компанияларға тиімді салық жағдайын жасап беріп, осының арқасында олар ұзақ жылдар бойы пайдамен жұмыс істейді. Ал дәл осы кезде мемлекет қазынасына азын-аулақ ғана қаржы түседі.

Бороодағы өндіріс өзінің шегіне жетіп, енді канадалық компания пайдадан жоғары салық ұстала бастайтын 2013 жылға дейін бұл кен
Бороо шахтасының жұмысшысы. 25 қыркүйек 2009 жыл.
орынын жаппақ болып отыр. Бақылаушылардың пікірінше, тау-кен өнеркәсібі кедейшілікте өмір сүріп жатқан Монғолияның жоқшылықтан құтылатын бірден бір мүмкіндігі.

Жақында ғана Rio Tinto және Ivanhoe Mines атты шетелдік компаниялармен жасалған мега келісімшарттар монғол экономикасына 4 миллиард доллар инвестиция әкелетін жобалар деп жарнамаланды. Бұл компаниялар Ою Толгой массивінде алтын мен мыс өндіруді бастауы керек болатын.

Алайда Нью-Йорктегі Колумбия университеті тарих пәнінің оқытушысы Моррис Россабидің айтуынша, бес жылдық келіссөздерден кейін жасалған келісімшарттардан үмітке қарағанда күдік көбірек болып тұр.

«Келісімді енді ғана алған өндіруші компанияға салық азайтылды. Бірақ тау- кен өндірісінде нақты қанша монғолдың жұмыс істейтіндігі анық емес. Және бұл жұмыстан қоршаған ортаға қанша зиян келетіндігі де анық емес. Осылайша, талай сұрақтарға жауап берілмей қалды», – дейді Россаби.

ҚАЛТАДАҒЫ ҮКІМЕТ

Мұндай істердегі айқындықтың жоқтығы қатардағы монғолдар үшін кәдімгі жағдай болып қалды. Олар бұл жерде мемлекеттің өз мүддесі бар деген сөзге күдікпен қарайды.

Жақында ғана монғолдың Sant Maral агенттігі жүргізген сұрау салулар көрсеткеніндей, респонденттердің көпшілігі мемлекеттік саясат қоғамды қамқорлыққа алмайды, олар тек байларға ғана қолдау көрсетеді деген пікір білдірген.

Монғолияның жаңа премьер-министрі Сухабаатар Батболд шикізат өндіру жөніндегі магнат және елдегі ең бай адамдардың бірі екендігін
Жемқорлыққа қарсы сурет, Ұланбатыр.
де айта кету керек. Немістің Конрад Аденауэр қорының қаржылық көмегімен Sant Maral агенттігін басқарып отырған Лувсандендев Суматидің айтуынша, көптеген монғолдар мемлекетте шикізат өндіруден түскен табысты ел экономикасын көтеруге жұмсау туралы ниетінің барлығына күмәнданады.

«Үкімет әуел бастан бұл мәселені шешуде айқындық, тиімділік және кәсіпқойлық танытпады. Егер аталған келісім кәсіби тұрғыда жасалса, онда бұл мәселені жаһандық қаржы дағдарысына дейін реттеуге болатын еді. Мүмкін, қазіргіге қарағанда жағдайымыз анағұрлым жақсы болар ма еді», – дейді Сумати.

Монғолияның конституциясына сәйкес, елдің ұланғайыр жері ортақ меншік болып саналады. Көптеген монғолдар тау-кен өндірісіне шетелдік компаниялардың жаппай келуіне наразы. Монғолдар бұл кен орындарын өздерінің игеруге мүмкіндіктері бар деп есептейді.

Қазір мыңдаған монғолдар табыс табу үшін шағын кен орындарынан заңсыз түрде алтын өндіруде. Ол үшін цианид сияқты аса қауіпті химиялық заттарды жиі пайдаланады.

НИНДЗЯ-ШАХТЕРЛЕР

Халық арасында «ниндзя» аталып кеткен кейбір шахтерлер құрал-жабдығын арқасына асып алып, жалғыздан-жалғыз жұмыс істейді. Үкіметтік емес ұйымның өкілі Дамдинжамтс Туя «ниндзя-шахтерлерді» қауіпті химиялық заттардан бас тартып, тау-кен өндірісінің өзі үшін де, жер үшін де қауіпсіздеу тәсілдерін қолдануға шақырады.

«Заңда жер барлық халықтың иелігінде деп жазылған. Ниндзялар бұны сөзбе-сөз түсінеді. Олар өздері монғол болғандықтан, қай жерден қаласа, сол жерден алтын өндіруге болады деп есептейді. Олардың бұлай істеу себебі, шетелдік компаниялар мемлекетке қандай да бір салық төлеместен, өнімдерін экспортқа шығаруда. «Ниндзя-шахтерлер» бұны әділетсіздік деп есептейді. Бороо-Gold және Centerra-Gold компаниялары біздің қыстақтарға жақын орналасқан, сол себепті біз солардың фактілеріне сүйеніп айтамыз», – дейді Туя.

Егер Зуунхараа қаласының тып-тыныш көшелері Монғолияның бір қыры болса, Ұланбатырдағы бес жұлдызды, сәулетті қонақ үйлер екінші қырын көрсетеді. Монғолияның астанасында көшелер мен мейрамханаларда сәнді қара костюм киіп, стильді қара көзілдірік таққан жас жігіттер кездеседі. Бұлар алтын іздемейтін, табысты, тұрақты елдің жас ұландары сияқты көрінеді.

Тіпті Ұланбатырдың сәнді мейрамханаларынан шықпайтындардың өзі көптеген монғолдардың өмірлері сұрғылт күйде өтіп жатқандығын
Санжаасурен Оюн, Монғолия азаматтық партиясының жетекшісі, бұрынғы сыртқы істер министрі, қазіргі парламент депутаты. Ұланбатыр, 22 қыркүйек 2009 жыл.
біледі. Монғолиядағы 1990 жылғы демократиялық революция жетекшілерінің бірі Санжаасурен Зориг марқұмның қарындасы Санжаасурен Оюн Кембридж университетінде тау-кен металлургиясы бойынша докторлық дәреже алған бірінші монғол саясаткері. Бір кездері ол кен өндіретін лондондық Rio Tinto компаниясында жұмыс істеді.

ДҰРЫС ТАҢДАУ

Оюнның айтуынша, бұдан бұрын уәде етілген демократиялық өзгерістер кедейшілікте өмір сүріп жатқан Монғолияда іске асырылмаған. Сондықтан да қазір үкімет барлық салада да өмір сүру деңгейін көтеру үшін шаралар қабылдауы қажет деп есептейді ол.

«Егер сіздің өміріңіз осыдан 20 жыл бұрынғыдан жақсы болмаса, онда нарықтық экономикаға көшудегі мақсат не еді? Проблемаларға қарамастан біз көп нәрсеге қол жеткіздік деп ойлаймын. Біз көппартиялы, парламенттік демократияда өмір сүрудеміз. Ендігі басты міндет – халықтың тұрмыс жағдайын көтеріп, экономикалық өсімге қол жеткізу қажет. Мен дамудың тек демократияға ғана емес, сонымен бірге география, нарық, инфрақұрылымдар тәрізді өзге де факторларға байланысты екендігін түсінемін. Және бұлардың барлығын жүзеге асыру оңай емес», – дейді ол.

Монғол социологтары елдегі даму процесі он жылдан көпке созылады деп есептейді. Алайда, олардың айтуларынша, елде қаншалықты кедейшілік болса да монғолдардың басым көпшілігі осыдан жиырма жыл бұрын ел демократияға қарай бір қадам жасап, дұрыс шешім қабылдаған деп есептейді.

1995 жылдан бері Монғолияда жүргізіліп келе жатқан әлеуметтік сұрау салулардың нәтижесіне сәйкес, монғолдардың 80 пайызы авторитаризмнен демократияға және нарықтық экономикаға өту дұрыс қадам болды деп есептейді және Монғолияда ешкім өткенге қарап, жалтақтамайды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG