Accessibility links

Асығыс өткізілген байқауда хандар ескерткіштерінің жаңа жобалары таңдап алынды


Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек пен Керейге орнатылатын болашақ ескерткіштің осы жобалық нұсқасы таңдап алынды. Астана, 14 қаңтар 2010 жыл.
Қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек пен Керейге орнатылатын болашақ ескерткіштің осы жобалық нұсқасы таңдап алынды. Астана, 14 қаңтар 2010 жыл.

Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған Жәнібек пен Керей хандарының ескерткіші Астанадағы «Қазақ елі» төрінде емес, «Хан-шатыр» ойын-сауық кешенінің алдына қойылатын болды. Бірақ олар – басы даулы, екі жылдан бері далада иесіз жатқан қола мүсіндер емес. Астана әкімдігі хандар ескерткішіне жаңадан байқау жариялап, жеңімпазды анықтады.


ЖАҢА БАЙҚАУДЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

Иесіз даланы екі жылдан бері күзетіп жатқан Жәнібек пен Керей хандардың қола мүсіндері төңірегіндегі үлкен даудан кейін, Астана әкімдігі хандар ескерткіштердің жаңа жобасына қысқа мерзімде байқау жариялап, жеңімпазды да анықтап үлгерді. Былтырғы жылғы желтоқсанның 1-күні басталған байқау 2010 жылы қаңтардың 8-күні жарысқа жоба қабылдауды аяқтады.

Астана әкімдігі тағайындаған арнайы комиссия байқауға қатысқан он жобаның ішінен астаналық мүсінші Ринат Әбеновтің жасаған дүниесін таңдап алыпты. Айта кету керек, қазылар алқасының дені, қоқыста жатқан хандар мүсіндерін түкке тұрғысыз етіп сынағандар. Солардың бірі – тарихшы Қойшығара Салғараұлы.

Ол Ринат Әбеновтің жобасы XV ғасырда қазақ хандығы қаланған кездің рухын дәл сипаттаған дейді. Ең бастысы, оған Жәнібек ханның ертоқымның үстінде отырған бейнесі ұнапты.

– Жәнібек ханның ертоқымда отырғаны сол кездегі олар құрған қазақ хандығы оқиғасының мазмұнын ашып тұр. Ол кезде тақ деген
Байқаудың қазылар алқасы қазақ хандығының негізін қалаған Жәнібек пен Керейге орнатылатын болашақ ескерткішке осы жобаны лайық деп тапты. Астана, 14 қаңтар 2010 жыл.
болмаған. Ал Керей болса, қолына ту ұстап тұр. Бұл да Керей ханның туды Қозыбасыға тігеміз деп көрсетіп тұрған белгісі. Жалпы бұл жоба, сол кездің рухын беріп тұр, – дейді Қойшығара Салғараұлы.

Ал қазылар алқасының екінші бір мүшесі, мүсінші Мұрат Мансұров Ринат Әбеновтің жобасына кәсіби, білікті мамандар атсалысқанын жасырмайды. Өзі де қол ұшын бергенге ұқсайды.

– Жеңімпаздың жобасына кәсіби суретшілер қатысқаннан кейін, ол топты жарды. Сондықтан да қазіргі жобамен, Сембіғали Смағұловтың жобасын салыстыруға келмейді. Екеуі күн мен түн секілді, – дейді Мұрат Мансұров.

ҚАР АСТЫНДА ҚАЛҒАН ХАН МҮСІНДЕРІ

Айта кету керек, Астана әкімдігі өткізген байқауға қазірде Астананың бір шетінде далада жатқан ескерткіштердің ауторлары да қатысыпты. Бірақ комиссия мүшелері олардың дүниесін керек етпепті.

«Қазақ елі» монументінің, Жәнібек пен Керей хандар және алты батырдың ауторы суретші Сембіғали Смағұлов байқау кезінде өздері ұсынған
Астананың бір шетінде ашық далада қар басып тұрған қазақ хандары Жәнібек пен Керейдің ескерткіштері. 12 қараша 2009 жыл.
жобаларының еденде жатқанын айтады.

– Біз мүсінші Қанат Нұрбатыровтың жасаған жобасын ұсындық. Бірақ біздікін комиссия мүшелері қараған да жоқ. Еденде жатты, – дейді Сембіғали Смағұлов.

Бұл байқауға далада қалған мұның алдындағы ескерткіштердің ауторларының бірі Қанат Нұрбатыров да ренжулі. Ол да өздері ұсынған жобаларға қазылар алқасының мойын бұрып та қарамағанын айтады.

– Әдетте бізде бәрі осылай ғой. Бұдан басқа айтарым жоқ, – дейді Қанат Нұрбатыров.

Жаңа жобаға қала әкімдігінен қанша қаражат бөлінетіні әзірге белгісіз. Бірақ байқаудың жүлде қоры 1 млн. теңгені құраған.

АЛТЫ БАТЫР САЯБАҚҚА ҚОЙЫЛМАҚ

Ашық далада қар басып, қараусыз қалған ескерткіштердің ендігі тағдыры жайында комиссия мүшелері тіс жарып ештеңе демеді. Тек олардың ауторы Сембіғали Смағұловтың айтуынша, елдің мәдениет министрі Мұхтар Құлмұхаммед хандар жанындағы алты батыр ескерткішін саябаққа қою туралы шешім қабылдапты.

Ал қос ханның мүсіндері не боларын Сембіғали Смағұловтың өзі де білмейді.

– Мен енді бұл жайында бұқаралық ақпарат құралдарына сұқбат бергім келмейді. Онсыз да бұл дау арқылы көп таяқ жедім. Мен тек қана суретшімін. Сондықтан да дәрменсізбін. Мен қазір өзімнің шығармашылық әлемімдемін. Жаңа туындылармен айналысудамын, – дейді Сембіғали Смағұлов.

Бейресми ақпарат көздері бойынша, қазірде ашық далада қалған, Қазақстан қоғамында біршама дау туғызған ескерткіштер қайта ерітілуі мүмкін. Кезінде осы ескерткіштерді дайындауға қала бюджетінен 100 млн. теңге бөлінгені белгілі. Ескерткіш ауторлары осыған дейін сол ақшаның қайда кеткенін қаржы полициясы іздестірсе деген ойларын айтқан болатын. Бірақ күні бүгінге дейін сол қаржы сұраусыз күйінде қалып отыр.

Ал жаңадан бой көтеретін жоба «Қазақ елі» монументінің жанына емес, Есілдің сол жағалауындағы салынып жатқан «Хан-шатыр» ойын-сауық кешенінің алдына қойылады делініп отыр.
XS
SM
MD
LG