Accessibility links

Атыраудағы Сәбилер үйі жүйке дертіне шалдыққан балаларға толы


Атырау облыстық сәбилер үйіндегі балалардың бірі. Атырау, 14 мамыр 2010 жыл.
Атырау облыстық сәбилер үйіндегі балалардың бірі. Атырау, 14 мамыр 2010 жыл.

Атырауда туа біткен дерті бар балалардың саны жылдан жылға артып барады. Облыс орталығындағы 50 балаға лайықталған жалғыз Сәбилер үйіне түсетіндердің 90 пайызы ауру балалар.


«АУРУ БАЛАЛАРДЫ ТЕК ШЕТЕЛДІКТЕР АСЫРАП АЛАДЫ»

Облыстағы жалғыз Сәбилер үйі қазір атауын өзгеріп, орталық жүйке аурумен ауыратын балалар үйіне айналған. Мұндағы балалардың басым көпшілгі тастанды немесе ата-анасы бас артқан балалар. Өкініштісі де сол – олардың қатары жылдан-жылға артып келеді.

Сәбилер үйінің директоры Гүлмира Рысмағамбетованың айтуынша қазіргі түскен балалардың 80 пайызы неврологиялық жағынан ауру балалар. Бұған қоса туа біткен жүрек ақауымен, жүйке аурулары парезы, церебралдық сал болып қалу, гидроцифалиямен ауыратын нәрестелер де жетерлік.

– Әсіресе, Даун ауруына душар болғандар соңғы уақытта мүлде көбейіп кетті. Бұрын екі-үш жылда 1-2 бала кездессе, қазір олардың
Атырау облыстық сәбилер үйінің ғимараты. 31 мамыр 2010 жыл.
саны жылына 4-5-ке жетіп отыр. Бұл өте көп, – дейді Гүлмира Рысмағамбетова.

Бұрын нашақорлар мен маскүнемдерден туған бала да осындай ауытқулар кездесетін еді, енді сау ата-аналар да Даунмен ауыратын сәбиді дүниеге жиі әкелетін болды. Мәселен, жақында ғана тағы екі Даун ауруына шалдыққан бала басқа балалар үйіне ауыстырылған. Бірақ олардың орынын басқа бөбектер толтырмақ. Қазір ауру баласынан бас тартқысы келген ата-ана құжат толтырумен жүр.

– Өйткені, олардың біреуінің халі тіпті нашар. Әзірге оны әр түрлі мамандарға апарып емдетіп, ерекше күтім жасау керек. Сондықтан жағдайы түзелген соң алып келуді сұрағанбыз, – деп түсіндіреді Гүлмира Рысмағамбетова.

16 жылдан астам уақыт сәбилер үйінің директоры болып қызмет атқарған Гүлмира Рысмағамбетованың сөзіне дәлелдің қажеті шамалы. Оның тәжірибесі Сәбилер үйіндегі тірі жетімектердің біреуінен туа салысымен анасы бас тартса, қайсы бірін ата-аналары қажетсінбей өткізетінін көрсетеді. Сәбилер үйіндегі тастанды сәбилердің ендігі саны – 15.

Олардың бірқатарын полиция қызметкерлері тауып әкеліп тапсырған. Ал былтыр тірі жетімдердің саны 11 болды.

– Әсіресе тастанды балалардың жағдайы қиын. Олардың ата-аналары белгісіз болғандықтан ұзақ уақыт не құжат ала алмай, не мүгедектігі үшін тиісті жәрдемақыны рәсімдей алмаймыз, – деп қиындықтарымен де бөлісті Гүлмира Рысмағамбетова.


ЖЕТІМДЕР ТУРАЛЫ ЖЕТІМСІЗ МӘЛІМЕТ

Өкінішке қарай, атыраулық бала асырап алушылар мүгедек балаларға көз қырын салмайды.

– Былтыр 60 адам бала асырап алса, биыл 70 адам кезекте тұр. Қатары күн санап артып келеді. Бірақ олардың басым көбі 1 жасқа дейінгі дені сау баланы талап етеді. Бірақ, бұл талапты орындау өте қиын, – дейді қалалық білім бөлімі қызметкері Ақмарал Ермекова.

– Біз оларды ауру балаларды асырап алуға міндеттей алмаймыз ғой, – деп шарасыздық танытады облыстық балалардың құқын қорғау
Батима Баймұханова, Атырау облыстық балалардың құқын қорғау департаментінің өкілі. 14 мамыр 2010 жыл.
департаментінің өкілі Батима Баймұханова.

Ал денсаулығының кінәраты бар міскіндерге тек шетелдіктер ғана назар салады. Мәселен, өткенді еске алған Гүлмира Рысмағамбетова шетелдіктердің ауру баладан теріс айналмайынын айтады.

– 2004 жылдары сепсипен ауырған қыз баланы, жүрек ақауы бар сәбилерді шетелдіктер асырап алды. Қазір олар әп-әдемі бала болып өсіп келеді, – дейді Гүлмира Рысмағамбетова.

Ендеше ауру балаларды, тым құрымаса, шетелдіктердің асырап алуына неге мүмкіндік бермеске? Батима Баймұханова ханымның айтқанына құлақ түрсек, 1999-2005 жылдар аралығында балаларды шетелдіктердің асырап алуы саябырсып қалған. Оған жетім балалар туралы мәліметті жауапты адамдардың орталық базаға дер кезінде орналастырмауы себеп болып отыр дейді ол.

Ал Сәбилер үйіндегі қолдары жабысып туған, қасқыр ауыз, қоян жырық, екі көзі ортасына үлкен ісік шыққан балалардың ендігі тағдырлары әлдеқашан шешілген. Олар сәл ер жеткен соң алдымен мүгедек балалар интернатына, одан әрі қарттар үйіне аттанады.

Атырау облыстық балалар құқығын қорғау департаментінің мәліметіне сүйенсек, қазір облыстағы тастанды балалардың саны – 190. Олардың 3 жасқа дейінгілері – 122, 4 пен 7 жас аралығындағысы – 49 болса, 8-18 жасар 19 бала бар.

Сонымен қатар бұл департаменттегі мамандар бала асырап алуға өтініш білдіргендердің арасында 28-30-дың айналасындағы жастар да бар екенін айтады. Олар соған қарап, Атырауда бедеулік пен белсіздік те жастарды иектеп барады деген байлам жасайды.
XS
SM
MD
LG