Accessibility links

Роберт Мугабе синдромы және Қазақстан


Зимбабве президенті Роберт Мугабе. Хараре, 2 сәуір 2005 жыл.

Зимбабве президенті Роберт Мугабе. Хараре, 2 сәуір 2005 жыл.

Зимбабведегі оқиғалар ел президенті Роберт Мугабенің оппозиция жетекшісі, премьер-министр Морган Цвангираимен жалпыға жар салынып, жарнамаланған ынтымақтастығына көлеңке түсіріп, екі жақты келісімнің орындаларына күмән тудырып отыр.

АФРИКАЛЫҚ КЕЛІСІМ

Қазан айында БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің арнайы кіші елшісі Манфред Новак Зимбабведен шығарылды. Ол Зимбабвеге БҰҰ-ның миссиясымен, азаптауға қатысты мәселелерді тексеруге келген болатын. Манфред Новакты Зимбабвеге премьер Цвангираи шақырған еді. Ал оны елден президент Мугабенің бақылауындағы иммиграциялық қызметтің шенеуніктері қуып шықты.

Осы оқиғаға байланысты ашу кернеген Манфред Новак президент Мугабенің адамдарының оған жасаған агрессивті әрекеттерін бұған дейін ешкімнен көрмегенін айтты.

Дегенмен, Қазақстанға қарағанда, Зимбабвенің билігі мен оппозициясы қалай болғанда да келісімге келген еді. Шынын айту керек, бұдан бұрын осы бір африкалық елде қан төгілді. Алайда, зимбабвеліктермен салыстырғанда қазақ оппозициясы заңды сыйлайды. Ол кезекті заңсыз өткен сайлаудан соң халықты стихиялы шерулерге шығудан өздері ұстап қалады.

Морган Цвангираи, Зимбабве оппозициясының жетекшісі. 28 наурыз 2008 жыл.
Зимбабве оппозициясы, керісінше, халықты шеруге қуып шығарды. Қалай болғанда да, елді көп жылдардан бері басқарып келе жатқан диктатор мен оппозицияның харизмасы мықты басшысы билікті бөлісудің тәсілін тапты. Зимбабвенің президенті Роберт Мугабе 2009 жылдың ақпан айында оппозициямен ынтымақтасу туралы келісімге қол қойды. Оппозиция жетекшісі Морган Цвангираи ұлттық бірлесу үкіметінің премьер-министрі болды.

Ал Морган Цвангираи бұған дейін президенттік сайлаудың алғашқы турында жеңіске жетіп, алайда одан арғы күрестен бас тартқан еді. Билік оның жақтаушыларын қатты қудалады. Премьер-министр қызметіне келген соң Морган Цвангираи экономикалық тұрақтандыру туралы бағдарламасын жүзеге асыруға кірісті. Ол Вашингтонда Барак Обаманың қабылдауында болып, инвесторлармен жұмыс істей бастады.

МУГАБЕ АҚСАҚАЛДЫҢ ҚИСЫНСЫЗ ӘРЕКЕТТЕРІ

Зимбабвенің үлгісі тек бүкіл өркениетті әлемге ғана әсер етіп қойған жоқ. Әсіресе автократиялық немесе қатыгез билік ең аз дегенде оппозицияны елемей қоятын, болмаса оны дәл сол Африкадағы джунгли заңына сәйкес жазалайтын елдер үшін бұл оқиға ерекше құбылыс болса керек.

Орыс ақыны Крыловтың мысалындағы сияқты – «біз азуы алты қарыс небір арыстандардың да ту-талақайы шыққанын көргенбіз». Роберт Мугабе өзінің ұзаққа созылған президенттік қызметінде бұрынғы партизан көсеміне тән туралықпен және батылдықпен «оппозицияның ту-талақайын шығарды».

Кезінде ол тек Зимбабвеге ғана емес, бүкіл Африкаға белгілі қарсыласу қозғалысының жетекшісі болған. «Википедияның» жазуынша, ол Зимбабведегі солшыл ұлтшыл (маоистік) Африка Ұлттық Одағы атты партизан қозғалысының негізін қалаған.

1980 жылы (Қазақстандағы президент Назарбаевтан тоғыз жыл бұрын) патриоттық ұрандармен билікке келген Мугабе қатаң бір партиялы диктатураны орнатты. 2001 жылы ақ нәсілді фермерлерді қудалау арқылы халықаралық сынның астында қалды. Оның өмірбаянының күтпеген қырлары өте көп. Ол социализмді жақтайтындығын айтты. Ал кіші Джордж Бушты Гитлермен салыстырды.

Мугабені әлемде ешкімге бағынбайтын мықты басшылардың бірі деп санайды және ол негізсіз де емес. Халықаралық санкциялар да, Зимбабве көршілерінің өтініші де, ел ішіндегі наразылықтың өршуі де оны райынан қайтара алған жоқ.

Ол оппозиция жетекшісі Морган Цвангираиды Американың жалдамалы адамы деп атап, билікті оған құдайдың бергенін және құдайдың ғана одан қайтып алатынын айтудан танған емес. Бұл текетірес Морган Цвангираиға да оңай тиген жоқ. Оның өміріне үш рет қастандық жасалды. Цвангираи премьер-министрлік қызметке келген соң оның әйелі түсініксіз жағдайда қайтыс болды.

МУГАБЕШЕ ҚАЗАҚ САЙЛАУЛАРЫ

Былтыр жазда Зимбабведе өткен президент сайлауы айғай-шуға толы болып, онда Мугабе оқ бойы алда келді. Ол 85 пайыздан аса дауыс жинады. Бұл сайлау да бұрынғыдай тып-тыныш біте салар ма еді. Бірақ, осыншама жыл билікте отырған оған бұл жолы аса қолайсыз бірқатар жайттарға кезікті.

Ол екінші турға өткен жалғыз кандидат болатын. Өйткені, дәл дауыс берердің алдында оның қарсыласы, оппозиция жетекшісі Морган Цвангираи биліктің оппозицияға қарсы ашық террорға баруына байланысты сайлауға қатысудан бас тартатындығын мәлімдеді. Тек сайлауалды науқан кезінде оппозицияның 80 адамы өлтірілді. Жүздеген адам түрмеге қамалды.

Оппозицияны қудалай отырып, баламасыз сайлау өткізу ісі қазақстандықтарға өз елінің де, көршілес Орталық Азия аймағындағы елдердің де тәжірибелерінен жақсы таныс.

Роберт Мугабе де, Нұрсұлтан Назарбаев та тәуелсіздік алған өз елдерінің алғашқы президенттері. Осыған байланысты қарсыластары тәуелсіздікті халық емес, елді билеуші Роберт Мугабе алған дегенді айтып келеді. Мұндай пікірлер Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты да айтылуда.

Осылардың барлығынан соң елдегілер Роберт Мугабені райынан ешкім қайтара алмас деп ойлайтын. Бірақ кенеттен ол ешкімнің ойына келмеген қадамға барды. Ол өзінің табиғатына, тәжірибесіне, тәрбиесіне, мінезіне, қысқаша айтқанда бүкіл болмысына кереғар келетін іске қадам басты. Ол ұзақ жылдар өзі жек көрген адаммен ымыраға барып, билігін бөлісуге келісім беріп отыр.

Осы бір жеңілмейтін аса мықты билеушінің мысалын Қазақстан жағдайымен қалай салыстырсақ екен? Сарайдағы және оның маңындағы қыбыр-жыбыр тірліктің ұқсас, ортақ тұстары бар ма?

Кейбір жергілікті мысалдарға қарап ойлануға болар. Зимбабведе де, тіпті бүкіл Африкада ешкім бір кездері Роберт Мугабе Морган Цвингираимен кездеседі немесе оның қолын алады деп ойлап па еді? Бірақ, ондай жағдай болды. Оның үстіне ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, жұмыс істеуде.

Ал енді Зимбабвені Қазақстанмен салыстырсақ, Нұрсұлтан Назарбаев пен бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдиннің кездесуі мүмкін бе? Қажыгелдин қуғында жүрген жылдары оған жақын жүргендер президентті өзінің қарсыласын елге шақырып, оған премьерлік қызметті беруге үндеген болатын.

Бұл жайында соңғы рет өткен жылы бүкіл әлемді дағдарыс билегенде Қажыгелдин дағдарысқа қарсы тұрар менеджер ретінде ұсынылған. Оппозиционерлер, сонымен бірге, Қажыгелдинді бүкіл саяси партияларды біріктірудің шешімін таба алатын жетекші деп таныды.

Біреулер Назарбаев ешқашан бұндай қадамға бармайтындығын айтуы мүмкін. Бұған қарсы мысал ретінде Роберт Мугабенің синдромын келтіруге болады. Ол да ұзақ жылдар мұндай шешімге келе алмай жүріп, ақыры өзін-өзі жеңе алды.

Расы керек, халықаралық сарапшылар Зимбабве президентінің жаңа бастамаларына абайлап қарау керек дейді. Олардың пікірінше, Мугабе ұлттық татуласу арқылы өзінің режимін заңдастырып, шетелдерден айтылар сынды азайтуға амал жасап отырған болуы мүмкін. Алайда, солай бола тұра, сырттай болса да Роберт Мугабе ұстанымының өзгеруінің маңыздылығын ешкім жоққа шығармайды.

(Тәуелсіз журналист Александр Народецкий Лондонда тұрады. Бұл мақалада ол өзінің көзқарасы мен пікірлерін білдірген. Олар Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін.)

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG