Accessibility links

Әблязов кезекті жолдауында Құлыбаевты 20 миллиард доллар ұрлады деп айыптайды


БТА банктің бұрынғы басшысы, қуғындағы топ-менеджер Мұхтар Әблязов.

БТА банктің бұрынғы басшысы, қуғындағы топ-менеджер Мұхтар Әблязов.

«БТА Банктің» бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов тағы да интернет арқылы ашық хат жолдап, Құлыбаевқа қарсы ақпараттық шабуылын ұлғайта түсті. Бұл жолы ол халықты президенттің ортаншы күйеу баласы Құлыбаевқа қарсы айыптауларға «үнсіз қалмауға» шақырады

КҮЙЕУ БАЛАНЫҢ ҚАЛТАСЫНДАҒЫ МИЛЛИАРДТАР

Ашық хатта автор «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры төрағасының орынбасары Тимур Құлыбаевтың «соңғы бірнеше жыл көлемінде елден ұрлаған қаржысы 20 миллиард доллардан асады» деп жазды.

Айта кетерлік жайт, Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев алғаш рет 2007 жылы “Forbs” журналының әлемдегі ең бай кісілерінің тізіміне енген болатын. Әлемдік журнал сол кезде Тимур Құлыбаев пен оның зайыбы Динара Құлыбаеваның әрқайсысының дәулетін 2,1 миллиард долларға бағалаған болатын.

Алайда Әблязов «шын мәніндегі ұрлық көлемі одан да көп» және ол Қазақстанның «Ұлттық қорының активімен пара-пар» деп келтіреді өзінің дүйсенбі күні жолдаған ашық хатында.

Президент Назарбаев, 2010 жылы 29 қаңтардағы халыққа Жолдауында Қазақстанның «халықаралық валюта резерві және Ұлттық қордың активтері 50 миллиард доллардан асты» деп мәлімдеген еді.

Әблязов өз жолдауында Тимур Құлыбаев «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының және ірі ұлттық компаниялардың директорлар кеңесінің басшылығында екендігін айта келе, «оның бұл қызметтерде болуы мемлекетке, мемлекеттік бюджетке және елдің ұлттық мүддесіне» қайшы деп атап көрсетеді.

ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫЛАР ТЕКСЕРІП ЖАТЫР

Құлыбаевтың іс-әрекеттерін әшкерелейтін бұған дейінгі компроматтарын Қазақстанның, сондай-ақ Қытай билігіне жолдаған Әблязов бұл жолы Қазақстанның мемлекеттік органдарын «әділет орнату үшін, кінәлілерді жауапқа тарту үшін ешқандай іс-әрекет жасамады» деп сынап өтті.

«Менің мәлімдемелерімнің жалғыз жауабы – маған және менің серіктестеріме қарсы шылғи өтірік және лас жала, қолдан ұйымдастырылған айыптаулардың жаңа лебі болды» деп жазады Әблязов.

Қазақстанның қаржы полициясы Әблязовтың осыған дейінгі мәлімдемелері негізінде тексерулерін бастағандығын хабарлаған болатын. Бұл процестің барысы туралы қаржы полициясының баспасөз хатшысы Дәмежан Есімбекова сейсенбі күні Азаттық радиосына былай деп баяндады:

«Әзірге тексеру жүріп жатыр. Өйткені көптеген материалдар алынды. Бұл құжаттар қазір эксперттердің тексеруінде жатыр. Олар қаржы полициясына қарамайды – тәуелсіз сарапшылар. Жалпы сотқа дейінгі тексерулер бойынша біз ақпарат бермейміз».

Қазақстанның бас прокуроры Қайрат Мәми, 27 ақпанда Астанада кәсіпкерлердің форумында, қаржы полициясы «Қазмұнайгаздың» және басқа да құрылымдардың көптеген құжаттарын тексеруге алды деп мәлімдеген еді.

Әблязов болса кезекті жолдауында «Құлыбаевты айыптауды жалғастырамын» деп ескертіп өтті.
«Егер тиісті мемлекеттік органдар менің мәлімдемелерімді тексеру және қарау нәтижесінде Құлыбаевқа қарсы қылмыстық іс қозғаса, мен оның қолындағы активтерді іздестіруге, олардың меншік иесін анықтауға және мүлікті тұтқындауға көмектесемін» деп жазды Әблязов.

ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРҒА АРНАУ


Ашық хаттың соңында автор Қазақстан халқын өз мүдделерін қорғауға шақырды. «Мен барлықтарыңызды біздің қоғамның белсенді мүшесі – Азаматы атануға шақырамын, өйткені қолынан ештеме келмейтін мылқау құлдықтан құтылудың және еңсені тіктеудің бұдан басқа жолы жоқ.

Мен сіздерді үн қосуға шақырамын, өйткені үнсіздік Құлыбаев пен оның ұйымдасқан қылмыстық тобы Қазақстанды, яғни біздің барлығымызды тонауға жол береді» деп жазады Әблязов.
Мұхтар Әблязовтың дүйсенбі күні таратқан ашық хатына байланысты ресми Астана әзірге ешқандай пікір білдірмеді.

Ал Тимур Құлыбаев, 9 ақпанда Астана қаласында Азаттық радиосына берген сұхбатында, Мұхтар Әблязовтың "әшкерелеу ақпараттарына" қатысты мәселемен шұғылдануды құқық қорғау органдарына тапсырғандығын айтқан еді.

- Біз бұл мәселеге қатысты пікір білдірмей-ақ қоялық, өйткені біз құқық қорғау органдарына тапсырдық, сол жерде оның мәлімдемесін қараймыз, нәтижесін біз кейін айтамыз, - деді Құлыбаев.

Тимур Құлыбаев «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасының орынбасары, «Қазмұнайгаз» ұлттық компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы, «Қазақстан темір жолы», «Самұрық Энерго», сондай-ақ KazEnergy коммерциялық емес ұйымының басшысы қызметін атқарады.

Өткен жылы ақпан айының басында «БТА Банкі» директорлар кеңесінің төрағасы қызметінен алынғаннан кейін Мұхтар Әблязовке қылмыстық іс қозғалды. Артынша-ақ, Қазақстаннан кетіп қалған Әблязовқа Қазақстанның өтініші бойынша іздеу жарияланды.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG