Accessibility links

Мұхтар Әблязов Тимур Кұлыбаевты әшкерелейтін деректерді жария етті


Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов.

Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов.

Қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязов, Азаттыққа берген сұқбатында, Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевты әшкерелейтін деректерді келтірді. Ол, сонымен бірге, ресурстарын сатып жатқан Қазақстан тәуелсіздігінен айрылып қалуы мүмкін деп мәлімдеді.


ШАХАНОВҚА ҰСЫНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР

– Мұхтар мырза, белгілі ақын және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов бастаған қазақ зиялыларының бір тобы Қазақстан билігінен «ұлт бірлігі» деп аталатын доктрина жобасын талқылаудан алып тастауын талап еткенін, олай болмаған жағдайда 17 желтоқсаннан бастап аштық жариялайтындығын айтқаны сізге белгілі.

Аштық жариялауға бірнеше күн қалғанда Шаханов күтпеген жерден қарсылық шарасынан бас тартты. Ол бұл қадамын биліктегілердің қазақ тіліне және ұлтқа қатысты барлық мәселемен шындап айналысуға уәде бергендігімен түсіндірді. Тосыннан бұл пікірталасқа сіз де араласып кеттіңіз. Сіздің Мұхтар Шахановқа үн қатуыңызға не себеп болды?

– Біз Мұхтар Шахановпен екеуіміз бір-бірімізді бұрыннан білеміз. Біз ол екеуіміз керемет қоян-қолтық араластық деп айта алмаймын. Бірақ қайсыбір мәселелерге байланысты кездескен кезеңдеріміз болды. Мен Державинск кентіндегі аса қауіпті қылмыскерлерге арналған түрмеде отырған кезімде, шамамен 2003 жылдың ақпан айында (хатта 2002 жыл деп қате жазылған) маған Мұхтар Шахановтан хат келді.

Маған оны көрсеткен жоқ, бұл менің өмірімдегі аса бір күрделі кезең болатын. Әрине, ол кезде мені толық оқшаулап тастаған болатын, маған адвокаттарды да, ешкімді де жібермейтін. Қатты қысым жасап, күш көрсетіп жатқан кез. Мен бұл жайында кейінірек айтып берермін. Әрине, осындай кезде мұндай хат үлкен рухани қолдау болары сөзсіз.

Сондықтан мен Мұхтар Шахановқа қатты разы болдым. Бұл өте маңызды. Және адам осындай үлкен іс жасап жатқан кезде түрлі әңгімелер, күдіктер айтылып, түрлі бағалар беріледі. Оған қазір психологиялық жағынан оңай болып жатпағандығын жақсы түсінемін.

Сондықтан, оған қолдау көрсетсем деген ойға келдім. Қолдау болғанда жай сөзбен ғана емес. Мен ол сияқты өлең жаза алмаймын, мен бизнесменмін. Сондықтан, мен оған қолымда бар нақты фактілер арқылы көмектеспек болып шештім. Менің Мұхтар Шахановқа үн қатуыма себеп болған жай осы.

– Мұхтар мырза, сіз «миллион гектар жер туралы сауал – жай ғана сылтау, ал шындық – жерде», дейсіз. Сіз сонда «шындық» деп нені меңзеп отырсыз?

– Қазір қытай компанияларының Қазақстанда қаптап кеткендігі жайында көп айтылады. Олардың негізінен мұнай-газ саласында жұмыс істейтіндігі белгілі. Әсіресе, мұнай-газ саласында екендігін атап айтқым келеді. Және әңгіме жер туралы болғанда, бұл жолы жер астындағы ресурстар туралы айтылады.

Сондықтан мен шындық жердің бетіне емес, жердің астына байланысты екендігін меңзедім. Бұл шындық жайында мен кейінірек жариялармын. Қытай компаниялары жоғары қызметтегілерді сатып алу арқылы мұнай-газ саласында жұмыс істеп жатқандығын көрсетемін.

Ашық тендер арқылы емес, ел жерасты байлығын өзіне барынша тиімді бағамен сатуы үшін өзге де мүмкін болар инвесторларды тарту арқылы емес, дәл сол айтқан жоғары қызметтегілерді сатып алу арқылы келгенін айтпақ болғанмын. Осы тұрғыдан алғанда шындық жердің бетінде емес, астында жатыр. Мен осыны меңзегенмін.

ТӘУЕЛСІЗДІКТЕН АЙРЫЛУ ҚАУПІ

– Мұхтар мырза, егер сіз біздің сайттағы мақалаларды қарап жүрсеңіз, бір жолғы сұхбатында белгілі мәдениеттанушы Мұрат Әуезов қытай билігінің пара берудің нәзік өнерін шебер меңгергендігін айтқан еді. Және ол Қазақстанға берілген он миллиард доллар несие де өзінше бір пара деген.

Осыдан соң іле-шала Қытайға бір миллион гектар жер беру туралы ұсыныс болды. Қазір алтын-валюта қоры мен ұлттық қорда қырық миллиард доллардан аса қаржысы бар Қазақстан үшін Қытайдан он миллиард доллар несие алудың қаншалықты қажеттілігі бар еді?

– Меніңше, сіз сұрағыңызға өзіңіз жауап беріп қойдыңыз. Шынында да, Қазақстанда өз ақшасы артығымен болса, онда осынау несие желілерінің астарында белгілі бір мағына бар. Интернетке мен шығарған ақпаратты саралап көрсеңіз, оның мағынасын түсінесіз.

Қытай миллион гектар жерді өзгелерден емес, дәл Қазақстанның өзінен сұрады. Бұл жерді Ресейден немесе өзге де бір елдерден
Қоғам қайраткері, мәдениеттанушы Мұрат Әуезов Азаттық радиосының Алматыдағы бюросында. 9 шілде 2009 жыл.
сұрауына болар еді. Үкіметаралық келісімде айтылған өнімдерді өсіруге жарамды жер өзгелерде де бар. Сондықтан да мен бұл өтініш кездейсоқ болып отырған жоқ деп айтамын.

Мұрат Әуезов шындығында да Қытай жөнінен жақсы маман. Қытай билігі қажетті адамдарды сатып алу өнерін баяғыдан-ақ жақсы меңгергені жайында ол дұрыс айтып отыр. Және қазір мен интернетке шығарған материалдар да осыны растайды.

Мұнда «Ақтөбемұнайгаз» компаниясы акцияларының жиырма бес пайызы белгілі бір тәртіппен биржаға шығарылатыны алдын ала айтылған. Оның 350 миллион долларға бағаланғандығын растайтын материалдар бізде бар. Ал қытайлар Тимур Құлыбаевпен келісе отырып, 150 миллион доллардан сәл астам қаржы төледі және шамамен 170 миллион доллардай ақша пара ретінде кетті. Бұл жаңағы айтқанымыздың шынында да солай екендігін тағы бір рет дәлелдейді.

Және қазір қытайларға миллион гектар жер беру туралы әңгіме болғанда мәселе тек бірлесіп әлдене өндіру жайында ғана болып тұрған жоқ. Елдің мұнай-газ кен орындарының жартысынан астамының қытайларға астыртын жолмен берілгенін бірінші қадам дер едім. Қазір екінші қадам – жерді беру. Ал үшінші қадам – тәуелсіздіктен айрылу. Мен бұны ұлттық мүддені сату деп ойлаймын. Бұл – ресурстарды сату емес, жерді сату емес, бұл – ұлттық мүдделерді сату.

ӘБЛЯЗОВТЫҢ ӘШКЕРЕЛЕУІ

– Мұхтар мырза, сіз Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевты сатып алу фактісін растайтын материалдар қолымда бар дейсіз. Бұл материалдар қаншалықты шынайы және оларды сіз не істемексіз?

– Мен бұл жерде мәселенің кейбір егжей-тегжейін түсіндіре кеткім келеді. Менің интернетке шығарғанымды оқығанда адамдардың түсінбейтін жерлері болуы мүмкін. Сондықтан Тимур Құлыбаевтың не істегендігін бірнеше ауыз сөзбен айта кеткім келеді.

Осы 2003 жылдың 29 мамырында болған оқиғалардан бір айдан астам бұрын компаниялар тіркелген. Келісімдерге нағыз сауда болғанға дейін, сәуір айында қол қойылды. Және осы келісімдерде Тимур Құлыбаевтың өкілінің не істейтіндігі нақты жазылған.

Атап айтқанда, биржадағы бағаның қандай болатындығы айтылған, ол баға 150 миллион доллардан сәл ғана асуы керек болған. Және осы үшін Құлыбаев мырзаның өкілі Арлин Киквук мырзаның не алатындығы айтылады. Атап айтқанда, осы жиырма бес пайыз акцияның жартысына жуығы аталған қызметіне төлем ретінде Тимур Құлыбаевқа тегін кетуі керек болған.

Содан аз ғана уақыт өткен соң Тимур Құлыбаев дәл осы акцияларды қытай компанияларына 170 миллион долларға сатты және арасында одан дивиденд алып та үлгерді. Қытай компанияларының мұнай-газ саласына енуі осындай жолдармен жүзеге асқанын айтқым келіп еді.

Қытайдың ұлттық компаниялары енген әрбір келісімді қарар болсаңыз, олардың барлығынан осыған ұқсас мысалдарды табуға болады. Қазір менің қолымда бары, сөз жоқ, анық, сенімді деректер. Егер Құлыбаев мырзаның күмәні болса, қазақ банкі сияқты мені Англияда сотқа беруі керек.

Және сол кезде қалай қорғанатындығын айтсын, бұл мен үшін қызықты. Біздің фактілеріміз анық, өте жан-жақты келісімдер, бұл қаржылардың қайда жіберілгендігі туралы деректер де бар. Шамамен елу миллион доллардай ақша оған «Боинг» ұшағын сатып алуға кетті. Қазір ол осы ұшақпен ұшып жүр.

Біз қалған ақшаның қайда кеткенін де білеміз. Яғни, менің қолымдағы құжаттар ақшаның қайда кеткенін және оның бұл ақшаларды қашан, қандай транштармен алғанын анық көрсетеді. Сондықтан бұл құжаттар толығымен анық.

Мен үшін не болып жатқанын елдегілердің білгені өте маңызды. Қазір жер туралы әңгіме қозғалып, біздің еліміз бұл жоспарларға қатысты
Тимур Құлыбаев, топ-менеджер, президент Назарбаевтың күйеу баласы.
дүрлігіп жатқанда, елге ескерту жасап, олардың уәделеріне құлақ аспауларын айтар едім. Өйткені, бәрібір өтірік сөйлеп, алдаусыратады. Мұнай-газ саласындағы сияқты, елге он миллиард доллар ақша түсіп жатыр деген сияқты алдау болады.

Бұның барлығы түрлі жоспарлармен, уәделермен сылап-сипалады. Шындап келгенде, біз жақын арада ақырындап тәуелсіздіктен де айрыламыз. Бұл – ең қауіптісі. Сондықтан, егер біреу сенбесе, барынша жан-жақты ақпарат беруге даярмын.

Егер прокуратура, салық қызметтері, қаржы министрлігі шындығында да кіріс, салық үшін күресіп жүрсе, егер ұлттық қауіпсіздік комитеті елдің ұлттық қауіпсіздігіне алаңдайтын болса, егер ел президенті Назарбаев шындығында да елдің тәуелсіздігі үшін күресетін болса, осылардың барлығы шындық болса, онда қандай да бір әрекет болуы керек.

Ал егер олай болмаса, онда барлығы түсінікті. Олардың мақсаты осылайша дивиденд алу ғана екендігі түсінікті. Және олар үшін елдің тәуелсіздігі – жай ғана бос сөз. Мен бұл материалдарды барлық мүдделі тараптарға: прокуратура ма, ұлттық қауіпсіздік комитеті ме, ішкі істер министрлігі ме, қаржы министрлігі ме, барлығына да толық пакетімен жіберуге даярмын. Егер олардың шынымен де елге жаны ашыса.

– Мұхтар мырза, бұл материалдарды интернетке сіз салдыңыз ба, әлде сіз де интернеттен алдыңыз ба?

– Интернетке мен салдым.

– Мұхтар мырза, президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаевты сатып алуға байланысты сіздің қолыңыздағы материалдар жайында сұрамай кете алмаймын. Бұл материалдар Қазақстанда немесе шетелде жаңғырық тудырады деген үмітіңіз бар ма?

– Шетелде де, Қазақстанның ішінде де оның жаңғырығы болады. Өйткені, мен өте қысқа мерзімде ұлттық мүдделерді сатудың қалай жүргенін мұқият көрсетіп беремін. Тәуелсіз ел болып отыра бере ме, әлде бір күні тәуелсіздіктен қалай айрылғанын білмей қала ма, бұл – біздің азаматтарымыздың еркінде. Бұл - біріншісі.

Шетелде де мақалалар жарияланады. Және мен беретін материалдар, сөз жоқ түрлі басылымдардың мүддесіне жауап береді. Көптеген батыс компаниялары үшін олардың ашық тендерлерге қатысу мүмкіндігі болғанымен оған неге жіберілмегендігі, қытай компанияларының жоғары дәрежелі қызметкерлерге пара беру арқылы қалай еніп кеткендігі түсінікті болады.

Егер бұл билік бұған елең етпесе, онда оның кімнің билігі екендігі және оның қалай жұмыс істейтіндігі және түсінікті болады.

– Мұхтар мырза, егер біз әлденені сұрамаған болсақ немесе сіздің тағы айтарыңыз болса, әлі уақыт бар.

– Білесіз бе, ол жерде өте қызықты ұсақ-түйек мәселелер бар. Түсіну қиын болар, сондықтан ауызша тағы да айтып берейін.

Аукционға дейін қор нарығында келісім болды. 25,12 пайыз аукционға 150 миллион доллардан сәл-ақ асатындай бағамен қойылды. Біріншіден, Тимур Құлыбаевтың адамдары өздерінің мүмкіндіктерін пайдаланып, қор биржасын бақылауында ұстап, айла жасаған.

Осының барлығын алдын-ала сипаттап жазып, осының барлығын жасағаны үшін сол акцияларды тегін алған. Және осы құжаттарда бұның барлығы жазылған. Олар акциялардың он екі жарым пайызын тегін алған. Яғни, қытайлықтар сатып алғандарының жартысын оларға ақы-пұлсыз, тегін берген.

Олардың өзге де көптеген кәсіпорындарда осылайша жасағанын мен өзге мысалдармен көрсетемін. Олар дәл осылай сатып алған, содан
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының Астанадағы ғимараты.
соң дәл осылай жартысын тегін қайтарып берген. Бұл алдағы мақаланың мазмұны. Мен осы мысал арқылы Тимур Құлыбаевтың қалай әрекет ететінін барлығының түсінгенін қалаймын.

Тағы бір айтайын дегенім, ол жалғыз әрекет жасамайды. 2003 жылғы қаулыда орындалуын Кәрім Мәсімов бақылайды делінген. Яғни, бұл келісімді ол Кәрім Мәсімовпен бірігіп жасады.

Шындығында бұл акциялар «Access Industries» компаниясының басқаруында болатын. Бұл компания кезінде бұрынғы премьер Даниял Ахметовке жақын болатын. Содан соң «Access Industries» шетке ығысып, осы акцияларға байланысты айла-шарғылар болады. Даниал Ахметовтың өзі қолдаған компанияны шетке ығыстыру үшін премьер-министрден де мықты күштердің қажет болғанын түсінуіңіз керек.

Бізде премьерге қарағанда үлкен өкілеттіктерге ие бір ғана адам бар. Ол – ел президенті. Міне, сіздің барлық сұрақтарыңызға жауап. Тыныш жекешелендірудің қалай және не үшін жүргізілгені. Адамдар ақшаның не үшін алынғанын түсінбейді. Ал менің айтарым, бұл акциялардың жартысы Тимур Құлыбаевқа тегін беріліп, содан соң ол сол үшін ақша алды.

– Мұхтар мырза, «Access Industries Комир» компаниясы бұрынғы совет одағынан шыққан америкалық кәсіпкер Лео Блаватниктікі емес пе еді?

– Иә, ол Лео Блаватниктікі болатын. Менің айтайын дегенім, оған Қазақстанның ішінде Даниал Ахметовтың қолдау жасап отырғандығы. Бұл құпия емес, бұны жұрттың бәрі де білді. Ірі компаниялардың барлығын «жоғарыдағы» біреулердің қолдауы керектігі белгілі.

Егер мұндай мықты компанияны «Ақтөбемұнайгаз» акцияларының 25 пайыз акцияларынан ығыстырып қойса, демек бұлардың өте ықпалды күштер болғаны. Бар болғаны осы. Әрине, ол Даниал Ахметовке тиесілі емес болатын. Ол жай ғана оларды қолдады. Бұл белгілі факт, бұл жайында көптеген мақалалар болған.

ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗІ

– Енді Мұхтар Шахановқа қайтып оралсақ. Кейбір саясаткерлер Мұхтар Шаханов қарсылық шараларына дем бере отырып, қайсыбір сценарий бойынша жалған рөл ойнап жүр деседі. «Ұлт бірлігі» деп аталатын доктринаның жобасы халықты шынайы қарсылықтан бұрып әкетудің құралы дейді. Демек сіз алдын ала жалған болып шыққан сценарийге үн қосқан болдыңыз ғой?

– Мен Мұхтар Шахановқа бұл хатты не үшін жазғанымды сізге бірден айттым. Өйткені, әлдебір адам әрекет жасаса, әрқашан әртүрлі пікірлер, болжамдар болатындығын білемін.

2001 жылы біз «Қазақстанның демократиялық таңдауы» қозғалысын құрған кезімізде біздің бұл қозғалысты биліктің бұйрығымен құрғанымыз жайында көптеген әңгімелер болды. Бұл сыбыстарды естудің өзі күлкілі болатын. Өйткені, біз осының барлығын біреудің айтуымен жасап жатыр екенбіз.

Содан соң биліктің өтінішімен бізді түрмеге жапты. Содан соң биліктің өтінішімен біздің әрқайсымыз ұзақ уақыт түрмеде болдық. Содан
Ақын Мұхтар Шаханов (ортада) Республика алаңына жиналған жұрт алдында сөйлеп тұр. Алматы, 16 желтоқсан 2009 жыл.
соң биліктің өтінішімен біз түрмеден шықтық. Бұл биліктің ойлап таппайтыны жоқ екен және адамдар да әлдебір қызықты киноны жасау үшін өздерін құрбан етеді екен.

Сондықтан, Мұхтар Шаханов не жасаса да, оның айналасында әрдайым түрлі әңгімелердің болатынына күмәнданбаймын. Мен оны ақын және халықтың көзі деп есептеймін. Ол біздің халқымыздың мүддесін, көкірегіндегі қыжылын айтады. Міне, сондықтан да мен оған қолдау көрсету үшін хат жаздым. Ал енді мына бір сыбыстарға, әңгімелерге келсек, кімнің дұрыстығын уақыт көрсетеді.

– Кезінде Мұхтар Шахановты қолдаған зиялы қауым өкілдерінің көпшілігі қаңтардың 20-на қарай бас тартуы мүмкін деген қаупіңіз жоқ па? Азаттық радиосына берген сұхбатында белгілі зиялы Герольд Бельгер билік олардың кейбіреулерін түрлі жолдармен, атақтармен немесе пәтермен, т.с.с сатып алуға тырысады деген еді. Ақырында 20-қаңтарға қарай Мұхтар Шахановтың жалғыз қалуы мүмкін бе?

– Билік пәтер, ордендер таратады. Бұның бәрі болады. Бірақ мен бұл мәселені тоқтату мүмкін емес деп ойлаймын. Өйткені қазір әңгіме елдің тәуелсіздігі туралы болып отыр. Мен тағы да қайталап айтамын, ашықтан ашық елдің ұлттық мүддесін сатуда. Мен енді бұл жайында үндемей қалу мүмкін емес деп ойлаймын.

ЕШҚАНДАЙ МӘМІЛЕ ЖОҚ

– Көптеген адамдар Мұхтар Жәкішевтің қазіргі тағдырына сіздің досыңыз болғандығы себеп болып отыр деген пікірде. Алайда, сыбайлас жемқорлықпен қазақстанша күрестің алғашқы құрбандығы Жақсыбек Күлекеев топ-менеджерлік қызметке қайтып келді. Сіз бұл жайында білетін боларсыз.

Рахат Әлиев те Назарбаевтың өкілімен жасырын кездесіп, келісім іздеп жатқаны жайында ақпарат бар. Сіз осының барлығын қалай түсіндірер едіңіз? Сіз де ашық саяси күреске шықпай, Назарбаевпен мәмілеге келудің жолын іздеп жатқан жоқсыз ба? Сіздің әрекеттеріңіз өзге де маневрлерге орын қалдырып, нысананы әр тұстан көздеп шабуыл жасап жатқандай әсер қалдырады.

– Мен мынаны айта аламын. «Қазақстанның демократиялық таңдауын» мысалға келтіргенімдей, мен белсенді ұстанымда болсам, мен не істесем де барлығы Назарбаевпен келісті деп есептейді. Ондай ұстанымда болмасам да Назарбаевпен келіскен боламын.

Мен бұған үйреніп кеткенмін. Мен не жасағым келсе, соны жасап жүрмін. Кімнің не істеп жатқанын тағы да уақыт көрсетеді. Мен әрекетсіз отырмағанымды толық айта аламын. Бұны биліктің ісінен де көруге болады.

Сіз он екі адамды соттап жібергенін білесіз. Осы мүмкіндікті пайдаланып өзімнің қарсылығымды білдіргім келеді. Жай ғана адамдар жай ғана несие алып, содан соң оны жай ғана жапқан оқиғалар болған. Енді оларды ұйымдасқан қылмыстық топтың мүшелері деп жариялады.

Егер олар алдымен несие алса, содан соң оны жапса, бұл жердегі олардың қылмыстық әрекеті неде? Банк табыс тапты, бюджетке салық түсті, барлығы жабылған, барлығы рұқсат етілген. Ал оларға бес жылдан берді. Және олардың ішінде бір әйел бар. Оның баласы және зейнеткер анасы бар. Ол баласын жалғыз тәрбиелеп жатқан.

Яғни, билік қазір ешкімді аяп жатқан жоқ. Ол барлығына бірдей мейірімсіз. Бұны менің банкімнің бұрынғы қызметкерлеріне жасап жатқандарынан, менімен бірге жұмыс істеген және жұмыс істеп жатқан адамдарды қалай қудалап жатқандарынан көруге болады. Мен осының барлығы көрініп тұр деп ойлаймын. Егер біреу менімен келісімге келгісі келсе, онда мұндай жағдай болмас еді.

ЖӘКІШЕВКЕ КӨМЕК

– Мұхтар мырза, қазір Астанада Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша сот процесі жалғасуда. Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмиланың Лондонға соңғы сапарынан соң ол сіздің Мұхтар Жәкішевке көмектесуге уәде бергеніңіз жайында айтты. Сіз сол ойыңызда қаласыз ба және Мұхтар Жәкішевке қалай көмектесе аласыз?

– Мен қазір қалай көмектесетінім жайында бүге-шігесіне дейін айтып бермеймін. Бірақ бір айтатыным, Мұхтар Жәкішев тек менімен дос болғандығы үшін ғана жапа шегіп отырған жоқ. Ол, бірінші кезекте, осы режимнің құрбаны.

Режим елдің ең мықты адамдарын: құқыққорғаушыларды, журналистерді, бизнесмендерді, саясаткерлерді қудалайды, көзін құртады. Осылай жасалғаннан кейін ғана елдің тәуелсіздігі жоғалады. Бұл елді шімірікпестен бөлшектеп сатады.

Мұхтар Жәкішев не үшін жапа шекті деп маған көптеген сұрақтар қояды. Олардың қылмыстарын емін-еркін жасауларына кедергі болмас үшін тәуелсіз адамдарды жүйенің құртып жатқанын айтқым келеді. Мен қалай көмектесе аламын, мен қолымда бар мүмкіндіктің барлығымен көмектесемін.

– Мұхтар мырза, сұқбатыңыз үшін рақмет.


P.S. Қазақстан президентінің күйеу баласы Тимур Құлыбаевты әшкерелейтін деректер жайында айтқан қуғындағы бизнесмен Мұхтар Әблязовпен сұхбаттан соң Азаттық радиосы Тимур Құлыбаевтың өзімен байланысуға әрекет жасады. Алайда «Самұрық-Қазына» қоры басқармасы төрағасының орынбасары әрі «Казэнерджи» ассоциациясының төрағасы Тимур Құлыбаевтың хатшылығындағылар Азаттық радиосының тілшілеріне ресми хат жазу керектігін айтты. Сол себепті Құлыбаевтың өзінің пікірін білу әзірге мүмкін болмады. Хатшы қыз Бота Жанаева былай деді:

– Егер сіздерге қиын болмаса, сіздер ресми хат жазып, факспен жібере аласыздар ма? Сіздер білесіздер ме, біздің уақытымыз өте шектеулі. Сіздер бүгін немесе ертең жіберуге тырысыңыздар. Хатта сіздерді қандай мәселелер қызықтыратынын, сұхбатты кім алатынын және қай уақыттың сіздерге ыңғайлы екендігін жазыңыздар. Өйткені, келесі аптада ол іссапарға кетеді, сөйтіп ол біраз уақыт болмайды. Және егер сіздерге қиын болмаса, Тимур Асқарұлы танысып шығуы үшін бұл сұхбатты қосып жіберіңіздер.

Қазақстан ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы, ал қазірде шетелде бассауғалап жүрген Әлнұр Мұсаев, Азаттық радиосына берген түсініктемесінде, Құлыбаевтар отбасына қатысты баспасөзде жариялғандардың барлығы да Қазақстандағы жоғары биліктің пәрменімен Тимур Құлыбаевқа қарсы жасалып жатқан кезекті науқан деп сипаттады. «Президенттің әмірінсіз ештеңе болмайды. Тіпті сол Әблязовтың іс-әрекеті де президенттің мүддесімен үндесіп жасалып отыр», деді Әлнұр Мұсаев.

Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдин де Тимур Құлыбаевқа қарсы баспасөз құралдарындағы шабуылдар президент Назарбаевтың мақұлдауымен жасалып жатқаны туралы пікір шындыққа жақын деп есептейді. «Президент өз маңындағылардың байлықты осылайша заңсыз басып қалуына мүмкіндік береді. Ал содан кейін кезі келгенде оларды ноқталап алады. Президент Рахат Әлиевке жасаған әдісті Тимур Құлыбаевқа қатысты қолдануы әбден мүмкін», деді Серікболсын Әбділдин Азаттық радиосына.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG