Accessibility links

Мұхтар Әнтеев: Қазақ гастарбайтерлерді Санкт-Петербургтен таппайсың


Мұхтар Әріпұлы Әнтеев, Санкт-Петербор қаласындағы Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының президенті.

Мұхтар Әріпұлы Әнтеев, Санкт-Петербор қаласындағы Қазақ ұлттық-мәдени автономиясының президенті.

Санкт-Петербургтегі Қазақ мәдени автономиясының президенті Мұхтар Әнтеев Ресей қазақтарының өз ерекшелігін қалай сақтап отырғанын әңгімелейді. Бірақ, ол уақытша адамдар мен дәлдүріштер билеп отырған Қазақстанның жағдайына көбірек қамығады.


ЖАС АВТОНОМИЯ

– Мұхтар мырза, Санкт-Петербургтегі Қазақ мәдени автономиясының қызметі жайында әңгімелеп берсеңіз: автономия қашан құрылған, оны құруға түрткі болған не жағдай?

– Қазақ ұлттық мәдени автономиясы нақты айтар болсам, 2007 жылдың орта бөлігінде құрылған. Оның алдына қойған мақсаты – біздің жерлестерімізге ұлттық салт-дәстүрімізді ұмыттырмау үшін барлық қазақтар мен бүкіл қазақстандықтарды рухани біріктіру. Ресейде туылған қазақтарға қазақ тілін және мәдениетін үйрету, санасына ата-бабаларының көне дәстүр-салтын құрметтеуді және сақтауды енгізу болып табылады.

Сондай-ақ, қазақстандықтардың өзара кездесулері мен тілдесулеріне, бір-бірімен байланыста және ынтымақтастықта өмір сүрулеріне және көмектесулеріне әрі дамуларына жағдай тудыру.

Санкт-Петербургте қанша қазақ бар, олардың қаншасы Қазақстанды отаным деп санайды?

– Нақты ақпараттан адамын, бірақ, өзара тығыз араласатын және ұлттық мәдени автономияның қызметіне қатысатын белсенді қазақтар мен қазақстандықтардың саны екі мыңның айналасында.

Біздің автономияның мүшелерінің, қазақстандық диаспораның арасында ғылым, мәдениет қайраткерлері, бизнес өкілдері жетіп жатыр. Сондықтан Санкт-Петербургтегі қазақ мәдени автономиясының мүшелері қызметінің аясы өте кең.

Питерде қанша студент оқып жатыр? Мұндай ақпарат бар ма сізде?

– Бұл тұста да нақты айта алмаймын. Мөлшерлеуімше, Қазақстаннан шамамен бір мың адам Санк-Петербургтің жоғары оқу орындарында оқып жатыр.

Мұхтар мырза, Санкт-Петербургтегі Қазақ мәдени автономиясының болашаққа арнаған жоспары жайында қысқаша баяндап берсеңіз?

– Дәл қазір ең бастысы – ұйымымызды толықтай аяғынан тұрғызу болып отыр. Құрылымын анықтау керек. Өйткені, не дегенмен, біз әлі жас автономиямыз. Кейбір жағдайларда түрлі іс-шаралар мен мерекелерді бірлесе өткізу үшін өзге ұлттық-мәдени автономиялармен өзара қарым-қатынасымызды жолға қоюымыз қажет.

Сондай-ақ, қазақ тілін оқытатын, домбыра тартуды және басқа да қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарында ойнауды үйрететін курстар ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, әрине, ең болмаса, жылына ек-үш рет дәстүрлі ұлттық мерекелер ұйымдастыру
Жоспарымызда Қазақстанның бас консульдігі, мәдени автономия және ірі қазақстандық компаниялар мен банктердің өкілдіктері орналасатындай Санкт-Петербургтен жеке Қазақ мәдени-іскерлік орталығын салу идеясы бар.
және өткізу біздің мойнымызда. Мысал ретінде Наурыз мерекесін алсақ болады.

Басқа да жоспарларға келер болсам, бізде Қазақстанның бас консульдігі, мәдени автономия және ірі қазақстандық компаниялар мен банктердің өкілдіктері орналасатындай Санкт-Петербургтен жеке Қазақ мәдени-іскерлік орталығын салу идеясы бар.

Осындай ұсыныспен әрі идеямен біз Қазақстан президентінің атына және парламентке хат жолдағанбыз. Қандай да бір қозғалыс болады деген үміттеміз. Хатымызда біз олардан еш нәрсе сұраған жоқпыз. Бар болғаны – осындай ниетіміздің бар екенінен хабардар еттік.

Қазақстанның ресми билігі тарапынан көмек бола ма, болмай ма, мен оны білмеймін, өйткені, өзіміз де әлі күнге ешкімнен көмек сұрап көрген жоқпыз. Әзірге көмекке зәру емеспіз. Санкт-Петербургтегі бас консулмен біз тығыз байланыстамыз. Біздің консул Жұмабек Кеншімов мүмкіндігінше бізге кітап беріп, оқулық беріп көмектесуде. Өзіміз де одан басқа көмек сұраған жоқпыз.

Ресейдің басқа да аймақтарындағы, мәселен, Астрахан, Самара немесе Омбы секілді Ресейдің Қазақстанмен шекаралас облыстарындағы қазақ мәдени автономияларымен байланыс орната алдыңыз ба?

– Біз енді-енді байланыс орнату үстіндеміз. Жуырда менің автономия бойынша орынбасарым Серік Оразов Самараға барып, бүкіл Ресей бойынша автономиялар өкілдерінің үлкен кездесуіне қатысып қайтты. Біз болашақта Ресейдің барлық аймақтарындағы автономиялардың өкілдерінің сондай кездесулерін бізде, Санкт-Петербургте өткіземіз деген ниетіміздің және үмітіміздің бар екенін жасырмаймыз.

Біз Карелиядағы, Ресейдің Солтүстік-Батысындағы және Псковтағы, яғни, Ресейдің Санкт-Петербургпен шектесетін аумақтарындағы қазақ диаспораларымен жиі қатынасамыз. Ал, болашақта бұдан да жақсырақ және жиірек қатынасатын боламыз деп үміттенеміз. Басқа аймақтағы қазақтармен сандық емес, сапалық жағынан жақсырақ ынтымақтастық орнайтын болады.

ОЙДАН ШЫҒАРЫЛҒАН ҚАТЕЛІКТЕР

Мұхтар мырза, Ресейдің нақты қандай аймақтарында әлі де қазақ мәдени автономиялары мен орталықтары бар екенін айта аласыз ба?

– Өкінішке қарай, қазақтардың ұлттық-мәдени автономиялары құрылып, жұмыс істеп жатқан Ресей аймақтары аз.

Меніңше, мұның себебі автономия құру кезінде кездесетін қиындықтарда. Ресейде мұндай коммерциялық емес ұйымды тіркеу рәсімі өте күрделі және созылмалы. Және де қасақана қойылатын кедергілер көп болады.

Ресей әділет министрлігінің мұндай құрылымдарды тіркеуге аса құлықты емес екені ендігі бүкіл Ресейге құпия емес. Құжаттарды тапсырған кезде әділет министрлігі бірде ананы, бірде мынаны желеу етіп, әлдебір техникалық немесе басқа бір маңызсыз қателіктерді нұсқап, құжаттарды кері қайтарады.

Содан бұл жолы тіркейтініне де күдікті күйде құжаттарды тағы да ұсынуға тура келеді. Міне, менің ойымша: Ресейде қазақтардың ұлттық-мәдени автономияларының аздығының себебі осында жатыр.

Мұхтар мырза, Санкт-Петербургте автономияны тіркету барысында өзіңіз қандай қиындықтармен ұшырастыңыз?

– Қиындықтар көп болды. Құжаттарды көмекшілеріммен және әріптестеріммен бірге жеке өзім даярладым. Құжаттарды әділет министрлігіне бірнеше рет тапсырдық. Жаңа айтқанымдай, маңызсыз, оның ішінде техникалық қателіктерге сілтеме жасап, қайта-қайта тіркеуден бас тарта берді.

Біз қайта-қайта ұсынған сайын жаңа қателіктерге байланысты-мыс тіркеуден бас тартып отырды. Сол «қателіктердің» бәрін ойдан шығарылған деп ойлаймын мен. Не дегенмен де, ақыр соңында бізді тіркегеніне қуаныштымын. Сол себепті бізді тіркеуден бірнеше рет бас тартқан жандарға ренішім сейіліп кеткен.

Азаттық радиосы Ресейден, оның ішінде Санк-Петербургтен де скинхедтер және басқалары секілді жергілікті ультра-ұлтшылдардың славян тектестерден басқа ұлттар мен халықтардың өкілдерін ұрып-соғатыны, тіпті өлтіретіні туралы жиі-жиі ақпарат алып отырады. Осындай қасіретті келеңсіздікпен ұшырастыңыз ба?

– Мұндай келеңсіздіктер Санк-Петербург секілді үлкен қалада (Ресейдің солтүстік астанасында жеті миллионнан астам адам өмір сүреді – Автор) болып тұрады. Бірақ, меніңше, ахуал соншалықты апатты емес. Жекелеген жағдайлар деңгейінде ғана.

Бірақ, орыс ұлтшылдарының қазаққа қарсы қылмыс істегені есімде жоқ. Қала үлкен болғандықтан неше түрлі жағдайлар болады, әрине. Бірақ, тағы қайталаймын, қазақтар ондай адамдардың әрекетінің құрбаны болып көрген емес.

ЗАҢДАРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАС

Мұхтар мырза, сіз іс басындағы заңгерсіз, Халықаралық адвокаттар алқасының мүшесісіз. Сізден Қазақстан азаматтары, Санкт-Петербург қазақтары қаншалықты жиі заң көмегін сұрайды?

– Бұл өте қызықты әрі дәл уақытында қойылған сұрақ. Оған жауап бере отырып, мен қазақтар мен қазақстандықтардың ахуалына, оның ішінде олардың мінез-құлықтарына қатысты салыстырмалы талдау жасауыма болады.

Басқа елдерге және Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан және Қырғызстан немесе сол әлгі Әзірбайжан азаматтарына қарағанда да қазақстандықтар анағұрлым тиімді жағдайда.
Клиенттерімнің арасында қазақтар өте аз, бұл мені қуандырады. Бір жағынан, қазақтар былайынша да Ресей Федерациясының заңдарын бұзбайды. Ал, екінші жағынан, мұның себебі өзбектерге де, тәжіктерге де қарағанда қазақтың аздығында болар.


Тұтас алғанда, қазақтар мен қазақстандықтарда әлдебір қиындықтардың, оның ішінде заңмен қайшылықтың туындауы сирек. Сондықтан, маған, адвокатқа негізінен өзге, оның ішінде араб, еуропалық елдер мен аймақтардың өкілдері көмек сұрап келіп жатады. Тіпті, менің қорғауымда американдықтар да бар. Америкадан телефон соғып жатады.

Бірақ, менің клиенттерімнің арасында қазақтар өте аз, бұл мені қуандырады. Бір жағынан, қазақтар былайынша да Ресей Федерациясының заңдарын бұзбайды. Ал, екінші жағынан, мұның себебі өзбектерге де, тәжіктерге де қарағанда қазақтың аздығында болар.

Сіздің меңзеп отырғаныңыз гастарбайтерлер ме?

– Иә, Ресей қазақтарының бәрінің де қажетті құжаттары бар. Гастарбайтер қазақты Санкт-Петербургтен таппайсың, бұған талайлар таңданады.

ҚАЗАҚСТАНДА УАҚЫТША АДАМДАР ОТЫР

Мұхтар мырза, сіз Қазақстандағы ахуалды бақылап отырасыз ба? Елде болып жатқан қайсыбір оқиғалар туралы айтарыңыз бар ма?

– Иә, жалпы ағымдарды аңдап отыруға тырысамын. Бірақ, тұтас алғанда, Қазақстанда болып жатқан оқиғалар адамды жақсы ойларға жетелемейді деп ойлаймын. Сырт көз бақылаушы ретінде мені де, шынын айтқанда, ол үдерістер мен оқиғалар аса қуандырмайды.

Біріншіден, мен өз елімдегі үдерістердің бәрінен бірдей хабардар емеспін, оны мойындау керек. Бірақ, қолым жететін ақпараттарға қарасам, Қазақстанда болып жатқан саяси, экономикалық оқиғалар бір түсініксіз бірдеңелер болып көрінеді маған.

Нақтырақ айтсам, жуырда болған елдегі соңғы кадрлық өзгерістер маған, жұмсақтау айтқанда бір қызық болып көрінеді. Ашығын айтқанда, қисынды, түсінікті кадрлық саясат көріп отырған жоқпын. Ол атымен жоқ.

Белгілі бір өзіндік саланың маманын қызметінен алады да, әй-шәй жоқ, оған түсініксіз қарама-қайшы саланың бірінші басшысы етіп тағайындайды.

Оның анағұрлым жарқын мысалы ретінде Қазақстанның жаңадан тағайындалған қорғаныс министрін айтуға болады.

Сіз, шамасы, Әділбек Жақсыбековты – Қазақстанның Мәскеудегі бұрынғы елшісін меңзеп тұрсыз-ау деймін?

– Оның аты-жөні есімде жоқ. Бірақ, бәрібір мен сол адам туралы айтып отырмын. Қалайша кадрлық дипломаттан бүкіл қорғаныс саласын басқаратын әскери маман жасай салуға болады?! Таза азаматтық білімі, мамандығы және тәжірбиесі бар адам қалайша әскери министрлікті басқара алады? Бұл маған мүлдем түсініксіз.

Қорғаныс саласы Қазақстан секілді мемлекет үшін жай ғана маңызды емес, аса маңызды сала. Өкінішке қарай, мұндай мысалдар Қазақстанда жетіп-артылады. Мамандығы бойынша тағайындалмаған ондай басшылардың ұлттық экономиканың бір саласының да, тұтас Қазақстанның да дамуына септесе алмасы айдан анық. Бұл – бір.

Екіншісі. Әрине, ол адамдар, менің түсінігімде жаңа биік қызметке келгенде, біріншіден, не үшін, не мақсатпен тағайындалғанын, өзінен не талап етілетінін, ал, екіншіден, ол қызметте қанша отыратынын білмейді. Ондай әрбір министр не мемлекеттік қызметкер, менің болжауымша, өзін тек уақытша адам сезінеді. Олардың әрбірі әні-міне кетемін деген көңіл-күйде болады.

Ондай көңіл-күйдегі министр немесе әкім тіпті жуық арадағы келешекке де арнап министрліктің немесе ведомствоның жұмысын жоспарлай алмайды. Ол тек қайта тағайындауларды немесе одан да жаманын, адам барғысы келмейтін жерден бір-ақ шығуын күтумен отырады. Қазақстандағы жағдай осы.

Мұндай жағдайда, әрине, лауазымды адамға қара басын, өз пайдасын ойлаудан басқа, көбірек асап қалудан, ұрлап-жырлап қалудан басқа ештеңе қалмайды. Қызметтен алынып, келесі бір уақытша қызметке тағайындалмай, жұмыссыз қалатын күндерді қамдайды.

Мұндай уақытша министрдің екінші міндеті өз ведомствосындағы тұтқалы қызметтерге барынша көбірек өз таныстарын, мүмкіндігінше жақындарын тағайындау болып табылады. Ал, олардың әрқайсысы өз қол астына өз жақындарын тағайындайды. Осылайша ол министрлік басынан аяғына дейін жемқорлықтың шырмауында қалады.

Міндеті бойынша тұтас бір саланың ахуалы мен дамуына жауапты әрбір министр не биік мансапты қызметкер уақытша адамның көңіл-күйінде отырғанда болашақты қалай ойласын, ол бүгінімен ғана өмір сүреді. Соған орай жекелеген салалардың да, тұтас мемлекет – Қазақстанның да жоспарлы дамуын көре алмай отырмыз. Шынын айтсам, мен бұған қатты қынжыламын.

Ал, мен өзімнің Қазақстанымның еуропалық елдердің тәжірбиесімен тұрақты да жоспарлы дамығанын көргім келеді, мақтанғым келеді.

ҚЫЗДАРДЫҢ ЖӘНЕ КҮЙЕУ БАЛАЛАРДЫҢ МӘСЕЛЕСІ

Жалпы Ресейде, оның ішінде Санкт-Петербургте Қазақстанды қалай қабылдайды, Қазақстан туралы не айтады?

– Әрине, Орталық Азияның Өзбекстан, Түркіменстан не Қырғызстан секілді басқа елдерімен салыстырғанда Қазақстан Ресейде әлдеқайда бақуатты, көршілеріне қарағанда анағұрлым дамыған ел ретінде бағаланады.
Ресей жұрты Қазақстанда үнемі президент Назарбаевтың қыздары мен күйеу балаларына қатысты дау-дамай шығып тұратынын жақсы біледі. Бірде біреуі, келесіде тағы біреуінің атышулы боп жатады.


Ал, негізінен ресейліктер көп нәрсені білмейді. Ресейде мерзімді қазақ басылымдары таралмайды, қазақ телеарналары ол жаққа жетпейді. Есесіне Ресей жұрты Қазақстанда үнемі президент Назарбаевтың қыздары мен күйеу балаларына қатысты дау-дамай шығып тұратынын жақсы біледі. Бірде біреуі, келесіде тағы біреуінің атышулы боп жатады. Жемқорлық сипаттағы әлдебір жанжалдар.

Ол жанжалдардың анық-қанығына жетпеген соң Ресейде Назарбаевтың қызы тағы да бір шу шығарды немесе күйеу баласы бір былыққа батты дегендей бәрі үстірт талқылайды. Қазір Рахат Әлиевке қатысты жағдайды бәрі біледі және талқылайды.

Мұхтар мырза, ресейлік телевизияның бірқатар көңілашар бағдарламасында Назарбаев туралы әзіл-оспақ айтылып жататыны белгілі. Соның арасында қалай Назарбаев бүкіл елді жекешелендіріп алды деген тақырыпта да әзіл-оспақ айтылады. Петербург жұрты Қазақстан туралы не дейді?

– Көбісі Қазақстандағы табысты және ірі кәсіпорындар мен компаниялардың барлығы оның қыздарының қолында деп ойлайды. Мен, әрине, мұны жүз пайыз шындық деп ойламаймын. Алайда, бәрінің көкейіне осы ой ұялап алған.

РЕСЕЙДЕГІ ЦЕНЗУРА

Ресей мен Қазақстандағы адам құқықтары, сөз бостандығы және демократия ахуалына қатысты не айтасыз?

– Ресейде де көршілеріндегідей өзін өзі цензуралау деген пайда болды. Ресейдегілер өзін өзі цензуралаумен Ресейдің өзін сақтау үшін айналысып отыр деп ойламаймын. Әлдекімнің жазған өткір сынынан немесе телеарнадан берілген сыни бағдарламадан Ресейдің мүддесі жапа шекпейді. Менің жобалауымша, ол демократиялық процестер үшін тек пайда ғана әкелмек.

Қазақстандағы ахуал да осының ар жақ-бер жағы, бірақ, не дегенмен ерекшелік бар. Қазақстанда мен жылына бір-екі рет қана боламын. Сол кезде оқып үлгерген газеттерім бойынша мұнда билікке қатысты өткір сын кішкене көбірек айтылады екен деген ой туады менде.

Қай жерге қарағанда дейсіз?

– Ресейге қарағанда деймін.

Бұл не дегеніңіз, солтүстік көршіге қарағанда Қазақстанда демократия да кішкене көбірек екен деген сөз бе?

– Олай біржақты тұжырым жасамас едім. Десе де, мен сыннан да арыға кеткен материалдары бар бірнеше газет оқыдым. Ал, Ресейде ондай сыни мақалаларды қазір іздеп жүріп табуың екіталай.

ЖЫРАҚТА ҚАЛҒАН ҚАРАТАУ АУЫЛЫ

Ал, енді өзіңіз туралы да айтып берсеңіз, Мұхтар мырза: қай жерде дүниеге келдіңіз, Питерге қайдан барып жүрсіз, отбасыңыз, балаларыңыз бар ма? Туыстарыңызбен араластығыңыз қандай?

– Мен Жамбыл облысында, Қаратау ауылында дүниеге келгем. 1985 жылы мектеп бітірген соң бір кезде әкем оқыған Санкт-Петербургке келіп, жұмысқа тұрдым. 1986 жылы әскер қатарына шақырылдым. Әскери борышымды Моңғолияда өтедім, бір жыл Арвайхере тауында, бір жыл Гоби шөлінде.

Әскерден соң Санкт-Петербургке оралдым да мемлекеттік университетке оқуға түстім. Заңгер дипломын алып, қалада қалдым, бүгіндері адвокаттық палатада жұмыс істеймін. Халықаралық адвокаттар алқасының мүшесімін.

Үйлі-барандымын, ұлым бар. Әке-шешем Таразда тұрады. Олармен күнде хабарласып тұрамын десем де болады, хал-жағдайын, денсаулығын біліп отырамын. Жылына бір-екі рет үйде, Таразда болып тұрамын. Әрине, жиі барғанға не жетсін. Бірақ, мүмкіндік бола бермейді.

Әңгімеңізге рахмет, Мұхтар мырза.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG