Accessibility links

Астананың ауданаралық соты Мұхтар Жәкішевке шығарылған үкімді күшінде қалдырды


Мұхтар Жәкішевтің ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысында түскен суреті. www.time.kz сайтындағы фото. Шілде, 2009 жыл.

Мұхтар Жәкішевтің ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысында түскен суреті. www.time.kz сайтындағы фото. Шілде, 2009 жыл.

Мұхтар Жәкішевтің апелляциялық шағымын қараған Астананың ауданаралық соты оның арызын қанағаттандырмай тастады. Адвокат енді Жоғарғы сотқа жүгінбек. Бұл істің саяси астары барын алға тартқан бақылаушылар, үкімнің өзгереріне үміт аз дейді.


СОТ ҮКІМДІ КҮШІНДЕ ҚАЛДЫРДЫ

Сәрсенбі күні Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық соты «Қазатомпром» компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевке қатысты Сарыарқа ауданы №2 сотының үкімін күшінде қалдыру туралы шешім шығарды. Осыдан төрт ай бұрын 14 жылға бас бостандығынан айырылған Жәкішев апелляциялық арызында өзін «барлық пункттер бойынша ақтау туралы өтініш» жазған болатын.

– Апелляциялық шағым мен оның негізінде келтірілген дәлелдердің барлығы назарға алынбады. Жаза мерзімі сол қалпында қалды. Үкімнің өзгертілмеуінің нақты себебін білмейміз, бізге тек қаулыны оқып қана берді, – деді Азатыққа Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев.

Ауданаралық сот Жәкішевпен бірге сотталған оның оққағары – Талғат Қыстаубаевқа шығарылған үкімді де өзгеріссіз қалдырды. Сарыарқа аудандық соты Қыстаубаевты бес жыл мерзімге қамау жазасына кескен еді.

Жәкішев пен Қыстаубаевтың адвокаттары енді Жоғарғы сотқа шағымданбақшы.

ҮМІТ ПЕН КҮДІК

Соңғы үш күн бойы жұбайына қатысты сот процесіне кіре алмай, қандай шешім боларын сот ғимаратының алдында күткен Жәмила Жәкішева әлі де болса үміт үзбегендігін айтады.

– Әр кез жақсылық күтесің ғой. Бірақ мен бұл істе ешқандай таңғажайып өзгеріс болмайтындығын да түсіндім. Соңғы үш күнді бір үміт, бір күдікпен өткіздім. Бірақ бұл соттан жақсылық күту – бос әурешілік екендігін де түсінемін, – дейді ол.

Өткен аптада күйеуімен кездескен Жәмиланың айтуынша, тұтқынның жағдайы айтарлықтай өзгермепті.

– Оның денсаулығы сол баяғы қалпында – айтарлықтай жақсы емес. Дәрігерлерді оған жібермейді, медициналық тексеруден өткізгілері келмейді. Қан қысымы ара-тұра көтеріліп тұрады. Оны емдеу ісінде еш өзгеріс жоқ. Дегенмен, ол өзін ешкімнің жыға алмайтындығын айтады. Сондықтан аяғына дейін күресуге дайын, еңсесі түскен емес, – дейді Жамила Жәкішева.

ЖАЗА

Биылғы 12 наурыз күні Астананың Сарыарқа аудандық №2 сотының судьясы Нұржан Жолдасбеков «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы басшысы Мұхтар Жәкішевті 14 жылға, ал оның оққағары болған Талғат Қыстаубаевты бес жылға бас бостандығынан айырды. Прокурор соттан Жәкішевке 14 жыл, Қыстаубаевқа алты жыл түрме жазасын беруді сұраған еді.

Сонымен бірге, мемлекеттік айыптаушы сұрағандай, сот Жәкішевті «Құрмет» орденінен, ал Қыстаубаевты полиция майоры шенінен айыруға үкім шығарды.

Мұхтар Жәкішевке Вена қаласында «Қазатомпром» компаниясының өкілдігін заңсыз ашып, астыртын касса ұстаған, оққағары Талғат Қыстаубаевқа заңсыз екінші еңбекақы төлеп келген деген айыптар тағылды.

Судья Нұржан Жолдасбеков ұлттық компания басшысы болған кезде Мұхтар Жәкішев өз қызметін пайдалана отырып, компанияның 111 миллион теңгеден астам қаржысын талан-таражға салған және 790 миллион теңгеден астам пара алған деп тапты.

Қазақстан оппозициясы мен адам құқын қорғаушылар Мұхтар Жәкішевтің ісі бойынша тергеу және сот істері кезінде заң талаптары өрескел бұзылып, айыпталушының құқтары қорғалмағандығы туралы және бұл істің саяси астары барын мәлімдеген-ді.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG