Accessibility links

Мұхтар Жәкішевті мемлекеттік адвокаттың қызметі мен «Казправда» газетіне тәуелді етті


Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмила Астанадағы сотта үзіліс кезінде журналистерге сұқбат беріп тұр. Астана, 10 ақпан 2010 жыл.

Мұхтар Жәкішевтің зайыбы Жәмила Астанадағы сотта үзіліс кезінде журналистерге сұқбат беріп тұр. Астана, 10 ақпан 2010 жыл.

Астанадағы сотта Мұхтар Жәкішев өзіне ҰҚК тағайындаған адвокат Болат Исатаевты істен шеттетуді сұрады. Жәкішев «мемлекеттік бюджет босқа ысырап болмасын» деп есептейді. Оның зайыбы Жәмила Жәкішева күйеуінің ақпараттық тосқауылға тап болғандығын мәлімдеді.


СОТҚА СҰРАҚ ҚОЙМАЙТЫН АДВОКАТ

10 ақпан күні «Қазатомпром» ұлттық атом компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевтің адвокаты Нұрлан Бейсекеев Астананың Сарыарқа аудандық сотындағы сот мәжілісінің үзілісі кезінде, журналистердің сауалдарына жауап берді.

Бейсекеев өзінің қорғауындағы азаматтың денсаулығына дәрігерлер шығарған қорытындыға тоқталып, Жәкішевті ауруханаға жатқызу қажеттігін тағы да шегелеп айтты. Адвокаттың пікірінше, Мұхтар Жәкішевке қажетті емдеу тәсілін тергеу абақтысында анықтау мүмкін
Адвокат Нұрлан Бейсекеев Сарыарқа сотындағы үзіліс кезінде. Астана, 10 ақпан 2010 жыл.
емес, ол үшін «арнайы зерттеу» керек.

- Өкінішке қарай, судья өтінішті екі жақтың талқылауына да салған жоқ, - деді адвокат Бейсекеев.

Оның хабарлауынша, Мұхтар Жәкішев Ұлттық қауіпсіздік комитеті тағайындаған екінші бір адвокат Болат Исатаевты істен шеттету туралы сотқа өтініш түсірген. Топ-менеджер өзін қорғау үшін адвокат Исатаев ешқандай іс-әрекет жасамайды, тіпті сот тергеуі барысында ол бірде-бір сұрақ қоймады деп атап көрсеткен.

- Мұхтар Жәкішев Болат Исатаевтың қызметі үшін мемлекеттік бюджет негізсіз шығындалмауы керектігін сотқа дәлелдегісі келеді және оны істен шеттетуін сұрайды, - деп түсіндірді Бейсекеев.

БОЛАТ ИСАТАЕВТЫҢ РҰҚСАТ ҚАҒАЗЫ БАР МА?

Жәкішевтің ұстанымын қолдай отырып, Бейсекеев өзінің қолында «адвокат Исатаевтың бұл іске заңсыз қатысып отырғандығына негіз бар» екендігін мәлімдеді.

Нұрлан Бейсекеевтің айтуынша, ол Астана қаласы әкімшілік сотынан жауап алған және онда адвокат Исатаев құпия құжаттарға рұқсат алмаған, рұқсат сұрап бармаған деп жазылған.

Бұдан бөлек Бейсекеев қолында астаналық адвокаттардың мемлекеттік құпияларға рұқсатты рәсімдейтін Астана қаласы әділет департаментінің жауаптары бар деп мәлімдеді.

Адвокаттың айтуынша, ҰҚК тексеруінен кейін бұған дейінгі жасалған келісімшарттар күшін жойған, ал «он бес адвокаттың есімі келтірілген тізімде Болат Исатаев жоқ». Соған байланысты Исатаевтың бұл сот процесіне қатысуы заңсыз деп есептейді Бейсекеев.

ЖУАН ЖҰДЫРЫҚТЫ ҚОРҒАУШЫ

Болат Исатаевтың бұл сот процесіне кіруі де жанжалмен басталған еді. Жәмила Жәкішеваның айтуынша, ол адвокаттың жеке
Мұхтар Жәкішевке жаңадан тағайындалған адвокат Болат Исатаев (оң жақта) айыпкердің зайыбы Жәмила Жәкішевамен (сол жақта) сот ғимаратында шекісіп қалды. Астана, 19 қаңтар 2010 жыл.
мәліметтерін жазып алуға ниеттенген кезде Исатаев оның қолын бұрап, құжатты қайтаруын талап еткен.

Сәрсенбі күні Жәкішева қорғаушының бұл әрекетіне Астана адвокаттарының қалалық алқасына шағымданғандығын, кеңседегілерден «Исатаев мұндай әрекеттер жасаған кезде адвокаттық қызметте емес еді, соған байланысты алқа ешқандай шара қолданбайды» деген жауап алғандығын мәлімдеді.

Дене жарақаты туралы акт төңірегінде сөз қозғалғанда, Жәмила Жәкішева бұл мәселемен полицияға барғанын, бірақ арада «екі жарым апта өткенде арыз-шағым да іс-түссіз жоғалғандығы» туралы баяндап берді.

ҚЫСТАУБАЕВТЫҢ ІСІ

«Қазатомпром» ісі бойынша тағы бір айыпкер – Талғат Қыстаубаевтың зайыбы Сара Сағындықова Азаттық радиосына берген сұқбатында, өзінің күйеуіне тағылған «айыптардың бірі алынып тасталуы мүмкін» деген күмәнді болса да үмітін жеткізді. Сағындықова мұндай болжамын негіздеп жатпады.

Топ-менеджердің оққағары Қыстаубаевқа мүлікті талан-таражға салған және қызмет бабын асыра пайдаланған деген айыптар тағылып отыр.

Алайда Қыстаубаевқа ҰҚК тағайындаған адвокат Ақан Байқанов, Азаттық радиосына, «айыптаулар сол қалпында қалды» деп хабарлады. Оның айтуынша, Қыстаубаевтың қорғауда куәгерлерді сұрау аяқталып қалған және қосымша куәгерлер шақырту өтініші жасалмайды.

АСТАНА АЯЗЫ ЖӘНЕ АҚПАРАТТЫҚ БЛОКАДА

Бұл уақытта адвокат Нұрлан Бейсекеев Астананың аязды күндері тергеу абақтысының алдында ұзағынан күтіп қалатындығын жасырмады.

- Өткен жолы бір сағаттан астам, кеше 40 минут тұрдым, бірақ тергеу абақтысының ғимаратында ешкім болған жоқ, - деді адвокат.

Астанада ақпан айында күндізгі ауа температурасы 25-30 градус аяздан түскен жоқ.

Жәмила Жәкішева болса өзінің күйеуі ақпараттық блокадаға тап болды деп мәлімдеді. Оның айтуынша, қамаудағы Жәкішевке өзі беріп жіберген газеттерді емес, мүлде басқа басылымдарды, атап айтқанда «Казахстанская правдадан» басқа газет бермейді екен.

Мұхтар Жәкішевке сыбайласқан жемқорлық қылмысы бойынша айып тағылды. 2009 жылы мамырда ол «Қазатомпром» компаниясының президенті қызметінен алынды. Сол айдың соңынан бері Мұхтар Жәкішев ҰҚК-нің Астанадағы тергеу абақтысында отыр.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG