Accessibility links

Мұхтар Жәкішев ҰҚК-нің абақтысында қиял-ғажайып шығармалар оқиды, оған жаңа кітаптар мен дәрі-дәрмек қажет


Жәмила Жәкішева Ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысына күйеуімен кездесуге кірер алдында. Астана, 31 шілде, 2009 жыл.

Жәмила Жәкішева Ұлттық қауіпсіздік комитетінің абақтысына күйеуімен кездесуге кірер алдында. Астана, 31 шілде, 2009 жыл.

Жұма күні Жәмила Жәкішева Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астанадағы тергеу абақтысында отырған жұбайы, «Қазатомпром» ұлттық компаниясының экс-президенті Мұхтар Жәкішевпен кездесті. Ол күйеуінің денсаулығын ауруханада тексеруді сұрап шағымданатынын айтты.


«ЖҰБАЙЫММЕН ТЕРГЕУГЕ ҚАТЫСТЫ ӘҢГІМЕЛЕСУГЕ ТЫЙЫМ САЛДЫ»

«Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішев тұтқынға алынғаннан кейін екі жарым айдан соң ғана оның әйелі Жәмила Жәкішева жұбайымен кездесуге мүмкіндік алды. Шілденің 31-інде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Астанадағы абақтысына кіріп, қамауда отырған ерімен жүздесіп, тілдескен Жәмила, одан шыққаннан кейін журналистерге жұбайының денсаулығына алаңдайтындығын жеткізді.

– Күйеуіммен кездестім. Қатты жүдеп кетіпті. Денсаулығына байланысты басы жиі ауыратынын айтып шағымданды. Көп дәрілер
Жәмила Жәкішева, Астана, 31 шілде 2009 жыл.
сұратты. Осы уақытқа дейін шын мәнінде үш рет жедел-жәрдем көмегіне жүгініпті. Мен күйеуімді ауруханаға жатқызып, денсаулығын толық тексеру жөнінде шағымданамын. Талап етемін,- деді Жәмила Жәкішева.

Бастапқыда ҰҚК тергеу абақтысының қызметкерлері Жәмила Жәкішеваға абақтыға адвокатсыз жеке өзінің кіруін сұрады. Алайда Жәмила Жәкішева жалғыз кіруден бас тартты. Осыдан соң 20 минутқа созылған үзілістен кейін барып, тергеу абақтысының қызметкерлері Жәкішеваға қорғаушысымен кіруге рұқсат етті.

Бірақ абақтының сыртқы есігінен кіргізгенімен, ішкі кіреберісте адвокаты босағада қалып қойған. Ал Жәмила күйеуімен кездесу шамамен 40 минөтке созылғанын айтады. Онда да, ҰҚК-нің үш қызметкері түгелдей бақылап, ерлі-зайыптылардың жандарында отырыпты.

– Мен тек оның денсаулығын ғана сұрадым. Маған: «тергеу ісіне қатысты әңгіме қозғасаң, бірден кездесуді үземіз» деп талап қойды. Сондықтан, онымен тергеу амалдарына қатысты сөйлеспедік. Қазір Мұхтар ешқандай адвокатсыз қалып отыр. Ол отбасының бөлген
Данияр Қанафин, Мұхтар Жәкішевтің адвокаты. Астана, 31 шілде 2009 жыл.
қорғаушысын жіберу жөнінде бірнеше рет өтініш жазғанын айтты. Оның адвокаты Данияр Қанафинге де бірнеше арыздар жазып жіберген екен. Бірақ оның бірде-біреуін Данияр алған жоқ, – дейді Жәмила Жәкішева.

«МҰХТАРДЫҢ АЯҚТАРЫ САУ ЕКЕН»

Жәмила Жәкішева қамауда отырған жұбайының аяқ-қолы аман екеніне көз жеткізгенін айтты.

– Шын мәнінде, ол 45-ші өлшемді аяқкиімді өзімен көрші отырған адамға сұратыпты. Оның аяқкиімі тозып кетіпті. Ал ол адамның ешқандай жақындары жоқ екен. Мұхтардың өзіне аяқкиімді жолдастары апарып беріпті, – дейді Жәмила Жәкішева.

Жәмила кетерінде жұбайы одан көптеген кітап сұратыпты. Оның ішінде фантастикалық әдебиет те бар. Жәмила күйеуінің фантастикалық әдебиетті, соның ішінде Роман Злотниковтың шығармаларын сүйіп оқитынын айтады.

САРА САҒЫНДЫҚОВА КҮЙЕУІМЕН ӘЛІ КЕЗДЕСЕ АЛМАЙ ЖҮР

Мұхтар Жәкішев отырған Астанадағы ҰҚК-нің тергеу абақтысында оның оққағары болған Талғат Қыстаубаев та қамауда жатыр. Шілденің 31-і күні ҰҚК-нің Астанадағы абақтысына Жәмила Жәкішевамен бірге Талғат Қыстаубаевтың әйелі Сара Сағындықова да барған еді. Алайда, абақты әкімшілігі оған күйеуімен кездесуге рұқсат бермеді.

Сара Сағындықова күні бүгінге дейін жұбайынан хабарсыз екенін айтады. Қамаудағы Талғат Қыстаубаевтың жағдайымен таяуда танысып қайтқан құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова Сара Сағындықоваға күйеуінің тергеу абақтысына мамыр айының 30-да
Сара Сағындықова, Мұхтар Жәкішевтің оққағары Талғат Қыстаубаевтың зайыбы. Астана, 31 шілде 2009 жыл.
түскенін айтыпты. Ал Сара болса күйеуін мамырдың 24-інде ұстап әкеткен дейді.

– Сонда алты күн бойында күйеуімді қайда ұстап отырған? Ол жағы маған түсініксіз. ҰҚК -нің қызметкерлері оған Қылмыстық кодекстің 307-бабы бойынша, яғни «қызметін асыра пайдаланды» деген айыппен қылмыстық іс қозғағанын айтады. Менің күйеуім бар болғаны – оққағар. Ол жалақыны да «Қазатомпром» компаниясынан емес, арнайы «Күзет» қызметінен алды. Сонда онда қандай қызметін асыра пайдалану болмақ? Бұл жағы да түсініксіз, – дейді Сара Сағындықова.

Сонымен бірге, Сара Сағындықованың айтуынша, ҰҚК-нің қызметкерлері оған: «егер үйіңде жасырылған құпия құжаттарды тауып берсең, күйеуіңді босатамыз» депті. Бірақ ол күйеуі ешқашан үйге ондай қағаз-құжаттар әкелмегенін айтады.

Ұлттық қауіпсіздік комитеті «Қазатомпром» ұлттық компаниясының бұрынғы президенті Мұхтар Жәкішевті үстіміздегі жылдың 21-ші мамырында тұтқындады. Оған аса ірі көлемдегі уран кенішін шетелге сатты деген айып тағып отыр.

Мұхтар Жәкішевтен соң іле-шала «Қазатомпром» ұлттық компаниясының тағы бірнеше жауапты қызметкері қамауға алынғандығы белгілі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG