Accessibility links

Еділ Құсайынов: Қарғыра - төменгі көмей дыбысын шығаруға табиғат өзі көмектесті


Сазгер, фольклор зерттеушісі Еділ Құсайынов (сурет оның жеке мұрағатынан алынды). Алматы, 2008 ж.

Сазгер, фольклор зерттеушісі Еділ Құсайынов (сурет оның жеке мұрағатынан алынды). Алматы, 2008 ж.

«Бір өзі - бір оркестр» аталып кеткен Еділ Құсайынов ежелгі сақтар мен ғұндар дәуірінің мәңгілік әуенін бүгінгі жаңа ғасыр музыкасымен жалғастырып, қазақ ұлттық мәдениетін әлемдік сахнада жаңғыртып жүрген талант иесі.

Еділ Құсайынов - қазақтың музыкалық көне аспаптарын шебер меңгерген сазгер, фольклор зерттеушісі. Ол түркі аспаптарының тылсым күштері туралы көп біледі. Оның топтамасында ондаған көне аспаптар бар. Және ол олардың барлығын да жетік меңгерген.

Еділ Құсайыновты, музыка саласының мамандары «ерекше құбылыс» деп атайды. Ол жетіген, сыбызғы, сазсырнай, қамыс сырнай, шаңқобыз аспаптарымен қатар көмеймен ән айтудың әзірше теңдесі жоқ жалғыз шебері.

Өз айтуынша, кішкене күнінен дыбыстың арасында өскен оның есейе келе түрлі аспаптарға деген қызығушылығы артыпты.

- Әрине, менің алғашқы ұстаздарым – әкем мен шешем. Әкем Сейілхан Құсайынов – танымал күйші, «Мереке» күйінің авторы. Атырауда алғаш музыка училищесін ашқан адам. Ал, шешем – танымал қобызшы, қобыз мектебінің негізін қалаған Раушан Нұрпейісова.

Еділ қазақтың ұлттық өнерін меңгерген ата-ананың тәрбиесінде өсті (сурет сазгердің жеке мұрағатынан алынды). Алматы, 2008 ж.
Атырауда оқуын тәмәмдаған Еділ Алматыдағы Чайковский атындағы музыка консерваториясында оқиды. Қалада өскендіктен, «Битлзды» тыңдап, «битломан» да болады. Классикадан да «кет әрі» емес жігіт, сонымен бірге, ұлттық әуендерден бір сәт қол үзбейді. Сазгер бүгінгі түрлі музыкалық ағымдарды синтездеу өзіне қатты ұнайтынын айтады. Ол қазақтың көне аспаптары толығымен зерттеліп, мүмкіндіктері әлі барынша ашылған жоқ дейді.

- Мен Якутияға барып шаңқобыздың қандай аспап екендігін білдім, оның тартылуы мен мүмкіндіктері турасында толыққанды ақпарат алдым. Сол кезде Қазақстаннан «шаңқобыз – қазақтың аспабы» деген мәліметті ғана табуға болатын еді, ойнау техникасы, кімдердің қалай ойнағаны, қандай туындыларды ойнағаны туралы ақпарат жоқтың қасы еді. Якутияда жүргенімде маған шаңқобыз әлемі ашылғандай болды. Қазақ десе, еске бірден домбыра түседі ғой, ал оларда шаңқобыздан артық аспап жоқ екен.

Бүгінде көне аспаптарымен қатар Еділ Құсайынов көмеймен ән айтудың да шебері. Ол бір уақытта екі дыбыс шығарады. Бұл тәсіл түркі халықтарының өнерінде дамыған. Таспада көмеймен ән айтудың екі түрі кездеседі — қарғыра (төменгі регистрде) және сығыт (жоғарғы регистрде). Алайда ол, ең алғашқы көмей дыбысы екі жыл талмай еңбек еткеннен кейін ғана пайда болғанын айтады.

- Бірде менің жолым Алтай жеріне түсті, Қатонқарағай, Өрел, Берел деген жерлерге. Ол жердің өте тамаша табиғаты маған әсер беріп, ең алғашқы көмейдің дыбысы міне сол жерде шықты. Маған көмектескен, сөз жоқ, сол жердің керемет табиғаты еді. Сол жерде төменгі дыбыс – қарғыра пайда болды.

Еділ ежелгі түркілер өнері - көмеймен ән айтуды меңгерген дара әнші (сурет оның жеке мұрағатынан алынды). Алматы, 2008 ж.
Көне түркі аспаптары мен фольклорды зерттеумен айналысқан сазгер, көмеймен ән айтудың түптамыры қазақ бақсыларымен байланысты екендігін анықтапты.

- Едіге Тұрсынов деген ғалымның кітаптарын оқып отырсам, ертеде қазақ бақсылары, адамды емдеу кезінде қосымша түрлі дауыстар пайдаланған деп жазылған. Ол дауыстар әдеттегіден ерекше шығатынын баяндаған. Әрине, ол кезде «көмеймен айту» деген термин болмаған. Алайда, сипаты бойынша дәл осы көмей арқылы шыққан дауыстар екендігін байқау қиын емес. Қарап отырсаңыз, көмей арқылы шығатын дауыс адамға ерекше әсер береді. Ондай дауысты естіген адамның, өз дертінен айығуынан басқа амалы болмаған шығар деп те ойлаймын.

Еділ Құсайыновтың бүгінде түрлі ағындарды біріктіре отырып, қазақ музыкасын жаңа қырынан алыс және жақын шетелдерге танытып жүргеніне бірнеше жылдың жүзі болды. Мәселен, осыдан 4 жыл бұрын «Көшпенділер құпиясы» атты топ құрылған болатын. Аталмыш топ - рок, джаз және фольклордың синтезі.

Топ мақсаты - жоғары интеллекті музыканы дүниеге алып келу дейді сазгер. Одан кейін өткен жылғы этно-фольклорлық «Керулен» тобы да, қазақ өнеріндегі өзіндік ерекше жоба болып саналады. Еділ Құсайынов, мұнымен шектелмей, қазір симфониялық музыка жазып жатыр екен.

- Қазіргі таңда Лондонда тұрып жатқан әйгілі скрипкашы Марат Бейсенғалиевке және скрипкаға, симфониялық оркестрге арнап бірнеше шығармалар жазып жатырмын. «Қыпшақ жыры» деген шығармам дайын тұр, Құдай қаласа, көп ұзамай тұсаукесері болмақ.

Менің көп музыкам синтез түрінде. Синтез деген – батыстық музыка элементі бар ұлттық музыка. Әр нәрсенің түпнұсқасы сақталуы шарт. Біздің музыкамыз бен фольклорымыз өте бай, алайда, оны әлемдік деңгейде насихаттау мүлдем жоқтың қасы, – дейді сазгер Еділ Құсайынов.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG