Accessibility links

Ақерке Тәжібаева: Қобыз сарынының сырын тыңдарманға жеткізуге тырысамын


Қазақтың ұлттық саз аспабы қылқобызды меңгерген өнерлі жас Ақерке Тәжібаева. Алматы, 2008 ж.

Қазақтың ұлттық саз аспабы қылқобызды меңгерген өнерлі жас Ақерке Тәжібаева. Алматы, 2008 ж.

Қазақтың дәстүрлі көне аспаптарының бірі – қылқобыз шалу шеберлігін меңгерген жастардың бірі Ақерке Тәжібаева бүгінде Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының соңғы курсында білім алуда.

Алматыдағы Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық музыка мектебінің түлегі Ақерке республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегері. Ол Литва, Молдова, Венгрия, Голландия, Германия, Қытай және Түркияның көптеген қалаларында тыңдармандарға қазақтың қылқобызының үнін жеткізіп, өнерімен сүйсінтіп үлгерген талант иесі.

Ақерке қазіргі таңда көпшілік өнерсүйер қауымға қылқобызбен танымал болғанымен, қобыздың қасиетін енді түсіне бастағанын, алғаш осы аспапты таңдағанда ата-анасының қарсылығына тап болғанын айтады.

"Алматыға өнер-білім іздеп келгенімде, менің таңдауым қылқобыз аспабы болды. Оны естіген әке-шешем қатты ренжіп, бұл «шалдар ойнайтын аспап, болашағы жоқ» деді. Ал бұл аспап арқылы менің ішкі жан-дүнием керемет бір сезімге толады, рахаттанады. Қобыздың үні адамның қоңыр дауысына ұқсас. Қыл ішектен төгілген мұңды үн әрбір тыңдаушының жүрегін жаулап алады және рухани азық береді деп ойлаймын.

Ертеде қобызды бақсы балгерлер, шамандар науқас адамдарды емдеу үшін пайдаланған. Мұның астарында үлкен пәлсапа жатыр. Өйткені, қылқобыздың адам психикасына әсер ететін ерекше қуаты бар. Оны мен өз басымнан өткеріп жүрмін, маған қобыздың үні қатты әсер береді," – дейді Ақерке.

Оның ұлттық аспапты меңгергеніне 14 жылдан асыпты. Осы мерзім ішінде Ақерке қылқобызға арналған барлық шығармаларды жаттап алғанын айтады.

"Кейде бір шығарманы орындап отырғанда сазына елітіп, ұйықтап кеткендей боламын. Бір сәт көзімді ашып, өзіме келгенде, қолым өзі жүріп шығарманы аяқтап жатады. Бұл дегеніңіз керемет, сөзбен айтып жеткізе алмайтын сезім. Шаршағаным басыла қояды.
Шығарманы орындағанда оны іштей сезінген абзал. Себебі, шығарманың айтар ойы, мән-мағынасының барлығын тек өзің ғана сезініп қоймай, тыңдарманға да жеткізе білген жөн. Бұл түсінік маған ұстазым Базархан Қосбасаровтан сіңді," – дейді қылқобыз шебері Ақерке.

Ақеркенің репертуарында қазақтың дәстүрлі шығармаларымен қатар, шетелдік сазгерлердің туындылары да бар. Уақытын тиімді жұмсап үйренген Ақерке былтырғы жыл өзі үшін өте табысты болғандығын айтады.

"Мен 2008 жылы Германияда, Кореяда, Қытайда концерт бердім, көптен күткен алғашқы альбомымды, қобызға арналған «Көктем» атты күйлер жинағын жарыққа шығардым. Болашақта қобыз аспабын зерттеу жұмысымен айналыссам, Алматы қаласында жеке концертімді берсем деген арманым да бар," – дейді Ақерке Тәжібаева.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG