Accessibility links

Ләззат Аханова - Бәйтерекова: «Әлия» барда Сейдолланың есімі ұмытылмайды


Ләззат Аханова, композитор Сейдолла Бәйтерековтың жары. Жеке мұрағаттағы сурет.

Ләззат Аханова, композитор Сейдолла Бәйтерековтың жары. Жеке мұрағаттағы сурет.

«...Сейдолла ине сияқты сазгер, ал ине жұрттың бәрін киіндіріп, өзі жалаңаш қалады», — депті Көпен Әмірбек қазаққа «Әлиядай» рухы биік ән сыйлаған композитор Сейдолла Бәйтереков хақында. Марқұмның жары Ләззат Мұзарафқызы Азаттыққа сұхбат берген еді.

Сейдолла Бәйтерековтің әндерін орындаған әншінің атақ-даңқсыз қалған ешқайсысы жоқ. Бұл тізімнің басында қаршадай ғана қыздан қазақ эстрадасының жұлдызы Роза Рымбаеваға айналған әншінің тұрғаны анық. «Әлия» Розаның эстрададағы паспорты болса, «Ақ тілек» Нұрлан Өнербаев сынды азаматты театрдан әнге алып келді. Халыққа «Жан досым» деген атпен белгілі «Дос туралы жыр» Ермек Серкебаевтың репертуарынан ойып орын алған әннің бірі, бұл күнде қазақ эстрадасының ең жас буыны «Жігіттердің» орындауындағы бұл әнді достықтың гимні десе де болғандай...

Табиғатына біткен қарапайымдылығы мен сабырлы қалпынан айнымаған сазгер дүниеден өтерінен төрт жыл бұрын ғана «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа ие болыпты. Сазгер туралы марқұмның жары Ләззат Мұзарафқызымен сұхбаттасқан едік.

– Сейдолла аға туралы естеліктерде ол кісінің қырыққа жақындағанда барып шаңырақ көтергені айтылады. Екеуіңіздің жастарыңызда да біраз айырмашылық бар екен, сіздер қалай таныстыңыздар?

– Сұраққа жауап бермес бұрын сәл шегініс жасап өтейін, осы арқылы бұл сұрақтың жауабы да айтылады. Қазақта тағдыр, жазмыш деген ұғымдар бар ғой. Мен пешенеге жазылған, тағдырдың бұйрығы дегенге қатты сенетін адаммын. Менің әкемнің әкесі Ахан атам ескіше хат
Композитор Сейдолла Бәйтереков. Жеке мұрағаттағы сурет.
таныған, ауырған адамға дем салатын молдалығы бар кісі болыпты. Қазаққа қырғидай тиген НКВД–ның адамдары атамды Жезқазғаннан ұстап әкетіп, Түркістанның түрмесіне қамайды. Әжем жалғыз ұлын құшақтап, күйеуінің ізінен келіп, Ащысайдағы кен орнында жұмыс істеп жүреді.

Ащысай мен Түркістанның арасын жол қылып, күйеуіне тамақ тасып жүрген әжем жергілікті бұзақылардан көп қиындық көріпті. Олар ылғи әжемнің тамағын тартып ала береді екен. Жылап, жапа шегіп жүрген әжеме бір қария «осында үлкен-кіші Бәкең атап кеткен беделді бір кісі бар. Сол кісіге барып, жағдайыңды айтсаңшы» деп ақыл беріпті. Әжем сол Бәкең деген кісіні іздеп тауып, мұңын шағыпты, содан қайтып ешкім ол кісінің жолында тұрмайтын болыпты.

Бала кезімде әжемнің осы әңгімесінің арасында «Ащысай» деген атауды көп еститінмін, бірақ оған еш мән бермеппін, сөйткен Ащысайдың баласына күйеуге шығамын деп ойлаппын ба ол уақытта? Кейін мен келін болып түскен кезде әжем мен енем сырласа келе өткен-кеткенді әңгімелеп отырғанда баяғы әжеме көмектескен Бәкең деген кісінің Сейдолланың әкесі Бәйтерек ақсақал екені анықталды. Әжемнің сондағы қуанғанын көрсеңіз. Мұны бір деп қойыңыз.

Мен жасымнан әнге құмар болып өстім. Мектепте жүргенде ән айтатынмын, спортты жақсы көретінмін. Он жылдықты бітірген соң армандап Алматыға келдім, политехникалық институтқа оқуға түстім. Политехқа түсуім тек әке-шешемнің тілегін орындау ғана болатын, ал музыканы жанымдай жақсы көрдім. Менің анамның дауысы өте әдемі, аты-жөні Шабал Бейсенбекова.

Анамның студент шағы атақты опера әншісі Шабал Бейсекованың атағы дүрілдеп тұрған, күн сайын радиодан әні берілетін кез екен, аты ұқсас болғандығынан тіпті бір күні атақты әншінің әнін естіген анамның әкесі қызына «мен сені өлең айтуға емес, оқуға жібердім ғой» деп ұрысып хат та жазып жіберіпті. Маған ән айту сол кісіден келген қасиет болу керек.

ӘННЕН КӨРГЕН ЖАҚСЫЛЫҒЫМ — ӨМІРЛІК ЖАРЫМДЫ КЕЗДЕСТІРГЕНІМ

Ән айтамын, волейболдан институттың құрама командасында ойнайтынмын, бір сөзбен айтқанда жұлдызбын ғой... (күледі) Мен келе жатқанда топтанып тұрған жігіттер қарап тұрып қалатын және қақ айырылып жол беретін. Мектепте де солай болатын, институтта да мені жақсы көрген, сөз айтқан жігіттер көп болды, бірақ солардың ешқайсысына мойын бұрмадым, Алла менің маңдайыма Сейдолладай қазақтың марғасқа азаматына жар болуды бұйыртыпты. Ол үшін тағдырыма мың мәрте ризамын. Сейдолламен кездеспесем де әннен алыс кетпес едім деп ойлаймын, әннен көрген жақсылығым — өмірлік жарымды кездестіргенім.

Біздің студент кезімізде оқу орындары арасында түрлі жарыстар өтетін, осы байқауларда Политех тек қана КазГуден қалып қояды екен,
Сейдолла Байтеректовтың жас кезі.
мен ән айтқан жылы жарыстың жүлдесін біз иелендік, бұл жағдай менің институттағы танымалдылығымды арттыра түсті. Бір күні ұстаздарым мені сол уақытта құрылған «Как много девушек хороших» деп аталатын қыздар ансамбліне апарды. Сол жылы ансамбль Мәскеуге фестивальге барады екен, сонымен әнші ретінде маған ән дайындау керек болды. Жетекшім «дауысыңды тыңдатамыз, лайықты ән жаздырамыз, мықты композитормен жолықтырамын» деп бір кісіге ертіп барды.

Ол мықты композитор дегені Сейдолла екен. Мен кабинетіне кіріп келгенде ол қолымен таянып барып, үстелінен тұрды да біраз уақыт үндемей қалды. Мен де үндемей қалғаныммен бойымды бір қызық сезімнің билегені рас. Үнсіз қалғанына ұялып қалды ма, білмеймін, Сейдолла «ұлтың кім, таза қазақсың ба» деген сыңайдағы әнге қатыссыз сұрақтар қоя бастады. Кейін өзі сол кезде сенің өмірлік жарым болатыныңды сездім, менің тағдырым келді деп ойладым дегенді маған бірнеше рет айтты.

Бірақ мен Мәскеуге барған жоқпын, себебі Сейдолла менің дауысыма арнап ән жазбады. Кейіннен отбасын құрғаннан кейін «сені әртістік өмірден құтқару үшін ән жазбадым, сахнада жайнап жүрген әншілердің ешқайсысының жеке өмірі жетісіп тұрған жоқ» дегені бар. Біз 1982 жылдың күзінде таныстық, екі жылдан кейін шаңырақ көтердік. Сейдолла маған күйеуге шығу туралы ұсыныс жасағанда «маған адам сияқты тыныш өмір ұнайды, ал сіз композиторсыз ғой» дегенім есімде, ол уақытта композитор, әртіс дегендерге көбелек сияқты жеңілтек деп қарайтын едік қой.

ӘНШІНІҢ БАҚЫТЫНАН ӘЙЕЛДІҢ БАҚЫТЫН ЖОҒАРЫ САНАДЫМ

Мен расымен де композиторға күйеуге шығуға қорықтым, бірақ Сейдолла жанының тазалығы мен қарапайымдылығы арқылы мені өзіне ғашық қыла білді. Ол кезде оның жасы 39-да, ал мен 21-демін. Менің күйеуге шығатынымды естіген анам қуана күлімсіреп отырды да, кімге екенін естігенде құлап қала жаздады. «Айналайын-ау, Шәмші, Ескендір, Сейдолла деген композиторлар сенің әкеңнен де үлкен емес
Сейдолла Бәйтереков жары Ләззат, ұлдары Санжар және Даниярмен. Жеке мұрағаттағы сурет.
пе?» деп шошып кетті, Сейдолланың ол кезде жасы қырыққа жетпесе де, танымалдылығы жағынан үлкен ағалармен қатар тұрғандықтан да оны жұртшылық үлкен кісі деп ойлайтын.

Сейдоллаға күйеуге шыққаннан кейін мен саналы түрде сахнадан бас тарттым, әрине, танымал әнші болған жақсы ғой, бірақ мен үшін күйеуімнің, балаларымның уақытымен тамақ ішуі, таза киініп жүруі маңызды болды, қысқасы, әншінің бақытынан әйелдің бақытын жоғары санадым.

Әуелгіде менің бұл шешіміме әке-шешем ренжіді. Әкем қазіргі Сәтпаев қаласының атқару комитетінің төрағасы, анам қаламыздағы жалғыз қазақ мектебінің директоры болды, яғни қызметкерлердің отбасынан шыққан жоғарғы білімді қыздарының отбасы, ошақ қасында отырғаны олардың жанына батқан шығар.

Оның үстіне мен туылғанда үлкен әжелеріміз «бұл қыз «үкімет» болады» деп батасын берген екен, ата-анам сол «үкімет» болуымды күтіп шаршаған болуы керек, «біз сені біреудің шұлығын жуу үшін тәрбиелеген жоқпыз» деп өкпелерін анық айтты. Мен болсам Сейдолламен бірге өмір сүрген 14 жылда төркініме 3-4-ақ рет барыппын, онда да 2-3 күннен артық аялдамайтынмын.

Мен оның жұбайы ғана емес, тұрақты шаштаразы да болдым, елдің алдында жүрген азаматтың қалай болса солай киінуіне болмайды, бір замандарда заттың тапшылығы қатты болды ғой, сол кезде оған жақсы киім алу үшін табанымнан тозып, дүкеннен дүкен қоймай шарлайтынмын.

Ол болса таза киінетін, кірпияз болғанымен, онша сәнқой емес еді. Ал мен күйеуім ине-жіптен шыққандай болып жүруі керек деп есептеймін. Яғни мен өзімнің ақыл-білімім мен күш-жігерімді тек қана күйеуімнің жолына арнадым десем болады. Біз екеуміздің жұбайлық өміріміз (мүмкін қысқа боларына көрінген шығар) өте тату, қызықты болды. Біз бір-бірімізді толықтырып тұратынбыз, үйіміздегі өміріміздің қызықты болғандығынан да шығар, мүмкіндігіміз болып тұрса да, ерлі-зайыпты болып шетелде демалу немесе саяхаттау дегенді ойламаппыз.

СЕЙДОЛЛА ҚАЗАҚ ЖІГІТІНІҢ ЭТАЛОНЫНДАЙ ЕДІ

Бәйтереков бәйгеге қосқан әндердің жүлдесіз қалғаны жоқ, оның әнін орындаушылар да атақтың талайын иеленді, ал әнді тудырған сазгердің тасада қалуы оның қарапайымдылығынан деседі білетіндер. Бәйтерековтің композиторлығын ел білгенмен, оның өмірде қандай адам болғаны жалпы көпшілікке беймәлім. Марқұмның жары ретінде ол кісінің адами болмысын қалай сипаттар едіңіз?

Сейдолланың мінезі бірқалыпты болатын, оның ешқашан қатты ашуланғанын, айқайлап дауыс көтергенін өз басым көрген жоқпын. Және қаншалықты танымал болса, соншалықты қарапайым болды. Оның әндері ел аузында жүргенімен, өзінің басқа шығармашылық адамдары сияқты атақты болмауына осы мінезі себепкер болды деген пікірге мен толықтай қосыламын, өйткені оған өнердің жемісі атақ
Композитор Сейдолла Бәйтереков пен әнші Роза Рымбаева. Жеке мұрағаттағы сурет.
алуда емес, әндерінің таралуында деп білетін еді. «Өлгенін, жерлегенін күтіп жүрмей, талантты қастерлейік тірісінде...» дейді ғой, сол айтпақшы, талай жақсының қадірін өлген соң біліп жататынымыз өкінішті, әйтсе де жер бетінде қазақ барда «Әлияның» шырқалатыны, «Әлия» барда Сейдолланың есімі ұмытылмасы даусыз.

Біз үйленгенде оның ел арасында аты дүрілдеп тұрған кезі еді, бірақ мен оған қатты мән бере қоймаппын, ол өзі де танымал екенмін деп кеудесін керген пенде емес. Жұмыс барысында түрлі жағдайлар болады ғой, ашуланатын да шығар, бірақ үйге келгенде ашуынан із де қалмайтын. Ашуын сыртқа шығармайтын сабырлылығы үшін де шығар, оның дос-жараны көп болатын. Ішінен тынатындығының кесірінен барлық күш жүрегіне түсіп кетті ме екен деп те ойлаймын. Ақыры жүректен кетті ғой.

Маған да, балаларға да ерекше мейірімді еді, жан-жағына әрдайым қамқор болып жүретін. Балаларын ерекше еркелетіп жүретін, олар мектептен келгенде: «Қазақтың мақтаныштары келе жатыр» деп қарсы алатын. Адал жар, аяулы әке ретінде де ол барлық жағынан үлгі боларлықтай ішкі мәдениеті жоғары, абзал болмысты жан еді. Қазақтың жігіті қандай болуы керек десе, ұялмай көрсететін ер азаматтардың эталонындай еді. Жақсы ән естісе балаша қуанып, елеңдеп қалатын.

Оның шығармашылығының ғажайыптығы— әр сезімнің нотасын нақ баса білгендігінде деп ойлаймын. Мысалы, «Әлиядағы» қазақ қызының қайсар мінезін танытатын асқақ ноталар мен «Ақ тілектегі» сезімнің қылын шертер нәзік иірімдерді тыңдаңызшы, ал қазіргі көп әндер сезімнің нотасына дәл түспей жатады, қуанышты әндер мұңлы әуенмен немесе сүйгенінен айырылған мұңлықтың әні көңілді ырғақпен орындалғанын естігенде жаның ауырып кетеді.

Бұл енді орайы келгесін айтылған әңгіме ғой, ал Сейдоллаға қайта оралсақ, ол ақша, қызмет, мүлік деген дүниауи нәрселерге қызықпаған қалпы өмірден өтті. Ол тақырыпта әңгіме бола қалса «әндерім — менің байлығым, елімнің байлығы — менікі» деп ылғи пейілін кеңге салып жүретін. Онымен араласқан, сыйласқандар біледі ғой, ол өте ғажайып адам еді.

СЕЙДОЛЛА ҮНЕМІ ХЭМИНГУЭЙДІҢ ЖАСЫНДАЙ-АҚ ӨМІР СҮРЕМІН ДЕЙТІН

– Ол кісінің өмірден өткеніне он жылдан асты, композитордың есімін есте қалдыруға байланысты қандай іс-шаралар атқарылуда, балаларыңыз бен өзіңіздің қазіргі тыныс-тіршілігіңіз қалай?

– Иә, Сейдолланың мезгілсіз қазасына да он жылдан асты. Ол 1998 жылдың 11-мамырында тыңдармандар алдындағы соңғы есептік концертін өткізді, екі аптадан соң өмірден өтті, соңғы концерт деп қазір айтып отырмын ғой, ол кезде қайдан біліппін.

Бірақ Сейдолла үнемі мен Хэмингуэйдің жасындай-ақ жасаймын, одан кейінгі өмір мағынасызданып кетеді деп айтып жүретін. Маған
Президент Нұрсұлтан Назарбаев композитор Сейдолла Байтерековке «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын тапсырып тұр. Алматы, 8 шілде, 1994 жыл. Жеке мұрағаттағы сурет.
ылғи менің мұрағаттарымды жинастырып жүр, ертең сенен сұрайды ғой дейтін. Сап-сау жүрген күйеуімнің бұл сөзін әзіл деп қабылдап «қорықпа, кім сұраса да барлық заттарыңды тауып бере аламын» деп өзімше қалжыңдайтынмын.

Концерттің алдында үш күн бойы ұйықтай алмадық, ол қатты ауырды, қайта-қайта «жедел жәрдем» шақырдық, оған бронхит деген диагноз қойылды, кейін анықталғанындай, ол ешқандай да бронхит емес, инфаркт екен. Концерттен кейін үйге келгенде ол мені шақырып алып, ұзақ әңгімелестік, сол қоштасуымыз екен ғой. «Сен жылама, мен сені жылатпаймын, жоғарыдан тіршіліктеріңді бақылап, көмектесіп тұрамын. Менің әндерім сен туралы және саған арналған. Мен сенің әнші боламын деген арманыңды орындаған жоқпын, ол сенің бақытты болуыңды ойлағандығымнан еді» дегенді айтты. Келесі күні теміржол ауруханасына алып бардық, ал онда реанимация бөлімі жоқ боп шықты...

Ол өте таза адам ғой, айтқаны келді, Сейдолласыз өткен он жылда оның рухы маған ылғи дем беріп жүреді. Оны түсімде көрсем болды, отбасымыз үшін қуанышты жағдайлар болып жатады. Бірде лагерде демалып жатқан балама барамын деп, машинамен жолдан түсіп кете жаздағаным бар, сонда менің қолымның сыртынан үлкен ер адамның қолы пайда болып, бір демде рульді игеріп, құлағалы тұрған жерімнен аман шығып кеттім. Осындай оқиғалар менде жиі болады, алғашында қорқатынмын, кейін күйеуімнің «жоғарыдан жасайтын» қамқорлығына етім үйреніп кетті.

Сейдолла барда жұмыс істеген жоқпын деп айттым ғой. Ол қайтыс болғаннан кейін маған 100 теңгенің өзі ақша болып қалды, тіпті «Қызыл крестен» тамақ алған да күндеріміз болды. Мұның бәрі, әрине, алғашында болған жағдайлар ғой. Кейіннен Сейдолланың атын атасам-ақ болды, шаруаларым дөңгеленіп жүре беретін болды, «жоғарыдан көмектесемін» дегені осы шығар, «жақсының аты жүз жылға азық» деген сөз бекер айтылмаған ғой.

Қазіргі уақытта Сейдолланың атындағы қорды басқарамын. Ол қайтыс болғаннан кейін естелік кітап пен әндерінің жинағын шығардым. Өткен жылы күзде оның әндерінің үлкен концертін өткіздім, сол қарсаңда Мәскеуден Сейдолланың төрт әнін жазғызып келдім. Өзінің атында өтетін байқау бар, оның үстіне өзім де бір кезде қонақ боп кеткен әннің ауылына қайтып келе жатырмын, қысқасы, айналысатын шаруа жеткілікті.

ҮЙІМНІҢ ЖАНЫНАН СТУДИЯ АШЫП ЖАС ТАЛАНТТАРДЫ ТӘРБИЕЛЕСЕМ ДЕГЕН АРМАНЫМ БАР

Маған арналған өзімнің орындауымдағы «Сен» деген әнге түсірілген бейнебаян телеарналардан көрсетіліп жүр, ондағы жігіттің рөліндегі біздің ұлымыз. Сейдолла екеуміздің Санжар, Данияр атты екі ұлымыз бар. Санжарды әкесінің барында үш рет музыка мектебіне бергенбіз, үшеуінде де белгісіз себептермен сабақтан қалып, оқуы жалғаспай қалған. Әкесі қайтыс болған соң ұлым өзінен-өзі музыкамен шұғылданып кетті және барлық бағдарламаны тез игеріп алды. Пианиноға отырып әкесінің өзіне арнаған «Балапан» атты шығармасын орындап, бәрімізді таңғалдырды.

Үлкен ұлымыз Санжар туылғанда екі ай бойы ат қоя алмадық, өзімізше еш есімді лайық көрмейміз, бұл тұңғыш балалы болғандардың бәрінің басынан өтетін жай шығар. Сөйтіп жүргенде Сейдолланың жерлесі Сатыбалды Нарымбетов Санжар деген есімді ұсынды. Сол
Композитордың жары Ләззат Аханова студияда. Жеке мұрағаттағы сурет.
Санжарды алып ауруханада жатқанымда бір күні Сейдолла келіп терезеге күн түсіп тұрғандықтан, іштегі бізді таба алмай қарап жүр екен. Сонда Сейдолла «ұлымның қолын көрдім терезеден, оның қолы нағыз музыканттың қолы, ол қашан болса да бәрібір музыкант болады» деген еді. Сейдолланың айтқаны орындалып, Санжарымыз қазір музыкамен шұғылданып жүр, Астанадағы Музыка академиясында оқиды. Ал Даниярымыз әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің студенті. Аллаға шүкір, екі ұлым да жақсы азамат болып өсіп келе жатыр, екеуінің де мінез-құлқы әкелерінен аумайды.

Тірінің тіршілігі бітпейді ғой, алдағы уақыттарда Сейдолланың ұмытыла бастаған кейбір әндерін өңдетіп, сахнаға алып шығу менің мақсатым. Кезінде танымал болған мықтылардың бәрін де ауылда жүрген жерінен үлкендер әкеліп, қамқорлық танытып, жол көрсетіп, тәрбиелеп шығарды ғой, қазір заман деп, нарық деп сол дәстүр үзіліп барады. Үйімнің жанынан үлкен студия ашып, оған ауыл-ауылдардағы танылмай жатқан жас таланттарды әкеліп тәрбиелесем деген ізгі арманым бар. Алдағыны Алла біледі ғой, мүмкіндігімнің жеткенінше байқармын, бірақ осы іске анық бел буып отырмын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG