Accessibility links

Имамдардың ар-ұятын мұсылмандар діни басқармасы қорғайды


ҚМДБ діни сараптама және талдау бөлімінің меңгерушісі Еркебұлан Қарақұлов. Алматы, 15 қыркүйек 2010 жыл.

ҚМДБ діни сараптама және талдау бөлімінің меңгерушісі Еркебұлан Қарақұлов. Алматы, 15 қыркүйек 2010 жыл.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері «Айт-Парк» пікірталас клубының отырысына қатысты. Жиын барысында жұртшылық кейбір дін қызметшілерінің әрекеттеріне көңілдері толмайтынын білдіріп, мешіттерде ақша жинау ісіне сыни пікір айтты.


Сәрсенбі, 15 қыркүйекте Алматыдағы «Айт-Парк» пікірталас клубының отырысына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) өкілдері – діни білім және оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Әбдімүтәліп Дәуренбеков, діни сараптама және талдау бөлімінің меңгерушісі Еркебұлан Қарақұлов қатысты.


УАҺҺАБТАРДЫ ЖҮРІСІНЕН ТАНИДЫ

Исламдағы уаһһабийа, салафийа және тағы да басқа ағымдарға ҚМДБ-ның қалай қарайтыны туралы сауалдарға жауап бере келе, Әбдімүтәліп Дәуренбеков бұл діни ағымдардың теріс жолда жүргендігін ҚМДБ мұсылмандарға ұдайы түсіндіріп келе жатқанын айтты.
ҚМДБ діни білім және оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Әбдімүтәліп Дәуренбеков. Алматы, 15 қыркүйек 2010 жыл.
Сондай-ақ аталған ағымдардың әдет-ғұрыптары мен ерекшеліктері де сөз болды.

– Уаһһабтарды, тіпті, жүрісінен-ақ білеміз, өйткені олар балақтарын тығып, тізесіне дейін кесіп тастайды келті қылып, сақалдарын бейтәртіп қойып жүреді, бастары жалаңбас. Дегенмен оларға мешіттерімізге келіп намаз оқуына рұқсат беріп жүрміз, – дейді Әбдімүтәліп Дәуренбеков.

Жалпы мәселелер бойынша пікірталас бірқалыпты өтті. ҚМДБ өкілдері кейбір өткір сұрақтарға, мәселен, Құранды өртеу жөніндегі АҚШ-та айтылған кей пікірлерге ҚМДБ-ның ұстанымы қандай болмақ деген сауалға «тігісін жатқыза» жауап берді.

– Біз мұсылмандарға мұның кезекті арандату екенін түсіндіріп, мұндай арандатуларға ермей, сабырлы болуға шақырдық, – деді діни сараптама және талдау бөлімінің меңгерушісі Еркебұлан Қарақұлов.


МЕШІТТЕГІ ЖӘШІК

Отырысты жүргізген саясаттанушы Нұрлан Ерімбетов бастап, қалған жұрт қостап, ҚМДБ-ның ақшасы, яғни мешіттегі жәшікке түскен садақалардың қайда кетіп жатқаны және жергілікті мешіттердегі имамдар туралы сұрақтар қоя бастаған кезде пікірталастың көрігі қыза түсті.

Нұрлан Ерімбетов кейбіреулер кісі қаны бар немесе жемқорлық тәрізді түрлі қылмыстық жолдармен тапқан ақшасына мешіт салдыра қалса, оған ҚМДБ-ның қалай қарайтынын сұрады.

Әбдімүтәліп Дәуренбеков мешіт салдыру үшін садақа берген адамның «ең бастысы, ниеті таза болса болды» деп жауап берді. Діни сарапшы Еркебұлан Қарақұлов «ҚМДБ-ның ондай садақаларға сараптама жасайтын мүмкіндігі жоқ» деп қосып қойды.

Отырысқа қатысқандардың көпшілігі пітір-садақа салатын жәшіктер мешіттің басқа жерінде емес, қақ ортасында тұратынына сын айтты.

– Біздің имамдарымыздың көз алдында тек ақша тұратын сияқты. Әсіресе шетелдіктер келгенде тіптен ұят. Шет мемлекеттердің бірқатарында болдым, бірақ мұндайды көрген емеспін, – деді қатысушылардың бірі.

Алайда ҚМДБ өкілдері садақаға арналған жәшіктердің мешіт ортасында тұрғанын растап, ондай жәшіктер мұнан кейін де солай тұра беретінін аңғартып өтті.


«АҚШАНЫ МАҒАН БЕР»

Қаржы мәселесіне байланысты пікірталас енді жергілікті имамдар мен молдалардың рухани-моральдық келбетіне ауды.

– Әжем қайтыс болып, ауыр қазаға душар болдық. Мәйітті жуар алдында молда келіп, "мәйітті жуатын әрбір әйелге бес мың теңгеден
ҚМДБ діни білім және оқу-ағарту бөлімінің меңгерушісі Әбдімүтәліп Дәуренбеков (сол жақта) пен діни сараптама және талдау бөлімінің меңгерушісі Еркебұлан Қарақұлов. Алматы, 15 қыркүйек 2010 жыл.
есептеп, ақшаны маған бер" деді. Сірә, әрі қарай әлгі әйелдермен өзі есептеспек. Анығын білмек болып, сол әйелдердің өздерінен сұрап едім, молда оларға "мың теңгеден беремін" деп уәде беріпті. Содан соң ақшаны молдаға бермей, мәйітті жуған әйелдерге үш мың теңгеден ұстаттым. Осыдан кейін әлгі молда туралы не деуге болады? – деп сұрақ қойды ҚМДБ өкілдеріне қоғамдық белсенді Айдар Әлібеков.

ҚМДБ діни сараптама және талдау бөлімінің меңгерушісі Еркебұлан Қарақұлов ҚМДБ қатарында мұндай молдалардың болуы мүмкін емес деп, діни қызметкерлерді қорғауға кірісті.

– Кейбір жерлерге өз бетімен барған адамдардың, өзін ҚМДБ-ның атынан келдім деп таныстыратын жайттар кездесетіні рас, – дейді Еркебұлан Қарақұлов.

– Жоқ, дәл сол молданы тура ҚМДБ-ның өзі жіберген болатын, – деп Айдар Әлбеков те сөзінен қайта қоймады.

Бірақ оның айтқанын Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілдері қаперіне де алмады.
  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде 2008 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG