Accessibility links

Атышулы саяси істердің құпиясына қатысты Мұстақым Төлеевтің айрықша пікірі


Адвокат Мұстақым Төлеев.

Адвокат Мұстақым Төлеев.

Адвокат Мұстақым Төлеев Азаттық радиосына берген сұхбатында шулы істердің құпиялары жайында айтады. Қазақстандағы алғашқы сырттай болған сот қалай өтті, тәуелсіз журналистер мен саясаткерлердің өлтірілуінің артында не тұр? Біздің әңгімеміз осы жайында болмақ.


Мұстақым Төлеев – Астана қалалық адвокаттар алқасының мүшесі. 2000 жылға дейін Астана қалалық қаржы полициясы департаменті тергеу басқармасы бастығының орынбасары болып қызмет етті. Төлеевтің айтуынша, бұл қызметтен ол Экономикалық және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі агенттік (қаржы полициясы) төрағасымен келіспей қалған соң кеткен. Адвокат ол төрағаны Рахат Әлиевтің адамы болған дейді.

Адвокат ретінде Мұстақым Төлеев саяси себеппен сотталған оппозиция жетекшісі Ғалымжан Жақияновты қорғады. Сондай-ақ, ресми билік «өзін-өзі өлтірді» деп шығарған диссидент Заманбек Нұрқаділовтің трагедиялық өлімінде жәбірленуші жақтың адвокаты болды.

Мұстақым Төлеев тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжановтың жол-көлік оқиғасынан жұмбақ жағдайда қайтыс болуына байланысты істе жәбірленуші жақтың мүддесін қорғады. Ол сонымен бірге, «Бутя-капитал» қорының ісі бойынша бизнесмен Болат Әбіловты, тәуелсіз журналист Қазис Тоғызбаевты, оппозициялық журналист Ермұрат Бапиды, қоғам қайраткері Жасарал Қуанышәлинді және өзге де көптеген адамдарды қорғады.

«МҰХТАР ЖӘКІШЕВТІҢ АЙНАЛАСЫНДА САУДА ЖҮРІП ЖАТЫР»

- Мұстақым мырза, ҰҚК-нен соң енді Бас прокуратура да куәгер ретінде ҰҚК-нің жасырын пәтерлерінде ұсталып отырған «Қазатомпромның» бұрынғы топ-менеджерлерінің құқықтары мен мүдделері бұзылған жоқ деп мәлімдейді. Бұл рас па?

- Олар қайдағы куәгерлер? Олар куәгерлер емес. Олар «Жәкішев ісінің» фигуранттары. Оларға қатысты процесуалдық мәжбүрлеу шаралары қолданылуда, олар «үйқамақта» отырған сияқты.

Бірақ бұл даулы мәселе. Өйткені, туыстары олардың ҰҚК-нің жасырын бір пәтерінде отырғанын растаған жоқ. Ал теледидардан көрсетілген сюжетке сенсек, олар тіпті бес жұлдызды қонақ үйде тұрып жатқандай әсер қалдырады.

- Үш жұлдызды… Біз бұл жерде «Хабар» арнасының эфирінде маусым айында болған репортаж жайында айтып отырмыз. Репортажға сенсек, куәгерлерді қорғау бағдарламасы бойынша ҰҚК-нің құпия пәтерінде ұсталған адамдардың жағдайы қонақ үйде орналасқандай әсер қалдырды.

- Иә, тура қонақ үй дерсің. Шындап келгенде бұл қоғамды сабасына түсіру үшін ҰҚК тарапынан мәжбүрлі түрде болған жарнама шарасы. Ал прокуратураға, қызметтік міндеті мен мақсатына сәйкес, олардың құқықтарын қайталап отыруға тура келеді. Тіпті, бұны азаматтардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғаудың идеалы ма дерсің.

Тиісінше, ол жақта да бұрынғы вице-президенттерге белгілі тәсілдермен қысым жасау арқылы саудаласу жүруде. Олардан Мұхтар Жәкішевті толықтай «сатып», олардың өздері білетін де, білмейтін де күнәларды соған жаба беруін талап етуде. Бұл үлкен мәселе. Өйткені саудаласу жүріп жатыр емес пе?!

Сюжеттегі ұлттық компания топ-менеджерлерінің бет-бейнесінен олар өздерін біртүрлі ұстап тұрғандарын байқауға болады. Біреуі тіпті
Бұрынғы вице-президенттерге белгілі тәсілдермен қысым жасау арқылы саудаласу жүруде. Олардан Мұхтар Жәкішевті толықтай «сатып», олардың өздері білетін де, білмейтін де күнәларды соған жаба беруін талап етуде...
инфаркт ала жаздады. Оған күнде медициналық көмек көрсетіледі, т.с.с.

Және олар өздерін Қазақстанның пайдалы қазбалары үшін күресіп жүрген патриоттар ретінде көрсетеді. Егер олар заңдылық пен әділдік үшін күресетін болса, бұрын қайда қалған? Бұл үшін вице-президенттік өкілеттіктерін неге пайдаланбаған? Жәкішевтің тарапынан заңсыздық пен өзге де бұрмалаушылықтарды байқаса, неге ел басшылығына шықпаған?

Сондықтан, бұл жай ғана популизм. Шамасы, ҰҚК-нің қызметкерлері тарапынан оларға жеңілдік жасалады деген уәде болса керек.

Мысалы, ҰҚК қызметкерлері туыстармен кездесуді шектеп жатқан жоқпыз деулері мүмкін. Бірақ, олардың кездесуді де, қажетті заттар беруді де шектеуге қақылары жоқ. Өйткені, бұл құқықтық мемлекет деп аталатын Қазақстанның қылмыстық-процесуалдық заңнамасында белгіленген.

ТОП-МЕНЕДЖЕРЛЕРДІҢ БЕЙНЕМОЙЫНДАУЫ

- Мұстақым мырза, жақында ҰҚК-нің қызметкерлері «Хабар» арнасынан бейнесюжет көрсетіп, онда «Қазатомпром» компаниясының топ-менеджерлері...

- Иә, мен көрдім.

- Міне, осы «бейнемойындауды» сот процесінде дәлел ретінде пайдалану мүмкін бе?

- Сіз айтқандай, ол «бейнемойындауды» сот процесінде дәлел ретінде пайдаланудың мүмкіндігі аздау. Егер бұл адамдар дүниеден өтіп кетсе, олар қол жетпейтін жақта, шетелде болса, онда бұны мойындаудың бейнежазуы ретінде қолдануға болатын еді. Тек сонда ғана сот бұл жағдайға сілтеме жасайтын еді.

Және тағы бір үшінші жағдай бар. Егер олар кейінірек, іс барысында айтқандарынан танар болса, онда сот «кешіріңіздер, сіздер сотқа дейінгі тергеу барысында ҰҚК-нің ұсынуымен қоғамға үндеу ретінде Мұхтар Жәкішевті әшкерелеуге көмектесетіндеріңізді айтқансыздар. Енді келіп Жәкішевтің еш кінәсі жоқ дейсіздер. Демек сіздерге біреу ықпал еткен немесе сіздер өз позицияларыңызды өзгерткенсіздер. Біз бұны қабылдамаймыз. Біз тек бейнеүндеуде жазылған мойындауларды ғана қабылдаймыз». Осылай деулері мүмкін.

Ал былайша айтқанда, бұл «бейнемойындау» заңсыз дүние. Бірақ, Күлзия Күйікова ханым (Қазақстан Бас прокурорының аға көмекшісі) «Хабар» арнасы арқылы телеүндеудің берілуі – өте маңызды жайт дейді.

АҚ, ҚАРА ЖӘНЕ ҚЫЗЫЛ АДВОКАТТАР

- Мұстақым мырза, елге белгілі шулы, бірақ жабық істер бойынша жүргізілетін процеске айыпталушылардың өздері немесе олардың туыстары таңдаған адвокаттарды жібермей, өз адвокаттарын тағайындағанда ҰҚК не ұтады?

- Әңгіме мынада. Қазақстанда адвокаттық қызмет істеуге құқық беретін мемлекеттік лицензиясы бар адвокаттар негізінен шартты түрде үш топқа бөлінеді. Бәлкім, бүкіл ТМД елдері бойынша да осылай болуы мүмкін, бірақ оны анық айта алмаймын.

Бұлар – «қара», «ақ» және «қызыл» адвокаттар. «Қараларға» кәсіби деңгейі төмен, бірақ мемлекеттік лицензиясы бар және негізінен делдалдықпен айналысатын адвокаттар жатады. Олардың жұмысы - анықтау, тергеу, сот, күш құрылымдары органдарына пара беруді ұйымдастырып, қажетті іс бойынша оң шешім шығаруға қол жеткізу.

«Ақ адвокаттар» тек өзінің кәсіби біліктілігіне, юриспруденциялық сауаттылығына, адвокаттық қызметтегі тәжірибесіне ғана арқа сүйеп, қандай да бір делдалдық қызметсіз, өз міндетін қатаң түрде адвокаттық қызмет туралы заңға сәйкес атқарады.

Үшіншісі – «Қызыл адвокаттар». Бұлар түрлі себептермен, оның ішінде өз еркімен, зейнет уақыты жеткен соң, т.с.с. қызметтен босаған ҰҚК-нің бұрынғы қызметкерлері. Болмаса, ҰҚК қызметкерлерінің сеніміне кірген күш құрылымдарының қызметкерлері. Міне, ҰҚК оларды кезекші адвокат ретінде ұстайды.

Олар екіжүзді қызметпен айналысады. Былайша қарағанда айыпталушыны қорғайтын сияқты, бірақ шындығында олар тергеуге жұмыс істейді.

АДВОКАТҚА ЫҚПАЛ ЕТУДІҢ ҚҰРАЛЫ

- Құпия істерге және сол істер бойынша соттарға «ақ адвокаттардың» кіре алмауына кіру рұқсатының (допуск) жоқтығы негізгі себеп болып отыр. Неге екендігі белгісіз, «ақ адвокаттардың» ешқайсысына ондай рұқсат берілмеген, бұл туралы не айтасыз?

- Атышулы кіру рұқсаты дегеніміз – абсурд. Қазір парламент демалысқа кетті. Ал жалпы алғанда бұл мәселені заң жүзінде реттеу керек еді. Өйткені, Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік құпияны білетіндер қатарына үкімет пен атқаратын қызметіне байланысты салалық министрліктер жатады. Мысалы, Қорғаныс министрлігі, Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік, т.с.с.

Тиісінше, кіру рұқсаты адвокаттың арызының негізінде тергеушінің немесе анықтаушының қаулысы бойынша беріледі. ҰҚК тек тиісті органдар мен министрліктерге кіру рұқсатына байланысты біржолғы тәртіпте әшкерелеуші материалдардың бар-жоқтығын ғана тексереді.

Және кіру рұқсатын рәсімдеу жөнінде арнайы нұсқаулық бар. Ол арнайы тексерудің ережесі мен тәртібін анықтайды. ҰҚК тек адвокатқа, сарапшыға, куәгерге, т.с.с. қатысты әшкерелеуші материалдың бар немесе жоқтығын тексеріп, өзінің қорытындысын береді. Болды.

Олар қазір бұл саланы монополияландырып алып, өз мүдделеріне байланысты шектеу қоя алады.

Міне, жақында мен де жауап алдым. Мен әскери прокуратура мен бас прокуратураға, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 365-бабына сәйкес, ҰҚК тергеу тобының жетекшісі, әділет подполковнигі Амановқа қарсы қылмыстық іс қозғау жөнінде арыз бердім. Бұған Амановтың мені бұрынғы Қорғаныс вице-министрі Маермановтың ісі бойынша процеске жібермеуі себеп болды.

Мен енді оларды қылмыстық жауапкершілікке тартып, бұған прокуратураның назарын аударуға тырысып жатырмын. Мен ҰҚК Астана қаласы бойынша департаментінің бастығы Қалқабаевтың түсініктемесін алдым. Онда ҰҚК тергеушісінің міндетіне тергеуге қатысуға жіберілгелі отырған адамға байланысты арнайы тексеру өткізу жөнінде қаулы шығару ғана кіреді деп анық жазылған.

ГЕНЕРАЛ МАЕРМАНОВТЫҢ ІСІ

- Сіз генерал Қажымұрат Маермановтың ісі бойынша процеске қатысасыз ба?

- Егер ҰҚК қайтадан қысастық жасап жүрмесе, егер сот ҰҚК тергеушісінің әрекетін заңсыз деп тапса, онда қатысамын. Маермановтың өзі мен оның туыстары маған оның адвокаты болуым жөнінде өтініш білдірді. Тиісінше, мен олардың өтінішін орындауым керек, бірақ мені іске қатысуға жібермей отыр.

Олар бұл істің өздері үшін сәтсіз аяқталатындығын білгендіктен мені жібермейді. Өйткені, Израиль жағы бұл істе қылмыс құрамының жоқтығын растады. Израиль президенті Шимон Переспен болған әңгімеде де Нұрсұлтан Назарбаев қояр кінәсінің жоқтығын, бұдан былайда ынтымақтаса жұмыс істейтінін айтты.

«Сарышаған» полигонында парламент депутаттарының қатысуымен болған сынақ кезінде «Найза», «Семсер», «Айбат» артиллериялық
Олар бұл істің өздері үшін сәтсіз аяқталатындығын білгендіктен мені жібермейді. Өйткені, Израиль жағы бұл істе қылмыс құрамының жоқтығын растады. Израиль президенті Шимон Переспен болған әңгімеде де Нұрсұлтан Назарбаев қояр кінәсінің жоқтығын, бұдан былайда ынтымақтаса жұмыс істейтінін айтты.
техникалары үздік көрсеткіштер байқатқанын генерал Бақытжан Ертаев та айтты. Сондықтан, барлық мәселенің түйінін жасар кез келді деп ойлаймын.

Қазір ҰҚК президенттің алдында масқара болмас үшін Маермановтың ісі бойынша айыптауды соза түсуді қалап отыр.

- Мұстақым мырза, сіз генерал Маермановтың ісімен танысып үлгердіңіз бе?

- Жоқ, мен ордерді көрсеттім. Бірақ, мені жібермей отыр. Өйткені, менде кіру рұқсаты жоқ дейді. Ал, кіру рұқсаты...

ҰҚК тергеушінің қаулысы бойынша арнайы тексеруді жүргізеді, ал Қорғаныс министрлігі кіру рұқсатын береді. Өйткені, мемлекеттік құпия тап сол қорғаныс мекемесіне қатысты.

ҚАЖЫГЕЛДИННІҢ СОТЫ АЛҒАШҚЫ СПЕКТАКЛЬ СИЯҚТЫ БОЛДЫ

- Қазақстанда «құпия куәгерлердің» пайдаланылуы заңды ма? Сот өндірісінде мұндай тәсілдерді қолдануға Қазақстанның заңнамасы немесе қандай да бір халықаралық нормалар бойынша жол беріле ме?

- Халықаралық нормалар немесе міндеттемелер бойынша мен нақты ешнәрсе айта алмаймын. Ал, қазіргі қолданыстағы Қазақстанның қылмыстық-процесуалдық заңнамасы бойынша, иә, мұндай тәсілдер куәгерлерді құпия ұстау үшін қолданылады. Ол әртүрлі қалыпта жүзеге асырылуы мүмкін: шымылдықтың арғы жағында, оны өзгелерге танытпайтын жағдайларда, маска кигізіп, т.с.с.

Және осылардың барлығында билік ізгі мақсатты көздейміз дейді. Яғни, бұл қандай да бір қылмысқа байланысты айыптау жағынан куәлік жасап тұрған адамға қысым жасау немесе көзін жоюды болдырмау мақсатында жасалады.

Бұл процедуралар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процесуалдық кодексінің 99-шы және 100-баптарында қарастырылған.

- Мұстақым мырза, қазақ қоғамы бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдинге қатысты шулы істі әлі ұмыта қойған жоқ. Осы процесте әлгі айтқан құпия куәгерлер алғаш рет қолданылды. Тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы алғашқы сырттай сот жабық болған жоқ, күдіктінің өзі - бұрынғы премьер-министр қуғындалып шетелге кеткен. Бірақ, соған қарамастан, сот процесі барысында «құпия куәгерлер» куәлік берді. Бұл процесте «құпия куәгерлердің» пайдаланылуы қаншалықты қажетті болды?

- Мен сарапшы да, прокурор да емеспін. Бірақ, кез-келген жұмыс істеп жүрген заңгер немесе адвокат сізге былай деп жауап берер еді. Әкежан Мағжанұлының өзі қатыспаса да (процесс сырттай болған), қандай да бір қарсылықтар болса, мемлекеттік айыптау жағы бұл процесті жүргізуге қатысты, айыптау куәгері қалай болғанда да өзінің азаматтық парызын орындады және айыптау жағының позициясын білдірді деп өздерінің әдістері мен тәсілдерін негіздеп алған болар еді.

Бірақ, сонымен бірге Қажыгелдиннің пікірлестері, серіктестері, т.с.с. бар. Олар бұл куәгер жайындағы деректерді біліп алып, куәлік бергені үшін одан кек қайтаруға әрекет жасап, тіпті оның көзін жоюға дейін баруы да мүмкін. Сондықтан да, мемлекет тарапынан куәларды қорғаудың осындай тәсілдері қолданылады.

Билік өзінің әрекетін қалай болғанда да негіздеп алады. Кез-келген құбылысты негіздеуге болады. Және оны қалай түсіндіруіңе байланысты ел өзінше түсінеді.

АСХАТ ШӘРІПЖАНОВТЫҢ ҚАЗАСЫ

- Мұстақым мырза, тәуелсіз журналист Асхат Шәріпжановтың трагедиялық қазасына да бес жыл болды. Ресми болжам бойынша, ол кәдімгі жол-көлік оқиғасынан қайтыс болған. Сол кездері журналистер қауымдастығы оның қазасының кездейсоқ еместігіне сенімді болатын. Сот процесі барысында бұл трагедияға денсаулығы жоқ, жай көзбен қарағанда да оны не үшін айыптап жатқандарын анық түсіне алмаған адамды кінәлі қылып шығара салуы барлығының көңілінде күмән қалдырғанын арада біраз жыл өтсе де ұмыту қиын. Сізде бұл соттан қандай әсер қалды?

- Асхат Шәріпжановқа қатысты айтарым, нағыз бабына келген, қырық жасқа шыққан шағында оның қолында жоғарғы билікке өте қажетсіз ақпарат болды. Ол бүгіндері марқұм болып кеткен Нұрқаділовпен сұхбат және Алтынбек Сәрсенбайұлының француз газетіне берген сұхбаты болатын.

Бұл ақпаратты одан ұрлап кеткен. Бұл сұхбаттар ол төтенше жағдайға ұшыраған кезде журналистің өзімен бірге болған диктофонға жазылған еді. Оның компьютеріндегі барлық ақпаратты өшіріп, әлгі диктофонды ұрлап кеткен.
Қазақстандағы демократия өте қымбат бағамен, үлкен құрбандықтар арқылы жүзеге асып келе жатқандығын тағы да атап айтқым келеді. Бірақ, соған қарамастан еліміздің лайықты ұлдары күресін жалғастыруда. Мен біздің елімізге жарқын болашақ бәрібір келеді деп ойлаймын.

Сөйтіп, кездейсоқ жол апатын қолдан жасаған. Ол өзінің параметрлері бойынша кәдімгі жол-көлік оқиғаларына еш сәйкес келмейді.

Сондықтан, Қазақстандағы демократия өте қымбат бағамен, үлкен құрбандықтар арқылы жүзеге асып келе жатқандығын тағы да атап айтқым келеді. Бірақ, соған қарамастан еліміздің лайықты ұлдары күресін жалғастыруда. Мен біздің елімізге жарқын болашақ бәрібір келеді деп ойлаймын.

НҰРҚАДІЛОВТЫҢ ӨЛТІРІЛУІ

- Мұстақым мырза, сіз сотта оппозиция жетекшісі Ғалымжан Жақияновты қорғадыңыз. Сіз, сонымен бірге, «Бутя-капитал» қорының ісі бойынша Болат Әбіловтың, тәуелсіз және оппозициялық журналистердің, белгілі қоғам қайраткерлерінің т.с.с. мүдделерін қорғадыңыз. Осы атышулы істер біткеннен кейін арада біраз уақыт өткен соң сізде қандай әсер қалды?

- Әр эпизодқа қатысты әсердің өз ерекшелігі бар. Өйткені, бұл оқиғаларға ел үшін, жалпы мемлекет үшін саяси маңызы бар адамдар қатысқан еді.

Ал Жақияновтың ісіне келсек, оның өзіндік, тіпті ашық саяси астары бар болатын. Яғни, демократия енді бас көтеріп келе жатқанда жас олигархтарға, бизнесмендерге, мемлекеттік қызмет өкілдеріне өзіндік цензура керек, белсенділік танытудың қажеті жоқ, тек жоғары атқарушы биліктің айтқанын ләм деместен тыңдау керек деген емеуірін жатыр еді мұнда.

Бірақ, шын мәнінде Қазақстанда осыдан жеті жыл бұрын «басқарылатын демократия» деген пайда болды. Ғалымжан Бәділжанұлы мемлекет билігін орталықсыздандыру туралы өзінің жаңашылдық идеялары, барлық деңгейдегі әкімдер мен аудандық мәслихаттан бастап ұлттық парламентке дейінгі депутаттарға, барлық деңгейдегі соттарға, т.с.с. қатысты сайлау институтын енгізу туралы нақты ұсыныстары үшін дәл осы « басқарылатын демократияның» құрбанына айналды.

Оның ұсыныстары қолдау тапқан жоқ. Ақырында ол саяси репрессияның диірмен тасына түсіп кетті. Өзінің жаңашыл идеялары үшін негізсіз, ойдан құрастырылған себеппен жеті жылға сотталды. Оның үш жарым жылын колонияда өткізіп, мерзімінен бұрын шартты түрде босап шықты.

Бірақ, соған қарамастан, оның патриоттық сезімдері, өмірлік және басқарушылық тәжірибесі оған болашақта қажет болады деп ойлаймын. Ол шынайы демократия үшін саяси күресте тәжірибе жинақтай отырып, 2012 жылғы президент сайлауында әлі өзін көрсететініне сенімдімін.

Ал Заманбек Нұрқаділовтің «өзін-өзі өлтіруі» туралы жорамалға келсек, оған осындай жалған сипат берілгенін нақты айта аламын. Шындығында бұл адам өмірді өте сүйетін және ол ешқашан өзіне-өзі қол салмас еді.

Ол өз кеудесіне екі мәрте және басына тағы бір рет оқ атпақ түгілі, тіпті жеңіл жарақаттардың өзін ауырсынатын. Қаза боларының қарсаңда мен онымен кездескенмін.

Мен оның кісі қолынан өлгеніне толық сенімдімін. Заманбек Нұрқаділовті өлтірудегі мақсат - қоғамды дүрліктіріп, президент Назарбаевты дәл сол демократиялық оппозициямен шекістіріп, жік салу т.с.с. болатын.

- Мұстақым мырза, әңгімеңіз үшін рахмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG