Accessibility links

«Ұлттық кино күндерінде» қазақ көрермені қазақ киносын тамашалайды


«Келін» фильмінен көрініс. Режиссеры - Ермек Тұрсынов.

«Келін» фильмінен көрініс. Режиссеры - Ермек Тұрсынов.

Қазақстан кинематографистер одағы ұйымдастырып отырған шара барысында шалғай ауылдардағы көрермен қауымға «Қазақфильмнің» өнімдері - бұрынғы классикалық «Қыз Жібектен» бастап, бүгінгі атышулы «Рэкетирге» дейінгі фильмдері тегін көрсетілмек.

«ҰЛТТЫҚ КИНО КҮНДЕРІ» БАСҚА АМАЛДЫҢ ЖОҚТЫҒЫНАН ЖАСАЛЫП ЖАТЫР

Шараның басы Алматы қаласындағы әскери гарнизондарда тамыздың 20-сы күні басталды. Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы Игорь Вовнянконың сөзіне қарағанда, Қазақстан аумағын түгелге дерлік қамту үшін құрамында актерлер мен режиссерлер және де кино саласындағы шығармашылық мамандар арнайы топ құрып төрт бағытта жолға шықпақ. Сөйтіп, ұлттық кино ел арасындағы сапарынан алтын күзде Алматыға оралып, қала кинозалдарында ұлттық картиналарды көрсетпек.

Игорь Вовнянко, Қазақстан кинематографистер одағының төрағасы. Алматы, тамыз, 2009 жыл.
Игорь Вовнянко «Ұлттық кино күндерінің» басты мақсаты – совет өкіметі тұсындағы бір орталыққа бағынған прокат жүйесінің қирауынан кейін қазақ киносынан көз жазып қалған ауылдағы көрермендердің назарына «Қазақфильмнің» өнімдерін көрсету әрі олардың пікірлерін білу екенін айтты.

Оның сөзіне қарағанда, былтырғы жылғы дәл осындай шараның барысында көрермендердің қазақ киносына сусап отырғаны байқалған. Былтыр оның ауқымы тар болғандықтан ел аумағын қамти алмаған. Ал, биыл Мәдениет министрлігі 5 млн. теңге бөліп, соның арқасында киногерлер қауымы Қазақстанды аутокөлікпен аралап шықпақ.

Өз өнімінің елге жетуіне мүдделі тарап- «Қазақфильм» киностудиясы «біздегі прокат жүйесі жақсы дамып келеді» дейді. «Қазақфильм» киностудиясының бас редакторы Дидар Амантай былтырғы жылы өндіріске жіберіліп, биыл аяқталған фильмдердің барлығы үлкен экранға жол алып, көрерменімен қауышқанын жеткізді.

- Биыл түсірілімі аяқталған фильмдердің барлығы дерлік прокатқа шықты.Оның ішінде «Келін» фильмі бар. «Біржан сал» фильмі 3 қыркүйектен бастап шығады. Сонымен қатар, барлық фильмдердің жарнамасы жасалынады. Оның ішінде электрондық, мерзімді басылымдарда жарнамалық материалдар жарық көреді. «Қазақфильм» акционерлік қоғам болғандықтан жеке өзінің қарамағында ешқандай кинотеатр жоқ. Тек келісімшарт негізінде ғана біз өз өнімімізді өткізе аламыз. Ал, ауылдық, аудандық жерлерге келетін болсақ, оған өз өнімдерін таратуға «Қазақфильмнің» шамасы жетпейді. Егер ауылдық жерлерде жергілікті атқарушы билікке қарасты кинотеатр болса, «Қазақфильм» өз өнімдерін таратуға дайын, - деді Дидар Амантай.

Актер Нұржұман Ықтымбаев пен Дәлен Шынтеміров "Сталинге сыйлық" фильміне түсу сәтінде.
Бірақ, қазақ киносының таралуына кедергі болып отырған жайттардың ішіндегі ең бір атаулысы – ол кинотеатрлар. Жазушы әрі «Қазақфильм» киностудиясы көркемдік кеңесінің мүшесі Смағұл Елубайдың пікірінше, кинопрокаттың республикалық деңгейде бір жүйеге түсіп, ол пайда әкелуі үшін халық саны 50 млн-нан кем болмауы керек.

- Кезінде кинотеатрлардың бәрін ұстап тұру қиын болғандықтан бәрі дерлік жекеменшікке берілді. Өз кезегінде меншік иелері табыс әкелетін шетелдік фильмдерді ғана көрсетіп келеді. Екіншіден, Голливудтың шытырман киноларын түсіру үшін қыруар ақша және кәсібилік қажет. Бізде ондай ақша да, кәсібилік те жоқ. Міне, содан келіп «Ұлттық кино күндері» деген шара басқа амалдың жоқтығынан жасалып жатқан дүние. Тіпті, республикалық деңгейде прокат жүйесі іске қосылғанның өзінде қазіргі халық санымен пайда түспейді. Фильм өзін ақтамайды, - дейді Смағұл Елубай.

ҚАРАҚШЫЛЫҚ ЖОЛМЕН ТАРАТУШЫЛАР ЗАҢДЫ ӨНІМГЕ ТОСҚАУЫЛ БОЛУДА

Қазақстанда соңғы жылдары дамып келе жатқан коммерциялық киностудиялар өнімі көп жағдайда қарақшылық жолмен алыпсатарлар арқылы тарайды. «Жасұлан» киностудиясының директоры әрі режиссер Еркін Рақышев прокат жүйесі қалыпты жұмыс істеу үшін қарақшылық жолмен кино өнімдерін таратушылардың саудасын заңдастырған жөн деп санайды.

- Қарақшылардың тірлігі бір жағынан зиян, екінші жағынан пайда. Зияны – түсірген фильмдерден бір тиын пайда көрмейсің. Тұсаукесерін жасағаннан кейін бір аптада елді шарлап жүреді. Сөйтіп, ақшадан қағыласың. Пайдасы – қалай болғанда да, еңбегің елге жетіп жатады. Жұрт көреді. Таралымы жақсы болады. Мысалы, сол қарақшы саудагерлер полицияға күнделікті әр жерге тұрып сауда жасау үшін белгілі ақша төлейді. Егер соларды заңдастырса, ол мемлекетке салық төлер еді, бізге пайда түсер еді. Олар заңды жұмыс істеуге қуана келісер еді, - дейді Еркін Рақышев.

КИНО МӘСЕЛЕСІН ҮКІМЕТ ҚОЛЫНА АЛУ КЕРЕК

Жазушы әрі «Қазақфильм» киностудиясы көркемдік кеңесінің мүшесі Дулат Исабеков бұдан шығар жол бар деп отыр. Оның ойынша, бұрынғы Совет одағы тұсындағы бір орталықтан басқару жүйесін дәл осы кино жүйесіне енгізу керек.

- Мәдениет министрлігі бұл салада батыл қадам жасай алмайтыны салдарынан елдегі кинотеатрлардың ешбірі министрлікке бағынбайды. Облыстағы кейбір кинотеатрлар ғана жергілікті бюджетке байлаулы. Оның өзі өз шығынын жауып қана отыр. Ал, қалған кинотеатрлардың бәрі жекеменшіктің қолында. Меншік иесі пайда әкелетін киноны ғана көрсетеді. Ал, біздің фильмдердің көбі бәсекелестікке төтеп бере алмайды. Бұдан шығар жол бар. Ол үшін Үкімет республикадағы барлық кинотеатрларды Мәдениет министрлігінің қарамағына мұрнынан тізіп өткізіп беріп, соны ұстап отыратындай ақша бөліп беру керек. Сосын ауылдық жердегі баяғы ел бұзып алып кеткен клубтарды қайта салу керек. Кино мәселесін үкімет қолына алуы керек, - дейді Д. Исабеков.
Қазақ киноактрисасы Раиса Айқожанова, Алматы, тамыз, 2009 жыл.


Сонымен қатар, Қазақстандағы «Ұлттық кино күндері» атты шараның тақырыбына байланысты Дидар Амантай Қазақстанда қазақ халқынан басқа да этностар тұратындықтан да, отандық кино өнімі бәріне ортақ екенін жеткізді.

Ал, аталмыш шара аясында көрермендермен кездесуге сапарға шығатын актерлардың бірі Раиса Айқожанова мұндай сапар көрерменмен пікірлесіп, олардың ойын, көзқарасын білуге таптырмайтын мүмкіндік екенін жеткізді. Сонымен бірге олар бұл үшін ақша алмайтындарын да атап айтты.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG