Accessibility links

Грузиядағы НАТО жаттығуларын Кремль арандатушылыққа балаған соң, Астана оған қатысудан бас тартты


НАТО әскерімен бірлескен жаттығуларға қатысқан ауған қарулы күштерінің танклері. 16 ақпан 2006 ж.
НАТО әскерімен бірлескен жаттығуларға қатысқан ауған қарулы күштерінің танклері. 16 ақпан 2006 ж.

Cәуірдің 21-інде Қазақстанның қорғаныс министрі Даниал Ахметовтың өзі халықаралық көлемдегі күмәнді сейілтті. Сол сәттен бастап, Қазақстанның 6 мамыр мен 1 маусым аралығында Грузияда өтетін НАТО оқу-жаттығуларына қатыспайтыны Мәскеуден асып, Вашингтоннан Астанаға дейін, бәріне мәлім болды.

НАТО-ға КІРУДІҢ КЕРЕГІ ЖОҚ

Бұл қалай? Аяқ астынан не боп қалды? Осыншалық тосын шешімнің себебін түсіндірген министрдің сөзін жұрт шын қабылдай қояр ма екен!? Даниал Ахметов адамның сене қоюы қиын әлдебір жұмысбастылықты сылтау етті. Бірақ, нақты кімнің қолы тимейтінін айтпады: өзінің бе, әскерінің бе, әлде бүкіл Қазақстанның ба?

Осы кеше ғана, бірнеше күн бұрын мұндай шешім мүлдем жоспарда жоқ сияқты еді. «Новости-Казахстан» агенттігі де НАТО-ға сілтеме жасай отырып, Албания, Армения және Әзірбайжаннан бастап, Ұлыбритания мен Құрама Штаттарына дейінгі 18 мемлекетпен қатар Қазақстанның да штабтық оқу-жаттығу тізімінде барын хабарлаған болатын.

Ақпарат агенттігі осы хабарда тарихи анықтамаға үңіліп, Қазақстанның 1992 жылы Солтүстік Атлантикалық ынтымақтастық кеңесіне кіргенін, ал екі жылдан кейін натолық «Бейбітшілік жолындағы серіктестік» бағдарламасына қосылғанын еске салады.

Алған бетінен айнитындай Астанаға не күн туды? НАТО-ға Қазақстанды ешқашан ешкім тартқан жоқ еді ғой! Ешкім итермелеген де, еліктірген де жоқ. Өз қалауымыз. Басымызға тілеп алған өзіміз.

Бұл сұрақтың жауабы елден тысқарыда жатыр. Бүкіл Қазақстан азаматтарының атынан осы жауап Отан шеңберінен сыртта ойластырылды.

Грузияда өтетін натолық оқу-жаттығу жоспары туралы алғашқы хабар жете салысымен Мәскеудегі биліктің ұшар басында отырғандар шындап әуре-сарсаңға түсті.

Ресей президенті Дмитрий Медведевтің бастауымен ол абыр-сабыр ескертпе мәнерге ие болды. Президент Ресейдің оқу-жаттығуды жіті бақылап, жағдайға қарай тиісті шешім қабылдауға даяр күйде отыратынын мәлімдеді. Бұл мәлімдеме ашық қатер төндіруді білдірмегенімен, сүйінші сұрайтындай да хабар емес.

Ресейдің НАТО-дағы өкілі Дмитрий Рогозин өте біржақты мәлімдеме жасап, өткелі отырған оқу-жаттығуды Грузияның ішкі ісіне араласуға әрекеттену деп бағалады.

Осы бірбеткейліктің өзегінде мына түсінік жатыр: бұл шара — Грузияның күнәдан ада емес президенті Михаил Саакашвилиге деген қолдаушылықты жария етудің амалы және бұл тек аймақтағы алаңдаушылықты ғана күшейтеді.

Басқаша айтқанда, естір құлаққа анық пәрмен берілді. Халықаралық шолушылар Астананың тосын шешіміне сол себеп болды дегенді жоққа шығармайды. Олардың пікірінше, сәл кешігіңкіреп барып берілген пәрменді Астанадағылардың құлағы шалып үлгерді.

«Рейтер» ақпарат агенттігі, мәселен, Қазақстанның НАТО оқу-жаттығуына қатысудан бас тарту шешімін «Ресейге деген қолдаушылықты жария ету» деп бағалады.

Ресейдің көзден таса тағы қандай қадамдарға барғаны беймәлім. Бәлкім, жабық есіктің арғы жағында және құпия байланыс арқылы болған екі тарап арасындағы әңгіме әлдеқайда зілді шығар.

Мүмкін, олардың арасындағы әңгіме тұрпайы, қарабайыр болған шығар: «сендер не, құтырайын дегенсіңдер ме, доғарыңдар, болды!» деген тәрізді. Күштінің әлсізге қоқан-лоққы көрсетуі — тіршіліктің заңы ғой.

Не дегенмен де, сымның бір ұшындағылар, яғни, Астанадағылар Кремльдің пәрменін бұлжытпай, сол күйінде қабыл алды. Неліктен қазақстандық басшылықтың өзге мемлекет басшылығының айтуымен қадам жасағанын түсінудің аса қиындығы жоқ, ескі дәстүрге салсақ, мұның себебі ап-анық.

ҚАЗАҚСТАН КӨРШІНІ МАЗАЛАУДАН ҚАЙМЫҒА МА?

Советтік кеңістіктегі әлем сондай еді ғой – негізгі шешімді өзің емес, сен үшін біреу қабылдайды. Және үйде де емес, қайда екенін бір Құдай біледі! Әрі кесімді сөзді әрдайым Мәскеу айтатын.

Ал, бүгін заман басқа емес пе? Әлде, Астанадағылар мұны аңғармастан, өткен мыңжылдықтағыдай ескі дәстүрмен өмір сүріп, ескі дәстүрмен қимылдауда ма?

Мүмкін, қорғаныс министрі Даниал Ахметов айтқан сол жұмысбастылық қазақстандық басшылыққа аймақтағы негізгі ықпал орталығы ретінде Мәскеудің не күй кешкенін байқауға да мұрша бермеген болар?

Мәскеу орталық боп қалуын қалды, бірақ, ол бұрынғы орталық емес. Тіпті, бұл күнде Мәскеуді орталық деп те керіліп-созылып әрең айтасың. Уақыт өте келе Ресеймен тең дәрежеде сөйлесуге талпынатын жаңа орталықтар пайда болды.

Неге әлі күнге Астана тіпті, көзін жұмып Кремльдің нұсқауымен жүруге тиіс, бүгінде оған айтарлықтай қарама-қарсы үлгілер бар емес пе?

Қаңтардағы «газ» текетіресінде Украинаның Ресейге қарсы жүргізген ашық айқасы талайды тамсандырды десек артық айтқан болмаспыз. Ал, неге Нұрсұлтан Назарбаев осындай қадамға бара алмайды?

Украинамен салыстырғанда Қазақстанның Ресейге тәуелділігі қай шамада басымырақ? Әуелі, Украинадағы орыс факторының тұтанып кету қаупі Қазақстанға қарағанда әлдеқайда күшті. Бір ғана Қырымды айтсақ, жетіп жатыр.

Ал, мұнда Украинаның Ресейдегі қуат көзіне тәуелділігін айтудың жөні де жоқ, өйткені, Қазақстанда ондай мәселе атымен жоқ.

Айтпақшы, Украина-Ресей дағдарысы кезінде Украинадағы этникалық орыстар жоғарғы жақтағы саяси шайқастарға толық бейтарап күйде болды.

Сонымен қатар, Киев құлақ естіп, көз көрмеген іс жасады — НАТО-ға мүше болуды елдің мемлекеттік бағдарламасына енгізді.

Алысқа барып не керек? Орталық Азиямен-ақ шектелейік. Қазақстандық саяси элита мен оның жетекшісі Түркіменстан президентінің Ресейге білдірген ашық қарсылығын көрмей қалды ма, әлде ұмытып қалды ма?

Әлде, Нұрсұлтан Назарбаевқа Совет Одағының 1979 жылы Ауғанстанда не ұйымдастырғанын ойлап, Құрбанқұлы Бердімұхамедовке қарағанда көбірек қауіптену керек пе? Ондаған минут ішінде Аминнің сарайына бұзып кірген арнаулы әскер ротасы президенттің көзін жойған, сөйтіп, Ауғанстанда жаңа басшы пайда болған еді.

Шұғыл-стратегиялық тұрғыдан қарағанда мұндай шабуылды есік-терезесін қымтап, әлемнен оқшау отырған Түркіменстанда ұйымдастыру әлдеқайда жеңілірек. Бірақ, Құрбанқұлы Бердімұхамедов бұған қараған жоқ, ол әлі күнге бір кезгі алпауыт советтік саяси ерік орталығын мазалап келеді.

Орыс па, қазақ па, неміс пе әлде татар ма, әйтеуір Қазақстанның кез-келген азаматының алдынан: «неге Нұрсұлтан Назарбаев Кремль алдында өзін еркін сезіне алмайды және Кремль қисық қараған нәрсеге жоламайды?» деген сұрақ шығуы мүмкін.

Неліктен ол өз күші мен қабілет-қарымын қалай болғанда да көршіні мазаламаудың қамында жалтару-бұлтару шеберлігін шыңдауға жұмсайды?

Неге Астанадағы басшылық жиі-жиі өз азаматтарына аяусыз қатыгездік танытуға бара алады? Сондай-ақ, шекараның сыртынан жасалатын ауыр соққыларға төтеп берудің орынына неге оның күші көз алдымызда семіп барады?

(Журналист Александр Народецкий бұл мақаласында өзінің көзқарасы мен байламын айтады. Ол Азаттық радиосының позициясымен сәйкес келмеуі мүмкін.)
XS
SM
MD
LG