Accessibility links

Назарбаевқа ЕҚЫҰ төрағалығы сыйға тартылды


Қазақстан және ЕҚЫҰ-ның тулары.

Қазақстан және ЕҚЫҰ-ның тулары.

Қайткенде де Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ-ның төрағасы болайын деп тұр. Бірақ, демократияға қарай емес, керіқарай қадам жасап жатқан елге тізгінін ұстату - халықаралық ұйым үшін басты бәйгеге тіккенмен бірдей.

ЕҚЫҰ-ның ТӘУЕКЕЛІ

ЕҚЫҰ-на ноқта ағасы болудың жолын жеңіп алған Назарбаевқа қалай мақтанса да жарасымды. Осынау халықаралық ұйымға төрағалық ететін алғашқы постсоветтік республика ретінде Қазақстан ақыры бір халықаралық дәрежеде мойындалатын болды-ау! Мұны елдің басшылығы аттай қалап еді. Оның үстіне еуразиялық мемлекет есебінде Қазақстан ЕҚЫҰ-ның тиімділігіне нұқсан келтіретін Шығыс пен Батыс арасындағы жатбауырлықты жою міндеттемесін өзіне алмақ.

Өз билігін нығайту барысында Нұрсұлтан Назарбаев сөз және баспасөз бостандығы мен еңбек салаларындағы кейбір жетістіктерін ғана атай алады. Бірақ, биліктің бейдемократиялық, ал, кейде тіпті жыртқыштық шаралары сол бір азғантай ғана жетістіктерді жуып-шайып кетеді. 1995, 1999 және 2005 жылдардағы конституциялық түзетулер Нұрсұлтан Назарбаевқа президент сайлауында айла-шарғы жасап, жеңіп шығуға мүмкіндік берді. 2005 жылы ол 91 пайыз дауыс жинады.

2005 жылғы президент сайлауынан бірнеше апта бұрын Заманбек Нұрқаділовтың және 2006 жылғы ақпанда Алтынбек Сәрсенбайұлының – оппозициялық қайраткерлердің «қажетті» өлімі елді әлеуетті бақталастардан тазартты.

Міне, осылайша төрағалықты Қазақстанға тапсыру туралы ЕҚЫҰ-ның шешімі ұйымның іргесі мен солқылдақ әбиірін қорғансыз қалдырады.

ПӘТУАДА БЕКІТІЛГЕН УАҚЫТ

2008 жылдың шілдесінде Астанада өткен ЕҚЫҰ Парламенттік ассамблеясының жыл сайынғы сессиясында Финляндияның сыртқы істер министрі мен сол кезгі ЕҚЫҰ-ның төрағасы Александр Стубб болашақ төраға есебіндегі Қазақстанның кандидатурасын былайша қорғаштады:

«Өзгерістердің алдында тұрған ЕҚЫҰ-ның маңызды артықшылығы тұрақты құндылықтар болып қала бермек. Кооперативті қауіпсіздік, адам құқықтары және заң үстемдігі базистік мүдделері болып табылады».

Алайда, бір сұрақ бар – бұл базистік болып қаншалықты ұзақ тұрмақ? Және бұл Қазақстанның төраға ретінде ұйымға қандай зиян шектіретініне байланысты. ЕҚЫҰ-ның көптеген мүшелері Қазақстанның ұсынылуын жөнсіздік санағанымен немесе ашық сынға ұшыратып жатқанымен Ресей Астананың талпынысын толық қолдайды. 2007 жылғы қарашада Мадридте өткен ЕҚЫҰ-ның саммитінде Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қазақстанның алдын ала 2009 жылға жоспарланған төрағалығының кейінге қалдырылуына ашық қарсылық танытты.

Министр Сергей Лавров: «Өкінішке қарай, ішкі және сыртқы саясатына қатысты талаптар қоюменен нақты бір елдің – ЕҚЫҰ-ның теңқұқықты мүшесінің осы ұйымға төрағалық ету құқына шектеу қоюды көздеген барынша қолайсыз және лайықсыз маневрлердің қолданылып келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды», – деген мәлімдеме жасады.

Осы қолдау Қазақстанның төрағалыққа барар жолында шешуші роль ойнап кетті. ЕҚЫҰ-на мүше елдердің сыртқы істер министрлерінің 2006 жылғы Брюсселдегі кездесуінде 2009 жылы Қазақстанның төраға болуын Ресей мен Германия қолдады.

Бұл шешімге қарсы шыққандар – Құрама Штаттар мен Ұлыбритания адам құқықтары мен басқа да ішкі демократиялық көрсеткіштерді жақсартып үлгеретіндей Қазақстанға қажетті уақыт беру мақсатында 2011 жылды ұсынды.

Түбегейлі шешім 2007 жылы өтетін Мадридтік кездесуге қалдырылып, сол кездесуде пәтуаға келген тараптар төрағалық уақытын 2010 жыл деп белгіледі.

СӘТСІЗ РЕФОРМАЛАР

Қазақстан өзіне нақты бір, әсіресе БАҚ туралы, сайлау туралы және саяси партиялар туралы заңнамаға реформалар жүргізу міндеттемесін алды.

Алайда, реформалар барысы адам төзгісіз баяу, көзден таса және маңызсыз күйде жүргізілді. Заңнамаға түзету енгізу жұмысына азаматтық қоғам өкілдері шақырылды, бірақ, олардың ең маңызды ұсыныстары еленбеді. Жобаның түпкілікті нұсқасы жасалар кезде олар шеттетілді. Нәтижеде жобаның қандай болатыны алдын ала белгілі болды.

БАҚ туралы заңға реформа жүргізу уағында мемлекет өсек-жала мен қорлауды қылмыс қатарынан шығарып тастаудан бас тартты. Үкімет қазір күшін жүргізіп тұрған заңның үкіметтік шенеуніктерді «ар-намысына, абыройына және кәсіби беделіне» келтірілетін нұқсан деп белгілегендерінен қорғайтын арнаулы баптарын алып тастауға да қарсы болды.

Сайлау туралы заңнамаға жасалған реформа одан да сәтсіз шықты. Парламент 2009 жылдың қаңтарында партиялар үшін парламентке өтудің жетіпайыздық минимумын бекітті. Парламентке бір ғана партия өте алған жағдайда сайлауда екінші орын алған паритияға да парламентке келуге рұқсат беріледі. Оппозициялық партиялар өту минимумын үш пайызға дейін түсіруге шақырды.

Жұмыс істеп тұрған парламент өз кезегінде саяси партиялар реформасын оппозициялық партиялардың тіркелуіне анағұрлым күрделі алғышарттар бекітудің белгісі ретінде түсіндірді.

Ондай «реформалар» ел басшылығының ЕҚЫҰ мандатының демократиялық белгілеріне қол жеткізуге деген шын ниетінің барына куә бола алмайды.

Оның үстіне, азаматтық қоғамның және батыс елдерінің Қазақстанды ЕҚЫҰ-на төрағалық еткенге дейін сол өзгерістерді қайта қарауға шақыруына қарамастан 2009 жылғы маусымда парламент мақсатты түрде ақпаратқа байланысты мәселелер және комуникациялар туралы тура бір оруэллді заң қабылдады.

Шілде айында президент қол қойған сол заң бүкіл интернеттік медиаресурстарды БАҚ туралы заңға бағынышты жасап, солармен тең дәрежеде жазаға ұшырайтын етіп белгіледі. Сондай-ақ, соттарға жаңа заң алдын ала хабарламай-ақ сайттарға шектеу қою немесе жабу өкілеттілігін береді.

Реформалар жасау уәдесін орындау барысында бір түрленіп қалу сәті туып тұрғанда Қазақстанның жартылай ғана күш салуы алдын ала ойластырылған ЕҚЫҰ-ын, батыс елдерін және өз үкіметінен ашықтықты және толық жауапкершілікте есеп беруді талап еткен өз азаматтарын мазақ ету ісі болып шықты.

ӨЗГЕ АВТОКРАТТАРҒА КӨРСЕТІЛГЕН ҮЛГІ

Жуырда ғана бүкіл Қазақстанды 69 жасар Нұрсұлтан Назарбаевтың өмір бойына президент болуын заңмен қамтамасыз ету мүмкіндігін жаппай талқылаудың дүрбелеңі шарпып өтті. Қанша уақыт қызмет ете алғанынша отыра беретін мерзімге қайта сайлануын қамтамасыз ететін, президент жасаған жүйені ескеретін болсақ, онда іс жүзінде мұның соншалықты не қажеті бар?

Онсыз да оппозициясы шалажансар, баспасөзінің ауызына қақпақ қойылған, азаматтық қоғамына жәй, сарт мезіретілікпен маңызсыз ғана роль берілген ел емеспіз бе? Қазақстан билік күшін жеке басқа пайдалануда және азаматтық қоғамды тұмшалаудағы сұмдықтығы үшін сыйлық (2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық ету) алып отыр.

Бұл жағдай демократияландыруды күлкіге айналдырып отырған, өзінің жеке, саяси және экономикалық пайдасы үшін отандастарының мүддесін аяқасты ететін басқа да авторитарлы мемлекеттердің басшыларына үлгі қызметін атқару мүмкін.

(Мақала ауторы Дж.Г. Цифало Алматыда тұрады. Мақалада аутордың білдірген жеке ой-пікірі мен көзқарасы Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі мүмкін).

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG