Accessibility links

Нұрсұлтан Назарбаевтың мансап қуған тағы бір туысы ҰҚК-де қызметке отырды


Солдан оңға қарай: бірінші қатарда – Нұрсұлтанның інісі Сатыбалды, Нұрсұлтанның қарындасы Әнипа. Екінші қатарда: Нұрсұлтан Назарбаев, анасы Әлжан, әкесі Әбіш. Үшінші қатарда: Нұрсұлтанның інісі Болат Назарбаев және Әлжанның жиен қызы.

Солдан оңға қарай: бірінші қатарда – Нұрсұлтанның інісі Сатыбалды, Нұрсұлтанның қарындасы Әнипа. Екінші қатарда: Нұрсұлтан Назарбаев, анасы Әлжан, әкесі Әбіш. Үшінші қатарда: Нұрсұлтанның інісі Болат Назарбаев және Әлжанның жиен қызы.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш ҰҚК кадр департаментінің бастығы болды. Бұл мекемеде президенттің өзге де туыстары – немере інісі Қайрат Сатыбалды мен бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев жұмыс істеген.


ҰҚК-не КЕЗДЕЙСОҚ КЕЛМЕГЕН АДАМ

31 жастағы Самат Әбішті ҰҚК кадр департаментінің бастығы қызметіне тағайындау туралы бұйрыққа өткен жылдың 29 желтоқсанында қол қойылғаны хабарланды.

ҰҚК баспасөз-хатшысы Кенжеболат Бекназаров Азаттық радиосына Самат Әбіштің бұдан бұрын да ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істегенін айтты.

- Біріншіден, ол бұрынғы қызметкер, қызмет еткен. Ресей Федерациясы сыртқы барлау қызметінің академиясын бітірген, оның қарсы барлау бойынша арнаулы білімі бар. Ол ҰҚК жүйесінде жұмыс істеген, подполковник. Бұл кездейсоқ келген адам емес, - деді Кенжеболат Бекназаров.
Қазақстан ҰҚК-нің баспасөз-хатшысы Кенжеболат Бекназаров.
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бауырының ұлы Самат Әбіш 1978 жылы 20 тамызда Алматы облысында туған, екі жоғары академиялық білімі бар. 2006-2008 жылдары әділет министрлігінің тіркеу қызметі комитеті төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. Содан соң, 2008 жылдың қазан айынан бастап ҰҚК кадр департаментінің бастықтығына тағайындалғанынша, Самат Әбіш әділет министрлігінің жауапты хатшысы қызметінде болды.

Оппозициялық саясаткерлер Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіштің жаңа қызметін оның кәсіптік жағынан өсуі деп есептемейді.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында мұндай тағайындаулар талай мәрте болды. Нұрсұлтан Назарбаевтың бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиев дәрігерлік білімі бола тұрып, ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментін басқарды. Бұдан ары ол ҰҚК төрағасының орынбасарлығына дейін көтерілді.

2001 жылдың соңында Рахат Әлиевті бұл қызметтен алып тастады. Ал, Конституцияға түзету енгізіп, бірінші президентке сайлауға шексіз түсе алатын құқық берген ресми Астананың әрекетін сынға алған соң, 2007 жылдың мамыр айында Рахат Әлиев қуғынға түсті.

ПРЕЗИДЕНТКЕ АДАЛДЫҚ

Қазақстан Коммунистік партиясының жетекшісі Серікболсын Әбділдиннің пікірінше, мұндай тағайындауларды Қазақстанның президенті жауапты жерлерге өзіне берілген адамдарды отырғызу үшін жасайды.

- Өз жайын ойлайды, бұл жерде ол кәсіби деңгейіне, біліміне қармайды. Мұндай тағайындауларда бұл адамның президентке адал берілгендігі ғана есепке алынады, - деді Серікболсын Әбділдин Азаттық радиосына.

Нұрсұлтан Назарбаевтың немере туысы Самат Әбіштің жаңа қызметке тағайындалуына президенттік «Нұр Отан» партиясының белсендісі, парламент депутаты Уәлихан Қалижан жылы қабақ танытты.

Өзінің айтуынша, ол жұмыс барысында бұл жас жігітпен талай мәрте кездескен екен және оны жақсы маман деп есептейді.

- Мен бұл тағайындаудан ешқандай кемшілікті көріп тұрған жоқпын. Ол маман, әділет министрлігінде жауапты хатшылық қызметте болды, өзін жақсы маман ретінде көрсетті. Жұмыс барысында біз кездескенбіз, ол кейбір заң жобалары бойынша парламентке келген. Сондықтан, оның тағайындалуы ҰҚК-дегі атмосфераны өзгертпейді деп есептеймін, - деді Уәлихан Қалижан Азаттық радиосының тілшілеріне.

Оппозициялық саясаткер Әлихан Рамазанов 33 жыл теміржолда жұмыс істеген екен. Оның айтуынша, осы уақыт аралығында ол теміржолды 70-80 пайыздай ғана білген.

Нұрсұлтан Назарбаев өз туыстарын мұндай қызметтерге қоярда олардың кәсіби деңгейіне қарамайтындығына Әлихан Рамазанов сенімді.

Рахат Әлиев пен Нұрсұлтан Назарбаев президент сарайының тыныштау бір бұрышында әңгімелесіп тұр, 2001 жыл. Рахат Әлиевтің «Өкіл қайын ата» кітабындағы сурет.
- Шамасы, Нұрсұлтан Назарбаевтың күдігі болса керек және ол бәріне бірдей сенбейді. Сондықтан ҰҚК-не өз адамын отырғызды. Екіншіден, бізде барлық министрліктерде, оның ішінде ҰҚК-де маман еместер отыр. Елдегі жағдай асқына қалғанда, бұл жайында президент Назарбаевқа дер кезінде айта алатын адамдар жұмыс істеуде. Ал олардың қалай жұмыс істейтіндігі Назарбаевты да, үкіметті де қызықтырмайды, - дейді Әлихан Рамазанов.

Нұрсұлтан Назарбаевтың туыстарын мемлекеттік қызметте көтеру Қазақстанда соны жаңалық емес. 1990 жылдардың соңында оның тағы бір немере інісі Қайрат Назарбаев 30 жасында Астана қаласы әкімінің орынбасарлығына тағайындалды. Бұдан соң оны біресе ұлттық қауіпсіздік комитетіне, біресе «Қазақойл» мұнай компаниясына, біресе қайтадан ҰҚК-ге басшылық қызметтерге тағайындады.

Ал 2005 жылы, яғни небары 35 жасқа келгенде, ол генерал-майор шенін алды, бірақ ол енді фамилиясын Сатыбалды деп өзгерткен болатын. Бұдан соң Нұрсұлтан Назарбаевтың немере туысы әскери қызметті қайтадан тастап, «Қазақстан темір жолы» мемлекеттік компаниясына барды.

Айтпақшы, Қайрат Сатыбалды - Самат Әбіштің туған ағасы. Және бір атап өтер жайт, осыдан бірнеше жыл бұрын Қайрат Сатыбалды дәл қазір інісі Самат жаңадан кіріскен қызметте, яғни ҰҚК кадр департаментінің бастығы болып жұмыс істеген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG