Accessibility links

«Назарбаев Университетінің» болашағы бар ма?


Жаңадан салынған «Назарбаев Университетінің» баc ғимараты. Астана, 2010 жыл.

Жаңадан салынған «Назарбаев Университетінің» баc ғимараты. Астана, 2010 жыл.

Азаттық радиосының кезекті дөңгелек үстеліне қатысқандар «Назарбаев Университеті» қажет пе деген мәселе бойынша ортақ пікірге келе алмады. Жоба ауторлары мұны халықаралық деңгейдегі жоғары оқу орны болады деп санайды. Бірақ кейбір сарапшылар бұл пікірмен келіспейді.


Осы жобаның бастамашылары «Назарбаев Университеті» қазірдің өзінде бес жүзге жуық ең үздік студенттерді қабылдағанын хабарлады. Олардың сөзіне қарағанда «Назарбаев Университеті» ең үздік халықаралық білім үлгісі мен озық ғылыми тәжірибені үйлесімді ұштастырған Қазақстанның ұлттық брэнді» болуы тиіс.

Осыған дейін айтылғандай, бұл университет әлемдегі жетекші жоғары оқу орындарының үлгісімен құрылмақ. Кезінде халықаралық деңгейге көтеріледі деген есеп бойынша президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен бір емес екі жоғары оқу орны – Қазақ менеджмент, экономика және жоспарлау университеті (КИМЭП) мен Қазақ-Британ техникалық университеті (КБТУ) ашылған болатын.

Астанада ашылған осынау жаңа университет студенттерге сапалы білім бере ме? Ғылым орталығына айнала ма? «Назарбаев Университеті» қандай мамандар дайындамақ?

Аталған мәселелер Азаттық радиосы өткізген дөңгелек үстелде пікірталас арқауына айналды.

Дөңгелек үстелге Қадиша Дайырова – «Назарбаев Университет» акционерлік қоғамының оқу ісі жөніндегі вице-президенті; Бақытжан Төреғожина – студенттердің сапалы білім алу құқын қорғайтын «Ар.Рух.Хақ» қоғамдық қорының жетекшісі; Жазира Дүйсенбекова – «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасының түлегі, Халықаралық үйлестіру орталығын директоры; Зәуреш Батталова – ұзақ жылдар білім саласында жұмыс істеген маман, бұрынғы сенатор, «Қазақстанда парламентаризмді дамыту қоғамдық қорының» президенті қатысты.

Дөңгелек үстелді «Азат Еуропа»/«Азаттық» радиосы Қазақ редакциясының қызметкері Сұлтанхан Аққұлұлы жүргізді.


ЖАҢА БУЫН УНИВЕРСИТЕТІ

Жүргізуші:

– Сонымен, «Назарбаев Университеті» жеке меншік университет пе, әлде мемлекеттік университет пе? Онда оқу ақылы бола ма?

Қадиша Дайырова:

– Дұрыс атауы – «Назарбаев Университет». Ол толығымен мемлекеттік ғылыми-білім орталығы болып табылады.

«Назарбаев Университетінің» брендке айналатынына ешқандай да күмән жоқ. өйткені әуел бастан-ақ дәл осы мақсатты көздейтін стратегиялық міндет қойылған болатын. Біріншіден, ол Қазақстандағы үшінші буын университеті болып табылады. Отандық университеттердің арасында халықаралық стандартқа айтарлықтай табысты өту үшін жасалып отырған бұл алғашқы қадамдар. Тек уақыт керек.

КИМЭП пен ҚБТУ жөніне келер болсақ,бұл – күрделі мәселе. Мұны екі университеттің де білім жүйесімен таныс адам ретінде айтып отырмын. Бұл жоғары оқу орындарының алға қойған міндеттің үдесінен шыға алмауы тек олардың ғана кінәсі емес. Олар халықаралық стандарттарға барынша сай болуға ұмтылды, бірақ сонымен бірге Білім министрлігінің талаптарына да жауап беруіне тура келді, сөйтіп екі оттың ортасында қалды деуге болады.

Қазақстандағы бірыңғай білім жүйесінің құрамдас бөлігі болғандықтан олар Білім министрілігі талап ететін стандарттарға жауап беруі тиіс. Бірақ мен аталған жоғары оқу орындары жөніндегі алып-қашпа әңгіменің бәрі рас дей алмаймын.

«Назарбаев Университет» – жаңа буынға арналған мүлде жаңа университет. Университетке қажетті қаржы бөлінеді. Бізде әзірге ақылы бөлім жоқ. Биыл алғаш рет ең үздік бес жүз студентті оқуға қабылдадық.

Әуел бастан-ақ біз бүкіл әлемдегі топ-университеттерге бірыңғай қағидатқа негізделген халықаралық кластағы университет құру міндетін алға қойдық. Бұл сапалы инфрақұрылым. Бұл бізде расында да өте жоғары деңгейде. Ол үшін мемлекет аз ақша бөліп отырған жоқ. Университет те, университет қалашығы да әлемдік стандарттар бойынша салынатын болады. Оны салуға шетелдерде осындай студенттер қалашығын салып тәжірибе жинақтаған құрылыс мекемелдері тартылады.

Біздің алғашқы серіктесіміз – соңғы әлемлік рейтинг бойынша шамамен төртінші немесе жетінші орында тұрған әлемдегі жетекші оқу орындардың бірі болып табылатын Лондон университет-колледжі. «Назарбаев Университет» бакалавриатының базасына айналатын бағдарламаны осы университетпен бірлесе отырып жасадық. Сондықтан біздің бағдарламамыз академиялық күнтізбесінен бастап осы университет бағдарламасымен мейлінше ұқсас шықты. Олар 27 қыркүйектен бастап оқуғы кіріседі, сол сияқты біздің сутенттеріміз де сабағын осы уақытта бастайды.

Осы таяуда ғана Лондоннан оралдым. Сонда жүріп осы колледж таңдап алған елу оқытушымен жұмыс істедім. Олар алдағы уақытта «Назарбаев Университетінің» студенттеріне дәріс беруге келеді. Бұлар АҚШ, Канада, Британия, Жаңа Зеландия оқытушылары. Олар 8-19 қыркүйек аралығында келеді деп күтіп отырмыз.

Бақытжан Төреғожина:

– «Назарбаев Университетінің» ашылуын өз басым соншалықты құптап отырғаным жоқ. Кейде, ойда жүрген дүниені іске асырғанда, барлығы күткендегіден мүлде керісінше шығатыны бар.

Мәселен, КИМЭП пен ҚБТУ де кезінде дәл осылай насихатталған болатын, бірақ үміт ақталмады. Маған аталған университеттегі пробемалар олардың Қазақстан Республикасының білім стандартына сай келуі тиістігінен пайда болды деген «Назарбаев Университеті»
«Ар.Ру.Хақ» қоғамдық ұйымының жетекшісі Бақытжжан Төреғожина ГУЛАГ-тың жабылғанына 50 жыл толуына арналған акцияда өлең оқып тұр. Алматы, 25 қаңтар 2010 жыл.
вице-президентінің сөзі түсініксіз болып отыр. Яғни, егер «Назарбаев Университеті» мемлекеттік білім стандарттарынан жоғары болып шықса, ол да КИМЭП-тің кейпін кие ме?

КИМЭП-ті құрған кезде оған да көптеген жеңілдіктер беріліп, америкалық оқу стандарттарына сай жасақтаған болатын. Ал бүгін қарасақ, оның түлектерінің дипломы мемлекеттік стандарттарға сай келмейді екен, магистратурасы да, бұл оқу орнынан өзге оқу орнына ауысу да үлкен проблема көрінеді.

Осы тұрғыдан келгенде "Назарбаев Университетіне" өзгелерден ерекше жағдай жасау дұрыс емес. Бұл стандарттар Қазақстан аумағында жасалды екен, олай болса ол барлығына бірдей болуы тиіс. Бұрынғы қателікті тағы қайталауға болмайды.

Тарихы бай, жоғары білікті профессорлары бар, материалдық-техникалық базасы жеткілікті жүз қырық бір жоғары оқу орнымыз бар бола тұра тағы бір университет ашудың қаншалықты керегі бар?

Алматыда мәселен, 80 жылдық тарихы бар бірнеше унверситет жұмыс істеп тұр. Ал солардың ректорлары профессорлары мен докторларына лайықты жалақы тауып бере алмай бастары қатып жүр. Сөйте тұра бес жүз студентті оқыту үшін бюджеттен сонша қаражат бөлудегі мақсатымыз не?

Жазира Дүйсенбекова:

– Мұндай университеттің ашылуын дұрыс деп санаймын. Әлемдік қауымдастық дәстүрлеріне ілескеніміз жөн. Қазақстан өзіне Еуразия кеңістігіндегі көшбасшы рөлін алса да әлі күнге дейін білім секторында көшбасшылыққа шыға алмай отырмыз.

«Ньюсуик» журналының соңғы мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан алпысыншы орында. Бес өлшем бойынша бағалаған. Соның бірі – білім саласы. Білім саласы бойынша дамыған және дамушы жүз елдің арасында біздің еліміз он төртінші орында тұр екен. Бұл үлкен жетістік, бірақ онымен тоқтап қалуға болмайды.

Қазақстандық жоғары оқу орындары таяу бес-он жыл ішінде халықаралық оқу орындарымен қоян-қолтық араласуы қажет, бұл жөнінде президенттің жолдауында да, қазақстандық білімді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасында да айтылған.

Әлемдік рейтинге ену үшін жетіспейтін нәрсенің бірі – ғылыми зерттеулер мен шетелдік студенттер санының аздығы. Бүгін Қазақстанның төрт бірдей жоғары оқу орны рейтингке кіріп отыр. Яғни, Евней Бөкетов атындағы Қарағанды университеті, Еуразия университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ техникалық университеті және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеттері 500-600 орында. Мұны соншалық жаман деуге болмайды.

«Болашақ» бағдарламасына да өзгерістер енгізілді. «Назарбаев Университетінің» ашылуына байланысты бакалавр бағдарламалары қысқарды. Бірақ «Назарбаев Университеті» халықаралық деңгейдегі бакалаврларды әзірлеу міндетін қолға алып отыр. Осыған орай, білімге бөлінетін ақша қысқармай, Қазақстан ғылымын дамытуға жұмсалатын болды.

Жалпы алғанда мұның барлығын да қазақстандық білімнің прогресі деп бағалауға болады. Бірақ жақсы өзгерістер болса да, болмаса да ұдайы сынға ұшырайтынымыз рас.

«Назарбаев Университетінің» ашылуы – дұрыс жасалған қадам. Ақылы бөлімнің болуы да қалыпты дүние. Дүние жүзінің кез-келген мемлекеттік университеті өзін-өзі қаржыландырады, олар өздері түсірген пайданы университетті әрі қарай дамытуға жұмсайды. Аса талантты жастарға бес жүз грант – талантты жастарға ашылған жол. Егер талант жоқ па, онда он бес-он тоғыз мың долларын төлесін де оқи берсін, бірақ бұл ақша да Қазақстан ғылымын дамытуға жұмсалады.

Зәуреш Батталова:

– Қазақстанда университет құру сөз болса, әуелі оның ғимараты салынады, сонан соң ең қымбат жаңа технологиялар сатып алына бастайды, ақыры білім процесі туралы айтар болсақ, онда істі бағдарлама мен кадрдан бастау керек. Аталған оқу орнына қабылданатын студенттерге қойылатын талаптан бастау қажет. Өкінішке қарай, бұл мәселелер әлі де бұлыңғыр болып тұр.

Жаңа оқу орнына кез-келген атты қоя беруге болады, бірақ әуелі мазмұнын анықтап алу керек қой. Ең бастысы, жоғары сапалы білім жөнінде айтылып жатқан осынау жалынды сөздер шын мәнінде жүзеге асатын оқу процесін жасау керек. Ал, біз әдетте, ауыз толтырып сөйлеуге келгенде шеберміз, бірақ ол іске аса ма, аспай ма, белгісіз.

Жалпы, «Назарбаев Университеті» жөніндегі әрекеттерге өз басым күдікпен қараймын. Біріншіден, менің ойымша, кадрлар Қазақстанның
Зәуреш Батталова үлескерлер құқығын қорғауға арналған жиында сөйлеп тұр. Алматы, 19 шілде 2010 жыл.
өзінен болуы керек. Өз студенттерімізге жоғары сапалы білім бере алатын аса білікті мамандар даярлауға Қазақстандық жоғары оқу орындарының әлеуеті молынан жетеді.

Шетелден кадр тартуға ешкімнің де қарсылығы жоқ әрине, бірақ онымен оқытушылардың барлығын шеттен кесте бойынша әкелеміз деп отырған «Назарбаев Университеті» секілді тым әуестенуге де болмайды. Шетелдік оқытушылар өздерінің уақытша жүргенін, бүгін бар, ертең жоқтығын жақсы біледі.

Сөйте тұра, мұны мемлекеттік университет дейді. Олай болса оны толығымен мемлекет қаржыландыруы керек. Мемлекеттік университетте де ақылы оқу жүйесі болады, әрине, бірақ жемқорлығы асқынып тұрған біздің жүйемізде мұнан мүмкіндігінше аулақ болған дұрыс. Конституция бойынша да екі түрлі меншік – мемлекеттік меншік пен жеке меншік болуы тиіс. Мемлекеттік-жеке меншік деген меншік түрі бізде жоқ. Сондықтан, менің ойымша, бұл университет мемлекеттік университет болып жарияланды екен, онда оны толығымен мемлекет қамтамасыз етуі қажет. Қосымша қаржы көздері тиімді пайдаланылады дегенге күмәнім бар.

Жоғары оқу орындарындағы жемқорлықтың шегіне жеткені соншалық, бұрын студенттер ғана шағым жасаса, енді оған оқытушылар да қосылды. Күні кеше ғана мұндай арыз Тараз педагогикалық университетінен келіп түсті, бұрын Атырау университетінен келген еді, ал мұндай мысалдар толып жатыр.

Бастамашылардың сөзіне қарағанда «Назарбаев Университеті» ең үздік халықаралық білім үлгісі мен ғылыми тәжірибені үйлесімді ұштастырған Қазақстанның ұлттық брэнді» болуы тиіс.

Шетелдік ұстаздардың көмегімен ұлттық үйлесімділікке қол жеткізуге бола ма? Егер олар тек білім үлгісі туралы ғана айтса, онда ең мықты деген үлгінің өзін әкеле салып Қазақстаннның кез-келген жоғары оқу орнына жапсыра салуға болмайды. Қалай болғанда да, қазақстандық объективті және субъективті жағдайлар, біздің діліміз, дәстүріміз бен мәдениетіміз мұндай жоғары оқу орнын құру кезінде негізгі орында тұруы тиіс.

Ал егер ғылыми тәжірибе туралы айтар болсақ, онда Қазақстанның ғылыми ұйымдары мен ғылыми құрамы әбден реформаланғаны соншалық, ғылымның өзі қайда қалғанын білмейтін жағдайға жеттік. Қомақты қаржы мен имидждік жобалардың барлығы неге бір ғана жоғары оқу орнына бағытталуы тиіс? Басқалары қайда қалады? Жүйелі ойлауды қашан үйренеміз?

Жоғары, арнаулы орта немесе жалпы білім процесінің барша жүйесі Қазақстан жақсы білімге қолы жететін, оны өмірде дұрыс жүзеге асырып, қоғамға пайдасын тигізе алатын студенттер ала алатындай толыққанды нәтижеге ие болуы қажет.

Бұл мәселелерге жауап жоқ. Біз бұл жоғары оқу орнының кімнің атымен аталатынын, кіммен серіктес болатынын, ағылшынша қандай жобаларды енгізгісі келетіні біліп отырмыз. Алайда, мұның барлығы да бір адамның беделі мен белгілі бір адамдардың мүдделері мен идеялары үшін жасалып жатқан дүние.


«БОЛАШАҚТЫҢ» ТАҒДЫРЫ

Жүргізуші:

– «Назарбаев Университеті» енді бірнеше жылдан кейін төрт-бес мың студент оқытады деген сөз айтылды. Бұл жоспар қашан орындалмақ және «Болашақ» бағдарламасы не болмақ? Қысқаруы мүмкін бе?

Қадиша Дайырова:

– «Назарбаев Университетін» құру деген сөз – шетелде оқығысы келетін студенттерге жолды жабу деген сөз емес. Ең дұрысы, талантты студенттерді шетелге магистратура мен докторантура және ғылыми тәжірибе бағдарламалары бойынша жіберу, бұл, бір жағынан, экономикалық тұрғыдан да тиімді. Отандық экономикамызға да керегі осы үш бағдарлама бойынша дайындалған мамандар.

Менің ойымша, «Болашақты» біздің ғылыми кадрларымыз әлемнің ең үздік лабораториялары мен ғылыми-зерттеу институттарында тәжірибеден өтуге мүмкіндік туғызатындай етіп қайта құрған жөн.

Ал біздегі кадр саясатына келсек, онда әуел бастан-ақ кадр саясатын дұрыс жолға қойдық деп айтуға болады. Өз ұлттық жоғары оқу орындарымызда да мықты кадрлардың бар екенін өте жақсы білеміз. «Назарбаев Университетінің» оқу процесінен олар да тыс қалмайды. Егер әрине, ағылшын тілінде лекция оқи алса, өйткені біздегі оқу тілі – ағылшын тілі.

Мұндай университет не үшін керек? Біріншіден, біздің ғалымдарымыз бен мамандарымыздың бәсеке қабілетін көтеру үшін керек. Біз тек мамандарды тек Қазақстан нарығы үшін дайындамаймыз, олар жаһандық экономикада да еңбек етеді. Сонда ғана Қазақстан бәсекеге қабілетті елміз деуге құқылы болады.

«Болашақ» бағдарламасы кадрларды оқыту мен қайта даярлау жөніндегі ұлттық саясаттың құрамдас бөлігі болуы тиіс.

Бақытжан Төреғожина:

– Бұл жобаны ойлап тапқан адамдар, ақшаның қайдан келетінін де біліп отыр. Мұның «Болашақ» бағдарламасына кетіп жатқан мол ақша екендігі түсінікті.

Мүмкін, ақшаны жаңа технологияны үйрену үшін дұрыс бағытқа жұмсау керек деп отырған Дайырова ханымның сөзі дұрыс та шығар.

Бірақ мен студенттермен тікелей жұмыс істеп жүрген адаммын. Олардың қалай, қандай жағдайда оқитынын, кімдердің сабақ беретін де жақсы білемін. Сондықтан бұл проблемаға студенттердің көзімен қараймын. Қараймын да осы бір жасалып жатқан әрекетке сенбеймін.

Әлемдік стандарттар қайда, біз қайдамыз? Идея, сөз жоқ, жақсы, бірақ біз биліктің өзіне де сене алмай отырмыз ғой. Егер билікке сенсек бұл жобаны қос қолымызды көтеріп қолдар едік. Алайда, бедел жинайтын мұндай жобалардың бір емес бірнешеуінің су аяғы құрдымға кеткенін көрдік.

Жазира Дүйсенбекова:

– Жоғары білімге жасалып жатқан қазіргі реформалар жемқорлықтың тамырына балта шабуды көздейді. Қазір қазақстандық университеттерде оқып жатқан інілерім мен сіңлілерім де бар, өзіміз де сонда оқыдық. Бірақ оқытушылардың барлығы жемқор емес екеніне келісесіздер ғой.

Егер біздегінің бәрі жаман, барлығы жемқор, білім жүйесі құлдырады деп айта беретін болсақ, онда шынында да солай болады. Өз басым, мына біз, жас буын, алдағы күндерімізге сеніммен қарауымыз керек, жемқорлықпен күресуге ұмтылып отырған президент саясатын қолдауымыз қажет деп ойлаймын. Әрине, бұлар кезекті жалынды сөздер секілді естілуі мүмкін.

Лондон колледжі бола ма, Оксфорд па, Кембридж бе, бәрібір, бірақ бізге қайткенде де әлемдегі танымал университтердің стандарттарын енгізген дұрыс. Біз – Баллон конвенциясына қосылған қырық жетінші елміз. Мұнда қосыла отырып біз балаларды мектепте он екі жыл оқытамыз, ал оқуды аяқтағаннан кейін олар әлемнің кез-келген университетіне оқуға түсе алады деп мәлімдедік.

Сол сияқты, әлемнің кез-келген студенті біздің университеттерімізге түсе алатындай болуы тиіс. Ешқандай да америкалық, австралиялық немесе ағылшын білім жүйесі деген ұғым жоқ. Халықаралық білім жүйесі деген ұғым ғана бар. Егер біз жалған патриотизм жетегінде жүріп жаңадан велосипед ойлап тапсақ, еш жерде кездеспейтін қазақстандық халықаралық жол дегенді шығарсақ мұнан артық күлкілі нәрсе болмас еді.

Отандық мектептердің оқушылары халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындар алып жүр. Бакалавр, магистрлік және докторлық бағдарламалар бойынша оқитын бес жүзден астам студент менің алдымнан өтеді. Біздің студенттеріміз өзгелерден артық болмаса кем емес. Тіпті төмен бал алып, шетелде оқуға әрең ілінген студентеріміздің өзі орнында қалған емес, оқу үлгерімдері өте жоғары деуге болады.

Керісінше, олар бізде оқудың күрделі екенін мойындайды. Мүмкін ол жақта білімнің қолданбалы мәні көбірек болғандықтан шығар.

«Назарбаев Университетін» имидждік жоба деп ойламаймын, өйткені біздің президентіміздің мәртебесі мен имиджі онсыз да жеткілікті. Қазақстанда бүйтіп бедел көтерудің оған түкке де қажеті жоқ, әлемдік қауымдастық Назарбаевты онсыз да мойындаған. Ол өз атын көшеге немесе мұнай жобаларына беріп отырған жоқ қой.

«Болашақ» бағдарламасы туралы соңғы кездері мына біздің өзіміз де, яғни стипендиаттар, осынша ақшаны шетелге жіберуді тоқтататын уақыт жетті деп айтып жүрміз. «Болашақтың» түлектері жеткілікті болды. Егер осыдан он жыл бұрын мұндай студенттер сирек болса, қазір олар өзіміздің отандық түлектермен бірдей жағдайда бәсекеге түсіп жүр. Халықаралық оқу-білім тәжірибесін алғаны боламаса олардың басқалардан айырмасы шамалы. «Болашақтың» біртіндеп жойылуын қалыпты эволюциялық процесс деп бағалау керек. Бірақ «Болашақ» әзірге керек.

Зауреш Батталова:

– Алдағы уақытта төрт-бес мың студент оқытамыз деп жоспарлаудың өзі сападан гөрі санды қуалайтын әдістің белгісі. «Болашақ» бойынша мынанша студент, «Назарбаев униврситетінде» мынанша студент оқуы тиіс деген мәселе болмауы тиіс.

«Болашақ» бағдарламасының пайдалы жақтарымен қатар, зиянды жақтары да бар. «Болашақтың» түлектері Қазақстанда жұмыс таба алмай жүрген жағдайлар да кездеседі. Ал бірақ оны шетелде оқыту үшін бюджеттен қаншама ақша бөлінді ғой! Бұл Қазақстанда үлкен проблема. Бұл студенттерді аймақтарға жіберу керек, олар сол жерде жүріп өздерін көрсетсін, содан соң әрі қарай қалай пайдаланатымызды шешейік деп, тіпті президенттің өзі де айтты емес пе?

Ал Баллон процесі туралы айтар болсақ, оның Қазақстанда сөз болып келе жатқанына он жылдан асты. Қазақстан он екі жылдық білім беру жүйесін әлі күнге мардымды енгізе алмай келеді. Мектептеріміздің оған саны да жетпейді, материалдық-техникалық тұрғыдан да жарамайды. Мектеп ахуалын түзету, оқулықтар мен мұғалімдердің сапасын арттыру – кезек күттірмейтін мәселе.

Қазіргі «Болашақ» бағдарламасы осы бағдарлама бойынша мемлекеттік бюджет қаржысымен оқыған студенттер мемлекетімізге пайда әкелетіндей етіп реформалануы тиіс. Балаларымыз шетелде немесе «Назарбаев Университетінде» ағылшынша оқып жүр деп алақайлау патриоттығымызға сын.

Өз басым Қазақстан азаматы, егер ол халықтың қаржысына оқыған болса, онда ол міндетті түрде қазақ тілін білуі тиіс. Одан қалса экономикамызбен жан-жақты таныс болуы қажет. Содан кейін барып алдыңғы технологияларды игерсін, ағылшын тілін үйренсін.

«Болашақ» бағдарламасына жасалған реформа «Назарбаев Университетінің» пайдасына шешіле ме, шешілмей ме, мәселе онда емес. Ең бастысы – білім жүйесі сапаға қарай өзгеруі қажет.

СЫЙЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТ

Жүргізуші:

– «Назарбаев Университеті» өз студенттеріне сапалы білім бере ала ма?

Қадиша Дайырова:

– Патриот болу деген сөз тек қазақша оқу деген сөз емес. Егер біз расымен де белгілі бір жоғары деңгейге көтерілгіміз келсе, онда әлемдік білімнің алға жылжуына елеулі үлес қосқандардан үйренгеніміз дұрыс болады.

Біз алғашқы күннен бастап-ақ Гарвард пен Дьюктен бастап бізге серіктес жоғары оқу орындардың барлығының үздік дәстүрлерін «Назарбаев Университетіндегі» білім жүйесіне енгізуді көздедік.

Университет конкурсына төрт мыңнан астам абитуриент қатысты, соның бес жүзін ғана алдық. Бұлар - әлгі Лондон колледжінің өзінің жоғары талаптарына толығымен жауап бере алатын балалар.

Бағдарламалардың барлығын қазақ тіліне аударғанымыз патриоттық тұрғыдан да, ысырапшылдық тұрғыдан да дұрыс болмас еді. Қазақ тіліне аударылғаны, әрине, өте жақсы. Бірақ, бізде «Назарбаев Университеті» туралы заңда мүмкіндік берілген академиялық еркіндік бар болса да, біз Қазақстанның болашақ көшбасшыларын әзірлеп жатқанымызды естен шығармаймыз.

Сол себепті де біздің балалар бірініші курстан бастап-ақ қазақ тілін, екінші курстан бастап Қазақстан тарихын оқиын болады. Ал жалпы алғанда біздің өзімізбен серіктес жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып жасаған оқу бағдарламамыз Қазақстан экономикасының қажеттіліктері ескеріле отырып жасалғанын айта кету керек.

Олар Қазақстанға екі-үш аптаға келгенде техника-экономикалық негіздемелерін жасайды, содан соң оқу бағдарламаларына қатысты өз ұсыныстарын береді. «Назарбаев Университетінің» атынан менің бұл айтып отырғаным жалаң сөздер емес, тұтас тұжырымдама деп қабылдасаңыздар болады.

Бұл университет ең жоғары білім тәжірибелерін қолдануға арналған алаң ретінде қарастырылып отыр. Бұл да отандық жоғары оқу орындарын әлемдік деңгейге дейін көтеру, оқыту сапасын жоғарылату үшін жасалып отырған шара. Кадр саясаты бойынша да көптеген жұмыстар атқарылуда, өйткені жақсы кадрсыз әлемге танылған унверситет болмайтынын білеміз.

Бақытжан Төреғожина:

– Жалпы елімізге реформа жасамайынша, саяси реформаларсыз білім жүйесін реформалау мүмкін емес деп ойлаймын. Жоғары оқу орындарында жемқорлықты жою үшін көп жұмыстар атқарылып жатқаны туралы осы жерде де айтылып жатыр. Бірақ, бізде істен гөрі сөз көп екені белгілі ғой.

«Назарбаев Университеті» – біріншіден, «Болашақтың» қаржысына қол салу үшін жасалып отырған кезекті жарнамалық жоба. Екіншіден, Нұрсұлтан Назарбаевтың мерейтойына арналған сыйлық.

Осы университеттің лентасын қияған кезде айтылған жалынды сөздердің құны қаншалықты екенін, көп ұзамай-ақ, небәрі бес-алты жылдан кейін білетін боламыз. КИМЭП пен КБТУ-дің кебін киюі әбден мүмкін.

Білім жүйесіндегі проблема айта берсе таусылмайды. Сонда да айту керек. Біздің оқушыларымыз халықаралық олимпиадаларда жүлдегер болып жүр деген сөз де осы жерде айтылды. Мұны төгілген тердің жемісі дегеннен гөрі, ілуде бір кездесетін таланттардың кездейсоқ жеңісі деген дұрыс сияқты. Өзінің ең қарапайым құқығын білмейтін бірінші курс студенттерін әркез көріп жүрмін. Маған келіп жүрген студенттердің көпшілігі, бір жапырақ қағазға жазған әр сөзінен үш қате жібереді.

Тіпті олимпиада жеңімпаздары әлгі Гарвард университетінің түлектері болған күннің өзінде, мұнда бір-екі жыл жүрген соң, өтірік-шыны аралас сылтау тауып кепілде тұрған мүліктерін шығарып алады да, Батыс қайдасың деп тартып отырады.

Жазира Дүйсенбекова:

– Стандарттар туралы айта кетейін. Бізге сонда басқа қандай стандарттар керек? Аталған университеттер, біздің білім жүйемізді айтпағанда, біздің елімізден де екі жүз, үш жүз жыл ертерек өмірге келген болар. Егер алдымызға білім үлгісін қояр болсақ, онда қалай болғанда да оның мақсаты болуы керек. Сол себепті кез-келген жаңа университет жоғары стандарттарға ұмтылары анық.

Өзгелердің стандарттарын пайдалану – құр еліктеп-солықтау дегенді білдірмесе керек, мәселен, жұрт мақтаған малайзиялықтар да сол жолмен жүрді. Олардың әрбір екінші жоғары оқу орны қос диплом береді. Бірі, малайзиялық диплом болса, екіншісі жаңа зеландиялық немесе ағылшын дипломы болуы мүмкін. «Назарбаев Университеті» осы жақсы дәстүрлі жалғастыратын шығар деп ойлаймын, қалған жоғары оқу орындары да кейін іліп әкетер.

Ал, «Болашақтың» студенттері қайтадан шетелге кетіп жатыр деген сөз құр дақпырт. Ешкім де Батысқа қашып жатқан жоқ. Бұл олардың асқан патриоттығынан емес, шындығында онда барғанда істейтін дәнеңе де жоқ. Олардың өздерінің «ақылды бастары» жетіп жатыр. Қазақстанда көптің ішінен әлгі дипломыңның арқасында суырылып шығуға мүмкіндік бар, тіпті ұлттық компанияларда жұмыс істеуге, одан қалса жеке бизнесіңді ашуға жағдай бар. Ал Батыста бәсеке күшті. Оған екінің бірі шыдамайды. Оларға біздің «таланттарымыздың» қажеті шамалы.

Біткен іске қашан да сыншы көп. Сынау оңай, жасау қиын. Егер нақты ұсыныстарыңыз бен ескертулеріңіз болса, онда Білім және ғылым минисрлгінің сайтына жазып жіберіңіз. Ондағылар қуанбаса ренжімейді.

Жүргізуші:

– Құрметті қонақтар, осымен Азаттық радиосы өзінің дөңгелек үстелін тәмамдайды. Пікірталасқа қатысқандарыңызға рақмет.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG