Accessibility links

Президент Қытайға аттанысымен елдегі «Азат» партиясы мәлімдеме жариялап үлгерді


«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының иелігіндегі зауыттардың бірі. Атырау, маусым 2006 ж.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының иелігіндегі зауыттардың бірі. Атырау, маусым 2006 ж.

Сәуірдің 15-інде Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттік сапармен Бейжіңге аттанды. Сапар барысында Қазақстанның мұнай саласынан Қытай компанияларының үлес сатып алуы туралы келісімшартқа отыруы мүмкін екендігі айтылуда. Қазақстанның оппозициялық партиясы бұндай келісім мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндігін айтып мәлімдеме таратты.

Қытайға осы жолғы сапары барысында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев сол елдің басшылығымен бірқатар кездесулер өткізіп, серіктестіктің әртүрлі салаларына қатысты екіжақты құжаттарға қол қояды деп күтіліп отыр.

Шетелдік баспасөздің жазуынша, Назарбаевтың бұл жолғы сапары кезінде Қытай Астанаға 10 миллиард доллар көлемінде қарыз беріп, есесіне «Маңғыстаумұнайгаздың» үлесін сатып алу жөнінде келісімшартқа отыруы мүмкін.

Қазақстан президенті Қытайға аттанған күні елдегі оппозициялық «Азат» партиясы мәлімдеме таратты. «Азаттықтар» егер бұл келісімге қол қойылса, онда республиканың ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төнуі мүмкін деп алаңдаушылық білдірді. Ал сарапшы мамандар, бұл келіссөздерді жан-жақты қарастырған жөн деген пікірде.

«Азат» демократиялық партиясысының бас хатшысы Төлеген Жүкеевтың айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда мұнай өндірісінде Қытай елінің үлесі жылдан жылға артып барады.

– Бүгінгі таңда Қазақстандағы мұнай өндірісі 60 миллион тоннаны құрайды. Оның 20 миллионнан астамы Қытай компанияларының еншісінде, яғни жалпы өнімнің 30-пайызы соларға тиесілі. Ал «Маңғыстаумұнайгазды» сатып алатын болса, онда ол табыс 25-27 миллион тоннаға дейін барады, – дейді Т.Жүкеев.

Оның пікірінше, Қазақстанда ең алдымен қазақстандықтардың мүддесі қарастырылуы керек. Ал қазіргі жұмыс жасап жатқан компанияларда жағдай мүлдем керісінше, дейді оппозиция өкілі.

– «АқтөбеМұнай» акционерлік коғамында жұмыс істейтін қызметкерлер жылына бірнеше рет наразылық шараларын өткізетіндігі белгілі. Қызметкерлердің басты айтатындары – әлеуметтік жағдайларының нашарлығы мен жалақыларының мардымсыздығы. Осындай олқылықтарға қарамастан, қытайлық компаниялар көбейе берсе, халықтың жағдайы қиын болатын түрі бар. Бұл салада монополия болмауы керек, – дейді Т.Жүкеев.

Ал қазақстандық экономист Рахман Алшанов бұл келіссөздің тиімді жақтары да бар деген пікірде.

– Қазір мұнайдың бағасы бұрынғыдан арзандады ғой, былтыр ғана 140 доллардың үстінде болған 1 баррель мұнайдың енді қазіргі бағасы 40-50 доллар төңірегінде. Сонда қарасаңыз, біз 3 есе ұтылдық. Жалпы, осы баға тұратын болса, біз мұнайдан 28 миллиард доллар ұтыламыз. Енді оның орнын толтыру керек қой. Сондықтан, егер бұл келісімге қол жеткізсек, онда сол 28 миллиардтың 10 миллиарды орнына келеді. Ал ол дегеніңіз қазіргі дағдарыс кезінде елеулі ақша екендігін мойындаған жөн, – дейді Рахман Алшанов.

Алматыдағы қоғамдық саясатты зерттеу орталығының директоры, экономика ғылымдарының кандидаты Меруерт Махмутова Қазақстан мен Қытай арасында қаралатын бұл келісімшарт әлі шикі деп санайды.

– Қазақстан үкіметі, осында қызмет етіп жатқан кез-келген шетел компанияларын қатаң қадағалап отыруы керек. Ол мейлі Қытайдікі болсын, мейлі басқа мемлекеттікі болсын. Компанияның Қазақстанға қосып жатқан үлесінің қаншалықты екендігі, ол жерде қызмет етіп жатқан Қазақстан азаматтарының құқы қаншалықты қорғалатындығы басты назарда болуы керек. Егерде осы жағдайлар бір жүйеге келтірілген болса, сонда ғана басқа да келіссөздердің жолдарын қарастыру мүмкін болмақ, – дейді маман.

«Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының құрамына кіретін 36 мұнай және газ кеніштерінің 15-і игерілуде. Компанияның мұнай қоры жөнінен ең ірі екі кен орындары - Қаламқас пен Жетібайда 128,9 миллион тонна мұнай қоры бар деп саналады.

Бұл «Маңғыстаумұнайгаздың» жалпы қорының 88,8 пайызы. Бұған қоса, Павлодар мұнай өңдеу зауытының 58 пайыз үлесі «Маңғыстаумұнайгаздың» еншісінде. Кей деректерге қарағанда, CNCP компаниясы «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясының 49 пайыз акциялар пакетіне ие болмақ.

Ал, оның 51 пайыз акциялар пакетін «ҚазМұнайГаз» иеленеді. Қытайлардан түскен ақшаны Қазақстан өз экономикасын құлдыраудан құтқару үшін жұмсамақ.
XS
SM
MD
LG