Accessibility links

Сарапшылар «мәңгілік президент» бастамасы - қоғам назарын алдарқату ойыны болатын дейді


Ақорда ғимаратының сыртқы көрінісі. Астана, 6 қазан, 2009 жыл.

Ақорда ғимаратының сыртқы көрінісі. Астана, 6 қазан, 2009 жыл.

Назарбаевтың Конституцияда тұңғыш президенттің осы қызметке сайлануға шектеусіз түсе алатындығы көрсетілген деп француз журналисіне берген жауабы оның «мәңгілік президент» мәселесіне білдірген алғашқы пікірі болды. Қазақстандық сарапшылар болса бұның өзіндік ойын тәсілі екенін айтады.


Назарбаевтың қазіргі қызметте өмір бойы қалуы жайлы мәселе соңғы кездері Қазақстан қоғамында пікірталас тақырыбына айналған еді. Енді міне, әртүрлі алып-қашпа әңгімелерді сан-саққа жүгірткен қоғам президент Назарбаевтың жауабын да естіді.

– Менің ойымша, Назарбаевтың бұл сөзі қоғамда өршіп кеткен көптеген дау-дамайларға тоқтау қоюы тиіс сияқты. Әлгі Байдосовты, басқаларды айтатын болсақ, ол қоғамдық пікірді басқа жаққа алып кету үшін жасалған қадамдар болатын. Жалпы Назарбаев өз-өзін кемсітіп немесе кенде қылып жатқан жоқ. Заң бойынша, ол кез-келген уақытта сайлауға түсіп, шын мәнінде дұрыс саясат жүргізетін
Әрбір елде демократияның формасы әртүрлі болуы әбден мүмкін. Бірақ, демократияның іргетасы болып табылатын адам құқы мен еркіндігі ол – адамдардың теңдігі.
болса, сайлауда жеңетін мүмкіндігі бар екендігін тағы да дәлелдеп отыр, – дейді саясаттанушы Айдос Сарым.

Саясаттанушы Дос Көшім демократиялық ел болуға талпынып жатқан Қазақстанда адам құқы мен оның теңдігі мәселесі әлі де болса өзекті екендігін айтады. Ол соңғы уақыттары қоғамда сөз болып жатқан тұңғыш президенттің осы қызметте мәңгілік отыруы туралы мәселені әлі толық орнамай жатқан демократиядан кері кететін қадам деп бағалайды.

– Әрбір елде демократияның формасы әртүрлі болуы әбден мүмкін. Бірақ, демократияның іргетасы болып табылатын адам құқы мен еркіндігі ол – адамдардың теңдігі. Неліктен, мысалы, бірінші президент сол адамдардың теңдігінен бөлек, ерекше бір құқыққа ие болуы керек? Менің ойымша, бұған бірінші болып президенттің өзі қарсы шығуы керек шығар, – дейді Дос Көшім.

ДЕМОКРАТИЯДАН ҚИЫС КЕТКЕН ДҮБӘРА ЖОЛ

Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев елдегі сайлауларға қатысты сыни пікірді қабылдайтындығын, алайда Қазақстанның бұл жолда ұстанған өзінің бағыты мен жолының бар екендігін атап өтті. Коммунстік партияның серкесі Серікболсын Әбділдиннің пайымдауынша, Назарбаевтың бұл сөзінің жаны бар.

– Назарбаевтың бұл айтқаны «рас». Себебі, Қазақстандағы сайлау басқа демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекеттердің сайлауына ұқсамайды. Біріншіден, сайлаудың барлығын елбасы өзі ұйымдастырады. Барлық мемлекеттік күш ол сайлаудың
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа өмір бойы президент болып қалуды ұсынған профессор Закратдин Байдосов. Ақтөбе, қыркүйек 2009 жыл.
қортындысын сол сайлау басталмай тұрып-ақ біледі. Назарбаев не айтса соны сайлаудың қорытындысы етіп шығарады. Сол себепті де Қазақстанның «өз жолы» бары екендігін рас, – дейді Азаттық радиосына Серікболсын Әбділдин.

Осы тұста саясаттанушы Дос Көшім Қазақстан шет елдің демократиясын менсінбейтіндігін, алайда тек өзіне тән демократияның да жоқ екендігін айтады.

– Қазақтың өзінің ұлттық, халықтық демократиясының белгілері бар. Әрбір ұлттың тарихи қалыптасқан дәстүрі бар. Сол дәстүрдің барлығында да әділеттіліктің негізі болады. Әйтпесе халық оны дәстүрге айналдырмас еді. Сондықтан, біздің өзіміздің қазаққа тән ерекшелігіміздің бар екендігі анық. Мәселе сол ерекшелік әділдікті сақтай ма дегенде болып тұр. Мысалы, кезінде бізде жергілікті өзін-өзі басқару болған. Ханның қай ауылды қандай адам билейтіндігінде қатысы болмаған. Әр ауыл өз ақсақалдарының көмегімен өздері
...басқа сайлау болмайды және оны өткізудің билік үшін еш қажеті жоқ. Билік өз мәселесін шешіп алды – Батыс оны мойындады.
мойындайтын болған. Ол жерде айдаладан алып келіп әкімді ешкім қоймаған. Бұл – біздің демократия. Бірақ сол демократияны бұза отырып, билік бүгінгі халге жетті. Демек бұл – қазақтың демократиясы емес. Онда біз шет елдің демократиясын алуымыз керек, бірақ біз оны да алғымыз келмейді, өйткені өзіміздің «ерекшелігіміз» бар. Сондықтан бұл – ерекшелік емес, бұл – дүбәралық. Біз өзіміздің ұлттық демократиямыздың негізгі жақсы жақтарын пайдаланбаймыз. Не болмаса дүние жүзінде қалыптасқан, мүмкін бізге кей тұстары келмейтін демократияны да алғымыз келмейді. Ал сонда біздің жолымыз қандай? – дейді Дос Көшім.

Айдос Сарым болса 2012 жылға дейін Қазақстанда ешқандай сайлау болмайтындығына сенімді.

– Жақын арада сайлау болады дегенге күмәнім бар. Ары кетсе осы жылдың нәтижесінен кейін барып, бәлкім, парламент сайлауы болуы мүмкін. Ал басқа сайлау болмайды және оны өткізудің билік үшін еш қажеті жоқ. Билік өз мәселесін шешіп алды – Батыс оны мойындады, – деді Азаттық радиосына Айдос Сарым.

Ал егер сайлау өткізу туралы шешім қабылданса онда бүгінгі «Сайлау туралы» заңға өгеріс енгізілмей, оның дұрыс нәтижесі мен пайдасы болмайды деп санайды сарапшы.

ЕУРОПА МЕН ШЫҒЫСТЫ ЖАҚЫНДАСТЫРУ

Сейсенбі күні журналистерге жауап беру барысында президент Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы мақсаты – Еуропа мен Шығысты жақындастыру деп атап көрсетті.

Франция президенті Николя Саркози (сол жақта) мен Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 6 қазан, 2009 жыл.
«Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы мақсаты – Еуропа мен Шығысты жақындастыру. Соның нәтижесінде біз бір-бірімізді артықша түсінетін боламыз, Еуропалық қоғамдастықпен Қазақстанның ұлтаралық және конфессияаралық татулық тәжірибесімен бөлісеміз», – деді өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев.

Алайда саясаттанушы Дос Көшімнің пайымдауынша, елдегі тұрақтылық пен татулыққа биліктің еш қатысы жоқ.

– Біздегі тұрақтылықты биліктегі болып жатқан реформалардың арқасында орын алып жатыр деп көрсеткісі келеді. Ал, шындығында біздің тұрақтылықтың негізі – қазақ халқының төзімділігінде жатыр! Осы уақытқа дейін өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды дамытпай,
Біздегі тұрақтылықты биліктегі болып жатқан реформалардың арқасында орын алып жатыр деп көрсеткісі келеді. Ал, шындығында біздің тұрақтылықтың негізі – қазақ халқының төзімділігінде жатыр!..
өзімізді өзіміз ұстап, «әй, мыналар бізден теріс айналмасын, біз мыналарды ренжітіп алмайық» дегенімізде. Сондықтан, менің өз басым Қазақстаннан шет елдер тек бір ғана нәрсені алуды көздеп отыр деп ойлаймын. Ол – мұнай! – дейді Дос Көшім.

Саясаттанушы Айдос Сарымның сөзіне қарағанда, Қазақстанның бүгінде ауыз толтырып мақтанатын тұстары аз.

– Біз мақтанып жатқан нәрселердің бүгінгі билікке тікелей еш қатысы жоқ. Тарихты, мәдениетті алатын болсақ, ол ата-бабымыздан не құдайдан келген дүниелер деп есептеуге болады. Ал биліктің ұлтаралық келісім деп мақтануы да халыққа байланысты. Ал биліктің қолынан келері – қоғамды ашық ету. Қоғаммен санаса бастаса онда талай нәрселер шығып, біздің мақтана алатын тұстарымыз көбейеді. Біз – бірнеше мәдениет пен өркениеттің ортасында тұрған және солардың арасында дәнекер болып келе жатқан халықпыз, сол себепті біздің әдебиет, музыка мен ғылымдағы потенциалымыз мықты. Оны Батыс та мойындап үлгерген. Сондықтан осы тұста билікке біршама жұмыстарды қолға алу керек, – дейді Айдос Сарым.

Коммунист Серікболсын Әбдилдіннің пайымдауынша, Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымында айтарлықтай шаруаны тындыра алмайды.

– Бұл – көзбояушылық, Еуропаға жақындаудың әдістерін жариялау. Жалпы Назарбаев билеген үкімет, оның адамдары ЕҚЫҰ төрағалық барысында жақсы жұмыс істеп, басқаларды тәрбиелеп дұрыс жолға түсіреді деген – бос сөз, – дейді Серікболсын Әбділдин.

Қазанның 6-сы күні Қазақстанға сапары барысында Франция президенті Николя Саркози: «Қазақстан ЕҚЫҰ стандарттары барлық нормаларын толық іске асыруға ұмтылуда» деп баға берген болатын.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG