Accessibility links

Илхам Әлиевтің кіші қызы тағы бір бизнес көзін иеленді


Әзірбайжан президенті Илхам Әлиевтің кіші қызы Арзу Әлиева.

Әзірбайжан президенті Илхам Әлиевтің кіші қызы Арзу Әлиева.

Әзірбайжан президенті Илхам Әлиевтің бизнес-империясы құлашын кеңге жайып келеді. Оның 21 жастағы кіші қызы Арзу Әлиева әуе желілеріне қызмет көрсететін компания мен аса ірі банктердің бірінің иелеріне айналды. Бірақ оған қалай қол жеткізгені әлі күнге жұмбақ.


ТАНЫС БОЛЫҢЫЗ: АРЗУ ӘЛИЕВА

Бакудің халықаралық әуежайы мен астана орталығын жалғастыратын күре жолда саяхатшыларға SW Holding холдингінің жарнамасы ілінген бірнеше билбордтар алыстан-ақ менмұндалап көрінеді. Сырт көзге бұлар әуе желілеріне қызмет көрсету саласындағы монополистке айналған ірі компанияның қарапайым жарнамаларының бірі сияқты әсер қалдырады.

SW Holding холдингінің құрамындағы компаниялар орта қашықтыққа қатынайтын ұшақ жолаушыларын тағаммен қамтамасыз етіп, ұлттық әуе компаниясының ұшақтары мен тікұшақтарын техникалық жөндеу жұмыстарымен шұғылданады. Тіпті такси қызметіне дейін ұсынады. Саяхатшыларға жәрдем көрсету қызметінен бастап, дьюти-фри баж салығынсыз сауда жасайтын дүкендерге дейін - осы холдингтікі.

SW Holding холдингінің үлкендігі соншалық, тіпті, Silk Way Bank деп аталатын банкі де бар. Әзірбайжан Қаржы қауіпсіздігі мемлекеттік комитетінен алынған құжаттарға сілтей отырып, Азат Еуропа/Азаттық радиосы Әзірбайжан редакциясының жүргізген журналистік зерттеуі көрсеткендей, банк қожайындары – ел басшылығымен тікелей байланыстары бар екі әйел.

Олардың бірі – «Азал» мемлекеттік әуе компаниясы басшысының әйелі Зарифа Гамзаева, ал екіншісі – Әзірбайжан президенті Илхам Әлиевтің 21 жастағы қызы Арзу Әлиева.

КҮДІКТІ ЖЕКЕШЕЛЕНДІРУ

«Азал» мемлекеттік әуе компаниясына қарасты көптеген фирмаларды «жұтып қойған» SW Holding холдингінің бұлайша кеңінен қанат жаюы президент Илхам Әлиевтің жекешелендіру ісіндегі күмәнді әдіс-тәсілдері туралы бірқатар сауалдардың шетін шығарды.

Әзірбайжан заңдары бойынша, мемлекеттік шенеуніктердің арасындағы тамыр-таныстық пен жең ұшынан жалғасушылық қылмыс екендігіне және ол үшін он екі жылға дейін абақтыға жабылатынына қарамастан саяси элита елдің неғұрлым құнды
Әзірбайжан президенті Илхам Әлиев отбасымен бірге сауда орталығында. Баку, 20 шілде 2010 жыл.
активтеріндегі өз орындары мен ықпалдарын сақтап қалу үшін тамыр-таныстары мен президент отбасы мүшелерін пайдалануды әліге дейін тоқтатпай отыр.

Илхам Әлиев барлығы өз отбасының қолында болғанын қалайды. Бұл дәстүр елді бас-аяғы отыз жылға жуық билеген Гейдар Әлиевтен қалған еді. Гейдар Әлиев ел басқару тізгінін 2003 жылы, жүрек дертімен ауырмай тұрғанда-ақ өз ұлына табыс еткен болатын. Илхам Әлиевтің әйелі Мехрибан Әлиева да - парламент мүшесі және елдегі ықпалды саяси тұлғалардың бірі.

«Вашингтон пост» басылымы Әлиевтердің қаршадай ұлы өткен жылы шамамен 44 миллион долларға сатып алынған Дубайдағы тоғыз зәулім сарайдың иесі болғанын хабарлаған еді. Ал қыздары Лейла мен Арзудың да өз аттарына тіркелген жеке меншіктері бар. Барлығын қосқанда Әзірбайжан президенті балаларының меншігіндегі мүлік құны 75 миллион долларға бағаланады.

Президент Илхам Әлиев ресми түрде жылына 230 мың доллар жалақы алады. Алайда, сәл ертеректе Socar атты Әзірбайжан мемлекеттік мұнай компаниясының президенті болған ол әлі күнге дейін мұнайға бай елдің қазба байлықтарына қатаң бақылау жасап келеді.

Илхам Әлиевтің байлығы ондаған миллион доллармен есептеледі. Бірақ Әзірбайжан заңдарына қайшы келетіндігіне қарамастан, оның өзі де, әйелі де капиталдарын жария түрде көрсеткен емес.

Ел заңында шенеуніктердің бизнеспен шұғылдануына тыйым салынған. Алайда ол заңның Илхам Әлиевтің отбасы мүшелеріне қатысы жоқ.

АСТА-ТӨК БАЙЛЫҚ ҚАЙДАН КЕЛДІ?

Си-Эн-Эн телеарнасы арқылы көрсетілетін Әзірбайжандағы туризмге қатысты коммерциялық жарнамалардағы рөлі арқылы танымал болған Арзу Әлиеваның SW Holding холдингінің 29,08 пайыз акциясын сатып алу үшін, шамамен, 6,4 миллион манатты (7,8 миллион долларға жуық) қайдан алғаны әзірге белгісіз. Немесе кіші Әлиева мен Зарифа Гамзаевалардың холдинг акцияларының бақылау пакетін сатып алу үшін 4,5 миллион манатты қайдан тапқаны беймәлім.

Зарифа Гамзаева - косметика саласындағы бизнесте айы оңынан туып жүрген Gazelly компаниясының иесі. Бірақ сарапшылардың айтуынша, бұл бизнестен түскен пайданың банктен үлес сатып алуға жете қоюы екіталай.

Әзірбайжан президентінің баспасөз хатшысы Әзер Ғасымов Азат Еуропа/Азаттық радиосына берген сұхбатында Арзу Әлиеваның Silk Way Bank иелерінің бірі екендігін растай отырып, «Кәмелет жасына толған Әзірбайжан азаматшасы ретінде заңға қайшы келмейтін өзінің дербес бизнесін құруға толық құқылы» деп мәлімдеді.

SW Holding холдингі мен Silk Way Bank-тің құлашын кеңге жаюы мемлекеттік «Азал» әуе компаниясын, сонымен қатар АзалБанкті жекешелендіру туралы мәселе көтеруге мұрындық болды. Жекешелендіру Әзірбайжан Экономикалық даму министрлігі әзірлеген жоспар бойынша 2003 жылдан басталды.

Ел заңнамасы бойынша, жекешелендіруге қатысты үдерістің барлығын Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру жөніндегі мемлекеттік комитет жүргізуі тиіс. Бірақ, Азат Еуропа/Азаттық радиосы хабарлағандай, осы комитет өкілі Гулу Халилов АзалБанкті кімнің жекешелендіргені туралы ақпаратты білмейтіндерін айтты.

ОТБАСЫҒА ЕШ КЕДЕРГІ ЖОҚ

Қаржы мәселелері бойынша сарапшы Анар Ханбейлі бұл істің әуелден-ақ шым-шытырық басталғанын айтады. Оның сөзіне қарағанда, мемлекет үлесі Мемлекеттік мүлікті жекешелендіру жөніндегі комитет арқылы жекеге берілуі және банктегі мемлекет үлесін жекешелендіру ісі де осы комитет арқылы жүзеге асырылуы тиіс.

«Олар ең алдымен мәлімдеме жасап, сонан соң акциялардың мөлшерлемесін қабылдауы, тендерге қатысу шарттарын хабарлауы қажет еді және ең соңында жеңімпазды жариялауы керек болатын. Мұның бірі де жасалған жоқ. Мемлекет үлесін толығымен жекешелендіріп
Президент Илхам Әлиевтің қыздары – Арзу (сол жақта) мен Лейла. Баку, 20 шілде 2010 жыл.
алғандар мұның барлығын да айналып өтті», – дейді сарапшы.

Бұл уақытта SW Holding холдингі біртіндеп «Азалдың» бұрынғы компанияларын түгелге жуық сатып алды. Оның ішінде бұдан былай SW Holding холдингі иелері мен Silk Way Bank иегерлерінің бірі Зарифа Гамзаеваның күйеуі және «Азал» компаниясының президенті Жаһангер Асгаровтың екі қызының бірлескен бақылауындағы AZAL Sigorta сақтандыру компаниясы да бар.

SW Holdings холдингі - сондай-ақ «Азал» компаниясының тағы да бірқатар аты-шулы жобаларының жалғыз мердігері. Бұлардың қатарында Ланкаран, Ганджа мен Закаталахтағы жалпы сомасы 150 миллион долларды құрайтын әуежай құрылыстары жөніндегі келісімдерді айтуға болады. Алайда тараптардың екі жағы да осынау екі ұйымның арасындағы байланысты айқындап айтуға құлықсыз. Тіпті Орталық банк пен Салық министрлігі де бұл жекешелендіру кезінде заң бұзушылықтарға жол берілгендігіне қарамастан оған көз жұма қарады.

Айта кетерлігі, Әзірбайжандағы келешегі зор саналатын мемлекеттік мекемелердің басшылары өздерінің туыстық қатынастарын пайдалану арқылы қарауындағы кәсіпорындардың майлы тұстарын жекешелендіріп алып, байлыққа кенеліп отыратын жайттар бір бұл емес. Бұлардың барлығы да президент Илхам Әлиев секілді өз табыстарын жариялаудан бірнеше рет бас тартқан болатын.

НАЗАРБАЕВ ҚЫЗДАРЫНЫҢ БИЗНЕСІ

Қазақстан президентінің үлкен қызы Дариға Назарбаева да кезінде аса ірі бизнес-империяның негізін қалаған еді. Қауырт өсіп келе жатқан бірқатар ірі компаниялар мен республикадағы ірі ақпарат құралдары президент қызының бақылауында болды.

Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен оның күйеуі Тимур Құлыбаевтың елдегі энергетика саласында ықпалы өте зор. Бұл екеуі елдегі, тіпті елдегі ғана емес бүкіл әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде тұр. Назарбаевтың үшінші қызы Әлия да
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үлкен қызы Дариғаның бетінен сүйіп тұр. Астана, 5 желтоқсан 2005 жыл.
табысты бизесмен ретінде танымал.

Өзбекстан президенті Ислам Кәрімовтің үлкен қызы Гүлнәрдің даңқы да бұлардан кем емес. Соңғы жылдары Өзбекстанның мұнай-газ және алтын өнеркәсібі Гүлнәрдің бақылауында болды. Ол мұнымен де шектелмей, бірнеше ірі зауыттар мен мобильді байланыс компанияларының негізгі үлестеріне және ірі зергерлік дүкендер желісіне бақылау орнатты.

Бұлардан өзге Ислам Кәрімовтың қызы бірнеше газеттерден, радиостансалар мен телеарналардан құралатын аса ірі медиа-холдинг құрды. Президенттің үлкен қызы елдегі бизнесмендердің пайда түсіріп отырған бизнесін тартып алады деген қауесеттер Өзбекстанда бірнеше рет әңгіме өзегіне айналған еді.

Тәжікстан президентінің жеті қызы бар. Бақылаушылардың айтуына қарағанда зауыттар, ірі банктер мен телеарналар, сауда орталықтары мен бутиктер желісі секілді елдегі жібі түзу бизнес-активтердің барлығы сол қыздардың қолында. Сонымен қатар Эмомали Рахмоновтың қыздарының бірі Озода Тәжікстан Сыртқы істер министрлігінде жоғары лауазымды қызметтердің бірінде отырғанын да айта кету қажет.

Бақылаушылар айтуына қарағанда, отбасы мүшелері, атап айтқанда Орталық Азия президенттерінің балалары, өз елдеріндегі халықтық басым көпшілігі жоқшылық зардабын тартып отырғанда жемқорлық мен тамыр-таныстыққа негізделген саясат арқасында өз ықпалдарын одан әрі ұлғайтып, байлыққа белшеден батып жатыр. Сондықтан мұның соңы халық арасындағы наразылықты одан әрі күшейтіп, Орталық Азиядағы қауіпсіздікке қатер төндіруі ықтимал.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG