Accessibility links

Жібек жолы аймағындағы елдер арасында туризм, сауда-саттықты дамыту үшін ортақ виза енгізу керек дейді Алматыда «Жібек жолы» қала мэрларының III форумына келген үкіметтік, халықаралық ұйым өкілдері.

Қазақстанға 2006 жылы 3 миллион 200 мың турист келсе, соңғы бір жарым жылдың ішінде олардың қатары 5 миллионға жетіпті. Қазақстанның туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов республиканың кейбір қалаларының Ұлы Жібек жолының бойында орналасуы оның туристер үшін тартымдылығын одан сайын арттыра тұсетіндігін айтады:

- Туристік орталықтар, Жібек жолы инфрақұрылымы аяқталған соң туристер саны жылдам өсе береді. Президент қаулысымен Қазақстандағы туризмді 2007-2011 жылдарға дамыту бойынша бағдарлама қабылданған. Бізде теңіз жоқ. Сондықтан, біз тек осындай жаңа жобаларды жүзеге асырып қана туристерді, оның ішінде шет елдіктерді елімізге тарта аламыз.
Алайда, көптеген туристердің бір ел үшін ғана арнайы саяхатқа шықпайтындығын, олардың аймақтағы бірнеше елді қатар аралағысы келетіндігін айтады БҰҰ Дүниежүзілік туристік ұйымының Көмек және даму бюросының директоры Харша Варма. Жібек жолы бойында орналасқан елдерге кіру визасының әр қилы болуының осы елдерге келетін туристер үшін едәуір қиындықтар туғызатындығын сөз қылды ол:
- Бір аймақта орналасқан бес елді көру үшін бес елшілікке барып, бөлек бес виза алуға ешкімнің де уақыты жоқ. Сондықтан, Жібек жолы бойындағы мемлекеттерге ортақ виза енгізу тек бұл елдердегі туризмнің ғана емес, сауда-саттықтың да дамуына серпіліс береді. Басқа елдердің тәжірибесіне сүйенсек, визалық тәртіп жеңілдетілген кезде валюта айырбастау шығындары, кеден тосқауылдары өз-өзінен азая бермек.
Жібек жолы елдеріне ортақ виза енгізуді Қазақстанның туризм және спорт министрі Темірхан
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов: Алматыны туристік орталыққа айналдыру керек
Досмұхамбетов те ұсынып отыр. Ол бұл елдерде туризмді жетілдіру үшін көлік, қонақ үй сияқты туристерге қызмет көрсету салаларында ортақ стандарттар енгізіп, ортақ туристік өнімдер жасау қажет деп есептейді. Темірхан Досмұхамбетов «Жібек Жолы - әлемдік деңгейдегі ең үздік брэндтердің бірі болғандықтан, кез-келген елдің туристік саласына мол мүмкіндіктер ашатындығына» сенімді.
Алайда, әзірше Қазақстандағы тарихи мекендерге шетелдік туристер түгілі отандықтардың да көп бара бермейтіндігін айтады Қазақстанның ұлттық мәдениеті тақырыбын зерттейтін журналист Есенгүл Кәпқызы:
- Егер Қазақстанды туристік мемлекетке айналдыратын болса, бұл жерде тарихи орындар да, көрікті мекендер де бар. Тек соны іске асыру жағы жетпей жатқан сияқты. Кезінде Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан қалалар, Ұлы Жібек жолын жалғастырып тұрған мекендер атаусыз қалып жатыр. Қазір қайсысын атап бере аласыз? Мысалы, Түркістанға барсақ, Яссауи мен Арыстанбаб кесенесінен басқа көзге ілінер ештеңе жоқ. Неге, мысалы, Отырардағы жермен жексен болып кеткен кітапхананы қалпына келтірмеске?!
Дегенмен, жиында Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев форумға жиналғандарды ел Президентінің оларға арнаған үндеуімен таныстырды. Онда Нұрсұлтан Назарбаев Жібек Жолы бойында орналасқан Қазақстанда туризмді дамытуға барлық мүмкіндіктің бар екендігін тілге тиек ете отырып, мәдени ескерткіштерді қайта қалпына келтіру ісіне тоқталған.
Туризмді, өзара экономикалық-мәдени ытымақтастықты дамыту мақсатын көздейтін Жібек жолы аймағындағы қала мэрларының форумы осы жолы Алматыда өтті. Оған Жібек Жолына қатысты 15 ел мен 25 қала өкілдері шақырылған. «Оның негізгі мақсаты – осы аймақта тауарлар мен адамдардың қозғалысына кедергі келтіретін тосқауылдарды алып тастау» екендігін айтады БҰҰ-ның Бас хатшысының көмекшісі Кори Удовицкая.
Ұлы Жібек жолы - біздің эрамызға дейінгі 2 ғасырдан бастап, 15 ғасырға дейін Еуразия елдерін Батыс Еуропадан Қытайға дейін байланыстырған керуен сауда жолдарының жүйесі.
XS
SM
MD
LG