Accessibility links

Қазақ журналистерінде ынтымақтастық бар ма?


8 қыркүйек – журналистердің халықаралық ынтымақтастық күні. Бұл күні журналистер әсіресе өз құқықтарын қорғау бойынша ынтымақтастық танытуы тиіс. Ал қазақ журналистерінің ынтымақтастығы бар ма?

Оппозициялық журналист Ермұрат Бапи басына күн туған жағдайда қазақ журналисінің әріптестерінен қолдау табуы екіталай деп есептейді. Оған биылғы жылы мамыр айында өзінің көлігінен жарылғыш зат табылған кезде көзі әбден жетіпті. Сол кезде оған азаматтық немесе кәсіби қолдау көрсеткен бұқаралық ақпарат құралдары некен-саяқ екен.
- Ақпарат министрлігі айтатын республикадағы 5 мың басылымның ішінен тек қана «31 телеарна», «Свобода слова» мен «Қазақстан» газеттері ғана үн қатты, қалған 4997-сі түк болмаған күй танытты. Қазақстандағы журналистер ынтымақтастығының деңгейі, мінеки, осындай! – дейді Ермұрат Бапи.
Тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи қазақ журналистері арасында азаматтық та, кәсіби де ынтымақтастық жоқ дейді.
Оның пікірінше, әсіресе мемлекеттік басылымдарда жұмыс істейтін журналистер редакциясы бағынатын мекеменің аясынан шыға алмайды. Сондықтан, олар тәуелсіз басылымдардағы әріптестеріне қолдау көрсетуге де қауқарсыз. Мысал ретінде Ермұрат Бапи бірнеше жыл бұрын жұмбақ жағдайда қаза болған Асхат Шәріпжановтың оқиғасын еске алады. Сол кезде журналистің жұмбақ өлімін зерттемек түгіл, бірде-бір мемлекеттік басылымда оның қайғылы қазасына орай қазанама да берілмепті:
- Егер тәуелсіз журналистерді қудалау кезінде барлық қазақ журналистері жұмыла жұдырық болып, ынтымақтастық танытса, онда билік ойланып, қайғылы оқиғалар қайталанбас еді.
Алайда, қазақ журналистерінің жасықтығына билік қана емес, ең алдымен журналистердің өздері кінәлі деген пікір айтушылар бар. Журналист Жұлдыз Әбділдә биыл құрылтайшыларымен келіспеу салдарынан «Жас алаш» газетіндегі бас редактордың орынбасары қызметінен кеткен. Ол сол кезде өзінің көптеген әріптестерінің табандылық пен приципшілдік танытпағанына қынжылады:

- Сол кезде газетте қалған журналистер ең болмағанда бір рет өздерінің қарсылықтарын, наразылықтарын білдіріп, неліктен газет басшылығының ауысып жатқандығы туралы мәселені ашық айта алмады.
Құрылтайшы мен қазақ журналисі арасында кикілжіңнің жиі болатындығын, сол кезде журналистік қауымдастық оған тиісінше қолдау білдіре алмай жататындығын «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Дәурен Қуат та айтып отыр:
- Егер құрылтайшы немесе билік журналистке қысым көрсете берсе, олар үнсіз кете беретін болса, онда бізде қандай журналистика қалады?! Орыс ақпарат құралдарында бір журналистің шашы түссе, бәрі шулап қоя береді. Бізге осы жағынан бір ынтымақтастық, қақымызды бірге даулау, қосыла жоқтау жетіспейтіндігі мені налытады.

Сондықтан, ол біріге қимылдап, бір мақсатқа жұмыс жасау үшін кәсіби ынтымақтастықты нығайту керек деп есептейді. Бұл ретте, ол аудандық қазақ газетінен республикалық басылымға дейін байланыстыратын қоғамдық ұйым керек деп есептейді:

- Мысалы, алда «БАҚ туралы» заң жобасы талқыланады. Сол кезде біз де өз көзқарасымызды білдіріп отыруымыз шарт. Өз мүддемізге сай, ақпарат нарығында қазақ журналистикасы емін-еркін өмір сүре алуына ыңғайлы заңды жасау үшін оның жобасын ұсына алатындай қоғамдық ұйым немесе клуб қажет.
Алайда, «Алқа» журналының бас редакторы Жұлдыз Әбділдә «егер жеке журналистердің өздерінде жеке принцип болмаса, қандай ұйым құрылса да, көмектесе алмайды» деп санайды.

«Түркістан» газетінің тілшісі Есенгүл Кәпқызы қазақ журналистерінің ынтымақтастығын арттыратын ұйым құру жайында әріптестерімен жиі әңгімелесетіндігін айтады. Сол кезде олардың көпшілігі ортақ ұйымға мұқтаж екендіктерін баяндапты.

Оның сөзіне қарағанда, көп жағдайда журналистер төңірегіндегі жанжалдар мен даулардан басқа әріптестері хабарсыз қалып жатады. Сондықтан, жаңа қазақ журналистерінің ұйымы мұндай ақпараттарды басқаларға таратып қана қоймай, көмекке зәру журналистке қолдау көрсету ісін үйлестіруі тиіс.

Екіншіден, жас журналистер жоғары оқу орнында тек теориямен сусындап, тәжірибеден мүлдем хабарсыз болып шығады деп есептейді журналист Есенгүл Кәпқызы. Оның ойынша, соларға әдебиеттер ұсынып, ақыл-кеңес беру, оқыту жағынан көмектесуді осы ұйым аясына қолға алған жөн. Үшіншіден, журналистерді құқықтық және басқа да пайдалы ақпаратпен қамтамасыз ету ісін де осы ұйым негізінде шешуге болады. Бұл ретте Есенгүл Кәпқызы ортақ сайт, блок ашу идеялары бар екенін айтты.

Журналистердің халықаралық ынтымақтастық күні 1958 жылы Бухарест қаласында журналистік ұйымдардың 4 конгресінде белгіленген. Бұл күні 1943 жылы 8 қыркүйекте неміс басқыншыларының қолынан түрмеде азапталып өлтірілген чех журналисі, жазушы-антифашист Юлиус Фучикті еске алуға арналған.
XS
SM
MD
LG