Accessibility links

Алматы қалалық сайлау комиссиясының мәліметтеріне қарағанда, Қазақстан Сенаты депутаттығына үміткер 10 адамның тек 3-і ғана тіркелген. Оның біреуі - «Нұр Отан» партиясынан, қалғаны – өзін-өзі ұсынушылар.

Сенбі күні Қазақстан Парламенті Сенатының депутаттығына үміткерлерді тіркеу аяқталады. Ал әзірге үміткерлікке өтініш бергендердің басым бөлігі тіркеуден өте алмай отырғандарын хабарлады Азаттық тілшісіне Алматы қалалық сайлау комиссиясы қызметкері Зина Жалиева. Мысалы, Алматы қаласы бойынша сайлау комиссиясына 10 адам құжаттарын тапсырыпты. Олардың әзірге тек 3-і ғана тіркелген. Себебі, заң талабы бойынша, кандидат болып тіркелу үшін әуелі жергілікті мәслихаттардың бірнеше депутатының (4-дан 9-ға дейін) қолдауына ие болу керек. Бірақ ондай талапты әзірге 3 адам ғана орындағанын айтады Алматы қалалық сайлау комиссиясы қызметкері:
- Қалған өтініш білдірушілер сол депутаттардың қолдауын әкеле алмай жатыр. Егер оларды әкелсе, жарнасын төлесе, тіркеуден өте алады. Ал тіркеу ертең сағат түнгі 12-де аяқталады.
Тіркеуден өте алмай жүрген үміткерлердің бірі – «Табиғат» қозғалысының жетекшісі Мэлс Елеусізов. Ол Алматы қалалық мәслихат депутаттарының өзіне тіркелуге қажетті қол беруден бас тартқандарын айтады. Сондықтан, енді ол олармен сот алдында дауласуға даяр:
Эколог Мэлс Елеусізов өзіне қолдау білдірмеген мәслихат депутаттарымен соттаспақшы.
- Олардың істеп отырғаны - зорлық! Бәрі заңсыздық! Мен оларды келесі аптада сотқа бермекшімін. Онда мына тіркеуді жарамсыз деп тауып, оны қайта өткізу туралы талап қоймақпын. Алматы мәслихатының хатшысы және басқа жауапты адамдар заңның бұзылмауын қадағалап отыруы тиіс еді. Мен Президентке хат жазып едім, одан да жауап ала алмадым. Президент демалыста болғандықтан, өтініш қаралмай жатыр екен.
Алайда, Алматы қалалық мәслихатының аппарат басшысы Мақсат Анапин мәслихат депутаттары қолдау білдіруі үшін үміткер солардың сеніміне кіру үшін жұмыс жасау қажеттігін алға тартады. Ол Мэлс Елеусізовтің мәлімдемесін арзан саяси ұпай жинау үлгісі ретінде қабылдапты:
- Оның тағы айғай-шу көтергісі келгеніне қарағанда, ол заңды білмейтін сияқты. Немесе өзіне көңіл бөлінсе деп тілейді. Әйтпесе, ол әр депутатқа барып, өзіне қол беруі керектігін дәлелдеп, соларды сендіруі керек қой. Орталық сайлау комиссиясы төрағасының да, Үкімет басшысының да, ешкімнің де депутаттың қолын байлап, «Елеусізовке дауыс бер!» деп зорлауға құқысы жоқ.
Ал Қазақстан Республикасы бойынша үміткер ретінде өтініш берген 88 адамның тек 49-ы ғана тіркеуден өткендігін хабарлады жұма күні Азаттық радиосына Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық-талдау орталығының жетекшісі Григорий Кулеш. Ол үміткерлердің тең жартысына жуығының тіркеуден әлі өте алмау себебін білмейді:
- Бізге ақпаратты облыстық және Алматы мен Астана қаласының сайлау комиссиялары береді. Біз тек тіркеу біткен соң ғана кімнің не үшін тіркеуден өте алмағанын білеміз. Сонымен бірге үміткерлердің сапалық жағы, яғни, қандай партиядан екендігі де тек тіркеу біткен соң ғана анықталады.
Сенатқа үміткерлер ұсыну мерзімі қыркүйектің 3-інде аяқталған болатын. Депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылған 88 адамның отызы – «Нұр Отан» партиясының, біреуі – «Ақ жол» партиясының, біреуі – «Әділет» партиясының мүшесі, ал отыз екісі – ешқандай партияның мүшесі емес, жиырма үш адам - өзінің қандай партияға жататындығын көрсетпеген.

Қазақстанда Сенат депутаттарының кезекті сайлауы 2008 жылғы қазанның 4-іне белгіленген.
XS
SM
MD
LG