Accessibility links

11 қыркүйек оқиғасының 7 жылдығына орай Мұсылмандар Одағы "21 ғасырдағы ислам және діни экстремизм" атты мәслихат өткізуі тиіс еді. Алайда жергілікті билік ең соңғы сәтте жиынға тоқтау қойған.

11 қыркүйек күні өтуі тиіс жиынға бір ай бойы мұқият дайындық жасалыпты. Оған ғалымдар, АҚШ, Үндістан, Иран және тағы басқа елшілік өкілдері, үкімет пен Парламент мүшелері шақырылған болатын. Алайда сәрсенбі күні кешке кенеттен Астана қалалық әкімшілігі жиын өткізуге Астандағы Ұлттық кітапхана ғимараты берілмейтіндігін хабарлапты. "Сөйтіп, ертесінде жиналған шетелдік қонақтарды кері қайтаруға мәжбүр болдық", - дейді Қазақстан мұсылмандар Одағының төрағасы Мұрат Телебеков Азаттық радиосына.
- Мұның себебін біле алмадық. Әкімшілік оны түсіндіруден де, бізбен кездесуден де бас тартып отыр. Сондықтан бүгін біз Президент әкімшілігіне хат жазып жібердік. Қазір бұл мәселе тексеріліп жатқан тәрізді, - дейді ол Азаттыққа берген сұхбатында.
Мұрат Телебековтің сөзіне қарағанда, бұл бас қосуда діни экстремизммен күрес жолдары кеңінен талдануы керек еді. Оған қоса 11 қыркүйек оқиғасының биыл Рамазан айына тұспа-тұс келуі ескеріліп, Қазақстан мұсылмандар Одағы АҚШ-тағы мұсылмандарға көңіл айту арнап, Қазақстандағы АҚШ елшілігі республикадағы мұсылмандарды Рамазан мейрамымен құттықтауы жоспарланыпты.
Биылғы 11 қыркүйек оқиғасын еске алу Рамазан айына тұспа-тұс келіп отыр.
"Бірақ Астана әкімшілігі жиынды өткізуге ғимаратты бермеу арқылы Қазақстанның абыройын түсіріп, Қазақстан Президенті саясатын қаралады", - деп есептейді Мұрат Телебеков.
Астана қалалық әкімшілігінің ішкі саясат бөліміне хабарласқанымызбен, олардан түсініктеме алу мүмкін болмады.
Жиында баяндама жасауы тиіс болғандардың арасында Парламент депутаты, Мәжілістің халықаралық істер және қауіпсіздік комитетінің мүшесі Камал Бұрханов та бар. Ол Ұлттық кітапхана Астана қалалық әкімшілігіне қарамайтындығын тілге тиек ете отырып, жиынның аяқ астынан болмай қалуы түсініксіз дейді:
- Білмедім. Ұлттық академиялық кітапхана Мәдениет министрлігіне қарайтын болуы керек. Егер жиын ұйымдастырушылар оны жалға алған болса, әкімшіліктің онда қандай шатағы бар?!
Ал Қазақстан мұсылмандары Діни басқарамасының баспасөз-хатшысы Оңғар қажы Өмірбек Қазақстан мұсылмандар одағы үйытқы болған бас қосуға ғимарат берілмегенін құптайды. Өйткені, оның сөзіне қарағанда, Қазақстан мұсылмандар Одағы – мемлекеттік тіркеуден өтпеген заңсыз ұйым:

- Оны Астана әкімі Иманғали Тасмағамбетов жақсы біледі. Егер бұл ұйым заңды түрде тіркелген, дұрыс жұмыс істейтін болса, оған кім кедергі жасамақ?! Олардың дінге еш қатысы жоқ! Бұл ұйым діни емес, оппозициялық саяси ұйымға ұқсайды. Оларға жиын өткізуге рұқсат бермегені дұрыс болған. Әйтпесе, олар мұсылмандықтың беделін түсірер еді.
Қазақстан мұсылмандар Одағының ресми сайтында бұл бірлестіктің әлеуметтік, қайырымдылық және басқа да қоғамдық-пайдалы мақсаттарды көздейтін коммерциялық емес ұйым екендігі көрсетілген.
XS
SM
MD
LG