Accessibility links

Әскери сарапшылар Грузияны айыптайды


Оңтүстік Осетия жанжалы бойынша Қазақстан мүше болып отырған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік ассамблеясы кеңесі Грузияға, қазақстандық ұлттық қозғалыс өкілдері Ресейге кінә артып отыр.

Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік ассамблеясының кеңесі Грузияны осетин халқына қатысты геноцид жасады деп айыптады. «Осының бәрі гуманитарлық апатқа әкеп тіреді. Тбилисидің Оңтүстік Осетиядағы әскери іс-қимылдары жанжалға қатысқан тараптардың арасында саяси диалог мүмкіндігін үзді», - деп жазылған бейсенбі күні таратылған мәлімдемеде.
Ал Ресейдің өз әскерін Оңтүстік Осетия аумағына енгізуін олар бейбіт халық пен Ресейдің бітімгершілік күштерін қорғауға бағытталған «шұғыл шара» деп сипаттаған. Мұндай пікірді ең алдымен қазақстандық әскери сарапшылар қолдап отыр. «Ресей соғысты бастап, басқыншылық жасаған елді тоқтатуға тырысқаны дұрыс, - дейді Қорғаныс министрлігінің ғылыми орталығының сарапшысы Ким Серікбаев, - Ресей президенті өз әскерлерінің қойылған мақсатты дұрыс орындағанын айтты. Ал Грузия қанша демократия «жаулығын» жамылса да, іс-әрекеттері демократиялық емес. Қанша қан төгіліп, жетім-жесірлер қалды? Қанша адам қырылды?!»
Оңтүстік Осетияға кірген ресей танктері. 8 тамыз, 2008.
Ким Серікбаев тіпті Грузия басшылығын қантөгіс үшін жауапқа тарту жөніндегі бастаманы қолдайтындығын жасырған жоқ. Қазақстанның Запастағы Офицерлер Одағының төрағасы Айтқали Есенқұлов өзінің Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы мәлімдемесіне қосылып қана қомай, олардың бұл жанжал бойынша іс-әрекеттерін жоғары баға беріп отыр.
- Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына кіретін бір елге шабуыл жасау тұтас осы ұйымға шабуыл жасау екендігі уағдаластықта көрсетілген. Сондықтан, басқа елдер, оның ішінде Қазақстан да қолдау көрсетуі тиіс. Оңтүстік Осетияға Ресей бітімгершілік күштерін енгізу осы ұйымның шешімі болатын. Ал Грузия мұндай халықаралық мандатқа нұқсан келтіріп, бірінші болып шабуыл жасады. Сондықтан, Ресейдің де, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымының әрекеттері де дұрыс», - дейді ол.
Бұл уақытта Грузиядағы қантөгісті оқиғаға байланысты «Ұлт тағдыры», «Азат», «Желтоқсан ақиқаты» ұлттық қозғалыстары Ресей, Грузия, ТМД және әлем халықтарына арнап ашық хат жариялады.
«Ресейдің халықаралық қауымдастық мойындамаған Абхазия мен Оңтүстік Осетияны «Ресей азаматтарын қорғау» деген желеуімен шын мәнісінде өз қамқорлығына алуы грузин мемлекетінің территориялық тұтастығын ыдыратуға бағытталған іс-әрекет» - деп жазған қазақстандық ұлттық қозғалыс мүшелері.
Грузиядағы жағдайдың Қазақстанда да қайталану қаупі бар екендігін, сондықтан, одан тысқары қалғылары келмейтіндігін айтады «Ұлт тағдыры» қозғалысының жетекшісі Дос Көшім:
Грузияның Гори қаласындағы жанып жатқан бір пәтердің көрінісі, 13 тамыз, 2008.
- Грузияның территориясына Ресей әскері басып кірді. Өйткені, Оңтүстік Осетия да, Абхазия да – Грузияның құрамындағы елдер. Ресей өзінің елдерді жіктеу, бөліп алу саясатын жүргізіп отыр. Сондықтан, ондағы жағдайдың бізде де болуы мүмкін деген алаңдаушылық сезім бар.
Ресей саясаткерлерінің «Осетин халқын Грузия қырып жатыр, біз оларды қорғаймыз» деген сөздерінің бәрі алдамшы, жалған мәселелер. Дәл осындай сөздер кезінде Преднестровьеде де айтылған.
Дегенмен, Ресей Мемлекеттік Думасының спикері, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Парламенттік ассамблеясының кеңесі Борис Грызлов ресей ақпарт құралдары арқылы бұл ұйымның мәлімдемесі бойынша мүше елдердің барлығының ұстанымы бірдей болғандығын айтып, басқа елдердегі әріптестерін де оған құлақ қоюға шақырған.
«Бұл ұйымның мүшесі екеніміз мүшесі рас, - деді Парламент Мәжілісінің халықаралық істер және қорғаныс комитетінің мүшесі Уәлихан Қалижан оны қостап, - Грузия туралы күнде теледидардан көріп жатырмыз. Грузияның Оңтүстік Осетияны оқ астына алуы шындық қой?! Қарсы ақпарат беру кезінде көрсетілген телесюжеттерге қарағанда, Грузияның Оңтүстік Осетияны оқтың, бомбаның астына алғаны анық».
1992 жылдың мамыр айында құрылған Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан елдері мүше.
XS
SM
MD
LG