Accessibility links

Осыдан 15 жыл бұрын Қазақстан Республикасының тұңғыш қабылданған Конституциясы жайында сол кезде Жоғары Кеңес төрағасы болған Серікболсын Әбділдиннің пікірі


- Ол оқиға сол кезде қазақ халқы үшін, біздің мемлекетіміз үшін үлкен қуанышты жағдай болды. Өйткені, Кеңес Одағының құрамында жүргенде біздің республикамыздың Конституциясы Одақтық Конституцияның сарынымен жасалып, сол арқылы жұмыс істейтін. Ал бұл Қазақстан дербес мемлекет болып құрылған соң ең бірінші қабылданған Конституция болды. Оның өзі екі жылға таяу уақыт көптеген мамандардың еңбек жасауымен, сосын шетелдің көреген адамдарының пікірлерін сараптаумен дайындалды. Ол кезде мен сол Конституцияны әзірлеу жұмысының басынан бастап 1993 жылы 28-қаңтар күні Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесінде осы Конституцияны қабылдағанша үздіксіз қатысып, қал-қадірімше атсалыстым.

Дайын болған жаңа Конституция жобасын Жоғары Кеңесте талқылап, оны қабылдау жұмысы қаңтардың 24-інен басталып, бірнеше күнге жалғасты. Жалпы, Конституция қабылданып шыққаннан кейін дүниежүзінің білгірлері ол жөнінде өздерінің жақсы пікірлерін білдірді.

Ол Конституцияның ең бірінші ерекшелігі – мемлекет басқару жүйесін жік-жігімен жасауы еді. Яғни, заң шығарушы, атқарушы және сот биліктерін өз алдына бөлек орган ретінде, текше-текшесімен түзіп, олардың міндеттері және жауапкершілігін белгілеп берген Конституция болды.

Бір-ақ адам осыған қарсы болды – Нұрсұлтан Назарбаев. Оның аңсағаны Конституцияда биліктің барлық тармақтарынан жоғары орынға президентті қою еді. Ол «Қазақстан - президенттік республика болсын» деген бағытты сол кезде өзі Конституциялық Комиссияның төрағасы болып отырып, өзі ұсынғанымен соны өткізе алмаған еді. Бірақ, кейін жаңағы Конституцияны қабылдаған Жоғары Кеңесті таратып, өзі билікті алу үшін әлгі қабылданған Конституцияны да жойып, бүгінгі қолданыста жүрген Конституцияны өзі жазып қабылдатқызды.

Бұл қазіргі Конституция бір ғана адамның – ел президентінің мүддесі үшін ғана жасалған Конституция болып шықты. Әрине, оның ішінде мемлекет құрылысы, халықтың қамы жөнінде айтылған баптар бар, бірақ олардың барлығы қазір далада қалды, ешкім оған қарамайды. Бүгінгі басқару жүйесіне қарасаңыз бұл кісі монарх болды. Қазір елдің бәрі осы кісінің аузына қарап отырады, парламентте жоқ бізде - аты болмаса ісі жоқ, дербес жұмыс істейтін үкімет те жоқ, соттың да билігі өзінде емес.

Сөйтіп, өкінішке орай, біздің бірінші төл қабылдаған демократиялық Конституциямыз көп өмір сүре алмады.
XS
SM
MD
LG