Accessibility links

Грузияда екі жыл ғана істеген «ҚазТрансГаз–Тбилиси» компаниясын сату бойынша келіссөздер жүріп жатқандығы туралы ақпаратты Қазақстандағы Грузия елшілігі де, компания басшылығы да жоққа шығармайды.

«ҚазТрансГаз - Тбилиси» компаниясы әзірге байырғы ырғақпен жұмыс істеуде. Алайда, бұл кәсіпорынды сату бойынша келіссөздердің бар екендігі туралы әңгімені «ҚазТрансГаз - Тбилиси» АҚБ бас директоры Санжар Шоқатаев растады. Бірақ мәселенің анық-қанығын білу үшін ол Астанамен хабарласу қажеттігіне меңзеді. «ҚазТрансГаз» компаниясының баспасөз қызметінің өкілі Сәуле Жұмабаева бұл жөнінде өздеріне әлі ондай ақпарат түспегенін жеткізіп, «бәлкім, үкіметтік деңгейдегі келіссөздер өткен шығар» деп топшылады.
«ҚазТрансГаз - Тбилиси» компаниясының сатылатындығы жайында ақпаратқа компания қызметкерлері таңдана қоймағанымен, басқа қазақстандық сарапшыларды "кәсіпорынды кім және не үшін сатып алады?" деген сауал көбірек қызықтырады. Себебі, «ҚазТрансГаз» 2006 жылы Грузияның «Тбилигази» компаниясын сатып алған кезде «Қазақстан неліктен әбден тозығы жеткен, қаржылық жағынан қауқарсыз, банкрот мекемеге 12,5 миллион доллар құйды?» деген сұрақ туған. Сол кезде жергілікті ақпарат құралдарында мұның «саяси шешім» екендігі көбірек айтылған. Содан бері «ҚазТрансГаз-Тбилиси» компаниясының мәліметтеріне қарағанда, олар бұл елге 45,5 миллион АҚШ доллары көлемiнде инвестиция салған.
Соңғы Ресей-Грузия жанжалынан кейін Грузиядағы көптеген инвестициялық жобалары жабылып, «ҚазТрансГаздың» елге қайту қаупі бар екендігін айтқан бұған дейін Азаттық радиосына экономист Рахман Алшанов. Алайда, бұл компанияның сатылуы туралы мәселе жанжалға дейін-ақ көтерілгендігін алға тартады бұрынғы Қаржы министрі, экономист Ораз Жандосов. «Бәлкім, олар ондағы идеялары жүзеге аспай қалған соң экономикалық себептермен компанияны сатып жатқан болар. Екінші жағынан саяси жағдай да әсер еткен болар», - дейді экономист. Ол Грузиядағы саяси жағдай келіссөздерді тек жеделдетті деп топшылайды.
Алайда, «ҚазТрансГаз - Тбилиси» АҚБ бас директоры Санжар Шоқатаевтың пікірінше, бұл мекеменің экономикалық табыстылығы жайында баға беруге әлі ерте:

- Қазір мекемені қалпына келтіру кезеңінде жұмыс істеудеміз. Біздің мұнда қызмет еткенімізге екі-ақ жыл болды. Ал бұл инвестициялық бағдарлама 5 жылға есептелген. Бұл - сатып алып, қайта сататын жоба емес, коммуналдық саланы қамтиды, - дейді ол. «ҚазТрансГаз-Тбилиси» Грузияның іріп-шіріген газ жүйесін жаңарту үшін 2011 жылға дейін 100 миллион доллар салуды жоспарлаған.
«ҚазТрансГаз-Тбилиси» жақын уақытта қожайындарын айырбастауы мүмкін. Сатып алушы ретінде CEEMA Capital компаниясы аталуда», - деп жазды «Бизнес&Власть» басылымы тамыздың 25-і күні «Өз ойыншықтарыңды қайтарып ал» деген мақалада. Бұл компанияның ресми сайтында (www.ceemacapital.com) оның бас мекемесі Лондонда екендігі көрсетілген. Сайтта CEEMA Capital компаниясының тіпті де мұнай-газ саласында емес, негізінен ТМД елдерінде консалтингтік қызмет көрсетумен айналысатындығы жайында мардымсыз ақпарат берілген.
Газетте сондай-ақ Грузия басшылығының Қазақстан үкіметіне CEEMA Capital компаниясының ұмтылысын, оның ішінде «ҚазТрансГаз-Тбилиси» компаниясын сатып алу арқылы грузин экономикасына инвестиция құю ниеттерін құптайтындықтарын айтып үндеу жолдағандары жазылған. Бұл жөнінде Қазақстандағы Грузия елшілігі «ақпаратты жоққа шығармайтындықтарын да, оны растамайтындықтарын да» айтты. Дегенмен, Грузия президенті әкімшілігіндегі аты-жөнін айтпауды сұраған лауазым иесі «ҚазТрансГаз-Тбилиси» компаниясының сатылуы туралы келіссөздердің жүріп жатқандығын растады.
Қазір «ҚазТрансГаз-Тбилиси» компаниясында 20 қазақстандық қызметкер жұмыс істейді. Алайда, Ресей-Грузия жанжалы кезінде бұл компанияның 10 қызметкері отбасымен бірге барлығы 45 адам елге жедел қайтарылған. «ҚазТрансГаз» кәсіпорны «Ұлттық «ҚазМұнайГаз» компаниясының құрамына кіреді. Бұл мекеме елдегі 11 мың километрден артық газ құбырын бақылайды.
XS
SM
MD
LG