Accessibility links

Президенттікке үміткерлер "транзиттік президентті" көксейді


Жасарал Қуанышәлин, Оппозициялық саясаткер. Алматы, 15 қараша 2010 жыл

Жасарал Қуанышәлин, Оппозициялық саясаткер. Алматы, 15 қараша 2010 жыл

Транзиттік президент дегеніміз кім? Ол не үшін, я кім үшін қажет? Оппозициялық саясаткерлер бұл құбылысты тарихтағы ноу-хау деп білсе, сарапшылар транзиттік президент – сәтсіз идеялардың бірі дегенді айтады.


Дүйсенбі, қарашаның 15-і күні Алматыда тіркелмеген «Алға» партиясының кеңсесінде «Транзиттік президент – суперпрезиденттіктен парламенттік республикаға» (Транзитный президент – от суперпрезидентской республики к парламентской) атты тақырыпта дөңгелек үстел өтті.

ОТУНБАЕВА – ТРАНЗИТТІК ПРЕЗИДЕНТТІҢ ҚАРАПАЙЫМ ҮЛГІСІ

Бас қосудың негізгі спикерлері - 2012 жылы өтуі тиіс президент сайлауына бірігіп қатыспақшы «Жаса Азаттық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жасарал Қуанышәлин мен тіркелмеген «Алға» партиясының белсендісі Владимир Козлов болды.

Олар өздерінің ұсынып отырған «таранзиттік президентінің» Қазақстан үшін қажет екендігін түсіндіруге тырысты. Козлов мысал ретінде көрші жатқан Қырғызстанды атап өтті.

- Роза Отунбаева - транзиттік президенттің классикалық үлгісі. Ол уақытша деген түсінік емес. Ол, әрине, президент. Бірақ, ол елге қажетті заңнамалық реформаны жүзеге асырғанға шейін мемлекетті басқарып, алға қойған мақсаты орындалғаннан кейін қызметтен міндетті түрде кетуі тиіс президент. Ол тек мемлекетті тығырықтан шығаруға көмектесетін адам. Осы тұрғыдан алғанда Қырғызстан бар мүмкіндігін жүзеге асыра алды, - деді Владимир Козлов.

ТРАНЗИТТІК ПРЕЗИДЕНТТІҢ МИССИЯСЫ

Қазір Қазақстанда «хандық билік» қалыптасқандығын айтқан Жасарал Қуанышәлин, елге өзгеріс керек деп санайды. Осы жолда транзиттік президенттің рөлі аса маңызды екен.
Владимир Козлов, тіркелмеген Алға партиясының жетекшісі. Алматы, 15 қараша 2010 жыл

- Біздің ұсынысымыз (транзиттік президент жайлы – ред.) – азаматтық позициямыз. Бізді, әрине, қызықтыратын тақ емес, президент қызметі. Транзиттік президент миссиясы – тек қана заң шеңберінде әрекет ете отырып, қоғамды өзгертуге ықпал жасау. Бұл уақытша емес, өтпелі кезең болуы тиіс. Бұл – қазіргі суперпрезиденттік-хандықтан алдымен, президенттік–парламенттік, кейін парламенттік билікке өту кезеңі болуы тиіс, - дейді саясаткер.

Оның сөзінше, қазіргі режим билікті майшелпек көретіндіктен соған ұмтылатындарды өздері сияқты деп түсінеді.

- Билік, әрине, өз үлесін бергісі келмейді, ал біздің көздегеніміз тіптен ол емес. Біз қоғамды осы жағдайдан азат еткіміз келеді. Билікке тек пайда көру үшін ұмтылмау қажет. Сондықтан біздің жағдайымызда транзиттік президент – қалыптасқан жағдайдан шығудың бір жолы, - дейді Жасарал Қуанышәлин.

«ТРАНЗИТТІК ПРЕЗИДЕНТ - ӘЛСІЗ ТҰЛҒА»

Тәуелсіз журналист Сергей Дуванов саясаткерлердің елге өзгеріс қажет деген ойын құптайтындығын айтады. Дегенмен, ол іс жүзінде жүзеге аспайтын идея екендігін де жасырмайды.

- Володя (Козлов – ред.) мында айтып отыр ғой «біз бұлай істейміз, біз талап етеміз» деп, өкінішке орай сендер ешнәрсе де істей алмайсыңдар! Бұл сендердің бастамаларың маған ұнамағаннан емес, бұл жүзеге асырылмайтын іс. Біріншіден, Козлов пен Қуанышәлинді білетін бүгінгі билік, сендерге сайлауға қатыспақ тұрмақ, тіркелуге де мүмкіндік бермейді. Сондықтан сіздер «Егер біз билікке келсек, былай істегенді қалар едік» деп сөйлегендеріңіз жөн. Ал екіншіден, транзиттік президент сайланбайды, оны тағайындайды. Әрі ол әдетте әлсіз тұлға болады. Тарихты оқыңыздар, - деп кеңес берді Дуванов.
Сергей Дуванов, тәуелсіз журналист. Алматы, 15 қараша 2010 жыл

Ол сонымен қатар, транзиттік президенттің басшылықта отыратын уақыты да біршама сұрақтар тудыратындығын айтады.

- Транзиттік президенттің мақсаты - мемлекетті бір жағдайдан екінші күйге көшіру. Бірақ көшіру дегеніміз не? Тарихқа қарасақ, Польшада транзиттік кезең 10 жылға созылды. Сондықтан сендердің айтып отырғандарыңды жүзеге асыру, демократиялық жолмен жүзеге асыру үшін 5-10 жыл қажет. Тарихтан тек диктаторлар ғана мәселені 5-6 жылда шеше алатындығын байқаймыз. Мәселен, Саакашвили, - дейді журналист.

Қатысушылар идеяның жақсы екендігін, бірақ шикі тұстардың әлі де көп екендігін айтып жатты.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG