Accessibility links

Нүкіс абақтысындағы 27 қазақстандықтың жағдайын туыстары да, қазақ дипломаттары да біле алмай отыр


Нүкістегі тергеу абақтысында жатқандардың туыстары оларды босатуға жәрдем сұрап, ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне келіп тұр. Ақтөбе, 20 сәуір 2009 ж.

Нүкістегі тергеу абақтысында жатқандардың туыстары оларды босатуға жәрдем сұрап, ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментіне келіп тұр. Ақтөбе, 20 сәуір 2009 ж.

Қазақстанның 27 азаматының өзбек заң органдарының қолына түскеніне екі ай толды. Әзірге Нүкістегі тергеу абақтысында жатқандарды босату әрекеттері нәтиже бермеді. Сонымен қатар, өзбек тарапының қандай заң бұзушылықтарға қатысты айыптайтындығы және олардың көрші елдің аумағына не үшін барғандығы да толық анықталмай отыр.

ҚАЗАҚ КОНСУЛЫ ӨЗБЕК ТАРАПЫНА НАРАЗЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

Қазақстанның Ташкенттегі консулы Бабур Дәуренбек Нүкісте тергеу абақтысында жатқан 27 қазақстандық азаматпен кездесе алмай отырғандығы туралы ақпаратты дүйсенбі күні ҚазТАГ агенттігі таратқан болатын. Консулдың мәлімдеуінше, тұтқындалған қазақстандықтардың жағдайы туралы ол ешнәрсе білмейді. Осыған байланысты қазақ консулы Өзбекстан жағына ауызша түрде наразылық танытты.

Алайда, Қазақстан Сырты істер министрлігінің арнайы өкілі Ержан Ашықбаев, сәуірдің 28-інде Азаттық радиосына берген сұхбатында, Ташкенттегі консулдың айтқандары тек соңғы бес күнге қатысты мәлімет екендігін және де елшілік өкілдері абақтыдағы тұтқындармен бұған дейін кездескендігін мәлімдеді.

– Мен қазір біздің консулымыздың айтқан сөздерін жоққа шығармаймын. Консулдың айтқаны соңғы бес күнге ғана байланысты болып отыр. Бұрындары біздің елшіліктің қызметкерлері бұл кісілермен кездескен болатын. Бұл мәселе бойынша біз өзбек тарапымен тиісті келіссөздер жүргізіп жатырмыз. «Заңдарды білмеу жауапкершіліктен босатпайды» деген қағида бар. Мәселе құқықтық негізде шешілетін болады. Оған Қазақстандағы барлық мүдделі мемлекеттік органдар ат салысуда, – деді министрліктің арнайы өкілі Ержан Ашықбаев Азаттыққа.

ІСТІ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК КОМИТЕТІ ҚАРАП ЖАТЫР

Бұдан бөлек, сөз болып отырған мәселені Қазақстан ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері де қарастырып жатқаны белгілі болды. Ақтөбе облысындағы Бозой ауылының әкімі Нұрмұхамбет Нұртаевтың Азаттық радиосына хабарлауынша, сәуір айының басында ұлттық қауіпсіздік комитетінің өкілдері Нүкісте отырған азаматтардың ізімен осы ауылға келіп кетіпті.

– Жақында комитеттің адамдары ауылдың халқынан сұрау салды. Тұрғындар олар туралы білмейді. Олар бұл ауылға соқпаған. «Бұхара-Орал» газ магистралы осы ауыл арқылы өтеді. Жергілікті халық газ айдағыш станцияда жұмыс істейді. Магистрал арқылы өзбек газы Қазақстанның екі облысы мен Ресейге жеткізіледі. Сондай-ақ, бұл жерде жаңа газ кеніштерін игеру мен іздеу жұмыстарын жүргізетін мекемелер құрылып жатыр. Соған байланысты бұл жерде үнемі трубалар арлы-берлі тасылып жатады. Ал, өндірістің ішкі жұмысымен біздің ауылдың шаруасы жоқ, – деді ауыл әкімі Азаттық тілшісіне.

Оның айтуынша, қазақ-өзбек шекарасы бұл ауылдан шамамен 50 шақырым жерде жатыр. Соған қарағанда, Ақтөбе қаласынан жалданған жұмысшылар Маңғыстау облысына қарасты Бейнеу қалашығына қарай бет түзеген болса керек, деп топшылайды Нұрмұхамбет Нұртаев:

– Бейнеуге біздің ауыл арқылы өтетін жолмен жүрген ыңғайлы. Бейнеуде де біздегідей әртүрлі мұнай-газ нышандары бар. Олар сол істен шыққан трубалар алып келеуге шыққан сияқты ғой. Бірақ, қарлы боранның салдарынан адасып, өзге елдің шекарасына өтіп кеткен секілді. Бізге жеткен ақпарат осындай.

ЖАЛДАМАЛЫ ЖҰМЫСШЫЛАР ҚАЗАҚ-ӨЗБЕК ШЕКАРА АУМАҒЫНДА НЕ ІЗДЕГЕН?


Алайда жұмысқа жалданған 27 азамат Бейнеуге бармақ болған деген болжамды Нүкістегі тергеу абақтысында отырғандардың туған-туыстары жоққа шығарады.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Набат Демесінованың айтуынша, қаладағы жалдамалы жұмысшылар тұратын мекен – «құл базарына» барып жүрген оның зайыбы Батырбек Әбілов ақпанның 20-ы күні Шалқар ауданының Бозой ауылынан темір-терсек жинауға кететіндігін хабарлаған. Ал, мұндай ұсынысты жалдамалы жұмысшыларға Жәнібек есімді кісі жасаған екен.

Соның ұйымдастыруымен 30-ға тарта жалдамалы жұмысшы бірнеше жүк көліктеріне мініп, Шалқар бағытымен жолға шыққан. Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің мәліметі бойынша, оларды Өзбекстан аумағында ақпанның 27-і күні, яғни Ақтөбе қаласынан шыққан күннен бір жетіден кейін ұстап, Нүкістегі тергеу абақтысына жеткізген.

Әзірге бұл жұмысшылардың бір апта көлемінде қазақ-өзбек шекарасы аумағында не іспен шұғылданғаны белгісіз. Сондай-ақ, оларға қарсы іс қозғаған өзбек заң органдарының 27 қазақстандықты не үшін айыптап отырғандығы туралы да еш ақпарат жоқ.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің арнайы өкілі Ержан Ашықбаевтың айтуынша, тергеу абақтысында жатқан қазақстандықтарға тағылып отырған басты айып – «өзге елдің аумағына заңсыз өту» фактісі.

– Олар шекараны біліп өтсе де, білмей өтсе де заңды бұзу фактісі орын алды. Бұл тақырыпты саясиландырудың қажеті жоқ. Шын мәнінде, бұл кісілер кем дегенде бір заң бұзушылықты жасады. Мәселені ушықтырудың қажеті жоқ, – деді Ержан Ашықбаев.

Бұған дейін Қазақстанның билік органдары 27 азаматтың Нүкісте тергеу абақтысында жатқандығын сәуір айында, яғни олардың ұсталғанына бір айдан астам уақыт өткенде ғана естігендігін хабарлаған болатын.
XS
SM
MD
LG