Accessibility links

2012 жылғы президент сайлауының жарты жолында партиялардың көпшілігі митингіден бас тартты


Президент сайлауына төрт жылға жетер-жетпес уақыт қалғанда «Нұр-Отан» партиясы сайлауалды жұмыстарын ресми түрде бастайтындығын жария етті. Бұл өзі әлемдік тәжірибеде болмаған жай.

«2012 жыл ел үшін электоралды жыл, сондықтан біз бұл науқанға қазірден бастап даярлана бастағанымызды бүкіл қоғамға, барлық саяси институттарға мәлімдегіміз келеді», - деді партия төрағасының бірінші орынбасары Дархан Қалетаев наурыздың 12-сі күні парламент депутаттарымен болған кездесуінде.

Әдетте билік партиясы қарсыластарын «ерте бастан билікке ұмтылуда» деп кінәлауды негіз ету үшін әлгіндей мәлімдемені ең соңғы сәтке дейін созады. Сайлауға тым ерте қамданып, асығыс қадамдар жасау әркезде өзіне деген сенімсіздік пен күйгелектіктің белгісі деп есептеледі.

Бәлкім, Нұрсұлтан Назарбаевты алдағы сайлауда Қазақстанның президенті болатын бірегей тұлға ретінде өзін қолдауға жұртты үгіттеуге итермелеген бір себептер бар шығар. Мүмкін, бәсекелес бола алатын кез-келген әлеуетті қарсыласты жөргегінде тұншықтырмақ ниет болар.

Президенттің «Нұр-Отан» партиясы, басшысының көңіліндегі қобалжуды байқап, бірден қуатты қоғамдық-саяси бастаманы көтерсе керек. Партия жаңа, ауқымды партиялық доктринаның даярланып жатқандығы туралы ескертті. Мамандар мұндай бастамалардың насихаттық сипатын ескере отырып, бұдан соң қандай жаңалық болады деп сұрайды. Сайып келгенде, бұрынғы ескі атаулының өңін айналдырып жазып шығып, су жаңа етіп көрсетуге де болады ғой.

Бірақ, бір нәрсенің өзгермейтіні анық: партиялық доктринаның авторлары қызыл тілдерін безеп, бұрынғы президент жаңа президент болады деген жорамалды қорғайды, тек сол ғана. Әзірге жазыла қоймаған болашақ жаңа партиялық доктринаның даярлану барысы бастан-аяқ осы принципке бағынады. Бұл үшін бүкіл партиялық, қажет болса, мемлекеттік, қаржылық қорлар түгелдей жұмылдырылатындығы сөзсіз.

Биліктің 2007 жылы Конституцияға президенттік мерзімді жеті жылдан бес жылға кеміткен түзету енгізгеніндей, қазіргі кезде елдің мемлекеттік құрылымдарын демократияландыру жүріп жатыр деген тұрғыдағы көзалдау әрекеттеріне оппозициядағылар илана қойған жоқ. Оның үстіне, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке өзіне сайлауға түсу мүмкіндігін шектемейтін өзгерістер Конституцияға енгізіліп, бекітілді. Яғни, президент сайлауына қанша рет түсем десе де оның өз қалауында. Осының жанында әлгіндей өзгерістер күлкілі көрінеді.

Сайлауалды науқанының басында тұратындығын мәлімдеген «Нұр-Отан» партиясы (Нұрсұлтан Назарбаев деп оқысаңыз да болады) қоғамға босаңсуға мүмкіндік бермей, тағы бір бастаманың шетін шығарды. Бұл жолы биліктің басты назары оппозицияға ауған. Президенттік «Нұр-Отан» партиясы экономикалық дағдарыс кезеңінде әлеуметтік және саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету туралы меморандум деп аталған құжатқа қол қою жөнінде оппозициялық партияларға ұсыныс тастады.

Бұл құжатты оппозициядағылар түрліше қабылдады. Біреулері меморандумды бірден қолдауға асықты. Олардың әуел бастан осы шешімге келетіні сөзсіз еді. Екіншілері, егер бұл ұсынысты қабылдаса, онда олардың қазіргі таңда билікке ықпал етер жалғыз тетігі болып табылатын түрлі қарсылық акцияларынан – демонстрациялар, пикеттер, ереуілдер өткізу мүмкіндігінен айрылып қалатындығынан қауіптенді. Ал, дағдарысқа қарсы билік ұсынған меморандум олардан осыны талап етеді. Оппозицияға ешқандай бас көтерулер жасамау және ондай шараларды өткізуге үгіттемеу туралы ұсыныс жасалып отыр.

Бастапқыда бірқатар партиялар «Нұр-Отан» ұсынған бұл меморандумға қол қоймайтындығы жөнінде бірден мәлімдеген еді. Бұлар – «Азат», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП), Қазақстанның Коммунистік партиясы, «Ақ жол» және «Әділет» партиялары.

Өткен жұма күні, 13-ші наурызда, президенттік «Нұр-Отан» партиясы ұсынған меморандумға күткендегідей, «Нұр-Отан», «Руханият», «Ауыл», Қазақстан патриоттары партиясы және Қазақстан халықтық коммунистік партиясы, сонымен қатар, «Әділет» партиясы қол қойды, ал «Ақжол» партиясы саяси кеңесін өткізгеннен кейін меморандумға қосылады деп хабарланды. Байқап қарасаңыз, о баста меморандумға қарсы болған кейбір партиялар енді қолдаушылар қатарынан табыла кетті.

«Азат», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия мен Қазақстан Коммунистік партиясы, 17-ші наурызда, «Нұр-Отан» ұсынған меморандумға қатысты бірлескен ұстанымдарын жариялады. Олардың пікірінше, меморандумның мазмұны, сөз жүзінде, қоғамды біріктіру жайында болғанымен, шынтуайтында авторитаризмді одан әрі нығайтуға бағытталған. Іс жүзінде, елдегі бүкіл саяси және экономикалық билік тек қана Назарбаевтың қолына шоғырланған дейді оппозициялық партиядағылар.

«Нұр-Отан» партиясының басшылығы болса болашақта басқа да партиялардың меморандумға қол қоятындығына сенімді және оны жасырмайды да. Бас тартқандарды келісімге немен, қайтіп көндіретіндігін уақыт көрсетер. Биліктегілер, мәселен, меморандумға қол қоймаған «Азат» партиясының жетекшісі Болат Әбілевтің дәлел-дәйегін қалай жеңер екен?

Бір сұхбатта мәлімдегеніндей, Б.Әбілевтің келіспеуінің басты себебі мынада: «меморандум – түрі жағынан да, мазмұны жағынан да іші қуыс бос құжат. Әсіресе, біз митингілер мен пикеттерге тыйым салу туралы ережемен келіспейміз. Экономикалық дағдарыс дендеп келеді. Ойлап қарасақ, барлық жауапкершілікті «Нұр-Отан» партиясы көтеруі керек. Ал, бүкіл ел оның «ақыл-ойы мен ар-ожданына» сенім артуы тиіс. Бірақ, билеуші партия жауапкершілікті бір өзі емес, ұжыммен бірге көтергісі келеді. Оның соңы ұжымдық жауапсыздыққа ұласып кетері сөзсіз. Сондықтан, біздің филиалдарымыз бұл меморандумға қол қоймады».

Уақыт өткен сайын режимнің жаңа қарсыластары пайда болып, басты жағдай неден туындағанына олардың көздері жете бастады. Болат Әбілев айтқандай, билік өзін-өзі сенімнен біржолата шығарып болды. Әйтпегенде, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы қабылдаған адам құқын қорғау жөніндегі міндеттемелерді алға тартқан оппозициялық «Алға» партиясының бастамасына не деуге болады?

Үндеудің басында партия былай дейді: «2010 жылы біздің еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалығы қарсаңында біз, азаматтық қоғам мен демократиялық оппозиция өкілдері, билік тарапынан жалғасып келе жатқан заңдық және саяси сауатсыздықты ел үшін бұдан әрі төзуге болмайтын, ұят жағдай деп есептейміз. Адамның бейбіт жиындар өткізу құқығы, адамның тағы бір құқығын – өз пікірін білдіру еркіндігінің ажырамас шарты болып табылады. Жиын өткізуге еркіндік құқығы, демократияның шынайы негіздерінің бірі ретінде, ЕҚЫҰ шеңберіндегі міндеттемелерде бекітілген. Солай бола тұра, мемлекет бұл құқықты реттеу арқылы, іс жүзінде адамдардың жиын өткізу құқығын жүзеге асыруына жиі кедергі жасайды».

(Мақалада журналист Александр Народецкийдің жеке көзқарасы білдірілген, ол Азаттық радиосының ұстанымымен сәйкес келмеуі де мүмкін).
XS
SM
MD
LG