Accessibility links

Кеңесшісі Назарбаевтың 2012 жылы президент сайлауына түсетінін хабарлады


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев.

Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы кезекті президент сайлауына түседі. Бұл туралы «Свобода слова» газетіне берген сұхбатында президенттің саяси мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев айтқан.

«Қыркүйектің 3-і күні мен ел президентімен кездесіп, тыңылықты әңгімелестік. Қазақстан Республикасының президенті және ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев 2012 жылы өтетін президент сайлауына өз кандидатурасын ұсынбақ ниетте», – деген Ермұхамет Ертісбаев «Свобода слова» газетіне.

Президент кеңесшісі Қазақстанда 2012 жылы президент сайлауының орнына референдум өтуі мүмкін екені туралы айтылып жүрген болжамды жоққа шығарып, «оның барлығы – қауесет» деп айтқан. Ол алдағы сайлауда Нұрсұлтан Назарбаевтың жеңіске жететіндігіне және жаңа онжылдықты онымен бірге өткеретіндігіне сенімді екенін білдірген.

Сонымен бірге, Ермұхамет Ертісбаев алда-жалда Нұрсұлтан Назарбаев президент сайлауына түсуден бас тарта қалған жағдайда, онда «ұлт көшбасшысы туралы заң ережелері толыққанды іске асырылатын болады» деп айтқан.

Қазақстанда биыл маусым айында бірқатар конституциялық заңдарға жаңадан енгізілген өзгерістерге сәйкес, президент Нұрсұлтан Назарбаевқа ұлт көшбасшысы мәртебесі беріліп, оның жеке басы мен отбасы мүшелеріне артықшылықтар заң жүзінде бекітілген болатын.

Биыл 70 жасқа толған Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанда билік басында отырғанына жиырма жылдан асты. Ең алғаш рет Қазақ ССР Жоғары кеңесі Назарбаевты республика президенті қызметіне 1990 жылы сәуір айында сайлаған-тын.

Ал 1991 жылы желтоқсанның 1-і күні бүкілхалықтық сайлауда ол тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш президенті болып сайланды.

1995 жылы сәуір айында өткізілген референдум нәтижесі бойынша Назарбаевтың президенттік өкілеттілігі 2000 жылға дейін ұзартылды.

Бұдан соң 1999 жылы қаңтарда алғаш рет балама негізде өткен президент сайлауында дауыс бергендердің 79,78 пайыз қолдауына ие болған Назарбаев жеңіске жетті.

Ал 2005 жылы желтоқсанда президент сайлауында Нұрсұлтан Назарбаев осы қызметке жаңа мерзімге қайта сайланды. Ресми мәлімет бойынша, оған дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 91,15 пайызы қолдау білдірген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG