Accessibility links

«Бір адамның билікте ұзақ отыруы - қоғамдағы процестерді тежейді»


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 1 маусым 2010 жыл

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Астана, 1 маусым 2010 жыл

2012 жылы Қазақстан президенті сайлауына Нұрсұлтан Назарбаевтың түсуге ниеті бары туралы оның кеңесшісінің сөзі қоғамда түрлі пікір туғызып отыр. Қолдаушылар Назарбаевтың жеңіске жететіндігіне шүбәланбайды. Авторитарлық билік сайлауды ескі әдетімен өткізеді дейді оппозиция өкілдері.


Қыркүйектің 16-сы күні «Свобода слова» газетінде шыққан сұқбатта Қазақстан президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев 2012 жылы президент сайлауына Нұрсұлтан Назарбаевтың тағы да түскелі отырғанынан жұртшылықты хабардар етті.

Кеңесші елде президент сайлауы заң бойынша межелеген мерзімде өтетінін айтады.

– Сайлау болады. Ешкім Негізгі заң – Конституцияны жоққа шығара алмайды. Президенттің өкілеттігін ұзарту немесе оны өмір бойы осы қызметте қалдыруға қатысты референдум болмайды. Оның бәрі – қауесет, – деді Ермұхамет Ертісбаев.

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай Назарбаевтың 2012 жылғы президенттік
«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының төрағасы Жармахан Тұяқбай. Алматы, 14 қазан 2009 жыл.
сайлауға қатысып, жеңіп шығатынына еш күмән келтірмейді.

– Соңғы Конституцияға енгізілген өзгерістер бойынша президент сайлауға қанша рет түсем десе де, құқығы бар. Оның сайлауға түсетініне мен ешқашан күмән келтіргем жоқ. Президент жүз рет түсе ме, он рет түсе ме, сайлауға қатысуға оған ешқандай шектеу жоқ. Бұған қатысты Конституцияға өзгерістер енгізілген. Бүгінгі билік жүйесінде бұл мәселе түбегейлі шешілген, – деді Жармахан Тұяқбай Азаттыққа.

– Назарбаевтың алдағы сайлауда жеңіске жететініне, халықтың қолдауына ие болатынына сенесіз бе?

– Біздегі сайлаудың қалай өтетінін соңғы 4-5 жылда болып жүрген сайлаулардан жақсы білеміз ғой. Билікке балама үміткер 99 пайыз дауыс алса да, атын аударып, 99 пайыз басқа адам алған болып шыға келеді.

«Жаса Азаттық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жасарал Қуанышалин. Алматы, 11 мамыр 2010 жыл.
Алайда, «Жаса Азаттық» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Жасарал Қуанышалин Ертісбаевтың мәлімдемесінің артында қулық жатуы ықтимал деген күдігін айтады.

– Ертісбаевтың сөзі халықты алдарқату амалы болуы мүмкін. Президент кеңесшісінің сөзіне сене беруге болмайды, бұл сайлау тіпті болмай қалуы да әбден мүмкін. 2012 жыл жақындаған сайын билік соған қамданып жатыр. Референдум өткізу-өткізбеу, ол әлбетте, солардың қолында. Керек болса, тап қазір жариялап, өздеріне қажетті қорытындыны қолдан жасап, өткізеді де жібереді. Сондықтан «сайлау болады» немесе «болмайды» деп кесіп айтуға келмейді. Ертісбаев мұны тапсырмамен де айтуы мүмкін. Жұртты солай алдай тұр, адастыра тұр деген сияқты. Талай рет осылай болған да, – дейді Жасарал Қуанышалин.

Ал президент Назарбаевтың басшылығындағы «Нұр Отан» партиясының жанындағы коррупцияға қарсы республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы, сенатор Оралбай Әбдікәрімов сайлауда Назарбаевтың жеңіске жететіндігіне шүбәланбаса да, сайлаудың өтетін мерзіміне қатысты дүдәмал ойда.

– Қазір болжау қиын ғой. Әлі екі жыл уақыт бар. Республикада, қоғамда қандай жағдай болады... Дегенмен Назарбаевтың халық
Саясаттанушы Айдос Сарым. Алматы, 2 қараша 2009 жыл.
арасындағы беделін білесіздер. Егер сайлауға түсетін болса, оны халық қолдайды, – деді сенатор.

Саясаттанушы Айдос Сарым Қазақстанда бір адамның ұзаққа созылған билігі елдің ішкі саяси-қоғамдық ахуалына кері әсер еткенін айтады.

– Назарбаевтың ұзақ уақыт билікте отыруы кейбір процестердің тоқтап қалуына, олардың кері қайтуына ықпалын тигізіп отырғаны анық. Экономиканың дамуына, басқасына да, тіпті күнделікті әрбір азаматтың әл-ауқатының өсуіне кері әсерін тигізіп жатыр. Сондықтан бұл аса жақсы шаруа емес. Негізі элиталардың 5-10 жылда ауысып тұрғаны қоғам ішіндегі ақыл-ойдың, сананың өсуіне үлкен ықпал тигізетінін ескеруіміз керек, – деді саясаттанушы.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG