Accessibility links

Американың тарихи президенті қызметіне кірісті, қазақстандық сарапшылар оның сөзі мен ісіне өзіндік баға беруде


Барак Обама қызметке кіріскен бірінші күні президент ретінде алғашқы құжатқа қол қоюда.
Барак Обама қызметке кіріскен бірінші күні президент ретінде алғашқы құжатқа қол қоюда.

АҚШ-тың жаңадан сайланған 44-ші президенті Барак Обаманың инаугурация салтанатында сөйлеген сөзіне қазақстандық сарапшылар түрлі баға беріп отыр. Бірі Американы оң өзгерістер күтіп тұр және ол Қазақстанға да әсер етеді десе, өзгелері Қазақстан үшін ешнәрсе өзгере қоймас деген болжамдар жасады.

Сейсенбі күні ұлықтау рәсімін өткізген АҚШ-тың 44-ші президенті Барак Обама бұл күндері жұмысына кірісіп кетті. Инаугурация кезіндегі 20 минуттық мәлімдемесінде Барак Обама: «Экономиканың тұрақсыздығына атүсті жасалған шешімдер себеп болды, енді жауапкершілік заманы келді. Американы қалпына келтіру үшін көп еңбек керек, тіпті әлдекімдерді құрбан етуге дейін баруымыз мүмкін», - деді.

Сонымен қатар, ол «Әлем өзгерді, енді біз де өзгеруге тиіспіз. Әлемдегі барлық халық пен мемлекеттер білуі тиіс: Америка – кез келген елдің досы» – деп атап өтті.

Қазақстандық сарапшылар бұл сөзді АҚШ-тың алдағы жылдары жүзеге асатын сыртқы саясатындағы басымдықтарының бірі деп ұғу керек деп отыр. «Ұлт тағдыры» қозғалысының мүшесі Болат Дүйсенбінің пайымдауынша, Барак Обама жұмысына кірісе салып көптеген оң өзгерістер алып келуі мүмкін.

- Мұндағы ең бір атап өтер жайт, расында бұған дейінгі Америка президенттерінің бірде- бірінің айтпаған мәселесі айтылды. Барак Обама өз сөзінде «барлық мемлекеттер тең құқылы» дегенді айтты. Оның өзі үлкен өзгеріс, - деді ол.

Барак Обама «мұсылман елдері өзара сенім мен құрмет тұрғысында алға даму керек. Жау іздеу – басты мақсатымыз емес. Бізді жаңа жауапкершілік дәуірі күтіп тұр», - деді өз сөзінде. Осыған байланысты Болат Дүйсенбі төмендегідей пікір білдірді:

- Менің ойымша, ол халықаралық қатынастарды жақсартуға үлкен үлес қосары сөзсіз. Олай дейтінім, Палестина мәселесі жайында комиссия құруының өзі, соған жауапты адам тағайындаймын дегенінің өзі үлкен жетістік. Сондықтан, біраз мұсылман елдерімен Американың арасындағы қарым-қатынастар жақсы сипат алуы мүмкін.

Ал, «Мәдениет» журналының редакторы Мырзан Кенжебай Американың әсіресе сыртқы саясатында айтарлықтай өзгеріс жасауға жаңа президенттің шамасы келмейді деп санайды.

- Барак Обама мына үшінші әлем елдеріне және тағы басқа мемлекеттерге жылы қабақ танытуы мүмкін. Алайда оның қолында тұрған ешнәрсе жоқ. Нақты бір өзі Американың саясатын өзгертіп жібере алады дегенге мен сенбеймін, - деді М.Кенжебай.

«Азат» партиясы төрағасының орынбасары Маржан Аспандиярова болса, өзгерістердің болары даусыз дейді:

- Обаманың айтқан сөздерінен бір нәрсені байқауға болады: Америка қайткен күнде өзінің демократиялық бағытынан таймайды. Үлкен өзгерістер болады, ал одан Қазақстанға келіп-кетер ешнәрсе жоқ.

Жаңа президентті ұлықтау рәсімінің алдында Барак Обама миллиондаған америкалықтар жұмысын жоғалту алдында тұрғанын айтып, «бірақ, бұл дағдарыстан алдағы бір-екі жылда толықтай шыға алатынымызға уәде беремін» деген еді. «Ұлт тағдыры» қозғалысының мүшесі Болат Дүйсенбінің айтуынша, экономикалық тұрақтылықты сақтап қалу қазіргі таңда Америка үшін ең маңызды мәселелердің бірі болып отыр.

- Американың экономикасын дағдарыстан шығару, оны нығайту - ол әлемдегі өздерінің ықпалын одан әрі жалғастыра беру деген сөз ғой. Бірақ, соның өзінде де көптеген мәселелерді халықаралық жағдайларды ескере отырып жасаса, жағдай жаман болмас деген ойдамын.

Америка Құрама Штаттарының жаңа президенті қысқа уақыт ішінде ел экономикасын тұрақтандырып, Гуантанамо түрмесін жабуды және Ирақ пен Ауғанстандағы қарулы күштердің қатарын мейілінше азайтуды қолға алмақ.
XS
SM
MD
LG