Accessibility links

Барак Обама Ресей халқына ұнады, ал Кремльдің жөні басқа


АҚШ пен Ресей президенттері Барак Обама (сол жақта) мен Дмитрий Медведев екі елдің іскерлер тобымен кездесуден кейін қол алысып тұр. Мәскеу, 7 шілде, 2009 жыл.

АҚШ пен Ресей президенттері Барак Обама (сол жақта) мен Дмитрий Медведев екі елдің іскерлер тобымен кездесуден кейін қол алысып тұр. Мәскеу, 7 шілде, 2009 жыл.

АҚШ президенті Барак Обама осы аптада бірінші рет Ресейге келді. Өзінің кездесулері мен сөйлеген сөздерінде Обама Ақ үй мен Кремльдің қарым-қатынасын жаңадан құруға тырысып бақты. Азаттық тілшісі АҚШ президентінің Мәскеуде қандай әсер қалдырғанын хабарлайды.

Осыдан 4 жыл бұрын Барак Обама Мәскеуге алғаш рет аяқ басқанда ол бір алыс әуежайда ұзақ уақыт кідіріп қалды. Ол кезде Иллинойс штатынан жаңа сайланған демократ-сенатор Республикалық партияның сенаторы Ричард Лугармен бірге химиялық қарудың қалай жойылып жатқанын бақылап, Ресейді аралап жүрген еді. Сол жолы сенатор Лугар Ресейді «бір қолы не істейтінін екінші қолы білмейтін берекесіз ел» деп сипаттаған болатын.

Обаманың бұл жолы көргені тіпті басқа болды.

АҚШ президенті Барак Обама (сол жақтан үшінші) Ресей оппозициясының көсемдерімен кездесуде. Мәскеу, 7 шілде, 2009 жыл.
Өткен дүйсенбі күні Кремльдің алтын жалатылған залында Ресей президенті Дмитрий Медведев Барак Обамамен кездесуін мақтағанда сөзін аямады, бұл кездесу бүкіл әлемге ықпал етеді деп мәлімдеді.

«Өте пайдалы, өте ашық әрі тиянақты әңгіме болды. Бұл, еш күмән жоқ, біздің елде де, Америка Құрама Штаттарында да көптен күткен кездесу болды және біздің елдеріміздің болашағы ғана емес, көбіне бүкіл әлемнің даму келешегі де осы кездесуге байланысты болады», - деп мәлімдеді Дмитрий Медведев.

Ресми Вашингтон болса, Обаманың сапары АҚШ-тың ұлттық мүддесі үшін Ресеймен арадағы қарым-қатынасын қайта қалыптастыруды көздейді деп жариялады.

Кремльдің іргесіндегі көрме залында бизнес-мектебінің түлектеріне дипломдарын тапсыру салтанаты кезінде Ақ үйдің сыртқы саясаты туралы сөзінде Обама, өз сөзімен айтқанда, «Мәскеудің ескірген көзқарасын» сынға алды.
Ұлы империялар тәуелсіз елдерге шахмат тақтасындағы ойын деп ретінде қарайтын күндер өтті-кетті деп атап көрсетті Барак Обама.


«Бұл көзқарас дұрыс емес. 2009 жылы ұлы мемлекет өзге елдерге тізесін батырып немесе шеттетіп күшін көрсетпейді. Ұлы империялар тәуелсіз елдерге шахмат тақтасындағы ойын деп ретінде қарайтын күндер өтті-кетті», - деп атап көрсетті Барак Обама.

АҚШ президенті Грузияны мысалға келтірді. Өткен жылы Ресейдің Грузияға басып кіруі Кремль мен Вашингтонның қарым-қатынасын «қырғиқабақ соғыс» дәуіріне қайта жеткізе жаздады. Обаманың мәлімдеуінше, мемлекеттердің тәуелсіздігін мойындау халықаралық қарым-қатынастың өзегіне айналуға тиіс, ал Мәскеу «ұлы мемлекет есебінде өзінің заңды орнын алуға тиіс».

АҚШ президенті Барак Обама (сол жақта) Ресей премьер-министрі Владимир Путинмен (оң жақта) кездесіп, шай ішті. 7 шілде 2009 жыл.
Обаманың атап көрсетуінше, Мәскеу өзінің көршілеріне күш көрсетпей, оның орнына Вашингтонмен бірге ядролық қарудың кең таралуы мен экстремизмге қарсы күресіп, сауда қатынасын дамытуға ұмтылғаны дұрыс.

Сонымен қатар АҚШ президенті демократиялық биліктің артықшылығын және адам құқы мен сөз, баспасөз бостандығын қамтамасыз ету керектігін айта келіп, Кремльдің авторитаризмін сынады.

«Өзінің туған халқына қызмет еткен билік көркейіп гүлдене береді. Тек өзінің мүддесін көздеген билік елін құрдымға жетелейді», - деп мәлімдеді Барак Обама. Бұл сөзінде Обама Ресейді атаған жоқ.

Бірақ Обама Америка Құрама Штаттары өзінің көзқарасын, өзінің саяси жүйесін кез-келген өзге елге күштеп орнатуға ұмтылмайды деп мәлімдеді. Ираққа қарсы соғыс ашуға және Вашингтонның басқа сыртқы саясатына түбегейлі қарсы болып келген ресейліктер Обаманың осы сөзін ерекше ықыласпен қабылдады.

Обаманың сөзінен кейін залдың сыртында орыс оппозициясының бұрынғы көсемі, қазір бір Ресей облысының әкімі Никита Белых Обаманың өте ізетті сөйлегенін, бірақ сонымен бірге адамзаттың баршаға ортақ құндылықтарынан теріс бұрмайтынын анық сездіргенін атап көрсетті.

Сонымен қатар Никита Белых «менің ойымша, бұл сөз орыстардың АҚШ-қа деген көзқарасын жақсартады» деген ойын қосты.

Ресей мен АҚШ президенттерінің кездесуі қарсаңында жүргізілген сауалнама көрсетіп бергендей, Ресей халқының көпшілігі АҚШ-қа күдікпен қарайды. Орыс жұртшылығының 75 пайызы Ақ үй өз билігін тым асыра қолданады деп есептейді екен.

АҚШ президенті Барак Обаманың Жаңа экономика мектебінде сөйлеген сөзін тыңдағандардың арасында бұрынғы Совет Одағының президенті Михаил Горбачев (оң жақта) те болды. Мәскеу, 7 шілде 2009 жыл.
АҚШ-тың одақтасы болып табылатын Грузиямен арадағы өткен жылдың жазында болған соғыс кезінде ресейліктердің көпшілігі Тбилиси соғысты Вашингтонның қысымымен бастады деп санады. Ресейдің ресми билікке жақын баспасөз құралдары осындай хабар таратты. Ресей жұртының басым бөлігі АҚШ-тың зымырандық соққыдан қорғану жүйесінің элементтерін Еуропаға орналастыру жоспары да Ресейге қарсы бағытталған деп санап, ол жоспарға қарсы болып келеді.

Бірақ осы аптада Мәскеудің орталық көшесінде қара тұрғындары Обаманы жақсы көретіндерін және Кремльдегі кездесу екі елдің қарым-қатынасын жылытады деп үміттенетіндерін жасырмады.

Мысалға Вероника Трофимова көпшіліктің сөзін қайталайды:

- Жақсы адам деп айтуға болады. Мүмкін ол әлдеқайда ұстамды, ізетті кісі шығар.

Алексей Чадаевтың айтуынша, Обама «толығымен жаңа Американың өкілі» болса керек:

- Мәселе, өткен 20 жылдың ішінде біз Америкаға деген 1990 жылғы бірыңғай жақсы көзқарасымызды өткен жылғы біркелкі теріс көзқарасымызға дейін түпкілікті өзгерттік. Ал қазір кейін қарай бұрылу басталды.

Бірақ Ресейде Обаманың сапарына сенбеген, сапар онша әсер етпеген кісілер де жоқ емес. Өткен сейсенбі күні Ресей премьер-министрі Владимир Путин АҚШ президентімен бірге таңғы асын ішкенде, түсі суық, сөзге шорқақ болып көрінді.

Владимир Путин билік басына келген жылы NTV телеарнасын билікке жақын компания тартып алған соң, журналист Евгений Киселев Ресейдегі ең танымал жаңалықтар бағдарламасын жабуға мәжбүр болды. Ол Ресей мен АҚШ қарым-қатынасының таяу болашақта қайта құрыла қоюына күмәнмен қарайтынын айтады:

– Антиамериканизм Ресейдің саяси жүйесінің құрамдас бөлігіне айналды. Одан құтылу үшін Ресейдің саяси табы ұзақ жолды жүріп өтуге тиіс.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG