Accessibility links

Н.Назарбаев: ҰҚШҰ жаттығулары тұрақты өтетін болады


Мемлекет басшылары (солдан оңға): Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстан, Эмомали Рахмон - Тәжікстан, Дмитрий Медведев - Ресей және Серж Саргсян - Армения, Мәтібұлақ полигонындағы оқу-жаттығулар кезінде. Жамбыл облысы, 16 қазан 2009 жыл.
Мемлекет басшылары (солдан оңға): Нұрсұлтан Назарбаев - Қазақстан, Эмомали Рахмон - Тәжікстан, Дмитрий Медведев - Ресей және Серж Саргсян - Армения, Мәтібұлақ полигонындағы оқу-жаттығулар кезінде. Жамбыл облысы, 16 қазан 2009 жыл.

Жұма күні Қазақстанда ҰҚШҰ-ның Ұжымдық жедел әрекет ету күштерінің «Өзара әрекеттестік - 2009» атты ортақ стратегиялық командалық-штабтық жаттығулары аяқталды. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев болашақта бұндай жаттығулар тұрақты түрде өткізіледі деп мәлімдеді.

Жамбыл облысындағы Мәтібұлақ полигонында өткен ҰҚШҰ-ның Жедел әрекет етуші ұжымдық күштерінің оқу-жаттығуларының соңғы кезеңін, қазанның 16-сында, аталған ұйымға мүше елдерден Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Армения президенті Серж Саргсян, Қырғызстан президенті Құрманбек Бакиев, Ресей президенті Дмитрий Медведев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, сондай-ақ, Беларусь қорғаныс министрі Леонид Мальцев бақылады.

Сонымен қатар әскери оқу-жаттығуларының өту барысын қадауғалауға ҰҚШҰ-ға мүше елдердің қорғаныс министрлері мен ұйымның Бас хатшысы Николай Бордюжа қатысты.

Ресей президенті Дмитрий Медведев (сол жақта) Мәтібұлақтағы оқу-жаттығуларды бақылап тұр. Жамбыл облысы, 16 қазан 2009 жыл.
Ал Өзбекстан президенті бұл оқу-жаттығуларды көруге келген жоқ. ҚР Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Өзбекстан оқу-жаттығуларға әскерін жібермеген.

Оқу-жаттығуларын бақылаған ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер басшыларының назарына дұшпанның көзін әуе соққылары және артиллериялық отпен жою, қарақшылық топтарды құрту, олардың әрекеттерінің жолын кесу, Қазақстан мен Ресейдің әскери десанттарын дұшпан топтарына түсіру сияқты техникалық эпизодтар ұсынылды.

Жаттығулар аяқталған соң журналистерге берген сұхбатында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оған жоғары баға берді.

«Біз, президенттер, бұл жаттығуларға қатысқандардың барлығын атап өту керектігі туралы бұйрық береміз. Жаттығулар өте жақсы өтті. Біз оның барысын минут-секундына дейін бақылап отырдық. Барлық тапсырмалар орындалды», - деді ол.

Қазақстан президенті болашақта мұндай оқу-жаттығулардың енді тұрақты түрде өткізілетіндігін мәлімдеді.

«Мұндай ұжымдық жаттығулар екі жылда бір рет өткізіледі», - деді Н.Назарбаев.

Оның айтуынша, Мәтібұлақ полгионындағы бұл жолғы жаттығуларға ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің Қорғаныс министрліктерінің бөлімдері, Ішкі істер министрліктері, Төтенше жағдайлар министрліктері органдарының 15 мыңнан астам адамы, 1500 бронетехника және жүз шақты ұшақ пен тікұшақ қатысқан. Біріккен кешенді жаттығулар аяқталған сәтте мемлекет басшылары жаттығуға қатысқан жеке құрамды тексеруден өткізді.

Ұжымдық жедел әрекет ету күштерін құрудағы басты мақсат терроризм, экстремизм және есірткі саудасы сияқты қалыптасқан қауіп -қатерлер, техногенді және табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу мен оларды жою, сонымен қатар халықаралық қауіпсіздікке ҰҚШҰ-ның тиімді үлес қосуын қамтамасыз ету.

Ұжымдық күштерді құру туралы шешім ҰҚШҰ елдері басшыларының 2009 жылғы 4 ақпандағы Ұжымдық Қауіпсіздік Кеңесінің кезектен тыс сессиясы кезінде қабылданған болатын.
XS
SM
MD
LG