Accessibility links

«Бүгінгі түсіну өткенге зер салудан басталады...» немесе даналық дастаны «Оғыз-наме» хақында

  • Нұрлытай ҮРКİМБАЙ

Дала қыраны.

Дала қыраны.


ОҒЫЗДАР МЕМЛЕКЕТІ

Әуелі тарихқа сәл шегініс жасар болсақ: Оғыз мемлекеті саяси бірлестік ретінде Х ғасырда құрылған деген дерек бар. Бұл жас мемлекеттің астанасы Сырдың төменгі ағысындағы Жаңакент қаласы болған екен.

Сол кездегі Киев Русімен тізе қоса отырып Хазар мемлекетін тас-талқан етіп жеңеді. Осындай тәсілмен бұлғарларды да ығыстырған Оғыздар Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауына, сондай-ақ Еділ мен Кама өзендері бойына өз ықпалын жүргізіп, мемлекет ретінде нығая түскен екен.

Дегенмен, тарихтың алма-кезек белестерінде, яғни ХІ ғасырдың орта шенінде қыпшақтардың пәрменді күштеріне қарсы тұра алмай, оғыздар Дешті қыпшақ даласынан батысқа қарай ығысуға мәжбүр болған-ды.

Ал мемлекет боп құрылар бұрын, яни ІХ-Х ғасырларда оғыз әскері шекарасын кеңейту мақсатында көршілерімен небір алапат шайқастарға түскен еді. Соның нәтижесінде Сырдарияның төменгі ағысы мен қарт Қаратауды мекендеген олар біртіндеп Каспий теңізінің солтүстігі мен Арал теңізінің батыс жағалауына да өз ықпалдарын жүргізе бастаған болатын.

Сөз жоқ, мұндай жетістіктер «ат ауыздығымен су ішіп, ер етігімен су кешкен» небір жорықтарға толы болды. Ол жорықтарға оғыз қағандары жасақтарын өздері бастап шығатын. Яғни патша сарайында тығылып отырмай, жеме-жемге келгенде қолбасшы да боп кете беретін еді.

Осындай ерліктерге толы даңқты сапарлар хақында, батыр оғландарының қайталанбас қасиеттері турасында туған халқы небір жыр дастандарды өмірге келтірген. Солардың бірі- «Оғыз-наме», яғни Оғыз қағаны туралы эпос.

«ОҒЫЗ-НАМЕ» - БАБАЛАР ШЕЖІРЕСІ

Әуелгіде бұл шығарма ауызша пайда болып, оның бірнеше нұсқасы дүниеге келген дейді түркологтар. Уақыт тезінен өте келе оның екі нұсқасы қағазға түскен екен. Олардың бірі - ұйғыр әріпімен көшіріліп жазылған, Париждің ұлттық кітапханасында сақтаулы нұсқасы. Бұл шағын қолжазба, бар болғаны 42 беттен тұрады. Ал әрбір бетте 9 жолдан ғана орналасқан екен.

Жырдың тілдік құрылымын зерттеумен айналысқан ғалымдардың пікірінше, бұл шығарма сырттай қарағанда прозалық туынды сияқты көрінуі мүмкін. Алайда, оның поэзиялық көркемдік шеберлігі шығарманың ішкі ұйқасына астасып, нәтижесінде осынау прозалық баян айрықша динамикалық екпінге ие болған.

Зерттеушілердің пікірінше, «Оғыз-наме» өзінің композициялық құрлысы жағынан Күлтегін ескерткішіне едәуір ұқсас екен. Бәлкім, сол кездің көркем шығармаларында оқиғаны рет-ретімен баяндау тәсілі берік орын алды ма екен, әйтеуір қос шығарма ауторларының да оқиғаның даму желісін сақтай отырып, шығарманы жазып шыққаны байқалады.

«Оғыз-намені» орыс тіліне аударып, оның ғылыми түсініктемесін жазған атақты түрколог В.В. Радлов болатын. Сөз орайында айта кету керек, жалпы түркі халықтарына ортақ, жазба жәдігерлерімізді іздеп-тауып, аударып, ғылыми жағынан зерттеу ісінде әлем түркологтарының, оның ішінде орыс ғалымдарының сіңірген еңбектері- орасан.

Ал, совет үкіметі жылдары Әлкей Марғұлан бастаған талантты қазақ ғалымдарының көне жазба ескерткіштер сырларын танып-білудегі қосқан үлестері айтарлықтай еді.

«Оғыз-наме» 40-тан аса цикл-хикаядан тұрады. Ол хикаяларда Оғыз қағанның дүниеге келгенінен бастап, оның 40 күнде өсіп, ержеткені, сондай-ақ аңға шыққан кезінде небір жыртқыштармен айқасып, жеңгені баяндалады.

Содан кейін қағанның арасына уақыт салып үйленген қос әйелінің әрқайсысынан 3 ұл баласы болғандығы жырланады. Ал, жорық жырлары болса, бірнеше хикаяға арқау болған.

Жоғарыда айтқанымыздай, жырда тарихи шежіре-деректермен қатар, мифтік оқиғалар да кеңінен қамтылған. Мысалы, Оғыз батырға арлан қасқыр келіп, оған өзінің көмегін ұсынады. Мұның өзі ислам дініне дейін Дешті қыпшақ даласында айға, күнге, қасқырға табынған наным-сенімдердің күшті болғанын дәлелдейді.

Оғыз қаған түс жору нәтижесінде қоластындағы жерлерін өзінің алты ұлына бөліп береді. Ең соңында елін жинап, ат шаптырып, той жасап, өз билік дәуіріне былайша қортынды жасайды:

«Ей, ұлдарым менің!
Мен басымнан көп нәрсе өткіздім.
Талай-талай шайқасты көрдім.

Садақ тартып, көп оқ аттым,
Дұшпандарымды жылаттым,
Достарымды күлдірдім.

Көк тәңірі алдындағы парызымды өтедім.
Ел-жұртымды сендерге табыс еттім», - деген екен.

ҚҰМ ІШІНЕН ЖАҺҰТ ТЕРГЕН ҒАЛЫМДАР

«Оғыз-наменің» тілдік және әдеби шығарма ретіндегі құндылықтары жайлы филология ғылымдарының докторы, профессор Құлмат Өмірәлиев едәуір ғылыми тұжырымдамаларға қол жеткізген.

Ең әуелі ғалым шығарманың «Оғыз-наме» деген атауын «Оғыз қаған» деп өзгерткен екен.

Оның себебі: «наме» сөзі парсы тілінде «дастан», «кітап» деген ұғымды білдіреді. Шығарма кітап, дастан атануы үшін ол ең әуелі-жазбаша дүние болуы тиіс, екіншіден-оның нақты ауторы болуы шарт.

Ал «Оғыз-наменің» ең әуелі ауызша пайда болып, содан бірнеше ғасырлар өте келе қағаз бетіне түскені белгілі. Ендеше, ғалымның «наме» сөзінен қашқақтауы логикалық жағынан түсінікті болса керек.

Ғалым Қ.Өмірәлиев осы эпосты зерттеу ісіне тағы мынандай айрықша үлес қосқан: атап айтқанда шығарманың 42 беттен, ал әрбір бетте 9 жолдан ғана орналасқан жүйесін бұзып, оны «Оғыз қағанның» сюжеттік жаңа желісі мен құрылымына сәйкестендіріп, 17 желіге бөліп, қайта жүйелеген екен.

Мұндай өзгерістер эпосты қарапайым оқырманның да тез түсініп, қиналмастан оқып кетуіне жағдай жасаған.

Эпосты жазуға түсіру ісі, шамамен 13-ғасырда жүзеге асқан екен. Ұрпақтан ұрпаққа ауызша берілген бұл шығармаға әр дәуір өз қолтаңбасын қалдырса керек.

Дей тұрғанмен, бұдан 700 жылдай бұрын қағазға түскен нұсқасы бүгінгі күнге аса өзгеріске ұшырамастан жеткен, дейді ғалымдар.

Ал «Оғыз-намені» зерттеу ісіне айтарлықтай үлес қосқан филология ғылымдарының докторы, профессор Немат Келімбетовтың айтуынша:

«... «Оғыз-намеде» айтылатын аңыз-шежірелер Рашид-ад-Дин, Қадырғали Жалаири, Әбілғазы Баһадурхан сияқты белгілі тарихшылардың шежіре-кітаптарында да кездеседі. Біздің ойымызша, «Оғыз-наме» эпосы мен осы тарихи шежірелерді бір-бірімен салыстыра отырып,текстологиялық талдау жасау қажет. Сол арқылы көркемдік шындық пен тарихи шындықтың ара қатынасын айқындай түскен жөн».

Ғалымның бұл ұсынысы түрколог ғалымдар үшін алынуы тиіс жаңа белес болса керек.

Эпостың батырлар жорығын, олардың жүйрік аттары мен қару-жарақтарын сипаттайтын тұстарының батырлар жырына ұқсап жатуы да бұл шығарманың алғашқыда ауызша пайда болып, сол тәсілмен бірнеше ғасыр бойы өмір сүргенінің дәлелі болса керек.

Шығарма ауторларының негізгі көздеген мақсаттары-елді ауыз-бірлік, ынтымаққа жұмылдыру болған. Сондай биік мақсатты көздей отырып, олар елін, жерін қорғауға әзір болуға әрбір тыңдарманын, оқырманын шақырады.

Ғалымдардың айтуынша, көне түркі тілінде «оғуз» сөзі-уыз, яғни уыздас, сүттес, емшектес дегенді білдіреді екен. Ғалым Келімбетовтың айтуынша, «ежелгі ғұндардың кейінгі ұрпақтары бертін келе «оғуз» деген жиынтық атпен де мәлім болған».

Сөз ретінде еске сала кетейік, Оғыз қаған туралы бұл дастанның жазбаша сақталып қалған екінші нұсқасы-араб әрпімен жазылған. Оның ауторы-тарихшы, белгілі әскери қолбасшы, Хиуа ханы Әбілғазы бин Араб Мұхаммедхан. Ол 1603-1663-жылдар аралығында өмір сүрген екен.

Қорыта айтқанда, қазіргі түркі тілдес халықтардың өткенінен мол мағлұмат алып, тарих қойнауына еркін бойлағыңыз келсе, «Оғыз-намеге» қайрылғайсыз.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG