Accessibility links

«ЕмбіМұнайГаз» жұмысшылары наразылық акциясында белсенділік танытқан мұнайшы жұмыстан шығарылды


"Жылыоймұнайгаз" мұнайшыларының белсендісі Асылхан Мусин. Атырау, 2 маусым 2010 жыл.

"Жылыоймұнайгаз" мұнайшыларының белсендісі Асылхан Мусин. Атырау, 2 маусым 2010 жыл.

«ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалы басшылығы сәуір-шілде айларында болған мұнайшылар наразылығы акциясында белсенділік танытқандардың бірін жұмыстан босатты. Мұнайшы мұны жеке басына жасалған қысым деп бағалап, сотқа жүгінді.


ДИАГНОЗ

Жұмыстан босатылған Асылхан Мусин «ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалы директорының бұйрығын заңсыз деп санайды. Оның айтуынша, кәсіпорын басшылығы осыдан төрт жыл бұрын қойылған медициналық диагнозды желеу қылып, заңсыз жұмыстан босатып отыр.

- Менің мұнай және газ өндіру цехының жерасты қабаты ілеспе суын пайдалану тобының 4-разрядты технологиялық қондырғысы жөндеушісі болып жұмыс істеп жүргеніме 6 жылдан асты. Осы уақыт аралығында жұмыс бабында ешқандай кемшіліктер мен авариялар жасағаным жоқ. Оның үстіне жыл сайын кәсіби жарамдылығымды нақтылайтын медициналық тексеруден өтіп келдім. Мені жұмыстан босатудың басты себебі - басқа жұмысшылармен бірігіп, өзімінің еңбек құқымды қорғағаным үшін жасалып отырған кек алу деп түсінемін, - деп мәлімдеді Асылхан Мусиннің өзі Азаттық тілшісіне.

Бұған қоса Асылхан Мусин 2010 жылдың 3 шілдесіндегі «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру акционерлік қоғамы бас директоры Кенжебек Ибрашевтың «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы басшысы, сондай-ақ оның барлық құрылымдық бөлімшелері басшылары тарапынан жұмысшыларға ешқандай қудалау жасамау туралы нұсқау беремін» деген хатының не үшін жазылғаны түсініксіз дейді.

Ол Атырау облысы прокуроры Бауыржан Сматлаевқа бірнеше рет өзінің заңсыз жұмыстан шыққаны туралы арызданып, бұзылған еңбек заңдарының сақталуына көмектесуін сұраған өтініштерінің жауапсыз қалғанын айтады.

МҰНАЙШЫ ЖІГІТ ӘДІЛДІКТІ СОТТАН ІЗДЕЙДІ

Жұмыстан босатылған Асылхан Мусинге заңдық демеу көрсетіп жүрген мұнайшылардың сенімді өкілі Макс Боқаев оның құқы өрескел бұзылғанын айтып отыр.

- ҚР Еңбек кодексінің 54-бабына сәйкес жұмыс беруші тарапынан еңбек шарты жұмысшы өзі иеленген қызметке ары қарай жұмыс істеуге денсаулығы мүлде жарамаған жағдайда ғана бұзылады. Сондықтан ол қазір әділдік іздеп Атырау облыстық сотына шағымданды, - дейді Макс Боқаев.

Асылхан Мусин - «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалы қарамағындағы Прорва кенішінің жұмысшысы. Ол биыл сәуір-шілде айларында Атырауда болған мұнайшылардың жалақысына енгізілетін еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне қарсылық білдірген белсенділердің бірі. Кейін оны мұнайшылардың рұқсат етілмеген наразылығын ұйымдастырушы ретінде жергілікті құқық қорғау органдары әкімшілік жазаға тартып, 7 күнге абақтыға қамаған болатын.

ЕРЕУІЛ

Биыл шілде айында «ЕмбіМұнайГаз» өндірістік филиалы құрамындағы «Жылыоймұнайгаз», «Доссормұнайгаз» және «Жайықмұнайгаз» өндіру басқармаларының жұмысшылары ереуілге шыққан болатын. Жұмысты тоқтатқан мұнайшылардың бір тобы аштық жариялап, бұрыннан төленіп келе жатқан аудандық 70 пайыз экологиялық коэффициентке тиіспеуді, салалық 1,8 пайыз үстеме коэффицентті төлеуді талап еткен еді.

Сондай-ақ олар еңбекақы төлеудің жаңа жүйесіне қарсылық білдіріп, ескі тарифтік жүйені қалдыруды және филиал директорының орынын босатуын да талап еткен. Атырауға арнайы келген «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру АҚ бастығы Кенжебек Ибрашевтың жұмысшылар талабы орындалады және ешкім қудалау көрмейді деген уәдесінен соң мұнайшылар нарызылықтарын тоқтатқан.

Шілденің 26-сы күні жергілікті ресми ақпарат көздері арқылы баяндама жасаған облыс әкімі Бергей Рысқалиев мұнайшылар наразылығына байланысты халыққа үндеу жолдаған еді.

Әкімнің сөзіне сүйенсек, мұнайшылардың жағдайы жаман емес, «мәселен, слесардің орташа еңбекақысы 159 мың теңге, бұндай жігіттердің бағы бар».

Бергей Рысқалиевтың айтуынша, жұмысшылар наразылығына тиісті жұмыстардың дұрыс, жариялы, кең көлемде жүргізілмеуі салдарынан кәсіпорын басшыларына деген сенімсіздік туындаған:

«Еңбек ұжымындағы орын алған осы түсінбестікті ушықтырып, бұрмалап оңай пайдаланып кеткен оппозициялық құрылымдар бұл жерде тек өз мүдделерін көздеп отыр. Халықты жаппай ереуілге итермелеп, ұйымдастырып отырған – арандатушылар. Олардың ой-мақсаты белгілі – өңірде дау-дамай туғызып, наразылықты өршіту, ел тыныштығын бұзу, іріткі салу, сөйтіп жағдайды тұрақсыздандыру. Түптеп келгенде, арандатушылар жұмысшылардың пайдасын ойлап отырған жоқ. Осыны ұйымдастырушы адамдар – мұнайшы дегеннің кім екенін түсінбейтін, өмірі мұнай саласында жұмыс істеп көрмеген, бұл жүйеге ешқандай қатысы жоқ, қолына күрек ұстап, қара жұмыс істемегендер. Оларға тапсырма беріп, қаржыландырып отырған қожайындары бар. Бұндай арандатушыларға ағы не, қарасы не – бәрібір, жұртты дүрліктіріп, қожайыннан алған ақшасын ақтаса болды.

Өлексемен қоректенетін құзғын сияқты, қиын-қыстау жағдайды өз мүддесіне пайдаланатындар жоқ емес. Бұндай жағдай олар үшін өте тиімді. Кейбір басылымдар сенсация қылып, осы арқылы өз рейтингісін көтергісі келді. Осыны бастап жүргендер халықтың мұң-мұқтажын ойлаған кейіп жасап, саяси капитал жинайды».

Әкімнің ойынша «бұл мүдделі топтардың мақсаты - қалың жұртшылықтың арасына іріткі салу, жағдайды ушықтыру арқылы халықты көтеру».

- Бұл арандатушылық әрекет тек мұнайшыларға ғана емес, бүкіл егеменді елімізге жасалып отырған қастандық деп түсінемін, - деп мәлімдеген болатын Бергей Рысқалиев.

Сондай-ақ, әкімнің пайымдауынша, мәселенің тағы бір ұшы - «өндірістік бірлестікте кадр саясатының мүлдем болмауында». Ол «ЕмбіМұнайГаз» басшысына «кәсіпорын басшысының өз жұмысшылары арасында беделі төмен, іскерлігі жеткіліксіз» деген баға берді.

Сондай-ақ облыс әкімі мұнайшылардың тәуелсіз кәсіподақ құру туралы ұсынысын қолдауға уәде берді.

- Кәсіподақтың құрылуына компания басшыларының бірде-біреуінің қатысы болмауы керек. Олардың осы құқықтарына компания басшылығы қол сұқпауы үшін, қолданыстағы заң шеңберінде жұмысшылардың тәуелсіз кәсіподақ құруын өзім тікелей қатысып, қадағалаймын Кәсіподақ бізбен бірге жұмыс жасайтын болады. Осы мәселелерді өзім тікелей Премьер-министрге, “Қазмұнайгаздың” басшысына барып қойып, қолымнан келгенше шешіп, ал шешілмейтінін ашық айтамын, - деді әкім.

Сонымен бірге Атырау облысы әкімі Бергей Рысқалиев мұнайшыларға «заңсыздыққа, ел арасына іріткі салушылардың қасақана әрекетіне жол бермейміз және түп-тамырымен жоямыз. Бұған ешкімнің күмәні болмасын» деп дөңайбат көрсетуді де ұмытқан жоқ.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG