Accessibility links

Ойылдағы өлі туған екібасты бұзау және экология


Ойылда өлі туған екі басты, үш құлақты бұзау. Жергілікті журналист Серікбай Қойбағаровтың түсірген суреті. Ақтөбе облысы. 5 сәуір 2009 ж.

Ойылда өлі туған екі басты, үш құлақты бұзау. Жергілікті журналист Серікбай Қойбағаровтың түсірген суреті. Ақтөбе облысы. 5 сәуір 2009 ж.

Атыраудағы Тайсойған, Азғыр полигондарымен іргелес орналасқан Ақтөбе облысының Ойыл ауданында екібасты бұзау дүниеге келді. Осыны естіп алаңдаған қызылқоғалықтар Азаттық тілшісіне телефон шалып, бұл оқиғаны Тайсойған мен Азғыр полигондарының зардабы деп санайтындарын мәлімдеді.

Бір де бір өндіріс ошағы жоқ ауданда тұрғындардың негізгі күнкөрісі – мал шаруашылығы. Табиғаттың тосын жағдайына куә болған Ойыл аудандық газетінің редакторы Серікбай Қойбағаров Азаттық тілшісіне өз көргенін айтып берді:

– Мен журналист ретінде оқиғаны естіп, дереу сол жерге барғанымда, өлі бұзаудың екі басынан басқа кеуде жағында да кемістіктері көп, аяқ-белінің қисайып, сүйретіліп жатқанын көрдім. Сиырдың иесі Жұмабай Медетовпен әңгімелескенімде, сиыры туа алмай қиналған соң мал дәрігерін шақыртқанын айтты. Жануарды тексерген мал дәрігері Серік Қарлығашов ішіндегі бұзаудың өлгендігін анықтап, алып тастамақшы болғанда, бұзаудың екібасты екенін байқаған соң бірден малды союға кеңес беріпті.

Оның айтуынша, мутант-бұзаудың өлексесі облыстық ветеринарлық зертханаға сараптама жасауға жіберілген.

Алайда, республикалық ветеринарлық зертхананың Ақтөбедегі филиалының жетекшісі Сафиолла Зармановтың жергілікті баспасөзге берген түсініктемесіне сүйенсек, мутант-бұзауға ешқандай зерттеу жасалмастан өртеліп жіберген көрінеді.

Серікбай Қойбағаров болса сараптаманың жүргізілмегеніне наразылығын білдірді.

– Ойыл - Атыраудағы Тайсойған, Азғыр полигондарына жақын орналасқан аудан. Одан басқа Батыс Қазақстан облысында да полигон бар. Егер зерттеу жасалып, себебі анықталса ауданымыз экологиялық апатты аймақтар қатарына қосылар еді. Өндіріс болмағанымен, айналамыздағы ушыққан экологиялық ахуалдың салдары екеніне күмәніміз жоқ. Ел арасында бұл жағдайдың бұрын да болғаны айтылып жүр. Тек артық әңгімеден қашқан жұрт оны жариялай бермейді, – дейді ол.

«Каспий табиғаты» бейүкіметтік ұйымының төрағасы, эколог-ғалым Махамбет Хакімов те бұл пікірмен келіседі:

– Бұндай аномалияға душар болу үшін қайсыбір өнеркәсіптік кәсіпорынның қасында тұру міндетті емес. Туа біткен кемістіктер елдің ғана емес, тұтас аймақтың тіршілігіне радиациялық сәулеленумен бірге төңіректегі мұнай-газ кен орындарының игерілуі, уран кеніштерінің салдары болып саналатын химиялық салмақтың да мықтап түскенін аңғартып отыр. Оның зардабын енді міне екінші немесе үшінші ұрпақ тартып келеді. Ал Тайсойғанда ракеталар сынағы өткізілгені, оның ар жағында Ойылдың маңындағы Азғырда 50-ші жылдары атом бомбалары жарылғаны белгілі. Мұның бәрі адамдар мен жануарлар ағзасында өз іздерін қалдырды. Мына қос басты бұзау да соның мысалы.

Жалпы, мұндай мутанттар Атырау үшін таңсық емес. Өткен 2008 жылы ғана Атырау облысындағы Махамбет ауданында жүкті әйел екібасты сәбиді дүниеге әкелгенін, ал Жылой ауданында үстінде жүні жоқ лақ төлдеген ешкі жайында Азаттық бұған дейін хабарлаған болатын.
XS
SM
MD
LG