Accessibility links

Ұлыбританияда қазақстандық жас ғалым топ жарды


Ольга Кубасова, Ұлыбританияның 2010 жылдың "Ең үздік жас іскері" сыйлығының иегері.

Ольга Кубасова, Ұлыбританияның 2010 жылдың "Ең үздік жас іскері" сыйлығының иегері.

Ұлыбританияда бизнес саласындағы 2010 жылдың «Ең үздік жас іскер» сыйлығын қазақстандық Ольга Кубасова жеңіп алды. Өскемен қаласының тумасы 26 жастағы жас ғалым қатерлі ісік дертіне шалдыққан жандарды ажалдан арашалауға сеп болатын ғылыми жаңалық ашқан. Бизнестегі шеберлік жүлдесін иеленген Ольга Кубасовамен Азаттық радиосы сұқбат өткізген еді.


– Ольга, алған жүлдеңіз құтты болсын! Енді осындай жетістіктерге жеткізген бағдарламаңыз туралы, жалпы компанияңыз жайында әңгіме бастасаңыз?

– 2007 жылы құрылған Image Analysis Ltd компаниясының алғашқы өнімі дәрігерлердің ревматизм-артрит сырқаты бар науқастарға нақты диагноз қоюына көмегі бар бағдарлама болды. Бірнеше минуттың ішінде түсірілетін томографиялық сурет артритке шалдыққан адамның дерті туралы нақтырақ мәлімет беріп, адам өміріне қауіп төндірген алғашқы белгілерді анықтайды.

– Бұл сонда инновация болып отыр ғой?

– Иә, бұл компьютерлік бағдарлама артритті емдеуде дәрігерлер үшін таптырмас құралға айналып отыр. Осыған дейін радиологтар рентген арқылы сүйектерді көріп, магнитті-резонанс томографиясымен сүйекті қаптап тұрған ұлпаны зерттеп келсе, енді Image Analysis компаниясының жасап отырған бағдарламасы томография көрінісіндегі көмескі тұстарды айқынырақ көрсете алады.

– Ольга, сіздер жасаған бағдарламаға медициналық мамандардың ықыласы ауып отыр ма?

– Әлбетте, біз медицина саласындағы сарапшылардың ықыласы ауған бұл компьютерлік бағдарламаны әлемнің әр тарабына жолдап жатырмыз. Және бұған қатысты жұмыс жоспарларымыз да көп.

– Сонда бағдарламаңыз медицина қызметкерлеріне қалай көмектесе алады? Ерекшелігі неде?

– Мұның ерекшелігі науқасқа диагнозды дәл әрі жылдамырақ қоя алады. Мамандар үшін өте тиімді әрі нәтижесін тез шығарады. Бір сәтте диагнозды анықтап, оның деңгейі туралы мәліметтер береді. Әдетте артритпен ауыратын адам қол-аяғын рентгенге түсірген кезде бір қалыпта ұзақ жата алмайды. Тексеру кезінде дене мүшесі аздап қозғалып кетсе, мамандар қате диагноз қоюы мүмкін. Бұл клиникалық ортада жұмыс процесін жақсарту үшін ең жақсы құрал болып отыр.

– Онда бұл бағдарлама уақытты үнемдеу жағынан да ұтымды болып отыр ғой?

– Ол рас. «Мәселен, егер сіз қауіпті ісігі бар немесе буын ауруы немесе тағы да басқа дерті асқынып кеткен адамның томографиялық көріністерін қарасаңыз, дәрігерлердің оған сараптама жасауына екі сағаттай уақыт кетеді. Ал, Image Analysis ойлап тапқан бағдарлама ондай көріністерге 8 минуттың ішінде ғана сараптама жасап береді. Бұл уақытты қатты үнемдейді.

– Әңгімеңізге рақмет.

Ольга құрған Image Analysis Ltd компаниясы денсаулық сақтау саласында тың тәжірибе жасап, магнитті-резонансты томография технологиясына инновация енгізген. Бұл Кубасова жетекшілік ететін компанияның Ұлыбританиядағы екінші үлкен жүлдесі. Кубасова өзінің академиялық зерттеуінде сүт бездері қатерлі ісігі мен басқа да қатерлі ісіктердің алдын-алу жолдарын қарастырған.

Йоркширдегі “Лидс” университетінде докторлығын қорғаған қазақстандық Ольга Кубасова Британияға барар алдында Ресейдің Санкт-Петербург қаласындағы мемлекеттік университетінде математика мен механика саласы бойынша жоғары білім алған. Ол Финляндияның Лаппеенранта технологиялық университетінде компьютер ғылымы саласында магистр дәрежесіне қол жеткізген.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG