Accessibility links

"Сайлаушылардың бір миллионы үкімет пен парламентті таратуды қалайды"


"Азат" партиясының митингісі. Алматы, 30 қаңтар 2010 ж.
"Азат" партиясының митингісі. Алматы, 30 қаңтар 2010 ж.

Қазақстан оппозициясының парламент пен үкіметті тарату туралы талабын қолдаушылардың саны бір миллионға жетті деп хабарлайды "Азат" партиясы. Дегенмен бірқатар бақылаушылар оған күмән келтіреді.

БІР ҮМІТ ПЕН...

Қазақстанда оппозициялық Жалпыұлттық социал-демократиялық «Азат» партиясының парламентті таратып, үкіметті кетіру туралы талабына 1 миллион қазақстандық қол қойып, қолдау білдірген. Бұл туралы сейсенбі күні партияның баспасөз-қызметі хабарлады.

Естеріңізде болса, үстіміздегі жылдың наурыз айында өткен партияның 6 съезінде, ел азаматтарын бір партиядан тұратын заңсыз парламентті тарату мен қауқарсыз қуыршақ үкіметті биліктен кетіру науқанына атсалысуға шақыратын құжат қабылданған болатын. Партия тең төрағаларының бірі Жармахан Тұяқбайдың сөзінше, заңды парламент сайлап бірқатар мәселелерді шешетін жауапты үкімет жасақтау қажет.

– Алдымен соңғы екі жылдың ішінде, ақшаның құнсыздануы, бағаның көтерілуіне байланысты халықтың тұрмысы нашарлап кетті. Соған байланысты жалақы, зейнетақы мен шәкірақының көлемін екі есе көтеру керек. Екіншіден, бағаның шарықтауы мен тарифтердің көтерілуін тоқтату қажет деген талаптарымыз бар, - дейді Азатыққа Жармахан Тұяқбай.

Одан өзге, жаңа үкімет шағын және орта кәсіпкерлікті шынайы қолдайтын, ауылшаруашылығын қалпына келтіріп, ауыл тұрғындарының тұрмысын жақсартатын, білім мен денсаулық сақтау саласының сапасын көтеретін, жаппай тұрғын үй құрылысын қолға алуы тиіс. Оппозиция өкілдері, өздерін қолдаушыларды табу мақсатында соңғы бірнеше ай аймақтарда түсіндіру жұмыстарын жүргізген. Жармахан Тұяқбайдың айтуынша бұл шара барысында билік үнемі кедергі етумен болған. Оның сөзінше, партияның осы үндеуіне қол қойған 1 миллион азамат қазіргі биліктің саясатына қоғамдық бағасын берді.

...БІР КҮДІК

Дегенмен «Жаса Азаттық!» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасарал Қуанышәлин, «Азат» партиясының бұл мәліметіне күмән келтіреді.

– Мен олардың «1 миллион қол жинадық» деген мәліметіне сенбеймін. Шынында да бұл өте күмәнді. Ал екіншіден, мұндай әрекеттің, мұндай акцияның еш керегі жоқ. Себебі үкімет те, парламент те кеткенмен түк өзгермейді. Өзгереді егер, осының барлығын жасап отырған, барлығын қуыршақ қылып ойнатып отырған Назарбаев кетсе, - дейді Қуанышәлин.

Саясаттанушы Андрей Чебатарев те оппозициялық партияның бұл әрекетінен ешнәрсе өзгермейтіндігін айтады.
Мен олардың «1 миллион қол жинадық» деген мәліметіне сенбеймін

– Партияның бұл мәлімдемесі саяси емес моральдық - психологиялық сипатқа ие. Себебі бұл айтылғандардан бір нәрсе өзгеріп, не болмаса билік оппозициямен келісіп қандайда бір шешімге келеді деу мүмкін емес, - дейді Чебаторев.

Бұдан бұрын да бірнеше рет Мәсімов үкіметін тарату туралы мәлімдеме болғандығын еске салған саясаттанушы Досым Сәтпаев, президент қандайда бір шешім қабылдағанда оны басқа біреудің көмегінсіз жасайтындығын айтады. «Сондықтан «Азат» партиясының күшімен парламентті не болмаса үкіметті тарату екіталай».

– Мен президенттің парламент пен үкіметке қатысты өз ойы бар екендігін жоққа шығара алмаймын. Оның үстіне Мәсімовтың өз орнында шамадан тыс уақыт отырғандығы барлығымызға белгілі. Дегенмен, тәжірибе көрсеткендей президенттің қандайда бір шешіміне не ішкі не сыртқы күштер әсер етпейді. Ол әрдайым өзінің пікірін айтып, өзі ойлағандай жасайды. Егер тіпті біреулердің пікіріне құлақ салса да ол өзінің шешімі сияқты болып көрінеуі міндетті, - дейді саясаттанушы Досым Сәтпаев.

Ал Жалпыұлттық социал-демократиялық «Азат» партиясы өз талабына қатысты жақтастарын жинастыруы науқанын одан әрі жалғастыратындығын мәлімдеп отыр.
XS
SM
MD
LG