Accessibility links

Тұяқбай мен Қосановқа ескерту, Шаханов пен Әбіловке айыппұл...


Жармахан Тұяқбай сот шешімі шыққаннан кейін журналистерменсөйлесіп тұр. Алматы, 21 сәуір, 2010 жыл.

Жармахан Тұяқбай сот шешімі шыққаннан кейін журналистерменсөйлесіп тұр. Алматы, 21 сәуір, 2010 жыл.

Сәрсенбі күні Алматыда Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойған соң заңсыз митинг ұйымдастырды деп айыпталған бірқатар оппозиция өкілдері мен қоғам қайраткерлеріне қатысты соттың шұғыл шешімі шықты. Айыппұл салынғандар мұны саяси тапсырыс дейді.


СӘРСЕНБІНІҢ СӘТІНДЕГІ СОТ


Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты сенбі, сәуірдің 17-сі күні Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қойған оппозиция өкілдерін рұқсат етілмеген митинг өткізді деп тауып, олардың әрқайсысына қатысты шешім шығарды.

«Азат» жалпыұлттық социал демократиялық партиясының қос бірдей жетекшісі Болат Әбілов пен Жармахан Тұяқбай, осы партия мүшесі Маржан Аспандиярова, Әміржан Қосанов, ақын және қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов және «Свобода слова» газетінің бас редакторы Гүлжан Ерғалиевалар әкімшілік кодексінің 373-бабы бойынша айыпты деп танылды.
Қазақ оппозициясының қайраткерлері тәуелсіздік ескерткішіне гүл шоқтарын қоюға келе жатыр. Алматы, 17 сәуір 2010 жыл.


Әкімшілік соттың шешімдері бойынша Жармахан Тұяқбай мен Әміржан Қосановқа ескерту жасалды, ал Мұхтар Шахановқа 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 14130 теңге көлемінде, Болат Әбіловке 50 айлық есептік көрсеткіш – 70650 теңге көлемінде айыппұл салынды. Гүлжан Ерғалиеваға қатысты сот отырысы кейінге қалдырылса, Маржан Аспандияроваға сот 30 айлық есептік көрсеткіш – шамамен 43 мың теңге көлемінде айыппұл салды.

ГҮЛ ҚОЮ АРҚЫЛЫ НАРАЗЫЛЫҚ БІЛДІРУ

«Азат» жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы қалалық әкімшіліктен Алматыдағы Шоқан Уәлиханов ескерткішінің алдында, елдегі әлеуметтік жағдайға қатысты, Қазақстанның кедендік одаққа қосылуына байланысты митинг өткізуге рұқсат сұраған болатын.

Қала әкімшілігі митингтің өзіне рұқсат бермеген болатын. Оған наразы болған оппозиция өкілдері өз қарсылықтарын жақтастарымен бірге Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қою арқылы білдірді. Сол арада алаңға өздігінен бірқатар жұрт та жиналып қалған еді. Бас аяғы бір сағат ішінде оппозиция өкілдері мен алаңға өз беттерімен келген көпшілік шағын жиын өткізіп, пікір алысып тарасқан еді.

Дегенмен, сейсенбі күні кешке аталған алты адамға соттан шақыртулар келіпті. Сотқа шақырылғандардың айтуынша, өздеріне сот материалдарымен танысу мен процеске дайындалуға да уақыт берілмеген.
Мамандандырылған әкімшілік соттың судьясы Нұржан Пакридинов, Алматы, 21 сәуір, 2010 жыл.


САЯСИ ТАПСЫРЫС

– Бүгінгі соттың осы істі қарап, ескерту жасауы – жалпы бізге тағылып жатқан айыптың өте күмәнді, арғы жағында ешқандай уәж жоқтығының белгісі деп білемін. Әйтпесе бізді аяйын деп жатқан ешкім жоқ. Жалпы бүгінгі шешімнің саяси тапсырыс екендігіне ешқандай күмәніміз жоқ. Біздің алаңға барып, гүл қойғаннан кейін сол жерде өзара пікір алмасқанымызды құқық қорғау органдары «митинг» деп отыр. Біз бұл шешімге байланысты жоғарғы сотқа тиісті шағым-арыз жасаймыз деп ойлап отырмыз, – деді сот залынан шыққан Жармахан Тұяқбай.

– Бізде демократия емес, «жемократия» салтанат құрып тұр. Өз пікіріңді айту қазір мүмкін емес. Тәуелсіздік монументіне барып гүл қойдық, неге бізге өз пікірімізді айтуға болмайды? – дейді ақын Мұхтар Шаханов.

– Біз өткен жылы «Тасжарған» газетінің жабылуына қатысты шара ұйымдастырған болатыбыз. Сол кезде де мені әкімшілік жазаға тартқан еді. Енді міне екінші рет жауапқа тартылып отырғандығым ескеріліп маған 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салды. Бірақ бұл менің өз пікірім мен көзқарасымды білдіру құқымды бұзу болып табылады. Маған Ақорданың ісі ұнамаса, Ақорданың алдына барып, парламенттің ісі ұнамаса парламент ғимаратының алдына барып, наразылығымды білдіруге құқым бар. Ешкім маған олай етуге тыйым сала алмайды, – дейді «Азат» ЖСДП партиясы жетекшілерінің бірі Болат Әбілов.

Оппозиция қайраткерлерінің сәуірдің 17-күні Алматыдағы Тәуелсіздік монументіне гүл шоқтарын қоюға барған кезі:

  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG