Accessibility links

Оппозиция жетекшілері бұған дейінгі талаптарға құлақ аспаған судьяға наразылық ретінде сот залын тастап шықты


Алматыдағы Алмалы аудандық соты. Наурыз, 2009 ж.

Алматыдағы Алмалы аудандық соты. Наурыз, 2009 ж.

Наурыздың 26-сында Алматының Алмалы аудандық сотында таңертеңгі сағат 10-да басталған сот отырысында судья Райхан Әшкеева процесті айыпкерлерге сөз беруден емес, прокурордан бастады. Бұл әрекетті жауапқа тартылып жатқан оппозиция қайраткерлері заңға қайшы деп бағалап, наразылық ретінде сот залынан шығып кетті.

Осыған қатысты Азаттыққа түсініктеме берген адам құқығы жөніндегі қазақстандық бюроның директоры, бұл істе «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Асылбек Қожахметовтың қорғаушысы Евгений Жовтис судьяның әрекетіне наразылықтың себебін айтты.

– Заңға сәйкес судья кез келген өтінішке жауап беруі тиіс. Ал Әшкеева ханым бүгінгі сот отырысында біздің алғашқы өтінішімізді мүлдем ұмытып кетіп, сот отырысын бірден прокурорға сөз берумен бастады, – деді Евгений Жовтис.

Сонымен қатар, заң бойынша судья кез келген өтінішке 3 күннің ішінде жауап беруі тиіс болса да, айып тағылғандардың 20-шы наурызда берген өтінішіне судья Әшкеева әлі жауап бермегенін жеткізді Е.Жовтис.

Наурыздың 26-сындағы отырыста, айыпталушы жақтың адвокаттары судьяны ауыстыру туралы қайта өтініш білдірді. Сөйтіп, үзіліс жарияланып, сот отырысы түстен кейін де жалғасты. Алайда, түстен кейін келген судья осы істе төрелік етіп келген судья Райхан Әшкееваның ауыспайтындығын мәлімдеді.

Одан әрі қарай судья, адвокаттардың прокурорды ауыстыру, бұл істі тергеуге қайта жіберу сынды біршама өтініштерін қанағаттандырмай тастады.

Наурыздың 20-сында Төлен Тоқтасыновтың адвокаты Сәлімжан Мусин оппозиция жетекшілерінің ісін сотқа жіберу туралы қаулыға қойылған қол прокурордікі еместігін алға тартып, істі соттан кері шақыртып алу керектігін талап еткен-ді. Алайда, судья Райхан Әшкеева осы және басқа да өтініштерді қанағаттандырған жоқ.

Содан кейін прокурордың қолын қойған адамды тауып, тиісінше құжатта тұрған қолдың иесін анықтау мақсатында оған қолтаңба сараптамасын жасау туралы өтініш білдірген еді.

Ол өтінішке әлі жауап болған жоқ. Айыпталушы жақтың адвокаттары, наурыздың 27-сінде өтетін кезекті отырыста осы өтінішке жауап күтетіндіктерін жеткізді.

Қазақстандық оппозиция жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс өткен жылдың қыркүйек айында қозғалған болатын. Болат Әбілов, Асылбек Қожахметов және Төлен Тоқтасыновтарға аса ауыр қылмысты жасырды деген айып тағылып отыр.

Олар 2005-2007 жылдар аралығында ағайынды Жұмабай мен Есентай Байсақовтарға саяси баспана беру туралы Украина билігіне жазылған өтінішке қол қойғаны үшін заң алдында жауапқа тартылуда. Ішкі істер министрлігі ағайынды Байсақовтарды павлодарлық кәсіпкер Борис Костановты өлтіруге тапсырыс беруші күдіктілер деп санайды.
  • 16x9 Image

    Мәншүк АСАУТАЙ

    1980 жылы туған. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін бітірген.

    Қарағанды қаласындағы жергілікті телеарнада қызмет еткен. 2004 жылдан бері Азаттықтың тілшісі. 

    Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуге болады.

XS
SM
MD
LG