Accessibility links

Оппозиция Астананың ЕҚЫҰ-ға төрағалығын теріс бағалады


Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.Құттықадам, журналистер құқығын қорғаушы Нина Оганянова мен Розлана Таукина. Алматы, 1 маусым 2010 ж.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі А.Құттықадам, журналистер құқығын қорғаушы Нина Оганянова мен Розлана Таукина. Алматы, 1 маусым 2010 ж.

Алматыда өткен форумда оппозиция өкілдері үкіметтің ЕҚЫҰ-ға төраға ретіндегі жұмысын сынап өтті. Билік төрағалықты ішкі саяси позициясын нығайту үшін пайдаланып отыр деп есептейді олар. Оппозиция жиынына ЕҚЫҰ өкілдері келмей қалды.


ЕҚЫҰ ҚАТЫСПАҒАН ЖИЫНДЫ ШАҢЫРАҚ ТҰРҒЫНДАРЫ ТОЛТЫРДЫ

Сейсенбі күні Алматыда, жалпыұлттық социал-демократиялық «Азат» партиясының ұйымдастыруымен, «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы: аралық нәтиже" тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі болып өтті. Оған оппозициялық партиялар мен ұйымдардың, биліктің, үкіметтің емес ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ қоғам қайраткерлері қатысты. Алайда оппозиция шақырған форумға ЕҚЫҰ-ның Қазақстандағы өкілдері келмей қалды.

Тағы бір айта кетерлігі, дөңгелек үстел отырысы басталар қарсаңында Шаңырақ тұрғындары форум өтетін «Тянь-Шань» қонақ үйінің алдында флеш-моб ұйымдастырды. Жерлерін заңдастыра алмай жүрген тұрғындар «ОБСЕ – бізді қорға» деген жазумен шығыпты. 1 маусым – халықаралық балалар күні екендігін ескеріп, түрлі ұранды сөздермен боялған шар ұстаған балаларын алып келіпті.
Алайда шаңырақтықтардың бұл іс-әрекеті қонақ үйдің күзет қызметінің қарсылығына тап болды. Олар журналистердің жұмыстарына кедергі келтіріп, тұрғындарды бұл арадан кетуін талап етті. Бірақ шаңырақтықтар табандылық танытып, қонақ үй маңайынан кетпей қойған еді. Ғимарат алдындағы наразылық әрекеті оппозиция жетекшілеріне жеткен болуы керек, тұрғындар дөңгелек үстел мәжілісіне қатыстырылды.
Оппозиция өкілдері жиналыс залының сыртында тұр. Алматы, 1 маусым 2010 ж.

- Ұйымдағы көкелерден біздің мәселеміздің шешілуін сұрап келдік. Бұған дейін бармаған жеріміз, қақпаған есігіміз қалмады. Биліктен көңіл қалған соң оппозицияның көмегі тиер деп осында келдік, - дейді шаңырақтық Гүлмира Күнтуарова.

«АВТОРИТАРЛЫҚ ЖҮЙЕ ӨЗ МҮДДЕСІН КӨЗДЕЙДІ»

Бірақ форумның күн тәртібінде басқа мәселе қаралған еді. «Азат» партиясының тең төрағасы Жармахан Тұяқбай Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы халықаралық қауымдастық артқан сенімді ақтамады деп мәлімдеді.

- Ұйым алдындағы ресми уәделердің бірде бірі орындалған жоқ. Тарихта алғаш рет, авторитарлық жүйе ЕҚЫҰ секілді халықаралық ұйымды өзінің ішкі саяси позицияларын нығайтудың құралына айналдырды, - деді Тұяқбай.

Оппозициялық партия жетекшісінің пікірінше, ЕҚЫҰ-ның көптеген өкілдері Қазақстанмен келіссөздер жүргізудің пайдасыздығынан қазірдің өзінде қолын сілтеп отыр.

Сөз еркіндігін қорғаушы «Әділ сөз» қорының төрайымы Тамара Калееваның айтуынша, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезеңінде елде сөз бостандығының аясы тарылып, баспасөз еркіндігіне салынған кісен одан сайын қыса бастаған.

- Біз БАҚ саласына қатысты заңдардың өзгеруін қадағалап отырамыз. Жыл сайын заңдардың күшейтіліп келе жатқаны аңғарылады. Тек 2007-2008 жылдарда, яғни Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету туралы шешім қабылданар қарсаңында, заңдар жұмсарғаны байқалған еді. Мадридте төрағалық туралы шешім қабылдана салысымен Қазақстанда БАҚ-ының мүддесіне қарсы интернет туралы заң жобасы пайда болды, - деді Тамара Калеева.

"АСТАНА ҰЙЫМДЫ РЕФОРМАЛАЙДЫ"

Оппозиция ұйымдастырған жиынға билік атынан сыртқы істер министрлігіндегі ЕҚЫҰ департаменті бастығының орынбасары Асқар Құттықадам ғана қатысты.

Министрлік өкілі оппозицияның сынына тоқталмастан, ұйымға төрағалық ету кезінде атқарылған немесе атқарылатын іс-шаралар туралы есебімен бөлісті. Атап айтқанда, Құттықадам халықаралық ұйымды реформалауға қатысты жоспарлармен таныстырды.
- Өкінішке орай, қазіргі таңда ЕҚЫҰ құқықтық талап қоя алатын ұйым емес. Ұйымға төрағалық ететін мемлекет қандай да бір қатаң ережелерді ұстануы тиіс дейтіндей ереже жоқ. Сондықтан Қазақстан төрағалық ету кезінде ұйымның құқықтық субъектілігін арттыруды басым бағыттарының бірі ретінде алып отыр, - дейді Асқар Құттықадам.

Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға 2010 жылы төрағалық етуі туралы шешім 2007 жылы желтоқсанда ұйымның Мадридтегі саммитінде қабылданған болатын. Қазақстан төрағалықты 2009 жылы атқаруға мүдделі болғанымен, бұл 1 жылға кейін шегерілгені белгілі.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG