Accessibility links

Оппозициялық басылымдар бір-бірінің тәуелсіздігіне күмән келтіреді


Гүлжан Ерғалиева, "Свобода слова" газетінің бас редакторы
Гүлжан Ерғалиева, "Свобода слова" газетінің бас редакторы

Қазақстандағы өздерін тәуелсіз деп атайтын бірқатар басылымдар бір-біріне сыртқы және ішкі саяси күштердің құралына айналғанына меңзеп айып тағып жатыр. Кейбір саясаткерлер мұны алдағы парламенттік және президенттік сайлау алдындағы "жаңа кезеңнің" көрінісі деп санайды.


«КҰДАЙ САҚТАСЫН!»

Қазанның 28-і күні «Свобода слова» басылымында «Құдай сақтасын!» атты мақала жарық көрді. Мақаланың авторы, газеттің бас редакторы Гүлжан Ерғалиева қуғында жүрген қазақ кәсіпкері Мұхтар Әблязов пен президенттің бұрынғы күйеу баласы Рахат Әлиевтің белгілі бір күштер арқылы Қазақстанда жасанды дүрбелең тудыруға талпынып отырғанын жазады.

Мақала авторы мұндай жасанды дүрбелеңдердің артында Әблязов пен Әлиевтің президент Назарбаевпен араларындағы жеке бас араздығы жатқанын айта келе, мұны елде болып жатқан шынайы жағдайлармен шатыстыру қауіпті ойын екенін ескертеді.

- Оппозицияның атын жамылып жүрген белгісіз бір күштер және оларға бағынатын бірқатар ақпарат құралдары және солармен байланысты қоғам қайраткерлері іс жүзінде елде дүрбелең (истерика) тудырта бастады. Бұл өте қауіпті! Қазақта мақал бар: «екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» деген. Өз басым Қазақстанда билік те, провокация тудыратын күштер де сайлау алдында жөнсіз паника орнатқанын қаламаймын. Мұндай жайттардың немен аяқталатыны басымызға тиді. Бұл Елена Никитина, Заманбек Нұрқаділов, Алтынбек Сәрсенбайұлы т.б азаматтардың құрбан болуы сияқты жайттарға кезіктіруі мүмкін, - деді Гүлжан Ерғалиева қазанның 29-ы күні Азаттық тілшісіне.

Гүлжан Ерғалиеваның пікірінше, «сөз бостандығын тұншықтырып жатыр» деп аттандаған тәуелсіз басылымдардың «айқай-шуы» да, Козловтың президенттік сайлауға түспек ниеті де «алыста отырған ойыншылардың» жасанды әрекеті. Мұндайда демократиялық құндылықтарды жөнді-жөнсіз тықпалаудың қажеті жоқ екенін айтады ол.

- Мұнда сөз бостандығының, Конституцияның не қатысы бар? – дейді Гүлжан Ерғалиева.

Бұл елдегі бірқатар тәуелсіз басылымдардың шамына тисе керек. Себебі, дәл осы жайттың алдында яғни, қазанның 27-і күні елдегі бес тәуелсіз басылым («Моя республика», «Взгляд», «Азат», «Голос Республики» және «Алға») салық органынан жөнсіз құқай көргенін айтып, мұны билік тарапынан жасалып отырған қысым ретінде бағалаған болатын. Ал Гүлжан Ерғалиеваның мақаласында бұл шара - тәуелсіз басылымдардың кезекті бір жасанды «айқай-шуы» ретінде көрсетілген еді.

«ГҮЛЖАН ХАМИТҚЫЗЫ, КІМГЕ ЖҰМЫС ІСТЕЙСІЗ?»

Осы оқиғаның ізінше қазанның 29-і күні бұған жауап-мақала ретінде «Голос республики» басылымында «Гүлжан Хамитқызы, кімге жұмыс істейсіз?» атты мақала жарық көрді. Оған «Моя республика», «Взгляд», «Азат», «Голос Республики» басылымдарының бас редакторлары қол қойған.

Мақала авторлары тәуелсіз басылымдардың заңды өмір сүрмей отырғанын «түкіріктеріне шашала» дәлелдегісі кеп жүрген Ақорда нөкерлерінің жағына енді «Свобода слова»-ның шығуына таң қалатынын айтады. Сөйте келе, елдегі сөз бостандығы үшін күресіп жүрген басылымдардың атына кір келтірмеуін талап етеді.

«Дегенмен, бостандық ұғымын әркім қалауынша түсіндіруге ерікті...Бірақ сол үшін басқа көзқарастағы (басылымдарға) тезек лақтыруға болмайды. Сонда ешкім «Гүлжан Ерғалиева, кімге жұмыс істейсіз?» деген сұраққа бас қатырмаған болар еді» делінген мақалада.

Осылайша елдегі санаулы тәуелсіз басылымдар арасында көпке түсініксіз қырғиқабақ қарым-қатынас пайда болған сияқты.

БИЛІКТІҢ ІРІТКІ САЛУЫ МА?

- Оппозицияға іріткі салу - бұл биліктің саяси технологиясының бір түрі. Оны кез-келген мезгілде қолданады. Бірақ менің ойымша, қазіргі уақытта қоғамымызда бар мәселелер кез-келген мемлекеттің басында бар. Бұларды тек президенттің жеке араздастығының нәижесі деп кесіп айтуға болмайды, - деді саясаттанушы Санжар Боқаев.

Саясаткер Әміржан Қосановтың пікірінше, бұл жайттарға биліктің қатысы жоқ.

- Оппозициялық басылымдардың өзара айтысып, өзара сынауына мүлде қарсымын. Онсыз да көп емеспіз. Сондықтан дәл осының артында билік тұр дегенге сенбеймін. Меніңше, билік бұл екі жаққа да әсер ете алмайды. Бұл - Қазақстан оппозициясында болып жатқан әсіресе, мына парламенттік, президенттік сайлау алдындағы жаңаша кезеңнің көрінісі деп білем, - деді Әміржан Қосанов.
  • 16x9 Image

    Мақпал МҰҚАНҚЫЗЫ

    1985 жылы дүниеге келген.
    2006 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және Әлем тілдері университетін бітірген.
    2007 жылдан бері Азаттық радиосының тілшісі.

    Мақпал жаңа технологиялар, блогосфера, жастар өмірі мен түрлі әлеуметтік мәселелер туралы жазады. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG