Accessibility links

Әкім ағынан жарылғанымен, сотталған бұрынғы кеңесшісі өз ісіне өкінбейтіндігін айтады


Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Орал, 26 қаңтар 2010 жыл.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов, Орал, 26 қаңтар 2010 жыл.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов егер бұрынғы кеңесшісі бұдан кешірім сұрағанда ол сотталмаған болар еді деп мәлімдеді. Әкім сондай-ақ өз күйеу баласы жайлы айтылған сындарға да жауап берді.


ӘКІМНІҢ АҒЫНАН ЖАРЫЛУЫ

10 наурыз күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Қарашығанақ жобасына қатысты бірлескен комитеттің отырысы өткен Лондондағы сапарына орай, әкімшілікте баспасөз мәслихатын өткізген болатын.

Шетелдік инвестициялар жайы туралы әңгіме аяқталған соң, журналистер Бақтықожа Ізмұхамбетовтен оның бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғановқа қатысты даулы мәселе жайлы сұрады. Бектұрғанов өз бастығын сыбайлас жемқорлықпен айналысты деп кінәлап, кейін сотталған болатын.

- Бұқаралық ақпарат құралдарында бұл мәселеге қатысты түрліше пікір айтылды. Бірақ, әрбір азамат өз сөзі үшін жауап беруі тиіс. Менің өзімнің ұстанымым осындай. Сол жолғы баспасөз-мәслихатынан кейін менің, әкім басыммен құны миллиардтаған келісімдерді өзімнің күйеу балам Аманжол Зинуллинге басып алып бергенім туралы қауесет елді кезіп кетті. Бірақ, мен оған ешқандай келісім-шартты алып бергенім жоқ, сөздің анығы осы. Оған менің тарапымнан ешқандай жеңілдік жасалған жоқ, жасалмайды да, - деп мәлімдеді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Сонымен қатар, әкім даулы мектеп пен онкологиялық диспансердің құрылысына өз күйеу баласы Аманжол Зинуллиннің еш қатысы жоқ деп мәлімдеді.

- Бұл мәселеге келер болсақ, ол бір компаниямен альянс құрып, өзара келісім-шартқа отырған. Осыдан кейін ол құжаттарды не әріптес, әлде қосалқы мердігер ретінде рәсімдеген, сондықтан біз оған ешқандай контрактіні алып берген жоқпыз. Ол ешқандай да тендерді жеңіп алған жоқ, - деді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Бақтықожа Ізмұхамбетов Алпамыс Бектұрғановты сотқа бергісі келмегенін де айтты. Бірақ кеңесшісі кейбір жауапты тұлғалардың өліміне бастығын кінәлі етіп шығарғанда өз төзімінің таусылғанын айтады облыс әкімі.

- «Ақжайық» шипажайының директоры менің қабылдауымнан көңіл-күйі болмай шығып, кейін асылып қалды деп жазды. Бұл да қисынсыз сөз. Өйткені, тікелей облыс әкіміне кіретіндей менде оның шаруасы болған емес. Менің де оған құштар болғаным шамалы. Ол егер осы құрылысқа жауапты мердігер болса, онда сөз басқа. Шипажайды жөндеу ісіне мен бір рет қана араластым, онда да кәсіподақ комитетінің үлесіндегі бірнеше пайыздық қаражатты бюджеттен бөлінген ақшаның көлеміне сыйғызу үшін. Өтірікті шындай қылған оның жаласы менің шыдамымды тауысты, осыдан кейін мен сотқа арыз бердім. Ал аяқасты мерт болған қала әкімі аппаратының жетекшісі Қайрат Ақболатовты мен тіпті өмірімде көрген адам емеспін. Егер Алпамыс Бектұрғанов сол кезде менен кешірім сұрағанда жағдай басқаша болар еді, - дейді Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Айта кетелік, осы баспасөз мәслихатына дейін облыс әкімі журналистермен соңғы рет 2009 жылдың 28-қаңтарында кездескен болатын. Сол кезде облыс әкімінің туыстары бюджет қаржысын қалай бірлесе игеретінін білмек болып әкімнің өзіне тікелей қойған сұрағынан кейін журналист Лұқпан Ахмедьяровтың басы үлкен дауға қалған еді.

СОТТАЛҒАН КЕҢЕСШІГЕ ИШАРА

Қазір Орал қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жатқан жазушы Алпамыс Бектұрғанов әкімнің сөзін мысқылмен қабылдады. Ол мұны әкімнің көпшілік алдында өзін-өзі ақтап алмақ болған әрекеті деп түсіндіреді.

- Әкімнің сөзінен байқағаным, ол өзінен менің кешірім сұрауым керек дегенді білдіргісі келді-ау деймін. Бірақ, ол менен мұны күтпесін.
Батыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы кеңесшісі Алпамыс Бектұрғанов. Орал, 8 қазан 2009 жыл.
Оның барлық уәжі - құр сөз ғана. Қалай десек те, әкім ақталам деп отырып, өзінің күйеу баласы Аманжол Зинулиннің қитұрқы істерге қатысы бар екендігін айтып қалды. Ізмұхамбетов өзін ақтау үшін өтірік айтудан да тайынар емес, оның «Ақжайық» шипажайының директоры Қайырлы Шалабаевпен сөйлескен емеспін дегенінен-ақ біраз жайды аңғаруға болады. Әкімнің шипажай директорымен сөйлескенін әкімдіктің адамдары да көрді. Тіпті, оларға сенбесеңіз марқұм Шалабаевтың жеке жүргізушісінен де сұрап білуіңізге болады. Мен мұның ешқайсысын ойдан шығарып айтқан жоқпын, - деді Алпамыс Бектұрғанов Азаттық радиосының тілшісіне берген сұхбатына.

Алпамыс Бектұрғанов 2009 жылдың 15-шілдесінде өткізген баспасөз-мәслихатында «сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар» деп өзінің сол кездегі бастығы Бақтықожа Ізмұхамбетовты айыптаған еді.

- Облысымызға басшылық еткен небары екі жылдың ішінде Ізмұхамбетов отбасылық-кландық жүйеге негізделген жемқорлар тобын жасақтап үлгірді. Оның тума-туысқандары бюджет қаржысын игеруге ат салысуда. Жауапты лауазымдар да оның өзімен бірге энергетика және минералды ресурстар министерлігінен ере келген адамдарына жүктелген, - деген болатын сол кезде Алпамыс Бектұрғанов.

Кейін Алпамыс Бектұрғанов Бақтықожа Ізмұхамбетовке «жала жапқаны» және бюджет қаражатына өз кітаптарын басып шығарғаны үшін айыпталып, төрт жылға сотталды. Сотталушы мен оның адвокаты бұл істің саяси астары бар екендігін айтады.

Оқырман пікірлері

XS
SM
MD
LG